Тарихты білмеу де орға жығады
20.12.2022
342
0

Желтоқсан оқиғасы кезінде, бірінші күні Олжастың (Сүлейменов) бөлмесінде шағын мәжілісте отыр едік, қабылдау бөлмесінен біреу телефонға шақырды. Осыны хабарлаған секретарь қызға «қоса ғой» деп Олжас телефон трубкасын алды. Бірер секунд ар жақтағы адамды тыңдап болды да, трубканы орнына салып қойды. Өңі бұзылып сала берді.
– Қарт коммунист, аты-жөнін атаған жоқ, – деді Олжас. – «Алаңға шыққан бұзықтар – сенің сөзіңе ергендер, сенің өлеңдеріңді оқып желіккендер. Осының бәріне сен кінәлісің» дейді.
Тағы бір-екі адам іле-шала телефон соғып еді, алмады. Көңілі бұзылып, жайы болмай, қабағын шытып орнынан тұрды. «Басым ауырып тұр» деп үйіне кетті.
Сол күні Жазушылар одағының қасынан өтетін даңғылмен жастар колоннасы лек-легімен ағылып жатты. Екі-үш рет колонна тоқтап, жастар «Олжас! Олжас!» деп айқай салды. Бір топ жігіт одаққа кіріп, Олжасты іздеді. Оның ауырып үйіне кеткенін айттық.
…Олжас пен Колбиннің ара- қатынасына қайран қалушы едім. Колбин Қонаевпен жақсы болған адамдарды аяған жоқ. Кейін солар Колбиннің алдына келіп, Қонаевты қанша жамандаса да жібімеді. Ал Олжас өйткен жоқ, Қонаевты сыйлайтынын, қадірлейтінін жасырған жоқ, талай жиналыстарда ашық айтып жүрді. Колбин осыны көтерді, кек тұтпады, Олжасты қудалап, соңына түспеді. Олжасты жамандаушылар да оны осы арадан ұстап, Колбиннің қаһарына іліктіргісі келді. Бірақ одан ештеңе шықпады. Колбиннің Олжас туралы жеке пікірі, қарым-қатынасы ондай кекшілдікке жібермеген сияқты.
Олжас өзін Колбинмен терезесі тең адамдай ұстады. Онымен де еркін сөйлесетін. Бір рет Мәскеудегі бір жиналыстан Алматыға қарай ұшқанда, Колбин мен Олжас алдыңғы орында қатар отырып келді. Екі ара – төрт сағаттық жер. Осы төрт сағат бойы екеуі әңгімелесіп отырды. Сонда сол маңайда үкімет мүшелері, министрлер де болды, бірақ біреуі Колбиннің қасына жақындай алмады. Колбин де Олжастан басқа ешкімге тіл қатқан жоқ.
Колбинді Олжасқа қарсы айдап салғысы келген адамдар көп болды. Төмендегі жазушылардың жамандауы өз алдына, ал Колбиннің маңайындағылар да қатты әрекет жасап бақты. Идеологияны басқарған хатшы З.Камалиденов пен оның маңындағылар да Олжастың сыртынан қаншама қарсы әшкерелеуші материалдар жинап, Колбиннің алдына тосумен болды. Одақ жұмысын қараған бюро мәжілісінде идеология хатшысы Олжастың қанша күн жұмысқа шықпағанын айтып жамандағанда Колбин қабақ шытқан жоқ, мұнысы не демеді, елеу­сіз қалдырды. Бірақ ол да тірі жан ғой, жамандап келе берген соң ойланып қалатын кезі де болады екен. Әуезовтің 90 жылдығын тойлағанда осындай жай болды. Республика сарайында салтанатты мәжілісте бірінші болып Колбин сөйледі. Одан кейін сөз Олжасқа тиді. Олжас Әуезов туралы ойын бітіргеннен кейін зал орнынан тұрып, ұзақ қол шапалақтады. Колбинге дәл мұндай қошемет көрсетілмеді.
Идеология хатшысы Камалиденов осыны пайдаланып, Олжас залға тек өз жақтастарын ғана жинап, әдейі жасады, сіздің беделіңізге нұқсан келтіргісі келді деп шағыстырып, жантықтыққа барады.
– Колбин мені шақырып, осы рас па деп сұрады, – деді Олжас кейін әңгімесін айтып. – Мен Әуезовтің мерекесі кезінде ауруханада жатып едім. Сөйлейтін сөзімді сонда дайындадым. Бас дәрігерден сұранып, екі сағатқа салтанатты мәжіліске барып қайттым. Мен қай жерде жүріп кісі жинаймын? Үш мың адам сиятын үлкен залға мен қай жақтасымды шақырам? Одаққа тигені – 400 шақыру билеті. Қалғанын қалалық, аудандық партия комитеттері таратты. Осының бәрін Колбинге айтып түсіндірдім, – деді Олжас идеология хатшысының қылығына ыза болып.
Олжас пен «кішкентай» хатшы­ның аралары осылай шиеленісіп кетті. Хатшы соншама өші кеткендей соңына түсті. Бұрынғы хатшылардай емес, босқа тыраштанып, әуре болды. Кішкене хатшының қателігі осы еді. Қандай төре болсын, ұлы ақындармен алысып, абырой тапқан емес. Тарих бетіне қарамаған білімсіздік те кейде осылай орға жығады екен.

(Жазушы Бекежан
ТІЛЕГЕНОВТІҢ естелігінен)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір