Арақсыз ауыл – берекелі болашақтың бастауы
19.01.2026
81
0

Әр ақын, әр жазушы өз халқының тыныс-тіршілігіне, ел ішінде болып жатқан өзгерістерге бейжай қарай алмайды. Қоғамдағы жақсы жаңалық жүрекке қуаныш ұялатса, келеңсіз көріністер ойға салмақ салады. Мен де – сол ел тағдырына алаңдайтын қалам иелерінің бірімін.

Соңғы жылдары менің туған өлкем – Ақтөбе облысында көңіл қуантатын, үміт отын жаққан игі бастама жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, облыстың 35 ауылында он жылдан бері арақ сатылмайды. Бұл – жай ғана статистика емес, бұл – саналы таңдау, ұлт болашағы үшін жасалған батыл қадам.
Ең қуаныштысы, сол ауылдарда той-томалақ, ас-жиындар ешбір ішімдіксіз, ұлттық сусындар – қымыз бен шұбаттың айналасында, сән-салтанатымен, берекелі түрде өтіп келеді. Бұрын «ішімдіксіз той өтпейді» деген түсінік болғаны жасырын емес еді. Ал бүгінде сол қасаң ойдың тас-талқаны шығып, көзіміз анық жеткен ақиқат бар: арақсыз да қуаныш бар, тіпті берекесі әлдеқайда мол.
Арақ жүрген жерде ырыс тұрмайтыны, ішімдіктің әсіресе жастардың болашағына балта шабатыны, талай отбасының шаңырағын шайқалтатыны баршаға мәлім. Қаншама тағдырдың тәлкекке түсіп, қаншама ананың көз жасы төгілгені – ащы шындық. Сондықтан арақтан бас тарту – тек бір ауылдың немесе бір аймақтың емес, тұтас ұлттың рухани жаңғыруына бастайтын жол.
Ақтөбе облысындағы бұл тәжірибе – Қазақстанның өзге өңірлеріне үлгі боларлық өнеге. Ұлттық сусындарымызды дәріптеп, салауатты өмір салтын ұстану арқылы біз ұрпағымызға дұрыс бағыт көрсете аламыз. Қымыз бен шұбат – тек тағам емес, бұл – ғасырлар бойы халқымыздың денсаулығы мен қуатының қайнар көзі болған асыл мұра.
Менің бар тілегім, еліміздің әр аймағы осы игі бастаманы қолдап, арақтан біржола арылып, ұлттық болмысқа қайта бет бұрса екен. Сонда ғана қоғамымызда тыныштық орнап, отбасылар берекеге кенеліп, жастарымыз жарқын болашаққа нық қадам басады деп сенемін.
Лайым, сол күнге аман-есен жетейік!

Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,
көрнекті жазушы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір