Талды жәдігерлері таңғалдыруда
30.06.2026
53
0

Маусымның екінші жұмасында Қарағанды облысының Шет ауданы аумағындағы Талды тарихи-археологиялық паркінде «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы дала құпиялары – Талды» ат­ты халықаралық симпозиумының пленарлық мәжілісі өт­ті.

Қарағандыдан 120 шақырым қашықтықта орналасқан Талды тарихи-археологиялық паркі әртүрлі замандардың: тас дәуірінен бастап орта ғасырлар соңына дейінгі екі жүздей құрылыс нысандарын – хан қорғандарын, қола дәуір қорымдарын, ежелгі құрбандық орындарын, т.б. біріктіреді. Талды тарихи-археологиялық паркінің назар аударарлық ең басты нысаны – тарихы отыз ғасырға тереңдейтін Беғазы мәдениетіне тән пирамида. Оның ресми атауы – Қаражартас қорымы. Археологтардың қазба жұмыстары нәтижесінде қола дәуірінің бірегей кесенесі Сарыарқаның құба жонынан 2016 жылы табылды да, бірден ғылыми сенсацияға айналды. Дала пирамидасының пішіні, жерлеу құрылымы Мысыр пирамидаларына ұқсайды.
Археологиядағы орасан табысқа айналған жәдігер мен оның төңірегінде топтасқан нысандарды зерт­теудің қазіргі кездегі деңгейін талқыға салу үшін отандық ғалымдармен бірге Түркия, Германия, Хунгрия (Мажарстан), Ресей (Татарстан) ғалымдары шақырылыпты.
Симпозиум тізгінін PhD докторы, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің қауымдастырылған профессоры Мұрат Қалменов ұстап, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей жиынға қатысушыларды құт­тықтады.
– Заманауи тарих ғылымы адамзат­тың өзін тануға ұмтылысына қызмет етеді. Ол – ұлт­тық сананы тереңдетудің және нығайтудың маңызды тетігі, – деді Әлібек Үсенұлы өз сөзінде.
Тарих ғылымдарының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің профессоры Мадияр Елеуов еліміздегі археологиялық мұраларды қорғау мен сақтаудың өзекті мәселелері туралы әңгімеледі. Соның ішінде ауыздан ауызға жеткен аңыздар сорабымен Қазақ хандығы құрылуына себеп болған жағдайлар, оқиға болған орын мен мезгілі туралы пайымдарын ортаға салды. Шу өзені бойындағы Керей сұлтан хан көтерілген және ордасы тігілген жер бүгінгі таңға дейін елеусіз қалып келе жатқанына өкінішімен қоса, археологиялық жаңалықтарға қамқорлық жасап отырған Қарағанды облысы басшылығына ризашылығын білдірді.
Түркиялық антрополог, Газиантеп университетінің ғылыми қызметкері Назлы Акбас баяндамасына Талды тарихи-археологиялық паркіндегі Ақкезең адамдарының палеоантропологиялық талдау нәтижесін арқау ет­ті. Ақкезең қорымынан табылған ер мен әйел адам мүрдесіне зерт­теу жасалған: олар қол ұстасқан қалпында жерленген екен. Ер адам шамамен 45-55 жаста, бойы 174 сантиметр, 32 тісінің 17-сі сақталған, кариеске ұшырамаған. Салт ат­та үзеңгісіз көп жүру салдарынан аяқ сүйегінде өзгерістер пайда болғаны байқалады. Осыған қарағанда, ерте темір дәуірінде адамдар үзеңгіні әлі ойлап таппаған тәрізді. Әйел адам 35-45 жаста, бойы 168 сантиметр. Оның тістерінде кариестің іздері бар. Тағы бір ерекшелік: ер адам қаңқасының Ақкезең қорымынан табылған өзге адам мүрделерімен туыстық қатынасы анықталса, әйел мүрдесі мұнда бөтен ортадан келгенін көрсетеді. Бұл қазіргі қазақтардың жеті атаға дейін қыз алыспайтын дәстүрінің тамыры тереңде екенін аңғартады дейді ғалым. Қыршехир Ахи Евран университетінің қауымдастырылған профессоры Ярен Алканкүр жерлесінің баяндамасына кейбір толықтырулар жасады.
Археолог, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерт­теу университеті жанындағы Сарыарқа археологиялық институтының директоры Алексей Кукушкин жиналғандарды Талды тарихи-археологиялық паркі аумағынан табылған қола дәуірі көне жәдігерлерін зерт­теу нәтижелерімен таныстырды. Жиналғандарды, әсіресе үш сирағы бар қола қазанның пошымы қызықтырды.
Симпозиум барысында Хунгрия еліндегі мәдени мұраны зерт­теу, сақтау және ғылыми қалпына келтіру бағытында жұмыс істейтін ARC-heo art-REKO Stúdió Bt студиясы (басқарушы директоры атынан Анна Габор Эмеше) мен Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейі (директоры Ержан Найманбай) және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлт­тық университетінің тарих факультеті (деканы Досбол Бай­қонақов) мен Қарағанды тарихи-өлкетану музейі арасында ғылыми ынтымақтастықты дамытуға бағыт­талған меморандумдарға қол қою рәсімдері өт­ті. Атап көрсететін жағдай, ARC-heo art-REKO Stúdió Bt студиясы археологиялық және антропологиялық зерт­теулерді жүзеге асырып, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен насихат­тауға зор үлес қосуда. Оның мамандары ежелгі адамдардың бет-бейнесін ғылыми негізде қалпына келтіру, археологиялық жәдігерлерді зерт­теу және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту бағытында белсенді еңбек етуде. Бұл орталықпен жасалған келісім археологиялық, тарихи және мәдени мұраны зерт­теу, құжат­тау, сақтау және реставрациялау салаларындағы бірлескен ғылыми-зерт­теу жұмыстарын дамытуға, мамандар алмасуға және халықаралық ғылыми байланыстарды нығайтуға бағыт­талса, екінші меморандум еліміздегі тарихи-мәдени мұраны зерт­теу, сақтау және насихат­тау, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, мамандар даярлау және ғылыми тәжірибе алмасу салаларын қамтиды.
Жиын Қазан (РФ) федералдық университеті Археологиялық музейінің меңгерушісі Алсу Нуретдинованың «Царев қалашығының металлургиялық тигельдері (оқтақырлары): ҚФУ Археологиялық музейінің материалдары бойынша» деген баяндамасымен жалғасты. Қазіргі Царев Алтын Орда қаласының жұртында, Ахтуба өзенінің сол жағалауында орналасқан. 1340–1360 жылдары дамуының биігіне жетіп, Сарай Берке атанған қала Ақсақ Темірдің Тоқтамыс ханға қарсы 1395 жылғы жорығы нәтижесінде қиратылып, одан кейінгі бұлғақ заманында қайтадан оңала алмаған екен. Кейін Ресейдің Ноғай ордасы мен Астраханға жасаған шапқыншылығы салдарынан біржола жойылған. Қазан университетінің археологтары жүргізген зерт­теулер кезінде табылған жәдігерлер Алтын Орда кезеңінің металлургтері металл өңдеу, қару, бұйым жасау үшін қандай тәсілдер қолданғаны туралы біршама толық ақпарат береді.
Мажарстандық адам бет-бейнесін қалпына келтіруші-мүсінші шебер Эмеше Анна Габор Алтын Орда дәуіріндегі адамдардың бет-бейнесін қалпына келтіру тәжірибесі туралы әңгімеледі. Ол ортағасырлық адамдар мүрдесінің бас сүйектерін заманауи ғылыми жаңалықтарды пайдалана отырып қалпына келтіріп, осы кездегі қазақ және башқұрт халықтар өкілдерінің бет-бейнесімен салыстыра зерт­теген екен. Ғалымның жасанды интеллект арқылы экранға шығарған суретінен Еуропа мен Азия арасындағы нәсілге: қазақ, башқұрт, т.б. халықтарға тән ерекшеліктерді көргендей болдық.
Германиядағы Макс Планк институтының палеоботанигі Басира Мир Махамад «Археология мен ботаниканың тоғысуы: неолит дәуірінен Моңғол империясына дейінгі кезеңде өсімдіктердің таралуы және қолдан өсірілуі» деген тақырыпта қызықты әңгіме өрбіт­ті. Археолог, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Қазақ-түрік халықаралық университетінің қауымдастырылған профессоры Бақдәулет Сыздықовтың «Ұлы дала көшпелілерінің тарихи миграциялары және этномәдени байланыстары», Түркия астанасынан келген археометаллург Аталай Каратактың «Археологиялық және тарихи металлдарда рентгендік флуоресценция (XRF) спектроскопиясын қолдану» баяндамаларына да симпозиумға қатысушылар ерекше ден қойды.
Симпозиумның мәжілісі Талды тарихи-археологиялық паркіндегі кейін ғана ашылған ежелгі қола дәуірі қабірінің жанында жалғасты. Мұнда қазба жұмысын астаналық және жергілікті археологтар жүргізуде. Негізгі зират­та басы батысқа қарата жерленген екі адамның мүрдесі қойылған тас науыстар, жанама зират­та тағы бір адамның сүйегі салынған тас науыс, аяқ жағында бала мәйітіне арналған тас науыс бар екен. Қаражартас пирамидасынан бірнеше ғасыр үлкен қабір туралы археолог, PhD докторы Айбар Қасеналин:
– Қазба жұмыстары барысында палеоантропологиялық материалдар – адам сүйек­терінің қалдықтары, қыш құмыра түріндегі керамикалық ыдыстар табылды. Зират көне дәуірдің өзінде-ақ тоналған. Сондықтан иелерін жерлегенде бірге көмілген бұйымдардың осы күнге жетпегені өкінішті. Сөйтсе де, табылған жәдігерлер қолымыздағы бұрыннан бар ғылыми деректер қорын толықтырып, зерт­теушілерге жаңа тұжырымдар жасауға мүмкіндік береді, – деген пікірін алдымызға тарт­ты.
Талды тарихи-археологиялық паркі аумағында «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті: Ұлы дала құпиялары – Талды» халықаралық симпозиумымен бірге ұлт­тық ойындардан жарыстар, қолөнершілердің көрмесі, облыс өнерпаздарының концерті, басқа да мерекелік бағдарламалар қатар өтіп жат­ты.
Талды тарихи-археологиялық паркі – Орталық Қазақстанның ежелгі тарихын, көшпелілер өркениетінің бай мұрасын айғақтайтын бірегей археологиялық кешен. Мұнда өткен симпозиум археология, антропология, тарих және мәдени мұра салаларындағы отандық және шетелдік ғалымдарды ортақ ғылыми алаңда тоғыстырып, тәжірибе алмасуға және жаңа зерт­теу бағыт­тарын дамытуға өз мүмкіндігі деңгейінде барынша мүмкіндік берді деп сеніммен айта аламыз.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір