«Әрбір әйел – өзгеше өнер туындысы»
Қыз-келіншектердің көпшілігі өмірде жолы болмағанын, жетістікке жете алмағанын көріксіздігінен көреді. Шындығында солай ма? Қазір ақылдың алға шыққан уақыты емес пе? Ендеше, сұлулығыңа сұқтана қарайтын көздер табылғанымен, сен бәрібір алысқа бара алмайсың. Сұлулықтың негізінде ақыл мен парасат жатпаса, бәрі бекер.
Ақыл мен парасаттан шығады ғой, өзінің «кім екенін» өмірде дәлелдей алған «ұсқынсыз сұлулар» көп болған. Мәселен, Росси де Пальмо деген испандық актриса… Оны ұсқынсыздың ұсқынсызы деп есептегендер аз емес. Оның алғай-шалғай боп тұратын екі көзінің өзі бір қарағанда адамның зәре-құтын қашырардай еді. Иегі сүйір сопақ бетке қонжия қалған қоңқақ мұрын мен қисық-қисық тістердің кесірінен дүрдиіп тұратын ерін оны одан сайын сүйкімсіздеу етіп көрсететін. Осы түріне бола Россидің бала кезде достары да болмапты. Балалар оны мазақтап, намысына тие берген соң мектептен де шығып кеткен. Бірақ Құдай бақ берейін десе, түрге де қарамайтын болып тұр ғой. 20 жасында әлгі сүйкімділік дегеннен жұрдай бейшара қыз «Peor Imposible», яғни «Бұдан жаман болуы мүмкін емес» деген топ құрып, мейрамханаларда өнер көрсете бастайды. Сол мейрамханалардың бірінде түр-әлпеті ешкімге ұқсамайтын ерекше талантты қыз режиссер Педро Альмодовардың көзіне түседі. Бойжеткеннің бойындағы дара дарынын көкірек көзімен көре білген режиссер оның есімін әлемге әйгілі етеді. Ол Құдай адам қызығарлық ажар бермеген қыздың бойындағы таланттың толық ашылуына үлкен мүмкіндік тудырып, оған барынша еркіндік береді. Тіпті фильмдердің біріне түсерде визажистке: «Оған грим жасама, ол өзіне-өзі жасасын», – деп тапсырады. Костюмер мен шаштаразға да дәл осылай бұйырады.
Режиссер осылайша бүкіл әлем актрисаны бар болмысымен, жұрттан артықшылықтарымен қатар кемшіліктерімен қоса тұтастай қабылдауға тиіс деп ойласа керек. Әйгілі режиссердің музасына айналған актриса көптеген фильмге түседі. Ал «Әйелдер жүйкесі сыр бергенде…» деп аталатын фильмнің премьерасы болған күннің ертеңіне ол атақты болып оянды. Өнер иесі туған елі – Испаниядан тыс елдерде де киноға түсіп, танымалдығын одан сайын арттыра түседі. Мәселен ол «Высокая мода» деп аталатын картинада Софи Лорен, Джулия Робертс сынды киножұлдыздармен бірге ойнайды. Актриса кинодағы табысымен ғана шектеліп қалған жоқ, музыкалық клиптерге түсіп, модельдік бизнесте де өзінің бағын сынап көреді.
Росси де Пальмоны Пабло Пикассо шығармаларының кейіпкерлерімен жиі салыстырып жатады. Россиді «Пикассоның тіріліп келген картинасы» деп те айтады. Бұны естіген ол: «Иә, келісем. Мен – өнер туындысымын. Әрбір әйел – өзгеше өнер туындысы», – дейтін көрінеді. Бүгінгі таңда бір кезде құрбылары жанында жүруге намыстанған, бүкіл баланың мазағына айналған Росси де Пальма – испан модельері Мануэль Пиньяның табыс көзі ғана емес, оны бүкіл әлемге әйгілі еткен жеке бренді. Ал актриса болса, өзінің осынша атақты болып, табысқа жетуінің кілті өз-өзіне деген сенімі мен құрметі екенін айтады. Осы жерде актрисаның жеке бизнесі – іш киім линейкасы да ханымдар арасында үлкен сұранысқа ие екенін айта кеткен жөн. Одан өзге ол ғажап иісті парфюм жасап шығарған. Сонымен қатар актриса – әйелдер құқын қорғау жолында үздіксіз күрес жүргізіп келе жатқан жалынды күрескер. Бір ұл мен қыздың анасы. Бірде жолда кездескен, оның кім екенінен мүлде бейхабар бейтаныс ер адам оған күтпеген жерден: «Гүлдер де өздігінен жүре алады екен ғой?» – деген екен таңдана да тамсана қарап. «Бұл – менің өмірімде естіген ең күшті мадақ сөз», – дейді актриса. Ал ер адам оның түр-әлпеті туралы емес, әйелге тән нәзіктігі мен кербездігі жайында айтып тұрған жоқ па?!.
Жанар ОРАЗЫМБЕТ,
журналист