БОЛМЫСЫМНЫҢ ЖАНАРЫНА ТІК ҚАРАП…
27.06.2023
682
0

Абзал БӨКЕН

Бренд

Тәңір өзі тұтастырған молынан,
Қазағымның кең сабасы – толыдан.
Белдескенде жығылса да,
Бірақ ол
жығылмаған ата салты жолынан.

Тұқымы өсіп, тұлымшағы көктесе,
Тойламасын қалайынша тоқ көше?!
Қазақ үшін қажет емес жиған мал,
Бір шайқайтын қызық үшін кетпесе.

Қылқұйрығы болмаса да үдерген,
Кедей-жомарт көп шығыпты бұл елден.
Жалғыз ұлға қамшы әкелсе,
Сол жанға
жалғыз тайын жетелетіп жіберген.

Он ай өтер, өтер, мүмкін, он апта,
Шиманды дәм шешілмейтін қорапта.
Сақтаулы ол балаға емес, байға емес,
Өмірінде бір көрмеген қонаққа.

Осындаймыз, самаладай анық біз,
Санаңызға құйылатын жарықпыз.
Өзгелерді өбектеуге келгенде,
Өзін-өзі ұмытатын халықпыз.

Бағзы кез­ден бастау алған бұл елдің
Салтын, антын артып келген кірем мың.
Мен қазақты ұсынамын,
Келген күн
анықтайтын адамшылық Брендін.

Қазақы апта

Дүйсенбіде желігіп жиен келді,
«Қырық серкеш» көтерер сүйенгенді.
Сейсенбіде нағашым нөкерімен
текеметін төрімнің иемденді.

Сәрсенбіде сәлем – деп бажам келді,
Сәл кешікпей, сандалып азанда енді.
Бейсенбіде жас балдыз былқ-сылқ етіп,
Жездесіне көтерт­ті қазанды енді.

Бауыр біткен бассалса жұма күні,
Қалт жіберер қалайша құда мұны?
«Мың жылдыққа» мөр басып
мипалаумен,
Май ішкендей марқайды жығалығы.

Салып ұрып сенбіде бөлем жет­ті,
Бөлем жетіп, тіреді төбем көкті.
Бір тоқтының бұйырған басын ұстап,
Бөтелкенің түбінде өлеңдет­ті.

Думандатса даланың көшпенді ұлы,
Пейілінің бұл-дағы өскендігі.
Қонақ кетіп, орнына қоңсы қалды,
Сарқыт жалап, сарп етер жексенбіні.

Қиқуы мол жаңағы қимай халді,
Көңіл көлі толқынып шимайланды.
Құрдас та кеп қыжыртпақ болған екен,
Құдай атып аптаға сыймай қалды.

Бірде баққа кенеліп, бірде азапқа,
Қиналғанмен сенеді қыр ғажапқа.
Өзі қонақ боп жүріп дүниеге
қонақ күтер… не дерсің бұл қазаққа?!

Жамылғы

Жөн білетін жан болсаң сен егер де,
Желкені бар қайықты кеме көрме.
Абызына сенсең де кешегінің,
Аңызына бүгіннің сене берме.

Бүгінгінің аңызы тоғақ үсі,
Бұрмалауға беріп тұр қолғабысты.
Тышқаныңнан арыстан жасап жатыр,
Қашап жатыр мысықтан жолбарысты.

Төмен, – десең биікті дау өсіпті,
Даумен бірге дәулігін тау өзі ұқты.
Ақымақтан алмақшы Абай жасап,
Әумесерден әкелмек Әуезовті.
Тор құрғандай торғай мен кекілікке,
Талмау тұсқа үлгерген бекініп те.
Есті сөзге ен салар еш адам жоқ,
Есір-дерті өсек пен өтірікте.
Сәулесі бар жан болсаң сен егер де,
Ішін көрмей, сыртына сене берме.
Жердегінің барлығын жалшы санап,
Төрдегінің барлығын төре көрме.

Талайлардың табынтқан аты мәлім,
Көрген жоқпын атына татығанын.
Абыз көріп қайтесің,
Ауыл-үйдің
аңызға орап әкелген ақымағын.

Тыныс белгісі

Болмысымның жанарына тік қарап,
Болмақ едім судан таза, сүт­тен ақ;
Болдырмады…
Көп нүктені орнат­тым
бітіп тұрған сөйлемімнен нүктені ап.

Бүтін көңіл бүгіндері құрақ кіл,
Күтім небір күнілгері құлап тұр.
Жақша деген қапсырманың орнында,
Жарты доға секілденіп сұрақ тұр.

Отауыммен асты киіз, үсті үзік
ойнаймын, – деп өршеленсе қыс бұзық;
Көп ноқат­тың төбесіне төндіре
қояр болдым көбе бұзар үш сызық.

Тұйық жатқан, түйіп жатқан пендең ем,
Ал, қырып ал қалған болса менде нең.
Жатып алдым тасырлардың алдында,
Табалдырық-сызықша боп көлденең.

Сомдағанда сөзстанның жұмысын,
Леппен суық, жақшаменен жылысың.
Үтірді де қондыратын қағазға
қолым емес,
Қолқадағы тынысым.

Беу, досым-ай!
Таумен талас кей дөңдей
не шығады кеміргенмен кеудеңді ой.
Барлық тыныс белгіңізге үлгертпес
Өмір де бір өте қысқа Сөйлем ғой.

Ақыл

Маған ақыл айтпайтұғын кісі жоқ,
Аңғал көріп ақылменен ісі жоқ.
Сиыр-адам кетеді бір мөңіреп,
Жылқы-адам өтеді бір кісінеп.

Милы бол, – деп маңырады қой-адам,
Қос езуін күйіс шөбі бояған.
Бүгін оның айтқанына тойып ап,
Ертең қайта еренсіз боп оянам.
Шошқа келіп қосып кет­ті бір ақыл,
Дос та келіп қосып кет­ті бір ақыл.
Ал, тышқанның, ал, тышқанның
(Тұра тұр)
айтқандары арыстаннан сұрапыл.

Биік таққа бастаймын, – деп саты мәз,
Бола алмадым саты қуған шаһыбаз.
Арғымақтан дәметіп ем бір дәріс,
түк айтпады,
Болғаны ма ақылы аз?
Жанап қонса, жай құрдан да сый күт­тім,
Қажет болса, маймылдан да ми күт­тім.
Қашар айтқан қисындарды қақпалап,
Қожанасыр көшесінде құйғыт­тым.

Анаған бір төтелеген елеңдеп,
Мынаған бір жетелеген көнем, – деп;
Ел ақылы шыққан сайын төбеме,
Төл ақылым кет­ті менің төмендеп.
Келе қалар бақыт қай күн, сор қай күн,
Болжай алмай үгітілген бордаймын.
Өз ойыма болымы жоқ басымның
кісі ойына орыны көп,
Сол қайғым.

Бір-ақ сәт

Өмір деген өте шығар бір-ақ сәт,
Ұққан бар ма бірақ оны құлақ сап.
Тамшы-тірлік талқан болар.
Абайсыз
тағдыр ат­ты тас үстіне құлатсақ.

Мәңгі-бақи дәуірлеймін, – дегендер
не болғанын айтарында бөгелді ел.
Іске мығым бір-ақ сәт­те биіктеп,
Құс-көңілің бір-ақ сәт­те төмендер.

Батырашы балағынан сайда іліп,
Бір-ақ сәт­те баудай түсті сәйгүлік.
Бір-ақ сәт­те бақыт кешкен жүректі,
Бір-ақ сәт­те кетері бар қайғы ұрып.

Қырсық шалса қақыратып құлпыны,
Иініңде қалатыны – жыртығы.
Жүз жыл түгіл, мың жылыңыз –
Білгенге
Мәңгіліктің бір-ақ қаққан кірпігі.

Олай болса, ат­тың басын іркімей,
Тойла, ойна, бойла қосып күлкіге ой.
Уақыт­тың қорабынан суырған
адам да бір жанып-сөнер шырпы ғой.

Тыраш

Қалмайды ғой қай кез­де де тыраштық,
Көбіміз-ақ тыраштанып «қыр астық».
Көпірікті өлшетеміз көл қылып,
Өтірікті көрсетеміз рас қып.

Тәубешілік табылмай-ақ қойса алдан,
Тағатымды ап, осы маған ой салған.
Селдір көгал көрінбекші қалыңнан,
Көлгір доғал көрінбекші бойшаңнан.

Тасқа соққан, тауға соққан асқарлы,
Тойымсызға ая, – деймін, – басты әлгі.
Тұғыр болсаң шалам, – деме тұлпарды,
Сыбыр болсаң алам, – деме аспанды.

Есек есек, құлан құлан.
Анығым –
кім боп тусаң, сол боласың, жарығым.
Құнарсыздан құмай шығам дегенмен,
Құтайтпайды Құдай құйған қалыбың.
Барағыңа будан итін үргізіп,
Бұралқылар берекені жүр бұзып.
Болымсыздар неге осы бетсіз де,
Толымсыздар неге осы тірмізік?!

Жарық күнде жауып көктен жай тасы,
Тынар емес, сынар емес, байқашы –
алаша мен кілемдердің күресі,
аласа мен биіктердің шайқасы.

Бөтен

Жоғалтып алғандаймын өзімді мен,
Секілді өзгенікі сөзім кілең.
Көңілі қалмасын, – деп
көлгір сөйлеп,
Жалғандық жайлауында көз ілдірем.

Ой бөлек, одан шыққан сезім бөлек
екені екібастан сезілді ерек.
Баяғы пәк қалпыма оралуға,
Өзіме бере алмадым өзім көмек.

Өр істе ем,
одан жеріп елге келдім,
Періште ем,
төмен түсіп пенде болдым.
Тәнім сау болғанымен, жаным сырқау,
Келмейді жөнге көнгім, емге көнгім.

Бағзыда қысылушы ем қысылмасқа,
Ал, бүгін қысылудан қысыр қасқа.
Өзіме ұқсағанмен өзім түрім,
Өзгерген ісім басқа, ішім басқа.

Өзгердім…
Қомағайлау құлқымды ана
жасамай көзжұмбайлық, жұртым, қара.
Басып ап болмысымды басқа біреу,
Бейнеме ұқсап тұрған сыртым ғана.

Мен деген – болмаған соң көпке бағам,
Жерде емес, жасайын, – деп, –
көкке қадам
өрекпіп өзге өріске шығып кетіп,
өзіне орала алмай кеткен адам.

Сол қыз…

Біліппіз бе көкбұлақтай мөлдір біз,
Келетінін жапырағы селдір күз.
Көңілімнен кетпей қойды
сол жылдар,
Көкейімнен кетпей қойды
сол бір қыз.

Құмар етпей қоймайтұғын тіріні,
Құлағымда күміс қосқан тұр үні.
Талдай еді солқылдаған сымбаты,
Балдай еді толқындаған қылығы.

Қауырсындай қалқып тұрған бітімі,
Қайда сол жан кемімеген күтімі.
Жай қарасам сұранатын сүюді,
Аймаласам бұралатын мықыны.

Бір бөліскен көңіл ат­ты күркені,
Қайда сол жан жадыраған күлкі өңі.
Білігімен болмысыңды баурап ап,
Қылығымен құртатұғын діңкені.

Қайда сол қыз кескіні мен келімі,
Кісендеген, мені түгіл, періні.
Шүйер болсам, ақ көңілі – айдыны,
Сүйер болсам бал сілекей еріні.

Айлы түнде ақ сәулемен жалғасқан,
Қалды сол жер, сол жердегі қалды аспан.
Бір тал шашын естелікке ап,
Сол шашпен
мен мақұлық махаббат­ты дарға асқан.

Өмір мынау қанша жерден сен қызба
болғаныңмен апаратын тоң-мұзға.
Қалғанымды қияр едім.
Бір барып
қайту үшін сол жылдар мен сол қызға.

Таза

Қанша жерден десеңіз де, – таза бол,
Ұғып оны ұстанатын аз-ақ ел.
Көлгірі шат, мөлдірі қат заманда
Таза болу титықтатар азап ол.
Таза болу – жетім көрсең жылатпай,
Жебеп жүру жарлауыт­тан құлатпай.
Жайнап шығу жақсылыққа келгенде,
Қайнап шығу тасты жарған бұлақтай.

Таза болу – сен де тай да, ел дөнен
мініп шықса, оған көңіл бөлмеген.
Алам, – демей, ат­тап өту –
Алдыңда
ат басындай алтын жатса көлденең.

Таза болу – үлбіреген гүлге анау
шуақ болып, суат болып сырғанау.
Өзің үшін тұнық болу.
Және оны
өзгелерге ғұрып көріп бұлдамау.

Тағы талай талаптары қосылар,
Таза болу дегеніңіз осылар.
Таза болу – жазаға ену,
«Жазаға»
дайынсың ба жазығы жоқ, досым, ал?

Алысу

Қоғамыңа кірген қырсық сынадай,
Қоймайды екен қайратыңды сынамай.
Ағартам, – деп
«мыңмен жалғыз алысқан»,
Ақырында тыным тапты ұлы Абай.

Абызыңның санайтұғын жұрт ұлы
айтқандарын алқаламау – күлкілі.
Бұдан соң да көрдік біздер,
«Мыңменен
алысудың» болатынын түр-түрі.

Соның бірі – қулығымен құраған
атқа мініп (қалғандай-ақ мұрадан)
басып алды мыңмен жалғыз алысып,
байтақ елдің қазынасын бір адам.

Жайдақ жұртқа білмейтұғын жарысу,
Жұту қалды саптыаяқтан сарысу.
Абайдыкі халқың үшін.
Мұныкі
алтын үшін болып шықты алысу.

Мен алыссам, алыстым ғой ар үшін, –
деді ақын, айтқанының бәрі шын.
Жүрегіне қолын қойып осылай
айта ала ма алысқандар мал үшін?!

Айта алмайды.
Жарты әлемді жалмаған
жебірлерде ондай жұғын қалмаған.
Абай кет­ті…
Алтын тақтан кете алмай
алысуда әлі мыңмен әлгі адам.

Шеге

Елім ертең не болады, – деген ой,
Өңменіме қадалады шегедей.
Негесі көп, шегесі көп біздің жұрт,
Төбесі боп неменеге кебеді, ей?!

Тіл бір шеге,
тіреп тұрған дертімді,
Бөтен сөзбен бұғанасы кертілді.
Өз елінде, өз жерінде отырып,
Мемтіл болмай,
кем тіл болып өлтірді.

Жер бір шеге,
қалса-дағы бабаңнан,
Сусып кетіп бара жатқан табаннан.
Шұрайлысын сатып болып,
Шұрайдан
былайғысын сатпаймын, –
деп заң алған.

Дін бір шеге,
мешіт емес, майданнан
мүрид тауып сақалына байланған.
Ақ уызы айран болып төгіліп,
Ағузы автоматқа айналған.

Ұлт бір шеге,
Айран болып ұйыр күн
алыс қалып аталадай сұйылдым.
Кеше бүтін, – дегеніңіз –
Бүгінде
бұдыр-бұдыр бүйрегіндей сиырдың.

Қоғамыңның көпсітетін көбесін
қисық шеге түзу іске бөгесін.
Қазағыма шеге берген тәңірім,
Бермепті ғой түзу қағар егесін.

Өлме…

Өлме, өлме!
Шама келсе өлмеңіз,
Өшпейтұғын өмір оты мол, – деңіз;
Аңырасын, – демесеңіз, – үйіңіз,
Қаңырасын, – демесеңіз, – бөлмеңіз.

Өлме, өлме!
Қайқаң бел мен қара шың
сен өт­ті, – деп шыққа малмас шарасын.
Егесіп кеп өскен еңсең еңкейіп,
Төбешік боп қу далада қаласың.

Өлме, өлме!
Әкеткенді көр қойны
мүфти емес, Мүңкір-Нәңкір тергейді.
Зор балаған нұсқаң түгіл, кетсеңіз,
жорғалаған тышқан құрлы көрмейді.

Біліп болмас дос пейілін, қас ойын,
Бұл өмірдің соңы сойқан, басы ойын.
Тіріңізде әулиесіз.
Өлсеңіз
әулиең де, әнбиең де әшейін.

Молайтуға бейіт тола беткейді
кіріскендер сен бармай-ақ көп, – дейді.
Өліп «алған» алтыныңыз
Өмірдің
теріп алған теміріне жетпейді.

Кете көрме, сен кет­ті, – деп дұға қып,
дүрліккендер үлгереді жұбанып.
Жоқты қайтсін?!
Бардың өзін бар, – деуге
бас ауыртып жатпайтұғын бұ халық.

Аллегория

Жайраң қағып жүрсем де ішінде мен,
Жұмбағы көп өмірдің түсінбеген.
Беті адам болғанмен,
Әр пенденің
аң-құсы бар бойға шақ мүсіндеген.

Бірі – барыс олардың, бірі – арыстан,
Құзырына қалғаны құрақ ұшқан.
Патша арыстан болғанда, барыс уәзір,
Зәреңді алар жеткенде зілі алыстан.

Қасқыр-әкім қысқанда қоян-халық
ұқсамайды, әрине, ноянға анық.
Мөрі маймақ министр бал қуалап,
Танытпады тақауда тояр қалып.

Болып алған депутат түлкі мыстан,
Көтереді миығын күлкі қысқан.
Жымиғанда сұр жылан –
Көзіңді арбар
жаралғандай іші алтын, сырты мыстан.

Сайын дала сасыса сайғақ құрып,
Қоймағаны қорқауға ай бақтырып.
Пілге мінді маймылдар.
Алыптарда
ақыл тап­шы, – дегенге айғақ қылып.

Қашқан торғай ішінен жыңғыл үйдің
дейтін сынды қырғиға, – құр қыдидың.
Мықтылары әлсізін майып етіп,
Жүріп жатыр жұмысы джунглидің.

Іздемеген азығын адалынан,
Ілбісіннің тырнақ пен табаны қан.
Өзгермейді-ау жуықта,
«Аң-құстарым»
келе жатқан Крылов заманынан.

Бүркеу

Ашылмаған құпиясын ашам, – деп,
Етеді адам аса қайрат, аса еңбек.
Өр қалмады еңселісін ертпеген,
Жер қалмады ең сонысын басам, – деп.

Су қалмады тұңғиығын кешпеген,
Ну қалмады тым биігін кеспеген.
Адам әлек болар бір күн.
Таба алмай
тапқан затын Менделеев-кестеден.
Қатып қалған бетегеңнен торқа алып,
Жатып қалған көтеремнен сорпа алып,
Атомдардың аш беліне жармасты,
Ақылдарын толған сайын орта ғып.

Ар мен ұят секілді еді ішкі үйің,
Ішкі үйіңді үйіруде күш-құйын.
Бүлкілдеген қалар емес бір бүйрек,
Түртілмеген қалар емес ішкиім.

Жуып киген жалғыз ғана жейдесін
жұпар кезім кейде өтірік, кейде шын.
Оздырам, – деп адам шіркін ажарын,
Тоздыруда заманының бейнесін.

Қалай енді отырайын сөз етпей,
Кәусарымды өте шыққан мезет­тей.
Қымтағаным ашылуда күннен-күн,
Шымқағаным шашылуда тезектей.

Беу, адам-ай, түбі түкке жарамас
қадамсыз-ақ қалмайды ғой балаң аш.
Бірін ашсаң, біреуін жап.
Әйтпесе,
мына жалған қалады ертең жалаңаш.

Киіз үй

Пана болған қыс қалқасы, күз ығы,
Киіз үйдің көбейіп тұр қызығы.
Жылдар бойы жаңармаған иықтай,
Жұлма-жұлма бүгін оның үзігі.

Ошағының тұтана алмай, түтіндеп
ондаған жыл көмейінде жұтылды от.
Жұлым үйдің жел суырған жабығын
жүргендер аз қояйын, – деп, – бүтіндеп.

Орынына келтіре алмай кетікті,
Опынумен тұтас өмір өтіпті.
Бақаны да жел жағына тірейтін,
Ашасынан айырылып кетіпті.

Заманында тозбай тұрған бұ ғұрып,
Жібек түгіл, көрмеп еді жібі іріп.
Шалма бауы босаған соң,
Божырап
уық біткен кете барған қыдырып.

Бас иесі біреуі еді малдының,
Мал жоқ бүгін, құп көреді қалдығын.
Кірмелері кебежесін ақтарып,
Келімсегі қопаруда сандығын.

Бабаларым нақ намысқой, нақ батыр
паналаған үйдің маңы ақ тақыр.
Көгі кеткен керегесі сықырлап,
Шаңырағы шайқалуға шаққа тұр.

Бүтіндемей бітпейтінін бұлай түк
білген сайын басып бітер мұңайтып.
Осындай бір үйді көргем…
Құдай-ау,
қайдан көрдім, жібереді кім айтып?!

Қашыр-өлең

Осындай ғып кім жазады менен соң, –
деген ойдан дірілдейді денем шоң.
Қат-қат жырдың қайда қалар сандығы,
Қапияда қоспағымды шөгерсем.

Ажалымның ашылғанда араны,
Бойым сөніп, ойым тірі қалады.
Кім жетелер кілем артпай қомына,
өлең артқан өңшең ойсылқараны?!

Маржаныңды не қылсын, – деп, – масыл мың,
Мақал айтқан момынымын ғасырдың.
Ой тиеген ойсыл емес,
Жүр көбі
қой тиеген жібін ұстап қашырдың.

Есек мешел, есесіне жылқы ірі,
Жылқыңыздан жілік кетсе, құр түрі.
Қашыр туған қайғы болмай қалады,
Қашыр-өлең сопаң еткен бір күні.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір