«Жаңа қазақ әдебиеті» оқырман қауымға жол тартты
19.12.2023
150
0

«Жаңа қазақ әдебиеті» оқырман қауымға жол тартты Қазақ әдебиеті мемлекет тарапынан қолдауға ие бола бастады. 13 желтоқсан күні Алматы қаласында мемлекеттік тапсырыс бойынша биыл жарық көрген 101 аталымның таныстырылымы және соның аясында жүзеге асып жатқан «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен жарық көрген 24 кітаптың тұсаукесері өтті.

«Жаңа қазақ әдебиеті» сериясы – 2022 жылы бастау алған бірегей жоба. Аталған жобада қазіргі қазақ әдебиетінің даму бағытын айқындайтын тың туындыларды қамту көзделген. Негізгі мақсат – әдеби үдерістерді жандандыру, шығармашылық әлеуеті зор, тұщымды туындылар жазатын авторларға жан-жақты қолдау көрсету және кейінгі жас толқын қаламгерлерді ынталандыру.
Бұл сериямен былтыр 10 автордың кітабы 30 мың данамен жарық көрсе, биыл 14 кітап 42 мың данамен басылып шығып, қалың оқырман қауымға жол тартты.
Іс-шара барысында мемлекеттік тапсырыспен жарық көрген кітаптардың көрмесі ұйымдастырылды.
«Жаңа қазақ әдебиеті» сериясының тұсаукесер рәсімін ашып берген ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Арман Жүдебаев кітап авторларын құттықтап, ҚР Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Қайырбекқызы мен Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Қуантайұлы қаламгерлерге шығармашылық табыс тіледі.
Тұсаукесер барысында ақын Маралтай Райымбекұлы өлең оқып, жазушы Жүсіпбек Қорғасбек, Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалының директоры, ақын Әлия Дәулетбаева, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Ерлан Жүніс, ақын, аудармашы Файзолла Алпамыс жылы лебіздерін білдірді.
Рухани кеш қаламгерлердің оқыр­ман­дарға қолтаңба беруімен аяқталды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір