АЙБЕРГЕНОВ МЕКТЕБІНДЕГІ МЕРЕЙЛІ КҮН
Биыл елордамыздағы Алаштың ақиық ақыны Төлеген Айбергенов атындағы №16 орта мектепке 45 жыл толды. Айтулы датаға білім ұясының ұжымы, мұғалімдері мен оқушылары зор шығармашылық жетістіктермен, жағымды жаңалықтармен жетті. Жуырда мектепте екі күнге созылған «Мектебім – шамшырағым» атты мерекелік іс-шараларға куә болдық. Қазақтың қайраткер қызы, желтоқсан қаһарманы Сәуле Әзімханова басқаратын ұжым мерейлі мерекенің әр күні, әр сәті есте қаларлықтай шуақты болуы үшін әрбір рәсімге асқан ұқыптылықпен және зор жауапкершілікпен дайындалыпты. Енді, осыларды рет-ретімен баяндалық.
Дінмұхамед Қонаев ашқан мектептегі музей
Білім ордасы 1979 жылы 31 тамызда ашылған. Мектеп ғимаратын аралаған. Айтпақшы, мерейлі датаның қарсаңында көп жылдар бұрын мектепте түсірілген тарихи суреттер табылыпты. Арнайы альбомдар жасалып, әр жылда бітірген түлектердің суреттері ретімен ұқыптылықпен жапсырылғанын музейге саяхат жасағанда көрдік. Мектеп директорының орынбасары, Т. Айбергенов мемориалдық музейінің жетекшісі Гауһар Жүсіпова жиналған жұртқа музейдегі жәдігерлер туралы мол мағлұмат берді. Алқалаған қауым ақынның отбасылық сағатына, қолданған ыдыстары мен қырыну құралына, өз қолымен жазған шығармалары мен кітаптарына, ақынның анасы Жібекке арналған стендке ерекше қызығушылық танытты.
2001 жылы Астана қаласы әкімшілігінің шешімімен №16 орта мектепке көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің есімі берілді. Ал музей 2007 жылы 23 желтоқсанда ашылған. Оның негізін қалап, ашылуына бастамашы болған есімі елге мәлім ұстаз, жазушы, композитор, қоғам қайраткері Ерсайын Нарымбаев екенін біреу білсе, біреу білмейді. 2002 жылы наурызда Төлеген Айбергеновтің туған күніне арналған кездесуге ақынның жары Үрниса апай, қыздары Салтанат пен Айнар, ақын Фариза Оңғарсынова және Ерсайын Нарымбаев қатысады. Салтанатты жиында мектептегі ақын мүсінінің артында жұпыны жасалған өмірбаяндық стендке жұрттың назары ауғанда, Үрниса апай алдағы уақытта музей ашу ойларында бар екенін айтып, сол жұмысты Е.Нарымбаевқа қолға алуды сұрайды. Көп ұзамай жұмыс тобы құрылып, оның құрамына Айнар Айбергенова, сол кездегі директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Ақбота Есаматова және т.б. адамдар кіріп, жәдігерлер мен материалдар жинауға кіріседі. Айнар Төлегенқызы мен Ақбота Бақытқызы музейге керекті материалдарды жинастыру үшін Алматы, Шымкент, Сарыағаш, Ташкент қалаларына барып, көптеген ақын-жазушылармен кезедеседі. Музейдің ашылу рәсіміне Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Шаханов сияқты белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері мен депутаттар қатысқан. Музей 2011 жылы «Үздік мектеп музейі» байқауының жеңімпазы болып, 2018 жылы осындай қалалық сайыста бас жүлдені иеленді.
Технология мен инновацияның ордасы
Музейден кейінгі мектептегі саяхатымыз дәліздегі «Барлығымызға арналған STEM» атты инновациялық жобалар көрмесінде жалғасты. Бір таңғаларлығы, көрмедегі әр жобаның жанында тұрған оқушылар ашқан жаңалығын, шығармашылық шешімдерін, құрастырған құрылғыларын жиналған жұртқа ашық көрсетіп, түсіндіріп берді. Олардың арасында су соратын құрылғы, жел диірмені, электр қуатын өндіретін шағын зауыт біздің қызығушылығымызды оятты. 45 жылдық мерейтойға 8 жұмыс тобы өз инновациялық жобаларын жасап, таныстырды.
STEM жобасы мектепте 2023 жылы енгізіліп, тұрақты жұмыс істеп келеді. Заманауи жобаға 63 мұғалім мен 45 оқушы тартылған.
Димаштың атындағы кабинет және «Жасыл аймақ»
Мерекелік саяхатымыз одан әрі «Жасыл аймақ» алаңында жалғасты. Мектепке кіріп келе жатқанда, гүл бағына тап болғандай сезімді бастан кешіресің. Дәліздер де, жаңадан жабдықталған кабинеттер де, мерекеге безендірілген акт залындағы сахна да әсем гүлдермен көмкерілген. Гүл өсіру мен тал егуге бұл жерде ерекше көңіл бөлінетінін бірден байқайсың. Бұған «Жасыл әлем» атты мектепішілік экологиялық жобаның қосар үлесі зор.
Одан кейін қаумалаған жұртпен бірге Қазақстанның халық артисі Димаш Құдайбергеннің есімі берілген музыка кабинетінің ашылуына куә болдық.
Салтанатты рәсімге Димаштың әжесі Миуа Низамутдинова, анасы Света Айтбаева және әлемге әйгілі әншінің Франция, Польшадан келген жанкүйерлері, Төлеген Айбергеновтің қыздары, мерекенің ең қадірлі қонақтары – Салтанат, Махаббат және Айнар Айбергеновалар, Мәжілістің бұрынғы депутаты Мәди Артығалиев, Астанадағы музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров, білім беру ісінің ардагерлері – Әсима Бимендина мен Жамал Қасымбек, белгілі ұстаз Оспан Сүлейменұлы, ақын Дәулеткерей Кәпұлы, журналист Гүлшат Сапарқызы және өзге де меймандар қатысты. Димаштың әжесі Миуа апа қазақы дәстүрмен шашу шашып, кабинеттің лентасын қиып, ақ батасын берді. Одан кейін Димаштың анасы Света Айтбаева сөз кезегін алып, мектеп ұстаздары мен жиналған жұртты қуанышты күнмен құттықтады.
Төлеген туралы драма керек
«Мектебім – шамшырағым» атты мәдениет пен өнердің тойы акт залындағы мерекелік концертке ұласты. Концерттің алдында мектеп басшысы Сәуле Әзімханова құттықтау сөз сөйлеп, мерейлі күні ат басын бұрған барлық қонақтарға, 45 жылдыққа
атсалысқан ұстаздар мен оқушыларға ағынан жарылып, алғысын айтты. Одан кейін сөз тізгінін ұстаған асылдың сынығы, тектінің тұяғы Махаббат және Айнар Айбергеновалар мерекелік көңіл күйлерімен, екі күнде ойға түйгендерімен бөлісіп, тебірене сөйледі. Айнар Айбергенова әдеттегідей шабыттанып әкесінің жырын оқыды.
Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Арайлым Рахымқызы мен қазақтың өнерін насихаттап жүрген тамаша әнші Ержан Максим әннен шашу шашты. Музыкалық жас көрермен театрының басшысы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров Төлеген ақынның жырларын барлық буынның сүйіспеншілікпен оқып, рухани азығына айналдырғанын атап айтты. Ол алдағы уақытта Төлеген Айбергенов туралы драмалық шығарма жазып, оны театр сахнасынан көрерменге ұсынамын деген ниетін жеткізді. Сондай-ақ көрермендер музыкалық жас көрермен театры артистерінің, М.Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайының «Бәйтерек» ән-би ансамблінің, «Алтынай» халық ансамблінің, белгілі композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Кентау Назарбектің «Ұстаздың ғана қолында» атты әнін шырқаған «Айналайын» балалар хорының, №30 мектеп-гимназиясының дарынды оқушыларынан құрылған «TӘG» триосының өнеріне қошеметпен қол соқты.
P.S. Мектептегі мерейлі күнге Польшадан арнайы келген Роза Мизамбек 45 жылдыққа орай, 45 оқушыға Еуропаның жоғары оқу орындарына түсуге көмек көрсететінін, қаржылық шығындарды толық өз мойнына алатынын айтты. Сондай-ақ Т. Айбергенов мектебіндегі ең үздік шығарма жазған балаларға 5 адам 45 мың теңгеден тұрақты сыйақы тағайындады.
Төлен ТІЛЕУБАЙ