ТАРИХТЫ БІЛУ – ОТАНДЫ СҮЮ
26.02.2024
733
0

«Невада-Семей» қозғалысына 35 жыл!

Қаншама тар жол, тайғақ кешулі нәубеттерден өткен халқымыздың бүгінгі жастар біле бермейтін тарихи кезеңдері көп. Әрине жастарымыздың бойына рухани құндылықты, ұлттық рухты ояту, соған сәйкес іс-шараларды көптеп өткізу ләзім. Десек те олар ел басынан өткен тарихи шындықты біліп, зерделей алуы да қажет. Сондай оқиғаның бірі – «Неведа-Семей» қозғалысы. Биыл құрылғанына 35 жыл болатын антиядролық қозғалыс жайлы Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің №20 кітапханасында жастарға арналған танымдық сағат өтті.

Жастар тарихтың ақтаңдақ беттерінен хабардар болсын, осы ұйымның арқасында қазақ жеріндегі зардаптың ошағы тоқтатылғанын біліп жүрсін және бабамыздан қалған кең байтақ жердің қадірін ұғынсын деген мақсатпен ұйымдастырылған іс-шараға Абай атындағы ҚазҰПУ саясаттану және әлеуметтік-философиялық пәндер кафедрасының меңгерушісі, саяси ғылымдарының докторы, профессор Жомарт Құдайбергенұлы арнайы қатысты.

Меруерт Мәулетқызы мен Жомарт Құдайбергенұлы

Кездесудің модераторы – журналист, «Сенімен болашақ» РҚБ өкілі Меруерт Мәулетқызы алдымен кездесудің мақсатына, бағытына тоқталып өтті. Жаңа технологияларға әуестенген бүгінгі жастардың мемлекетіміздің болашағын қалыптастыруға үлес қосқан тұлғаларды ұмытып жататындығына өкініш білдірді. Сондай қайраткердің бірі 1989 жылы Семей полигонына қарсы шыққан халықты біріктіру, ядролық қарудың сынағын тоқтатуды мақсат еткен «Невада-Семей» қозғалысын құрған Олжас Сүлейменов екендігін айтып өтті. Бұл туралы спикер Жомарт Құдайбергенұлы толықтыра түсті.

Кітапхана ұжымы Жомарт Құдайбергенұлына кітап сыйлады

— «Невада-Семей» қозғалысының арқасында қазақ жерінде көптеген адамның өмірін жалмаған ядролық қаруды сынақтан өткізу тоқтатылды. Бұл ұйым Семей полигонын жабу мен әлемнің басқа да сынақ полигондары қызметін тоқтату бағытындағы күресте елеулі үлес қосты. Айта кетейін, алғашқы сынақ 1949 жылы болған. Жүргізілген сынақ салдарынан адам денсаулығына орасан зиян келді. Адамдар радиациялық сәулеге ұшырап, түрлі кеселдер жабысты. Бұл қайғылы шындықты қазіргі жастардың білгені жөн, — деген спикер жастарға не үшін Семей жері таңдалғанын, қандай зардаптар әкелгенін түсіндіріп берді.Сондай-ақ кітапхана тарапынан ұйымдастырылған сол кезеңді қамтитын бейнесюжет пен кітап көрмесі кездесудің мазмұнын ашып, жастарға ой салды.

Кітапхана ұжымымен. Кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы (ортада) 

— «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Жастарымыз 90 -жылдардағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін түсіне бермейді. Сол үшін сол кезде болған ел ағаларын шақырып, осындай кездесулер ұйымдастыруды дәстүрге айналдырып жатырмыз. Жастар өз мемлекетінің тарихын білмей, болашағын қалыптастыра алмайды. Жас ұрпақ тарихта өз ізін қалдырған тұлғаларды білуі тиіс, — дейді кітапхана меңгерушісі Лаура Мәулітшәріпқызы.

Әлия БОРАНБАЙ,
кітапхана қызметкері

 

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір