Қаламгерлерді марапаттады
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметке еңбегі сіңген ардагер қаламгерлермен жиі кездесулер ұйымдастырады. Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде өткен салтанатты жиында, агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет ардагерлері, жазушылар Шәрбану Бейсенова мен Жолтай Әлмашұлын «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгісімен марапаттады.
Дархан Жазықбайдың айтуынша, әдебиет – қоғамды тәрбиелейтін, жас ұрпақтың жүрегіне ізгілік дәнін себетін ұлы күш. Есті қоғам әдебиетін насихаттауға тиіс. Осы ретте әдебиет пен мемлекеттік қызметті қатар алып жүрген, тәуелсіздіктің тұғырын нығайтуға үлес қосқан аға ұрпақтың қаламгерлік және қайраткерлік болмысына үңілудің жас ұрпаққа берер тәлімі мол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен еліміз бүгінде әділетті Қазақстанды құруға бет алды. Әрине, кедергілер көп, бірақ ұзақ жолдың алғашқы қадамнан басталатынын ескерсек, біраз шаруаның атқарылғанын көреміз. Жаңа тұрпатты мемлекет қалыптастыру үшін ең алдымен адамдардың, әсіресе жас ұрпақтың сана-сезімі өзгеруі керек. Дархан Жазықбайдың пікірінше, міне, осы жерде «Ардың ісі – әдебиет» көмекке келуге тиіс. Агенттік төрағасы ертеректегі бір кездесуінде қаламгерлермен етене әңгімелесе отырып, «Адал азамат» образын, мемлекеттік қызметшілердің жағымды бейнесін қалыптастыруға ықпал ететін жаңа туындылар жазу туралы ұсыныс жасаған болатын. Шығармалар шынайы һәм тартымды болуы үшін мемлекеттік қызметтің қыр-сырын жетік білетін жазушылар қалам тербесе деген тілегін де жеткізген еді. Қаламгерлер де агенттік төрағасының ұсынысын ықыластана құптаған болатын.
Мемлекеттік қызмет ардагері, белгілі жазушы Жолтай Әлмашұлы «Қаратау қаhары» атты кітабының сүйінші данасын 30 тамыз – Конституция күніне арналған салтанатты жиында, Дархан Медеғалиұлына арнайы табыс етті. Онда мемлекеттік қызметшілердің өткен ғасырдың 30–40 жылдардағы тыныс-тіршілігі жайлы баяндалып, алдағы уақытта жалғасын таппақ.
Жолтай Әлмашұлы алда жазылар кітабында, жаңа формациядағы мемлекеттік қызметшілердің образын жасауға ұмтылатынын айтты. Адал азамат – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық болмысы жайында жазылатын кітап – жас ұрпақтың бойында мемлекетшілдікті, кәсіпқойлықты, ізгілікті күшейтуге тиіс.
Агенттік төрағасының қаламгерлерге ұсынысы, осылайша, қалам иелері тарапынан зор қолдау тауып, алғашқы дүние оқырман назарына ұсынылды.
Жалпы, әрбір мемлекеттік қызметші – мемлекеттік идеологияның тетігі. Мемлекеттің ісі алға басуы үшін барлық «тетік» мүлтіксіз жұмыс істеуі керек. Сонда ғана халықтың сенімі оянады. Мақсаты – айқын, мұраты – биік, адал мемлекеттік қызметші Отанының да мәртебесін биіктетеді. Міне, осындай мемлекетшіл тұлғалардың образы әдебиетте көрініс тауып жатса, бұл – құптарлық іс.
Кездесуді осындай оймен қорытындылаған Дархан Медеғалиұлы қаламгерлерге шығармашылық табыс тіледі.