МЕРЕКЕДЕГІ МАРАПАТ
8 наурыз – Халықаралық әйелдермерекесін Ақтөбе қаламгерлері көтеріңкі көңіл күймен қарсы алды.
Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облыстық филиалында 26 жазушы есепте тұрса, соның 10-ы бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетіп жүрген асыл жандар.
Солардың бірі – белгілі ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Гүлімай Қуанышова. Шығармашылығы мен қоғамдық істерде белсенділігін қатар жүргізіп келе жатқан Гүлімай Әбішқызының мереке алдында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы Ақтөбе қаламгерлеріне үлкен қуаныш сыйлады. Жоғары дәрежелі марапатты облыс әкімі Асхат Шахаров үлкен салтанатпен табыс етті.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнінің қасиетті Рамазан айымен тұстас келуіне байланысты Қазақстан Жазушылар одағының Ақтөбе облысындағы өкілі Бауыржан Құрманқұлов қаламдас әріптестерінің басын қосып, үлкен дастарқан жайып, ауызашар жасады. Осы әсерлі, әдемі өткен кеште аруларға арналған өлең-жырлар оқылып, ақ тілектердің легі ағытылды. Облыстық тілдер басқармасының басшысы Аманкелді Қонақбаев жиналғандарды мерекемен құттықтап, жергілікті қаламгерлердің шығармашылығын дамытуға жағдай жасау облыс әкімшілігінің басты назарында болатынын айтты.
Филиал директоры Бижан Қалмағанбетов Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма Төрағасы Мереке Құлкеновтің атынан қаламгер қыз-келіншектерге гүл шоқтары мен естелік сыйлықтар табыс етті.
