ТҮРКСОЙ-дың арнайы марапаттары

Өткен жұмада Алматы қаласында Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раевпен кездесті.
Кездесуде Мереке Құлкенов Қазақстан Жазушылар одағы мен ТҮРКСОЙ арасындағы байланыстың жылдан-жылға нығайып, жаңаша мән-мазмұнға ие болып келе жатқанын айтып, екі ұйым бірлесе атқарып жатқан жобаларға кеңінен тоқталды.
Сөз барысында Сұлтан Раев түркі әлемінің рухани құндылықтарының ортақ екеніне баса назар аударып, бірігіп қолға алатын шаруалар көп екенін тілге тиек етті. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Алматыға үлкен миссиямен келгенін айтып, еліміздің ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлеріне түркі әлемінің руханиятына сіңірген еңбектері үшін ТҮРКСОЙ-дың арнайы марапаттарын тапсырды.
«ТҮРКСОЙ Алтын медалімен» қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек пен белгілі актер, режиссер, Қазақстанның халық артисі Досхан Жолжақсынов марапатталды.
«ТҮРКСОЙ медалімен» жазушы Сәуле Досжанова мен белгілі ақын Бақыт Беделхан марапатталды. Белгілі ақын Заида Елғондинова Қырғызстан Жазушылар одағының құрметті мүшелігіне қабылданды.

Марапат иелері ТҮРКСОЙ ұйымына алғыстарын білдіріп, бұл марапаттың тек жеке жетістік емес, қазақ мәдениеті мен әдебиетіне көрсетілген зор құрмет екенін атап өтті. Кездесуге қатысушылар түркі халықтарының ортақ рухани құндылықтарын насихаттау, туысқан мәдениеттер мен әдебиеттерді одан сайын жақындастыру жолдары туралы нақты ұсыныстарын айтты.
Одақ төрағасы Мереке Құлкенов қазақтың аса көрнекті ақындары Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молдағалиев және Жұмекен Нәжімеденовтің осы жылғы мерейтойларын түркі әлемі деңгейінде атап өту туралы бастама көтерді.
Кездесуден кейін құрметті қонақтарға ауызашар берілді.