АРБА ІСКЕ ТҰСАУ БОЛА АЛМАЙДЫ
28.06.2024
117
0

Қоғамда қанша адам болса, сонша тағдыр болады. Бір-біріне ұқсамайтын, қайталанбайтын тағдыр иелерінің тартар тауқыметі мен көрер қызықтары да Жаратқаның жарлығымен жазылып, өмір иіріміне ілестіріп әкетері сөзсіз. Бірінің бағы басым болса, кейбірінің басы тау мен тасқа соғылып, тәлейлі тағдырға талақ айтар сәттерінің барлығы сынақ. Сондай сынақтың сан түрінен сүрінбей өтіп, мақсатына жеткен жандар да қоғамда баршылық. Солардың бірі – Дәурен Алқанов.

Біздің кейіпкеріміз қазіргі таңда арбаға таңылған жандардың арбаларын тегін жөндеп, сонымен қатар оларды қала ішінде тасымалдаумен айналысады. Дәурен Алқановпен танысума менің анам себепші болды. Менің анамның да жол апатының салдарынан арбаға таңылғанына 35 жыл өтіпті. Осы жылдар аралығында анамның жанында үнемі жүргендіктен, ондай кісілердің мұң-мұқтажы маған жақсы таныс. Қоғамда еш кедергісіз жүріп-тұру, діттеген жеріне жылдам жету, қажеттіліктерін қамтамасыз ету барысында көптеген қиыншылыққа тап болатынын көзіммен көрдім. Ондай кезде шарасыздықтан не істерімді білмей, іштей күйзелген шақтар да болды. Біздегі автомобиль жолдары былай тұрсын, кейбір жаяу адамдар жүретін жолдардың сапасы да сын көтермей тұрған уақытта мүмкіндігі шектеулі жандар үшін талапқа сай жасалмаған жолдардың салдарынан екі аяқтың қызметін атқарып тұрған арбалары сынып, шарасыз күйге түскенде жөндейтін жер таппай қиналатын едік. Арбаның бұзылған бөлшегін сататын орын да бізде қарастырылмаған екен. Екі жыл бұрын сондай сәттердің бірінде Дәурен деген жігіттің арба жөндейтінін естіп, көрсетілген мекен-жай бойынша шеберханасына іздеп бардым. Тағдырдың салмағы қаншалықты ауыр болса да оның қайсар мінезі мен жігері кез келген адамды тамсандырады. Дәуреннің бастап жатқан кәсібіне сүйсіне қарап, сөзге тарттым. Алдыға қойған мақсаты мен жобаларын естіп-тағдырына мойымаған жігіттің тындырымды тірлігіне тілекші болдым.
Енді, міне, араға екі жыл уақыт салып мүмкіндігі шектеулі болса да, шексіз күшке ие болған азаматтың сол кездегі арман-мақсатына мойын бұрып, жұмыс барысын білмек болып өзіне хабарластым.
«Мемлекеттен берілетін арбалар 5-6 айдан кейін-ақ сынып, бүліне бастайды. Сол алғашқы 2019 жылдары арбамды жөндететін ешқандай жер таппадым. Қолымнан келгенше өзім жасап алып жүрдім. Мемлекеттен көмек сұрап едім, ондай мүмкіндіктердің қарастырылмағанын айтты. Содан Әнуар Жақыпов деген өзім секілді арбаға таңылған спортсмен досым Екеуміз ақылдаса келе, мүгедектер арбасын жөндеу жұмыстарын қолға ала бастадық. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы гранттарға қатысып, барлық мүмкіндікті қарастырдық. Мемлекеттен алған 3 млн теңге грант тек құрал-жабдыққа ғана жұмсалды. Ал қалған шығындарға өз қаражатымызды салып, кәсібімізді жүргіздік. Қазіргі таңда жұмысшылардың жалақысы, жалға алынатын орын, қосалқы бөлшектерге мемлекет тарапынан қаржы бөлініп отыр», – деп Дәурен Алқанов кәсіп бастаған шағынан әңгіме өрбітті.
Сынақ – сынап сияқты. Сырғып барып, кімнің тағдырына тап боларын білмейсің. Бұл өмірде сүрлеуден сүріну қасқағымда. Бірақ сол қиындықты еңсеру, қарсы тұру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бойда рух, ойда мақсаты бар адам ғана күрескер келеді. Бүгінгі кейіпкеріміз де сол тағдырдың тауқыметіне төзе біліп, әр сәтті қадірлейтін қайсар жандардың қатарынан.
«Менің мақсатым – өзім сияқты жандардың рух-жігерін жанып, еңбекке баулу, өмірдің мән-маңызын сезіндіру. Үйде жатып қалған адам өзін ешкімге керексіз сезінеді. Ал жоқтан бар жасап, алдына мақсат қойып, сол мақсатқа жету жолында кез келген қиыншылыққа мойымай еңбек етсе, алынбайтын қамал жоқ деп білемін. Алдағы уақытта жоспар көп. Солардың бірі – мүмкіндігі шектеу­лі жандарға арналған жаттығу залын, уақыт өткізетін мәдени-әдеби, спорттық орталық ашу», – деп рухты жігіт алдағы жоспарларын айтты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек», – деп ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптастыру қажет екенін атап айтқан болатын. Басыңа түспей қиындықты түсінбейсің. Сол қиындықтың құрсауынан талай шығып, өзі құралпы жандарға қолдан келген көмегін аямай, қал-қадарынша кедергісіз өмірді қалыптастырғысы келетін кейіпкеріміз қандай құрметке болса да лайық.
– Дәуреннің арбада отырғаны – тек қана факт. Оның жасап жүрген тірлігін, отбасына, бала-шағасына, анасына деген қамқорлығын, құрметін қоғамдағы кейбір ер азаматтар жасай алмайды. Мен Дәуренді мүгедек деп есептемеймін, – дейді жары Диляра Алқанова.
Кейіпкеріміз былтыр, яғни «Кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін» деген номинация бойынша Астана қаласында «Жан шуақ» сыйлығымен марапатталып, 1 миллион теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. Сонымен қатар Дәурен Алқанов – спортқа да жаны жақын азамат. Парасадақ ату спорт түрінен түрлі чемпионаттарға қатысып, бағын сынап жүр. Бүгінде өзі секілді азаматтармен команда құрып, баскетбол ойынын дамытуда.
«Арбада отырып ойнайтын баскетболды инстаграмнан көрдік. Достарымызбен ойнап көруге шешім қабылдап, ойнап бастадық. Міне, содан бері бұл спорттың түрі біздің хоббиімізге айналды. Қазіргі таңда біз биге арналған арбаларға отырып ойнаймыз. Бұл спортқа келмейді, десе де жоқтан жоғары. Кәсіби спортқа арналған арбалар өте ыңғайлы, аласа болып келеді. Ондай арбалар біздің елде әзірге жоқ. Бұл спорт түрін ары қарай дамытып, паралимпиадалық ойындарға қосқымыз келеді. Өйткені бұл – экшнға толы, физикалық қозғалысты дамытқанға өте қажет спорттың түрі. Баскетбол ойнағанда мен өзімді мүгедек ретінде сезінбеймін. Бұрын сау кезімде де, арбада отырып ойнаған кезде де түсетін салмақ бірдей. Ешқандай айырмашылық жоқ», – деп Дәурен өзінің спортқа деген махаббатын аңғартты.
Дәурен – ең алдымен, әр қадамын жоспарлап, өЗіне деген сеніммен нық алға басып келе жатқан істің адамы. Үнемі жаңа жоба жасап, әр спортта өзін ортаға тастап, жан-жақты сынап жүрген еңбекқор адам. Оның айналасына топталған адамдар да сондай.
Сондай-ақ ол биылғы жылдан бастап, Инватакси жобасын қолға алып, сол бағыт бойынша қызметін жалғастырып жүр. Бүгінде 20 шақты арнайы көтергіші бар инватакси көлігімен 300-ге жуық мүгедек жанды жұмысқа, оңалту орталықтарына, басқа да қоғамдық орындаға қиындықсыз жеткізу үшін үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеп жатқан ұжымның қозғаушы күші – Дәурен Асылбекұлы.
Мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін құқықтық, қаржылық, психологиялық, т.б. кеңес беріп, оларды жұмыспен қамтамасыз етумен айналысатын «Тең қоғам» орталықтары еліміздің бірнеше қаласында ашылған. Соның Алатау, Нурызбай аудандарына қарасты филиалдарының жұмысын алға дөңгелетіп отырған – Дәурен мен Диляра Алқановтар.
«Қазір мемлекет кембағалдарға өз кәсібін ашуға үлкен жағдай жасап отыр. Менің ойымша, бұл – мүгедектігі бар жандардың қоғамға дағдылануына, өз ісін бастау, пайдасын тигізу үшін үлкен мүмкіндік», – дейді ол ағынан жарыла.
Басында сөз еткен менің анам Күлия Сағындықова да мүгедекпін деп өмірден түңіліп, баз кешкен жандардың қатарынан емес. «Басқа түссе – баспақшыл» демекші, басқа түскен тағдырға мойымай күресіп келе жатқан жандардың бірі. Бүгінде мемлекеттен 1 млн теңге қайтарымсыз грант жеңіп алып, жартылай дайын өнімдерді даярлап, кішігірім кәсібінен нәсіп тауып отыр. Ал біз қолдан келген көмекті көрсетіп, тілекші болып жүрген жанашыр топтанбыз.
Еңбек – еңсені тіктейді. Адамнан адамның айырмасы еңбегімен өлшенбек. Ендеше, біздің кейіпкер кәсіп ашып, оны табысты дөңгелетіп, елге игі­лігін көрсетіп отырғандықтан кем емес, кең адам деп айтуға болады. Жалпы, біз мүмкіндігі шектеулі деген тіркесті көп қолданамыз. Бірақ шектеу бәрінде де – менде де, сізде де бар. Бірақ сол шектеу­ден шығып, санадағы күрмеуді шеше алып жүрміз бе? Бұл енді бөлек әңгіме…

Айнаш ӘЛДИБЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір