ТАРИХТЫ БҰРМАЛАП, ЖҰРТТЫ АДАСТЫРМАЙЫҚ…
10.04.2024
205
0

 

Тарихта болған Шұбарайғыр Қожаберген батыр «Қожаберген жырау» емес!

Бексұлтан Нұржекеұлы «Қазақ әдебиеті» газетінде «Ән мектебі Сегіз серіден басталады» (10.07.2023), бұдан ке­йін «Жас алаш» басылымында «Қожаберген – қазақтың батыры, Матыжанов мырза!» (29.02.2024) деп аталатын, т.б. мақалаларын бірінен соң бірін жариялады. Бәрінде де: «Көшебе-керей Қожаберген жырау да, көшебе-керей Сегіз сері де – өмірде болған кісілер», – деп шыр-пыры шыққан. Бірақ бұлардың жасанды кейіпкерлер екені әлдеқашан анықталған-ды. Сондай-ақ ол фольклортанушы ғалымдар зерт­теп, жоққа шығарған күлдібадам «Елім-ай» «дастанын» да: «Көркемдігі жоғары, тарихи жыр», – деп дәлелдемек болады.
Біздер әуелі Б. Нұржекеұлының сүйі­к­­ ті жырауы – «көшебе-керей Қожабергенге» тоқталайық. Бұл жөнінде кезінде басылым бет­терінде бірнеше сыни пікірлер айтылған еді.
Қараңыз:
а) Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша? (профессор Жамбыл Артықбаевтың сын-сұхбаты) «Халық сөзі» газеті, 10.04. 2013 жыл;
ә) Б. Кәртен. «Елім-айдың» авторы да – Биғожин! «Алтын Орда» газеті. 26.10. 2001 жыл;
б) Е. Төлеутай. «Жүсіпбек Елебеков» (Ғұмырнамалық хикаят). – Алматы: «Өнер» баспасы, 2013 жыл, 83-133 бет­тер. (Өнертанушы бұл еңбегінде «Елім-ай» «дастанына», «Қожаберген жырауға», «Сегіз серіге» тоқталып, бұлардың фаль­сификация екенін жан-жақты талдап, ашып көрсеткен).
в) Б. Кәртен. «Елім-ай» «дастаны» – Биғожин дегеннің қойыртпағы! (zhasalash.kz).
Атышулы Қаратай Биожиннің «көшебе-керей Қожаберген жырауды» ойдан жасап шығаруына негіз болған шоң ұстаз Ыбырай Алтынсариннің 1879 жылы Орынбордан жарық көрген «Киргизская хрестоматия» ат­ты кітабына енген мына мәтін еді: «Керей Қожаберген жырауға Абылай: «Мені мақтап жыр айтшы», – деді. Қожаберген айт­ты:
– Абылай, сен, мен көргенде, тұрымтайдай ұл едің, Түркістанда жүр едің, Әбілмәмбет ағаңа қызметкер болған ұл едің; Үйсін Төле билердің түйесін баққан құл едің. Сен жиырмаға келгенде, ақ сұңқардай түледің. Алыстан тоят тіледің: ақтан болды күніңіз, арсы менен күрсіге дау таласты үніңіз, енді сіздің бұл күнде, бір көшеге сыймайды азаткерде құлыңыз» (Қараңыз: Ы. Алтынсарин Қазақ хрестоматиясы (Киргизская хрестоматия). Алматы: «Білім», 2003 жыл, 13-бет).
Куә болып отырмыз мінекей, жоғарыдағы «Керей Қожаберген жырауға…» деген сөйлемді біреулердің өз қалауынша «көшебе-керей Қожаберген жырау» деп өңін айналдырып өзгертіп алуына дәлелі қайсы?! (астын сыздық. Авторлар.)
«Керей Қожаберген хан ием Абылайға айтыпты» деген жаңағы өлең үзіндісіне оралайық. Бұл жайлы классик һәм текс­толог-ғалым Мұхтар Мағауин бүй деп тұжырым жасаған: «Керей Қожаберген деген жырау болған. Алтынсарин хрестоматиясында аты аталады, бір үзік толғауы жүр. Бірақ белгілі Бұхарды қайталайды. Мүмкін, ортақ сарын. Мүмкін, әуелде Қожабергенге тиесілі тіркестер. Алайда Бұхарға біржола кіріккен» (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен». Ғұмырбаяндық хамса). («Жұлдыз», №8, 1998 жыл).
Демек, бұл – Абылай ханның ақылшысы болған Бұхар жырау толғауының тармақтары. Жоғарыдағы «Керей Қожаберген айтыпты» деген өлең үзіндісін абыз бабамыздың бүтін қазаққа аян «Ал, тілімді алмасаң…» деп басталатын шығармасымен салыстырып қарасақ, бұның талассыз солай екені еш шүбәсіз. Сөзімізге куәлік берейік, бүй дейді Бұқар жырау:
Ал, тілімді алмасаң,
Ай, Абылай, Абылай,
Сен, мен көргенде
Тұрымтайдай ұл едің,
Түркістанда жүр едің,
Әбілмәмбет патшаға
Қызметкер болып тұр едің.
Қалтақтап жүріп күнелтіп,
Үйсін Төле билердің
Түйесін баққан құл едің.
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде
Ақ сұңқар құстай түледің.
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа.
Бақ үйіне түнедің,
Алыстан тоят тіледің.
Қылышыңды тасқа біледің,
Алмаған жауың қоймадың,
Алған сайын тоймадың,
Несібеңді жат­тан тіледің…
Толғау осылай кете береді, соза бермей ат­тамалап пікір өзегіне айналған тұстарды ғана көрсетіп өтейік одан әрі:
…Жұлдызың туды-ау оңыңнан,
Жан біткен еріп соңыңнан,
Он сан Алаш баласын
Аузыңа Құдай қаратып,
Жусатып тағы өргізіп,
Жұмсап тұрсың қолыңнан.
Ақтан болды-ау күніңіз,
Арсы менен күрсіге
Дау-таласты үніңіз.
Өзің болған күніңде
Бір көшке сыймайды
Азаткерде құлыңыз…
(Қараңыз: «Алдаспан» (құрастырып, баспаға әзірлеген, алғы сөзін, түсініктерін жазған филология ғылымдарының кандидаты Мұхтар Мағауин). – Алматы: «Жазушы», 1971 жыл, 151-152 бет­тер)
М.Мағауин және мынадай анықтама береді: «Ал, тілімді алмасаң» Мәшһүр Жүсіп бойынша берілді. Алғаш «Таң» журналында (1925, №3) жарияланған; жинап бастырушы — Ғ.Жаманқұлұлы. Бір үзіндісі Құрманғали Халитұлының «Тауа­рих хамса» ат­ты еңбегінде (Қазан, 1911) келтірілген», – дейді (Қараңыз: Алдаспан. 256-257 бет­тер).
Бұхар жырау туындылары өзі ғұмыр кешкен ХVIII ғасырда-ақ байтақ жұртқа тегіс тараған, бағзы заман қазақтары оның аталы сөзін үлгі қылған, жатқа білген. Шұбарайғыр Қожаберген батыр да Абылай ханға жаңағы елге мәшһүр толғау­дың есінде сақталған үзіндісін қайталап айт­қан (астын сыздық. Авторлар).
Б.Нұржекеұлы «көшебе-керей Қожаберген жыраудың» өмірде болғанына мынадай уәж айтып, дерек келтірген: «Н.А.Аристов Санкт-Петербургтен 1897 жылы басылып шыққан «Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численностей» деген кітабында да Қожаберген бабамыз жайында жазады. Бұл кітапты кезінде Шәкәрім қажы да өзінің оқығанын жазады. Онда Аристов: «Ходжа-бергень казацкий вождь, связанной ранее с Аблай-ханом», – дейді. Одан ке­йін тағы: «Упомянутый Ходжа-бергень в 1750 году управлял киреями», – дей келіп, оның Есіл бойын жайлағанын жазады (84-бет). Бұл деректер Қожаберген бабамыздың өмірде болғанын, «Ақтабан шұбырынды» кезеңінде де жаумен соғысқанын анық дәлелдейді. Меніңше, оны дауға айналдырудың өзі ұят әрі білімсіздік».
Бексұлтан ақсақал айдан анық ақиқат­ты бұрмалап отырған өзінің өрескел әрекетін ұятқа, білімсіздікке санамайды екен, оның түсінігінше, шындықты айт­қандар – ұятсыздар, білімсіздер екен.
Бұл – анығында Шұбарайғыр Қожаберген баһадүр. Керейдің Абағынан. Үнемі Абылай ханның қасында жүрген. ХVIII ғасырдағы бұлғақта. Оған айғақ – ұрпақтарында сақталған ол тұтынған соғыс құралдары, орыс, моңғол, қытай мемлекет­тері архивінен есімі таңбаланған құжат­тардың табылуы (Қараңыз: Ә.Тарақов. Абылайдың ақ туы. («Егемен Қазақ­стан». 30.07. 2008 жыл; А.Тойшанұлы. Қожаберген батырдың ақ туы). («Дала мен қала». 22.04. 2013 жыл; Ж. Артықбаев. Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша? «Халық сөзі». 10.04. 2013 жыл).
Б.Нұржекеұлының «Қожаберген – қазақтың батыры, Матыжанов мырза!» деп аталатын «мақаласындағы» келтірілген Н.А.Аристовтың дерегінің мәтінін толық берейік, онда былай делінген: «О киреях и байджигитахъ встречаются иъ китайскихъ известіяхъ о войне с цзунгарами на начале второй половины XVIII века между прочимъ такая упоминанія, что около 1757 г. подчинился Китаю Ходжа-берген, казацій вожд, стояшій ранее съ Абылай-ханомъ на стороне цзунгаровъ, а въ 1758 году глава рода байджигит Байбуракъ, проиванный храбрымь, пленилъ одного матежника и выдалъ китайцамъ. Упоминутый Ходжа-бергень в 1750 году управлялъ киреями; вероятно онъ же поминается въ 1752 г. в оренбургскихъ сведеніяхъ, какъ старшина баклы-гирейскаго рода, (астын сыздық.-Авторлар.) зимовавшій тогда на р. Ишиме…» (Қараңыз: Аристов Н.А. Заметки об этническом составе тюркскихъ племенъ и народностей сведенія объ ихъ численности). (С.-Петербургъ. Типографія
С.Н. Худекова. 1897. Стр. 84.).
Б.Нұржекеұлының жырауы – «көшебе-керей Қожаберген» 1663 жылы туып, 1763 жылы өлді делінеді. 1752 жылы оның жасы 89-да. Ру басқарып, елге жөн сілтемек түгіл: «Тоқсан көремін деген жасым ба еді, быламық ішемін деген асым ба еді», – деп мұңын айтып отырған шағы.
Бұл пікірімізді басынан дау кетпей жүрген «Қазбек бектің» де мына сөзі растай түседі. Былай дейді ол: «Аягөзде болған осы ұрыстан ке­йін найман Тобан ауылында Қожаберген жырауды кез­дестірдім. Қожаберген жырау мен көргенде қартайған, екі тізесінен ақсап басатын шал кісі екен» (астын сыздық. Авторлар.) (Қараңыз: Тауасарұлы Қазбек бек. Түп-тұқияннан өзіме ше­йін: Басп. Дайындаған Б.Қыдырбекұлы. Алматы: Жалын, 1993. 215-бет).
Демек, Б. Нұржекеұлының жасы тоқсанға келіп қаусаған, ақсақ шалды «ел басқарды» деуі – мүлде қисынсыз және мұның Шұбарайғыр Қожаберген батыр екенін Аристовтың: «Как старшина баклы-гирейскаго рода», – деген мәліметі де толық дәлелдеп тұр! Шынымен «көшебе-керей Қожаберген жырау» болса: «Как страшина кушебе-гирейскаго рода», – деп жазар еді ғой. Өйдемеген.
Өзін елден ерек ақылды, білімдар санайтын Б.Нұржекеұлы тарихта шын болған, Абақтан шыққан Шұбарайғыр Қожаберген батырды жалған «көшебе-керей Қожаберген жырау» қыламын деп қанша тыраштанса да ол өтірігін шындыққа айналдыра алмайды, ондай бассыздыққа жол берілмейді де!

«Қожаберген жыраудың» «жыр-толғаулары» турасында бірер сөз

«Көшебе-керей Қожаберген жырау­дікі» делінетін «Елім-ай» «дастанын» атышулы Қаратай Биғожин еді алғаш «Дала дидары» газетінің 1991 жылғы 3 және 50, 1992 жылғы 20 және 44 нөмірлеріне, жалғасын одан ке­йін басылымның «Ауыл» деген атпен шыққан сандарына (22-28 қаңтар, 1993 жыл) жариялап, насихат­таған.
Н.Әбуталиев деген де тарихты шексіз бұрмалаған, шылғи өтіріктен тұратын «Сегіз сері» ат­ты «еңбегінде» (Алматы, «Жалын», 1991 жыл): «Елім-ай» «дастанын» жеткізген «Сегіз сері», – дейді. (18-бет). «Бізге жеткен екі мың жолдай өлең ғана, яғни дастанның бірінші бөлімі», – дейді және мұның М.О.Әуе­зов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазбалар бөлімінде тұрғанын нақтылап айтады (астын сыздық. Авторлар). Тарихты нақпа-нақ жеткізген бірден-бір асыл мұра деп тамсанады ол одан әрі. «Елім-ай» «жырын» аталған кітабына енгізіпті (37-70 бет­тер).
Енді «көшебе-керей Қожаберген жыраудың» «көшебе-керей Сегіз сері» жеткізген, анығында Қаратай Биғожин «жеткізген» «Елім-ай» «жырының» әр тұсына көз жүгіртіп өтейік. Өлеңнің көркемдік деңгейі, сапасы бірер шумағынан-ақ белгілі ғой, соны нақтылайық. «Дастан» былай басталады:
…Теріскей Алатауды қалмақ алды,
Найман мен Қоңырат­ты қуып салды.
Қайран жер жау иелігіне
көшкеннен соң,
Жоңғардың Алатауы деп аталды.
…Алтын, күміс, мал беріп, аямай-ақ,
Орыстар мен Қытайдан білгір
жалдап (?)
Сыбан Рабтан ден қойып
өнерпазға, (?)
Ғаскерін үйрет­тірді бес жыл қамдап…
Осылайша кете береді. Осы өлең бе?! «Қожаберген» көрші елді: «Қытай», – дейді. Ал Бұхар жыраудың айтатыны бар еді: «Шүршіт келем деген сөз бар-ды» немесе «Шүршіт келсе, Сырға көш», – деп. Абыз үлкен көршіні сол кез­дегі қазақтардың таңған өз атауымен атайды…
Дәлеліміз жалқы болмасын, тағы да келтірейік «Қожаберген жыраудың» шатпақтарын:
Құрт­татып ет жейтұғын қалмақ
кәпір, (11)
Қазақтың сахарасын жайлады
ақыр. (12)
Теңемек болып бізбен терезесін, (11)
Жауығып жүруші еді тігіп шатыр. (12)
Академик З.Қабдолов бүй депті:
«Ұйқас – ұйқас үшін тұрмауы керек, яғни өлеңнің пішініне ғана емес, мазмұнына қызмет етуі шарт» (Қараңыз: «Сөз өнері». – Алматы: «Қазақ университеті», 1992 жыл, 280-бет).
«Кәпір», «ақыр», «шатыр» деген мәтіндегі есімдер ғалым айт­қандай ойлы, терең мазмұнға қызмет етіп тұрған жоқ, бос ұйқасқа құрылған. Оқырманға ұғынықты бола түссін, тәптіштеп түсіндіріп көрсетейік, мәнсіз, бөстекі мына сөздерден «өлең» шумақтарын жасаған: «Құрт­татып ет жейтұғын кәпір қалмақ қазақтың сахарасын ақыр жайлады. Бізбен терезесін теңемек болып шатыр тігіп жауығып жүруші еді». (астын сыздық. Авторлар.) Өлең құраудағы «тың әдіс», «соны соқпақ»! «Елім-ай» «дастаны» бастан аяқ осындай жолмен жамап-жасқалған.
«Дастанға» одан әрі тағы да назар салайық, ондағы сорақылықтарға көз жеткізе түсу үшін. Былай дейді:
«Төреден Әйтеке би безін, – деді,
– Келді ғой көсем сайлар кезің, – деді,
– Қазақты батыр көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін, – деді.
…Осындай көптен көсем ізде, – деді,
– Хандарды шет­тетуді көзде, – деді.
– Қазақты төре бастап көгертер деп,
– Малтаңды би мен бектер езбе, – деді, – дейді «Қожаберген жырау».
Бүгінгі мемлекетіміздің алғашқы негізін қалаған Жәнібек пен Керей сұлтандар төре-тұғын. Одан ке­йінгі Хақназар хан, Қасым хан, Есім хан… беріректегі сайыпқыран Әбілқайыр хан, Абылай хан бүкіл ғұмырын ат жалында өткізген-ді қазақ жұртының тағдырын ойлап. Бұлар да төре болатын. Басы кім үшін жоғалып еді сойы төре баһадүр Кене ханның?! Қазақты өз алдына ел қылам деп «Алаш Орда» үкіметін құрған дана көсем Әлихан Бөкейханов та төре-тін. Әйтеке бидің аузына сөз салып «жырлап» отырған Биғожин мықтап қателесіп, беталды лаққан! «Өсиеті» нақты шындықпен қабыспайды, «аманат-болжамының» теріс боп шыққанын тарихтан көріп отырмыз. Ақиқатында бұған тек өресі таяздар ғана сенеді. Кемел ойлы Әйтеке би мұндай парықсыз сөзбен ел арасына әреке кіргізбесі анық.
М. Мағауин де «Қожаберген жырау­дың» осы «Елім-ай» «дастанымен», өзге де «шығармаларымен» танысқан, мұндай шалдыр-шатпақтарға көп бас қатырмай: «…Қожаберген атына қатысты басқа бір нұсқалар ке­йінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп, Қожабергенмен қоштастым» (астын сыздық. Авторлар.), – деп сөздің тоқетеріне көшкен екен әлгі «толғау-жырлардан» біржола түңіліп (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен». Ғұмырбаяндық хамса.// «Жұлдыз».№8, 1998 жыл).
«Көшебе-керей Қожабергеннің» «жырларының» ұсқыны міне, осындай!
Пікірімізге арқау болып отырған «көшебе-керей Қожаберген жыраудың» «Елім-ай» делінетін «дастанына» М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының білікті ғалымдарынан арнайы құрылған тексеру комиссиясы текстологиялық сараптама жүргізіп, былай деп әділ үкім шығарды: «М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Қолжазба қорында №853/1; №883 бумаларда сақталған мәтіндерді «Елім-ай» ат­ты дастан деп тануға, оларды Қожаберген жыраудың төл шығармасы ретінде айқындауға ғылыми негіз жоқ» (Қараңыз: Тағы да «Қожаберген жырау» туралы… Республикалық «Түркістан» газеті, 12.01. 2024 жыл).
Жақсы, енді «көшебе-керей Сегіз серінің» жайына көшейік.

«Сегіз сері» деген кейіпкердің де авторы – Биғожин!

Тарихшы-ғалым, оралдық Исатай Кенжалиевті 80-жылдардың екінші жартысында Қ.Биғожиннің өзі іздеп келеді. Танысады. Исатай аға оған құрмет көрсетіп, қонақ қылып, тұз-дәмін ұсынады. Содан Қаратайдың «Сегіз сері» жайлы әңгімесіне бек сенген И.Кенжа­лиев бірер мақала жазады. Ке­йін сол «сері» қазақтың ежелгі жырлары мен халық әндерінің жартысынан астамын аяқ астынан иеленіп шыға келген соң ол қат­ты ойланып қалады «бұл қалай?» деп. Содан оның өмірде болған, болмағанын анықтау үшін Арқа, Жетісу өңірін аралайды. Әуелі Қаратай Биғожиннің өзінен сұрайды. «Сегіз серіні» жарыққа шығарушы бірден-бір жанашыр-жоқшысы сол ғой.
И.Кенжалиев бүй деп әңгімелейді мұны: «Сегіз сері бәрімізді қызықтырады, бірақ материал берушілер объективті мәлімет беріп пе, соны тәптіштедік пе? Сегіз сері туралы мәлімет берушінің бірі Қаратай Биғожин: «Сегіз сері менің арғы атам, оның үш ұлы болған, жазбалары бар еді, қазір жоқ», – дейді. Ал енді осынша өлең, жырларды қайдан, кімнен тауып алдың деген сұрағымызға нақты жауап болмады!» (астын сыздық.-Авторлар.) (Қараңыз: Кенжалиев И. Сегіз сері кім? «Жалын» журналы, 9-10 сандары, 256-273 бет­тер).
Бұдан әрі былай деп жалғастырады сөзін ол: «М.Шақшақов туралы («Сегіз серінің» шын есімі Мұхаммедқанафия, – деді Қ.Биғожин. Авторлар.) алғаш мәлімет Әдебиет және өнер институтында 1974 жылы Қаратай Биғожиннен, ке­йін Мәди Болатовтан түскен және жеке қолжазбалар тапсырылған».
Анықтап білген осы дерек бойынша И.Кенжалиев Мәди Болатовты іздеп табады. Онымен кез­дескенін былай деп баяндайды: «…Жезқазғанға барғанымызда Ғылым академиясына жіберген Мәди Болатовпен сөйлесіп: «Сегіз сері шығармаларын кімнен алдыңыз?» – дегенімізде ол кісі Қ.Биғожинге сілтеді (астын сыздық.-Авторлар.). Менің: «Сегіз серінің Бекмағанбет Өтемісовке айт­қан өлеңі бар көрінеді», – дегеніме Мәди сенбеді. «Сегіз сері Бөкейлікте қайдан болсын, бұл сірә Қаратайдың өзінің құрағаны болар», – деді ол. Өйткені ол ауыз әдебиетін көп біледі әрі өзі де өлең шығарады екен» (астын сыздық. Авторлар.).
Гәп қайда жатыр, әне!
«Мәдидің пікірінің растығына қосыламыз, – дейді одан әрі И.Кенжалиев. – Биғожин Қаратай Семейге, Павлодардан Оралға аралап жүре беретін көрінеді. Оны өзі айтады. Білгенін таратып, жазып та береді екен» (астын сыздық.-Авторлар.).
Тарихшы-ғалым И.Кенжалиев 1978 жылы Талдықорған облысына сапарлайды, сонда Қ.Биғожин атаған «Жетісу» колхозында тұратын Қақабаев Ысмағұлға, Жауленов Нүсіпбекке, Тынышбаев Жамаубайға, Керімбаев Балтабайға, т.б. кісілерге жолығып «Сегіз сері» туралы сұрайды, олар ештеңе де айта алмайды. Содан «Жаңаталап» совхозындағы Мамыраев Адамбайға барып әңгімелеседі, бұл да мардымды жауап бермепті.
Мұнан ке­йін И.Кенжалиев Солтүстік Қазақ­станға, нақтылап айтсақ, «Сегіз серінің» атамекеніне барады. М.Шақшақовты біледі деген адамдарды тауып алады. Сөйлеседі. Бұл жолғы сапарын былайша баян қылады: «…Преснов ауданындағы …Қ.Жапаров, Ж.Бекбауов, т.б. кісілермен сөйлестік. Бұлар да жөнді мәлімет айтпай: «Сегіз сері туралы естиміз, Қаратай айтып жүр ғой», – деген сияқты сөзбен ғана шектелді» (астын сыздық.-Авторлар.).
Өзге жұрт білмесе не жазық бар, не өкпе бар. Масқара қылғанда «Сегіз серінің» үлкен ұлы «Мұстафаның» немересінің өзі білмейді дейді, сондай да сондай болған атасын.
Бұған айғаққа ғалымның сөздерін тағы да ұсынайық. «М.Шақшақовтың үлкен ұлы Мұстафаның немересінің үйінде болып балаларын көрдік, – деп жалғастырады шындық үшін, тарихтың тазалығы үшін шыр-пыр болып жүрген Исатай аға Кенжалиев. – Әңгіме айтар ешкімді таба алмай, Архангельск ауыл кеңесіне барып, орта мектеп директоры Қ.Қопышовпен жүздестік, ол: «Сегіз сері туралы естиміз, анығын білмеймін, қарт­тардан ондай кісі болды деп естімедім», – деді. «Гауһартас», «Мақпал», «Қарғаш», т.б. әндер Сегіздікі дейді, сіз сенесіз бе деген сұрағыма күмілжіді» (астын сыздық.-Авторлар.).
«Сонымен М. Шақшақов еліне барып, – дейді тарихшы ғалым, – Сегіз сері деген айтулы адам болғанына көзімізді жеткізе алмадық. Сонда да тағы іздестіріп облыстық газетке мақала жаздық. Сонымен қатар Омбы облыстық архивіне хат жазып: «Ондағы әскери училищеде 1830-1835 ж. М.Шақшақов оқыды ма?» – деп сұрадық, бірақ үміт ақталмады (астын сыздық.-Авторлар.). Біз бұған да тоқтамай, Омбы губерниясының архивінен 345-қорды қарап, сол кез­де қазақтарды билеген «Петропавл, Көкшетау приказы» деген жергілікті әкімшілік материалдарын ақтарып, Таузар аулынан, Есеней Елемесов би ауылы адамдарының тізімінен Баһрамұлы Мұқамбет-Қанафия не оның туыстарының есімін кез­дестіре алмадық… Архивте Сегіз серіден бұрын жасаған Қазбек би туралы жазба бар, Өскенбай, Шорман, Тәт­тімбет­тер жөнінде мәлімет бар…» (астын сыздық.-Авторлар.).
Ғалым ағамыз іздеуін тоқтатпайды. «Сонда да біз Сегіз серіні білер деген кісілерді іздестіріп Павлодардағы Елеуке Қалдановқа (журналда Қаукенов. Корректорлық қате.-Авторлар.), Жезқазғандағы Пішенбаевқа, т.б. азамат­тарға хат жазып, сұрау салдық. Бәрі де: «Қаратай біледі, біз содан алдық, – дейді» (астын сыздық.-Авторлар.), – деп баяндайды Исатай Кенжалиев.
Мінекей, баршамыз куә боп отырмыз, таныстары, жерлестері «Сегіз сері» турасындағы «мәлімет­тердің» тек Биғожиннен алынғанын, жұртқа содан тарап кеткенін айт­қан. Тарихи құжат­тарда, архивтерде есімінің кез­деспеуі де өмірде мұндай тұлғаның мүлде болмағанын толық айғақтап тұр.
Қоясы ақтарылған, еш абырой әкелмейтін бұл өтірікті әлі де шындыққа айналдырам деп қайта-қайта екілене беретін «сегізсерішілердің» мұнысы бос әуре екенін ұғып, мойындайтын уақыт­тары болды.

«Сегіз серінікі» деп жүрген «өлең-жырлар» – Биғожиннің дарынсыз туындылары

Кезінде «Сегіз сері» турасындағы жалған әңгіме ел ішіне кең тарап, бұған бір қауым жұрт­тың қат­ты сеніп қалғаны да шындық. Алайда дау-дамай туып, жалғанның арты ашылып, әшкере болды. Елдің осы ақиқат­ты танып-білгені шындықты аса жақтыра қоймайтын Б. Нұржекеұлының жанына қат­ты батқан сыңайлы, біраз бұлан-талқан боп еді (Қараңыз: Б. Нұржекеұлы. Ғылыми мекемнің ғылыми үлгісі осы ма? «Әдебиет айдыны» газеті, 04.10. 2007 жыл). Арада уақыт өт­ті. Басылған болар деп ек, басылмапты.
Хош, әрі қарай жалғастырайық айтпағымызды. Б. Нұржекеұлы «Ән мектебі Сегіз серіден басталады» деген «зерт­теуінде» бүй дейді: «Мақпал» әні де бүкіл болмысымен «Мен Ақанның әні емеспін» деп тұрғандай (астын сыздық.-Авторлар.). Өлеңнің бірінші жолы «Үйірі қысырақтың мақпал қара», – деп жылқыға арналады да, екінші жолы «Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» – деп, қызға арналады. Өлеңнің екі жолы екі жаққа қисайып тұрғанына қарап-ақ өлеңнің бұрмаланғанын білуге болады».
«Мақпал» – Ақан серінің әні! Мұның шумақтарын бұрмалап, өзгертіп Қ. Биғожин деген өзі ойлап тапқан «Сегіз серіге» таңған. Әуелгі мәтіні осылай еді деп.
Айтпағымыз, Б.Нұржекеұлы ә дегеннен-ақ сүрініп отыр: «Өлеңнің бірінші жолы «Үйірі қысырақтың мақпал қара», – деп жылқыға арналады да, екінші жолы «Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» – деп, қызға арналады. Өлеңнің екі жолы екі жаққа қыйсайып тұрғанына қарап-ақ өлеңнің бұрмаланғанын біліуге болады», – деп.
Шынында да солай ма, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов сияқты ән саңлақтары орындап, ұлт­тық фонотекамыздың Алтын қорына енген Ақан серінің өз нұсқасын айғаққа келтірейік, былай деген:
«Үйірі қысырақтың мақпал қара, (астын сыздық.-Авторлар.)
Шашыңды күндіз жу да, түнде тара.
Алыстан ат аямай келгенімде,
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» (астын сыздық.-Авторлар.) (Қараңыз: Қазақ әндері. (Халық композиторларының әндері): – Алматы. «Жазушы», 2-том, 1968, 127 – бет).
Өлеңдегі «Ей, Мақпал қырындамай бермен қара!» деген сөйлем төртінші тармақта орналасқан, Б. Нұржекеұлы айт­қандай екінші жолда емес.
Ал Ақан серіден алып Қ. Биғожин бұрмалаған бұл шумақ былай, мұны жүздік, трайбализм сырқатына шалдыққан ғалымдар бір кез­дері мектеп оқулығына да енгізген-тін:
«Ақша жүз, бота көзді, қасың қара,
Шашыңды түнде жуып, күндіз тара. (?)
Ниязбен екеуміз келген шақта,
Мақпалжан бұлғақтамай бізге қара». (Қараңыз: «Қазақ әдебиеті (XIX ғ) //жалпы білім беретін мектептің қоғамдық – гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған. Құраст. З.Ахметов, Ұ.Асылов. // Хрестоматия. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002. 358-359 бет­тер.)
Қазақ түнде шаш жумаған, жаман ырым деп есептеген. «Дана» «Сегіз сері» соны білмеген бе?! Жә, жақсы…
Бүлінген, көркемдігінен айырылған «Мақпалдың» тағы бір шумағын келтірелік, онда:
«Келгенім Сыр Бойында Найман елі,
Қазаққа даңқым шыққан Сегіз сері.
Қиырдан ат арытып, іздеп келдім,
Бір көріп қайтпақ болып Мақпал сені», – делінеді.
Ал Ақан серінің «Мақпалында» бұл былай:
«Үш жүзге атым мәлім Ақан сері,
Келгенім Мақпал қыздың туған жері.
Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,
Бір көріп қайтайын деп Мақпал сені».
Қ.Биғожин деген «Сегіз серінікі» қылу үшін, әуелгі нұсқасы осылай еді деп өзгелерді сендіру үшін «Мақпал» әнінің басқа да шумақтарын түгелдей бұрмалап, өзгертіп шыққан. Түсінігі жоғары, сөз ұғатын жандарға келтірілген осы айғақтардың, талдаудың өзі де жеткілікті!
Ахмет Жұбанов «Мақпал» шығармасына назар аударып, оның бітім болмысына мынадай сипат­тама береді, туындының Ақан серінікі екенін нақтылап айтады: «Ақанның көпке белгілі шұрайлы шығармасының бірі – «Мақпал» … – дей келіп ән мәтінін ұсынған ол, – «Мақпал» – мелодиялық дамуы аса заңды, тыңдаған адамға әсері күшті лирикамен қатар, драмалық элемент­тері де бар ән. Әсіресе дарынды халық композиторларында кез­десетін кейбір альтерациялық дыбыстар «Мақпалды» да көркемдеп тұр. Ақанда ол жиі кез­деспейді. Бірақ керек жерінде таңғаларлықтай тауып қолданады», – деп пікірін тәмамдайды (Қараңыз: Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. – Алматы: Қазақтың Мемлекет­тік көркем баспасы, 1963, 66-67 бет­тер).
Б.Нұржекеұлы «Мақпалдың» музыкалық құрылымына талдау жасап, әуені Ақан серінің емес, «Сегіз серінің» қолтаңбасына келетінін көзге шұқып тұрып дәлелдеп, академик А. Жұбановтың сөзін түгелдей теріске шығарып береді деп бек үміт­тенеміз (астын сыздық.-Авторлар.).
Орыс географиялық қоғамы архивіндегі, Орынбор облысының мемлекет­тік архивіндегі, Қазақ­стан Республикасының Орталық мемлекет­тік архивіндегі, т.б. тарихи құжат­тардағы Исатай мен Махамбетке қатысты мәлімет­тер мұқият жинастырылып, жүйеленіп топастырылған «Исатай – Махамбет. 1801-1848. Документы» деп аталатын деректер жинағы қолымызда. Алматы шәрінде «Арыс» баспасынан 2003 жылы жарық көрген. 448 бет­тен тұрады. Құжат­тарда Исатай мен Махамбет­тің не істеп, не қойғаны, кімдермен байланыста болғаны, көтеріліске шыққан кез­дегі саяси ахуал, жеңіліс тапқаны, соңында батырдың қалай өлтірілгені, т.б. тәптіштеліп, шашаусыз баяндалған. Мұнда Исатай мен Махамбет­тің «жан жолдасы», «ақылшысы» болған «Сегіз сері» дегеннің есімі тым болмаса бір рет аталуы керек еді. Елеусіздеу болса да. Мүлде атаусыз қалған.
Демек, «Ән мектебі Сегіз серіден басталады» деген «мақаласындағы» Б.Нұржекеұлының: «Жайау Мұсаның «Ер Сегіз» дастанында «Сегізбен заманында жолдас бопты, Кіші жүз Ыйсатай мен Махамбет ер», – дегеніне қарағанда, ол мәлімет­тің бәрін Сегіздің өз айтыуынан естіген», – дегені дәйегі жоқ сөз!
«Жаяу Мұсаның «Ер Сегіз» ат­ты дастаны болған» деп жалаулатып жүргендердікі де – сол баяғы Қ.Биғожиннің Жаяу Мұса боп жамап-жасқап елге таратқан шалдыр-шатпағы! Еш ұсқыны жоқ мұны Б.Нұржекеұлы ғана жыр деп есептер, ал сөз танитын көзі қарақты адам өлең деп айтуға аузы бармайды! Сондықтан оны дәлелге келтіріп, талдап, уақыт жоғалту

Қ.Биғожиннің фальсификаторлық әрекет­терге баруының негізгі себептері

Қ.Биғожиннің шектен шыққан мұндай әрекет­терге бару себебі мына жайларға байланысты екен: 1960-70 жылдары ҰҒА М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсырушылар еңбегіне мемлекет арнайы қаржы бөлген. Ақшаға қат­ты қызыққан Қаратай Биғожин де халық арасынан ескі заман «туындыларын» жинай бастайды. Бірақ басқа жолмен. Басқа әдіспен. Ол «халық өлең-жырларын» өзі шығарады жанынан. Жанкісі жырау боп. Жанақ ақын боп. Біржан сал, Көкбай Жанатайұлы, Нұржан Наушабайұлы, тағы басқалары боп. «Шығармаларының» кейіпкері қып «Сегіз сері» дегенді алады. Сыр бойы мен Ырғыз өңірі арасын жайлайтын қазақтар арасында туған, үзіндісі С.Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабына енген «Мақпал – Сегіз» ат­ты дастаннан. Бұрмалап. «Сегіз серінің» «атасы» «Қожаберген» «жырау» дегенді және ойлап табады. Биғожин осы «ақын бабаларына» өзі жанынан құраған күлдібадам «Қыз Жібек» «жырын», «Елім-ай» «дастанын», т.б. таңады, солар шығарды деп. Мерзімді басылымдар арқылы насихат­тайды. Сонымен қатар халық мұралары мәтіндерінің кейбір тұстарын өзгертіп бұзып, немесе оған шатпақтап шумақ қосып, бәлен деген өлеңнің, жырдың бастапқы нұсқасы осылай еді деп те жіберіп отырған. Қазақтың бойына совет өкіметі қалыптастырған жағымсыз психология бар-тын, ол – қарсылық танытпай бас шұлғи беру. Сондай жаман қылықтың бірі – кітапқа, газетке не жазылса да бәрін ақиқат, бәрін керемет санауы, сенуі. Өзіндік сын көзбен, күмәнмен қарау жоқ-ты… Өтіріктің әуелгі өріс алуы – осылай. Жақсы білетіндер Қаратай Биғожин туғаннан кемтар кісі-тұғын деп куәлік береді (Қараңыз: Қ. Омаров. Жалған ойға жармасқан топ). («Қазақ әдебиеті» газеті, 29. 06. 2007 жыл). Күнкөріс қамындағы мұқтаждықтан һәм мүгедектігінен ол осындай бейәдеп істерге барған.
Қ.Биғожин ойдан шығарған жалған «Сегіз серіге» Білім министрлігі мен ҰҒА ғалымдары нүкте қойған-ды (Қараңыз: ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі (27.11.2006 жыл. № К–1514 ). «Ана тілі» газеті. №5. 1.02.2007; «Жұлдыз» журналы. № 3. 2007; «Қазақ әдебиеті» газеті. №5. 2.02.2007 жыл; Қараңыз: ҚР Ұлт­тық Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан құрылған Тексеру комиссиясының қорытынды-сараптамасы (6.02.2007 жыл, № 056/35 — 0325). «Қазақ әдебиеті» газеті (№ 29. 20.07.2007 жыл).
Б.Нұржекеұлының әшкере өтірікті қайта-қайта жанұшыра қорғаштауының сыры
Қазбек бек Тауасарұлы есімді кісінің «Түп-тұқияннан өзіме ше­йін» ат­ты кітабына (Алматы, «Жалын» баспасы, 1993 жыл) қатысты 90-жылдар басында үлкен дау-дамай орын алды. Белгілі жазушылар, журналистер, тарихшылар тас-талқан қып сынаған пікірлерін ортаға салды. Сонда «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Сұхбат» басылымдарында осы еңбектің фальсификация екені толық дәлелденді. Аталған кітапты шығарушы һәм бірден-бір жанашыры Б. Нұржекеұлы ғана жақтап, екілене біраз даурықты. Бірақ сол жария көрген сыни пікірлердің біреуін де нақты айғақ келтіріп, терістей алмады. Алғашқыда жұрт елең еткен «Қазбек бекке» деген қызығушылық осыдан соң тез басылып қалды.
Қазбек бек XVIII ғасырда ғұмыр кешкен делінеді. Сол Қазбек бектің «атадан балаға табысталып, қазіргі күнге жет­ті» дейтін кітап боп шыққан «қолжазбасында» қисынсыз жайт­тар, күмәнді дүниелер өте көп. Мәселен, соның біреуін ғана куәлікке тартайық: «Қожаберген Толыбай баласы Тәуке заманында ғаскер басы болған, жау түсіріп, ту алған батыр еді. Ол батырлығымен бірдей сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын мол жырлаған адам. Жасы мен құралпы Бұхар оған құлдық ұратын» (астын сыздық.-Авторлар.), – депті бір сөзінде «Қазбек бек» (Қараңыз: Тауасарұлы Қазбек бек. Түп-тұқияннан өзіме ше­йін: Басп. Дайындаған Б.Қыдырбекұлы – Алматы: Жалын, 1993. 215-бет).
Жоғарыда «ат­тары» аталып, «түстері» түстелген күмәнді кейіпкерлерді Б. Нұржекеұлының жанұшыра жақтауының негізгі себебі осында жатыр: өздері ойдан құрап-сырап жазған «Түп-тұқияннан өзіме ше­йін» ат­ты кітапқа Қ.Биғожиннің өтінішімен енгізілген «көшебе-керей Қожаберген жырау» жайындағы өтіріктері ашылса, «Қазбек бектікі» делінетін «қолжазбаның» да жалғандығы әшкере болады деп ышқынады…

Сөздің түйіні

Білім-сауаты кем «қожабергеншілер» мен «сегізшілердің» бір-бірінен айырмасы жоқ. Бұлардың бәріне ортақ белгілер мынадай:
а) Б.Нұржекеұлы қарапайым оқырманды адастыру үшін негізгі мәселеге қатыссыз әңгімелерді шиырлап кетеді. Бұған нақты бір дәлел – соңғы «мақаласында» А.Айбектің арнасындағы статистикалық мәлімет­терді, т.б. сөз етіп, тақырыптан мүлде ауытқып кетуі. Автор өз деректеріне сенімді болса, соны жеткізу үшін басы артық сөзден қашқан болар еді;
ә) Б.Нұржекеұлы «ата-бабаға тіл тигізбеу керек» дей отырып, өзі Ж. Шайхысыламұлына «Кескентеректі Бекежанға ауыстырып жіберген» деп жала жабады. «Әулие» деп құрмет тұтқан боп Мәшһүр Жүсіптің аузына айтпаған сөзді салады;
б) Б.Нұржекеұлы бастаған топтың сыни мақалаларға қайтарған жауаптары бірізді. Жасанды мәтіндегі жекелеген архаизмдер мен мағынасы ескірген, көмескіленген сөздерді теріп көрсетіп: «Міне, бұлар XVIII-XIX ғасырларға тиесілі», – деп дәлелдемек болады. Бірақ ол есімдердің басқа сөздермен байланысу тәртібі, стилдік құрылымдары ХХ ғасыр тіл мәдениеті үлгісінде тіркесіп тұрғанын мүлде ажырата алмаған.
в) «Көшебе-керей Қожаберген жырау» мен «көшебе-керей Сегіз серіге» қатысты жамап-жасқалған жасанды мәтіндердің шикілігін «жеткізушілердің талантсыздығынан» деп ақтап алмаққа әркет­тенеді. Осы тұста бізде сонда өзге шығармалардың бәрін талант­тылар жеткізген де, «Қожаберген жырау» мен «Сегіз серінің» «өлең-жырлары» ғана өңкей талантсыз жеткізушілерге тап болған ба деген заңды сұрақ туындайды;
г) Б.Нұржекеұлы «Бес ғасыр жырлайды» жинағына енген жыраулар поэзиясына қатысты сұрақ қойыпты: «Сондағы қай жыр он бесінші ғасырдың сөзімен жырланған?» – деп. Біз оған: «Сондағы қай жыр он бесінші ғасырдың сөзімен жырланбаған?» – деп қарсы сұрақ қойғымыз келеді. Әрідегі Шалкиіз, Қазтуған, Доспамбет­терді айтпағанда, беріректегі Ақтамбердінің, Үмбетейдің, Бұхардың жырлары – стиль, сөздік құрам, авторлық қисын, жыр құрылымы жөнінен іргелес ХІХ ғасыр ақындарынан тіпті бөлек. Оларда совет­тік кезеңдегі публицистикалық стиль мүлде жоқ.
ғ) Б. Нұржекеұлы өзінің пиғылын өзгелерге де таңғысы келеді. «Сіз бастаған топ», «біз бастаған топ» деген жіктеулері – соның көрінісі. Біліп қойсын, жалған Қожаберген мен Сегізді жоққа шығарып, терістеушілерді бастап отырған К.Матыжанов емес, Ұлт­тық мүдде! Ал дәлелді сөзге, ақиқатқа тоқтамай тарихты бұрмалап, жұрт­ты адастырып жүрген, ел ішіне жік түсіруге құмар «қожабергеншілер» мен «сегізшілердің» ішкі есеппен, рушылдық ниетпен біріккен топ екені толық көзіміз жеткен – шындық!

Үшбу жауапты сөз ұғатын парасат­ты жандарға жолдаушы төмендегі мына азамат­тар:

Жамбыл Артықбаев,
тарих ғылымдарының докторы, профессор. Астана қаласы.
Светқали Нұржан,
ақын, Құрмет, Отан ордендерінің иегері. Ақтау қаласы.
Бөрібай Кәртен, өнертанушы, филолог. Ақтөбе қаласы.
Серікбай Қылышбайұлы,
филология ғылымдарының кандидаты, фольклортанушы,
«Бабалар сөзі» көптомдығының жауапты шығарушысы. Алматы қаласы.

Болат Қорғанбек,
филология ғылымдарының кандидаты, профессор, фольклортанушы.
Астана қаласы.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір