ТЕМЕКІ ҚОРАПТАРЫ
19.11.2024
195
0

Ауыл дүкенінің алдына аялдадық. Қожайын бір шаруа­­ әйелдің құтысына кәресін құйып тұр екен. Бізді байқап қалысымен әйел бастап, бақалшы қостап, – екеуі де күліп жіберді.
– Сіздерді Рашид аға тосып отыр, – деді бақалшы. – Мына дөңге шықсаңыздар, оң жақта кофехананы көресіздер. Ол сонда.
– Рашид ағаң кім? – дедім.
– Барыңыздар. Ол тосып отыр. Кім екенін барған соң білесіздер.
Біз дөңсымаққа шыға бере кофехананы бірден көрдік. Бізге бір ұл бала жүгіріп келе жат­ты. Ол:
– Рашид атам сіздерді күтіп отыр! – деп айғайлады да, тайып тұрды.
Таңғалған үстіне таңғалып ентелей түстік. Кофеханада ине шаншар жер жоқ екен.
– Орта толсын, мырзалар! – дедік.
Жұрт бізді көріп, бір-біріне қарап жымыңдап, еріндеріне сайқымазақ күлкі көлеңкесі іліне бастады.
– Рашид аға қайсыларыңыз!?
– Әне отыр… – малдас құрған сұлуша өңді, шоқша сақалды шалды нұсқады.
Жанына жақындай бергенімізде, ол орнынан тұрды:
– Қош келдіңдер!
– Есен-саусыз ба? Рашид аға сіз боласыз ба?
– Иә.
– Бізді тосып отыр ма едіңіз?
– Төрлетіңіздер, дізе бүгіңіздер. Тосқанымыз сіздер емес екенсіздер. Киімдеріңіз қалаша болған соң, біздің кісілер шатасып қалыпты. Кәне, не ішесіздер?
Біз қатық ішеміз дестік. Сосын, мәшинеміздің сынып қалғанын, осы ауылда аялдауға мәжбүр болғанымызды айт­тық.
Рашид аға кофе ішіп отырған шаруа­­ларға қарап:
– Біздің тосқанымыз бұлар емес. Сендер сол былтыр келіп қайт­қан қонақтарды шынымен танымайсыңдар ма? – деді.
– Неге танымайық! – деп шу ете түсті жұрт.
– Сонда сіздер, Рашид аға, кімді тосып отырсыздар? – деп сұрақ қыстырдым.
Шал бір кестелі орамал түйіншекті алдымызға қойды да, асықпай шешіп жайды. Орамалға шылымның бос төрт қорабы оралған екен. Екеуі – «Енидже», үшіншісі – «Гелинджик», төртіншісі – «Богазшы».
– Міне, біз осы қораптардың иелерін күтіп отырмыз, – деді Рашид аға.
Ол қораптарды бізге ұсынды. Маған «Гелинджик» қорабы тиді. Қораптың сырты түп-түгел жазу-сызу, шимай-сурет бірдеңелер…
– Рашид аға, бұ не? – дедім.
– Біздің сорымыз ғой.
– Сорымыз дейсіз бе?
–Бізде бір дәстүр бар. Жылда сайлау алдында біздің жолы болғыр жоғары дәрежелі бастықтарымыз бірде-бір түкпірін қалдырмай ауылдарды тегіс аралап, жұрт­тың арыз-аманатын тыңдайды. Былтыр осында төртеуі бір-ақ келді. «Халықты жиыңдар, талап-тілектерін айтсын», – депті. Автомобильдерінен шіреніп-шіреніп шықты. «Қош келдіңіздер!» – деп даурыға дауыстадық. Олар бізбен сыпайы сәлемдесті, содан соң біреуі тұрып: «Мырзалар, біз осы уақытқа де­йін сіздердің арыз-шағымдарыңызды тыңдай алмаппыз, – деді, – ал демократиялық құрылыс кезінде басшылар халықтың үніне құлақ қоюға тиіс. Біз бүгін сол үшін келдік. Қандай өтініштеріңіз барын айтыңыздар, кәне». Біз, әрине, көкейіміздегіні ақтарып, көз жасымызды көлдете бастадық.
Біз сампылдап айтып бердік, олар шылым қораптардың сыртына сыпылдатып жаза берді.
«Әпендім, – дедік біз әуелі, – біздің түбімізге безгек жететін болды. Құтқара көріңдер бізді!» – дедік. Дереу жазып алды. Мұғаліміміз тұрып: «Бес сыныпты жалғыз өзім оқытып жүрмін. Миым ашуға айналды. Тәңір тілеулеріңізді берсін, енді бір мұғалім жіберткізіңіздерші!» – деді. Оның тілегін төртеуі бірдей бассалып жазып алысты. Арыз айт­қанның бәрін: «Жарайды, шара қолданамыз», – деп жарылқай қояды. Жарамайды демейді. «Мыналарға онша сенбей тұрмын, – деп сыбырладым мұғалімге. – Осылар бізді алдап-сулап, ауыздарымен жарылқап, қайтып қарасын көрсетпей кететін шығар».
«Бәрін жазып алдыңыздар, Алла разы болсын сіздерге. Біздің енді бір өтінішіміз бар. Бізге теміржол тартқызып берсеңіздер екен!» – дедім оларға. Менің өтінішім де шылым қорабына жазылды.
Кеш болды. Келгендердің екеуінің қолдарындағы қораптарын тастай салғандарын көріп қалдым. Оларын байқатпай алдым да, қалтама сала қойдым. Кофеханадан шыға бере үшіншісі де қорабын лақтырып жіберді. Оны да алып алдым. Төртеуі мәшинелеріне отырып жүріп берді. Соңдарынан қол бұлғап біз тұрмыз. Мәшиненің терезесінен төртінші қорап та ытқып шықты. Барып оны да алдым. Сол төрт қорап мінеки. Түсінікті ме? Біздің арыз-шағымдарымыздың бәрі осында жазулы. Жақында сол бастықтар бізге тағы келеді деп естідік. Қашан келіп жетер екен деп тосып жүрміз.
Мен қораптарды мұқият көре бастадым. «Енидже» қорабының о жақ, бұ жағына «Шүкірән» деген әйел аты алты рет жазылыпты да, бір рет «Шүк…» деп қана қойыпты. Оның астына қиқитып үш бесжұлдыз, үшбұрыштар, төртбұрыштар салыныпты…
«Богазшы» қорабының сырты сықыған жазу: «Бажамның көңілін табуым керек. Вафи-бейге бір жылы орын іздеуім керек. Италияға баратын делегация құрамына күйеу баламды қыстырып жібере­йін. Сәті түссе», отставка туралы дақпырт дайын. Үш жүз мыңның мәселесі… (жазбаша екі рет, цифрмен төрт рет жазылыпты). Биші қыз, биші қыз (бес рет)…» Төменгі жағында жүректі бейнелеген алты сурет.
«Гелинджик» сигареті қорабының бетіне алайған көз бен асықтың суреті салынған. Астына: «Жарайды, жақсы, болады, істеледі, жақсы» деп жазылыпты.
Кенет: – Келе жатыр!
– Келе жатыр! – десіп жұрт шу ет­ті.
Автомобиль келіп тоқтады. Ішінен үшеу шықты.
– Сәлеметсіздер ме, мырзалар?! – деді біреуі.
– Ағайындарға бір сәлем! – деді екіншісі.
– Қайырлы күн, достарым! – деді үшіншісі.
Шаруа­­лар бізді қарсы алғандарындай оларға да сайқымазақ сыңаймен қарап тұр. Келгендер Рашид ағаның жанына: екеуі арқалықты орындыққа, үшіншісі тайпақ орындыққа жайғасты. Қолдарын кеудесіне басып, төңіректеріндегі үлкен-кішіге түгел тағзым етісті.
– Халдеріңіз қалай, мырзалар? Өткен жыл ырысты болды ма? – деді келгендердің біреуі.
– Бергеніне шүкір, – деді көп атынан Рашид аға жауап беріп. – Өз халдеріңіз қалай?
– Біздің де халіміз жақсы. Былтырғыдан әлдеқайда жақсы. Сіздердің әл-ауқат­тарыңыз көп түзеліп қалғанын, біз аңғарып отырмыз. Жүздеріңізде қуаныш күлкісі ойнаған. Алла тағала сіздерді рақатқа кенелте түсуіне тілектеспіз!
–Мырзалар, – деді келгендердің ең үлкені. – Демократиялық құрылыс кезінде басшылардың бәрі де халықтың үніне құлақ қоюға тиіс.
Ол қалтасынан «Гелинджик» сигареті қорабын суырып алды. Кофехана иесі оған қысқышпен қысып алып, шоқ ұсына қойды.
– Сіздермен өткізген былтырғы кез­десуіміздің әсерімен жігерлене отырып, біз көптеген іс тындырдық, – деді қонақ сөзін жалғап. – Бүгін, міне, орталарыңызға қайта оралдық. Қысылмаңыздар, талап-тілектеріңізді түгел айтыңыздар. Сіздердің арыз-аманат­тарыңыз – бізге асыл парыз. Қандай шағымдарыңыз, көрген қиыншылықтарыңыз бар, бәрін де айтыңыздар.
Шаруа­­лар сәл-пәл үнсіз тұрды да, сыбырласа бастады.
Менің жанымда тұрған бір шаруа­­:
– Ең әуелі әлгі шалшықты құрғату қажет. Бізді безгек құртып барады. Дәрі сепкенге болар емес… – деді.
Үш қонақтың үшеуі де қораптарына жаза бастады. Рашид аға «Богазшы» ұстап отырғанның қорабына үңілді де:
– Ғафу етіңіз бей! Сіз дұрыс жазбадыңыз, – деді.
Анау жазғанын дереу сызғылап, өшіріп тастады да, қайтадан сыпылдатып жаза бастады.
– Несі дұрыс емес? – деді «Гелинджик» қораптысы. – Әңгіме шалшықты құрғату жайында ғой…
– Солай ма? Маған дұрыс емес сияқты боп көрінді. – Рашид аға алдында жатқан кестелі орамал түйіншекті ақырын шешіп, ондағы «Гелинджик» қорабын алып көрсет­ті. – Былтыр осы безгек туралы айт­қанымызда сіз, міне, мына бір сурет­ті салған болатынсыз.
Жұрт ду күлді. Қонақтар да күлісті. Шаруа­­лардың біреуі тұрып:
– Біз мұғалім сұрағанбыз. Мектепте бес сынып бар. Бір мұғалім жалғыз өзі оқыта алмайды, – деді.
– Әрине, әрине! – деді «Енидже» қорабын шимайлап отырған депутат.
– Сіз де қате жазып отырсыз, – деп, Рашид аға енді орамалынан «Енидже» қорабын алды. – Былтыр біз мұғалім туралы айт­қанымызда сіз, міне, «Шүкірән», «Шүкірән», «Шүк…» деп жазған болатынсыз.
Дәп бір ғайыптан бұйрық естілгендей-ақ, қонақтар қораптарын қалталарына сала қойды.
– Мұнда бәрі де жазылған, – деді Рашид аға. – Міне, бері қараңыздар: мына бір сурет – фабриктің белгісі, ал мына алты жүрек – теміржолдың белгісі. Ал мына қорап биыл келмей қалған мырзаныкі.
– Бұ немене өзі?! – деді депутат, иегі шошаң етіп.
– «Немене?» дегеніңіз қалай? Ештеңе де емес. Бұл – біздің арыз-шағымдарымыз. Біздің сорымыз. Бұл өзі, шынында, немене: біздің сорымыз ба, әлде сіздердің сорларыңыз ба?
Жұрт орындарынан тұра бастады. Қонақтар тайып тұруға ыңғайланды.
– «Шүкірән» мәселесін де, «үш жүз мыңды» да ұмытпаңыздар, – деді Рашид аға. – Қайықтар мен жұлдыздардың жұмбағы естеріңізге түссе, оларды да ұмытпағайсыздар.
Шаруа­­лар қаумалаған қонақтар автомобильдеріне қарай сырғыды.
Біз Рашид аға екеуіміз қатар келе жатырмыз. Қонақтардың біреуі қырылдай жөтеліп қойып:
– Темекіні тастау керек, – деді.
– Иә, тіпті ащы екен, – деді екіншісі.
– Рас, тастау керек-ақ, – деді үшіншісі. – Темекі жүйкетамырыңды тоздырады…
Автомобиль жұлқына жөнелді. Шаруа­­лар мәз-мәйрам болып күліп қарап тұрды.

 

Әзиз Несин,
Түрік жазушысы

Орыс тіліндегі нұсқасынан
қазақшалаған
Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір