Әміржан Қосан, саясаткер: «Конституцияңа қарап көсіл!»
31.08.2023
238
0

Өткен жолғы консти­туциялық реформаның қоғамға бергені аз емес. Мәселен, 30 жыл бойына бір адам басқарған жүйе енді келмеске кет­ті, президент­тің жақын туыстары мемлекет­тік саяси қызметшілердің, квазимемлекет­тік сектор субъектілерінің басшылары лауазым­дарын атқара алмайды, президент­тің өзі партиядан тыс тұлға боп қалды. Шынымызды айтайық­шы, Назарбаевтың тұсында мұндай, суперпрези­дент­тік жүйеге мықты шектеу қоятын, оның іргетасын ыдырататын жаңалықтарды көзге елестетудің өзі мүмкін емес еді ғой. Сондықтан мұның бәрі, сөзсіз, көпшіліктің көңілінен шыққан өзгерістер.

Десек те, біздің қоғамда Конс­титуцияға мемлекет­тің басты рәмізі ретіндегі тиісті көзқарас қалыптасты деп айту қиын. Оның кем дегенде үш себебі бар.
Біріншіден, осы жұрт 1995 жылы қабылданып, биліктің бәрін бір адамның қолына бере салған Конституцияға деген теріс пікірінен әлі де айырыла қоймаған секілді. Не конституциялық өзгерістерден хабары жоқ, не жаңарған Ата Заңға да көңілдері толмайды. Сол себепті өткен жолғы референдумның елге не бергені туралы көбірек ақпарат таратылғаны дұрыс сияқты.
Екіншіден, заман мен қоғам дамыған сайын, азамат­тардың да құқықтық талаптары мен қажет­тіліктері өзгеріп, жаңаша сапаға көшетіні анық. Заман мен қоғамның саяси айнасы ретінде Конституцияның да жетіліп, уақыт талаптарына сай жаңаша мән-мазмұнға ие болып отыруы – заңды құбылыс. Одан қорқудың керегі жоқ. «Конституцияны жетілдіру керек» деген адамның бәрі мемлекет­тің жауы емес. Бірақ артық қыламыз деп тыртық қылмайық: біреулерге еліктейміз деп, өзіміздің ұлтымызға тән әрі оның түпкілікті мүддесін қорғау үшін қажет қоғами құндылықтардан қол үзіп қалмайық.
Өзгерістер боп тұрсын, бірақ олар ешқашан да Ата Заңдағы Тәуелсіздік, жер тұтастығы, мемлекет­тік және ұлт­тық мүдде, демократия, билікті озбырлықпен басып алу мүмкіндігін болдырмау, билік тармақтарының тепе-теңдігі, адам құқы, сөз бостандығы секілді іргелі құндылықтарға шәк, тит­тей болса да нұқсан келтірмеуі тиіс.
Қазірде Жаңа Қазақ­станды құрып жатырмыз. Жаңа Қазақ­станның жаңа Конституциясын өз заманынан лайық етіп, түбегейлі түрде жазатын уақыт та келетін шығар. Әзірше біз өтпелі, транзит­тік кезеңді бастан кешіріп отырмыз.
Үшіншіден, біздің Ата Заңымыздағы мықты-мықты баптар кейде ағымдағы заңдармен… шектеліп жатады.
Мәселен, 6-баптағы жаңа редакциядағы «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген тұжырымды алайық­шы. Тамаша, көңілге әбден қонымды бап! Бірақ та ол шын мәнінде жүзеге асып отыр ма? Жер мен жер қойнауының байлығы әлі де ұстағанның қолында, тістегеннің аузында жүр емес пе? Жаңа Қазақ­станның тұсында ескі Қазақ­станның олигархтары әлі де сайрандап жүр емес пе? Меніңше, дәл осы бапты өміршең ететін, жер мен жер қойнауына халық атынан иелік ететін жаңаша, шенеуніктік емес институт­тар құру қажет. Сонда Конституцияның рөлі артады, халық байлығын талан-таражға салу тоқтайды!
32-бапта «Қазақ­стан Республикасының азамат­тары бейбіт әрі қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер өткізуге және тосқауылдарға тұруға хақылы» делінген.
Ал шын мәнінде осы бап жұмыс істеп тұр ма?
Иә, белгілі бір саяси күрес формаларын пайдаланып, ел ішіне лаң салып, бүлік шығарғысы келетіндер де жоқ емес. Қоғам болған соң, оның ішінде «анадай бар, мынадай бар» дегендей. Ондай тыйымсыз, шектен шыққан либерализмді ішкі кландар не сыртқы ықпалды күштер, «бесінші колонна» өз пасық мүддесіне пайдаланып кетсе, не істейміз? Сол себепті ондай митингілер мен шерулердің тақырыбына, қоғамға тигізер зардабына да қарау керек шығар. Бірақ өзінің пікірін ашық, заңды түрде айтқысы келіп, пикетке шыққан өз азамат­тарымыздың, қарияларымыз бен жастарымыздың не жазығы бар? Бұл жағдайды да құқықтық тұрғыдан рет­теп алатын уақыт келді.
Өз басым, қанша биліктің сыншысы болсам да, бәріміз – оңшыл, солшыл, центрист, билікшіл, оппозиционер, басқасы – жеме-жемге келгенде сабыр сақтап, ортақ мәмілеге келіп, ақыр-соңында тоқайласып, тоқтайтын бір жеріміз болуы керек деп санаймын. Ол – Конституция және онда алтын әріппен жазылған Қазақ мемлекетінің Тәуелсіздігі, жер тұтастығы, мемлекет пен ұлт мүддесі.
Әйтпесе, «балалықтың солшыл ауруы» сияқты құқықтық нигилизмге ұрынып қаламыз. Ал кез келген нигилизм ерте ме, кеш пе, саяси нигилизмге алып келеді. Ал оның салдары жоғарыда аталған ортақ құндылықтарға өз салқынын тигізіп, саяси тұрақсыздық пен берекесіздікке ұрындырып қана қоймайды, оның арты тіпті қиын болып кетуі мүмкін…

Әміржан Қосан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір