АЩЫ ШЫНДЫҚТЫ АШЫНА ЖЫРЛАҒАН АҚЫН
19.07.2024
42
0

Егемен еліміздің жарқын болашағын, күрделі, түйткіл мәселелерін – тілімізді, ділімізді, дінімізді, ата салт-дәстүрімізді және Отанды сүюді өз жырларына арқау етіп, үлкен шабытпен жырлап жүрген ұлтжанды ақындардың бірі де бірегейі – Сәрсенбек Бекмұратұлы. Ол жаңа заман адамын, қоғамдағы орын алып отырған көмескі көріністерді нанымды, ащы да болса ашық етіп бар дауысымен, жан дауысымен жырлайды. 

«Не болды жасарлық асылық,
Өмiрге кет­тi ме ашынып.
Шып-ширақ, шадыман қария
Мерт болды пойызға басылып…
Жiгiт­тi аршын төс, нар тұлға,
Әйелiн, үш ұлын артында
Қалдырып, ат­ты өзiн жүректен,
Құшты ажал сұлқ түскен қалпында…
Сүймейтiн бос дырду, желiктi,
Бойжеткен қыз едi көрiктi.
Ешқандай себепсiз, салдарсыз,
Арқанға асылып өлiптi…
Осындай хабарды қаралы,
Күн сайын құлағың шалады…
Қазақтың кең байтақ, көл-көсiр
Елi де, жерi де жаралы. …
Жоғалды көлдерiм қоғалы,
Белдерiм көмкердi моланы.
Аңыраған ана мен даланың
Кiмдерге көз жасы, обалы?!»
Ақын кезеңнің аумалы-төкпелі тыныс-тіршілігін, қарбалас шақтарын, ластанған экологиясын, қасіреті мол көріністерін, қилы-қилы тағдырларын дөп басып, айшықтап, көз алдыңа қаз қалпында жеткізеді. Қорғасыны көп құйылған сақадай ауыр мінезді Сәрсенбектің жазған жырының айбыны мен уыты күшті, қай тақырыпты қозғап, қаузаса да бетін қалқымай, артық-кеміс ылғалы һәм сылдыр суы жоқ, табиғи түрде өз әлпет-бедерімен айнытпай сурет­теуі, бейнелеуі таңдандырады. Әсіресе біздің қазіргі хал-ахуалымыз айнаның бетіне түскендей айнымай ашық айқындалады, терең сезіммен, үлкен толғаныспен айқара ашып көрсетіледі, шындыққа тура көзбен қарайды, жалтақтамай, тайсалмай, сылап-сипамай, бетке тіке айтады, тіліп түседі. «Балалығын іздеген бала» деген өлеңін оқып көрейік.
«…Күс саусақ, ұлым-жұлым жең-бiлегi,
Үздiгiп үмiт үзбей телмiредi.
Елемей қалың нөпiр өтiп жатыр,
Тастүйiн боп қалғандай ел жүрегi.
Келер емес ар-ұят қаперiне,
Жармасып саудагердiң етегiне,
Жүгiредi автоның алдын орап,
Қарамай қауiп пенен қатерiңе.
Ығы-жығы көп халық қарақұрым
Ұғар емес баланың нала-мұңын…
Нан емес тек, тұрғандай сол балақай –
Iздеп, жоқтап балшырын балалығын».
Сонау тоқсаныншы жылдары егемендікке енді ғана қолымыз жетіп, аяқтан әзер-әзер тұрған кезімізде осындай қораш көріністердің көңілді құлазытқаны шындық қой. Ақын өмірде көрген қуа­нышын да, ренішін де бояуын қандырып, нақышын келтіріп, әсіре жауыр болған, ығыры шыққан жат­танды сөзсіз, арзан ұйқассыз іркілмей жеткізеді, оқыған адамға үлкен ой салады, қат­ты толғандырады әрі жан күйзелісін туғызады. «Төбет» деген сюжет­ті өлеңінің оқиғасы да адамға ой салады. Қойшының мақтаулы қаншық иті аяқ асты ауырып, соңына бір күшік қалдырады да өледі. Қойшы күшікті жаңа туған сиырға телиді. Көзін ашпаған қызылшақа күшік сиыр сүтімен қоректеніп лезде төбедей төбет болады. Бір күні ойламаған жерден мал қорасы өртенеді. Сиырды (сүт енесін) төнген қауіптен құтқармақ болған төбет лаулап жанып жатқан от-жалыннан қаймықпастан қора ішіне секіреді…
«Беу, оқушым! Сүйiн, мейлі сүйiнбе,
Қалған ойды қалауыңша түйiнде.
Босатпақ боп төбет сиыр бас жiбiн
Мерт болыпты шайнап жатқан
күйiнде».
Ақын балладасын осылай аяқтайды. Мал тұрмақ, адамның қолынан келе бермейтін ерлік қой бұл. Анаға деген адалдықты ит екеш ит те сезініп, сол үшін жанынан безініп тұрған жоқ па? Бір ғұлама өмірден өтерінде шәкірт­терін жинап: «Мен өмірден озған күні қабірімнің басында ашыңдар», – деп теріден жасалған тұмарды аманат етіпті. Кешікпей ол қаралы күн де туады. Бұл әңгімені есіткен есепсіз ел тұмар ішінде не барын білмек болып зират басына жиналады. Қабір басында бір шәкірті тұмарды ашып қарайды. Ішінен бір уыс топырақ пен тілдей қағаз шығады. Қағазда: «Бұл – қасиет­тi Отырардың топырағы, қабiрге бірге салыңдар», – деп жазылыпты.
«Неткен ғажап данышпандық,
мықтылық,
Орындады ел өсиетiн тiк тұрып.
Өлiп жатып кейiнгiге кетiптi ол
Туған жердiң қасиетiн ұқтырып…», – деп егіледі ақын, төгіледі жыр. Бұл ғұлама кім болды екен деп оқырман да елеңдеп отырған болар. Оны ақын былайша таныстырады:
«Iзгiлiкке бөлеп елдiң санасын,
Ұлы жолда сан талдырған қанатын,
Сол ғұлама аты мәлiм әлемге –
«Әбу Насыр әл Фараби болатын! – дейді. Осы сияқты Отанды, ел мен жерді сүюге, қастерлеп-құрмет­теуге баулитын, мейірімділікке үндейтін тағылымы мол, өнегесі зор жырлар Сәрсенбектің жыр жинақтарында жетерлік. «Сәрсенбек поэзиясында iшкi әлемi жарық пен шуаққа бөленген жұмсақ нұр бар. Iңкәр тiлек, сүйкiмдi мұң жүредi. Ақын өмiрдiң күнгейiнен гөрi көлеңкелi жағына көбiрек назар аударады.
«Ұйқысынан бикеш түсте оянды,
Айна алдында армансыз-ақ боянды.
Былқ-сылқ етiп төр бөлмеге барды да
Қолына алып түйiншектi ораулы:
– Мынау, – дедi зат­ты нұсқап түюлi, –
Анау шалдың оны-пұны киiмi.
Апар, өткiз кәрiлердiң үйiне!
Осы болды айт­қан сөзi түйiндi.
Шаңырақта бәрiн бикеш шешедi,
Қарсы келiп қайт­қан талай меселi.
Әкесi мен жалғыз ұлын мiнгiзiп,
Қайдасың деп кәрiлердiң мекенi
Тарт­ты жiгiт мерседеспен заулатып.
– Не қыласың әйелiңмен жауласып,
Аз ғұмырды өткiзермiн сол жерде, –
дедi қария орындыққа жайғасып». Кәрiлер үйiн жiгiт табады, әкесiн сонда тапсырып, әйелінің тапсырмасын орындап, жанжалдан құтылғанына мәз болып керi қайтады.
«Бұл сұмдықтан сәби жаны түршiгiп,
Шыр-пыр болып қапаланып, күрсiнiп:
– Қартайғанда мен де сенi осы үйге
Тапсырамын! – дедi ұлы ыршынып…». Сәрсенбектiң «Нала» деген өлеңi бұл. «Аты да айтып тұрғандай, нала десе – нала. Бұл – бiр шаңырақтың ғана емес, бүкiл бiр қоғамның наласы», – деп жазыпты филология ғылымдарының докторы, белгі ғалым-сыншы Рымғали Нұрғалиев «кіші Абай» деп лайықты бағасын берген қазақтың талант­ты ақыны Есенбай Дүйсенбаев осы өлең басылған Сәрсенбек ақынның «Мизамшуақ» кітабына жазған алғы сөзінде. Ақынды ақыннан артық кім түсінеді… Ақынның бұл кітабына бес поэмасы мен 10-нан астам толғауы енген. Қай-қайсысы болсын өмірдің ащы шындығын көз алдыңа әкеледі. Бұл тұста ақынның «Бала-балық» поэмасын әңгіме өзегі етсек те жетіп жатыр.
«…Басы бар, балтыры жоқ, нанасың ба,
Қосасың қалай адам санатына?
Белiнен төмен қарай анық балық,
Бар тiптi, қабыршағы, қанаты да.
Өн бойы ойдым-шойдым құрамалы,
Түктi бешпент секiлдi қынамалы,
Iңгәләп, не шырылдап дауыс қылмай,
Бұлқынып қырылдайды – жылағаны…
Осылай келдi өмiрге бала-балық,
Өзгерiп, дiлi, тiнi, қаны ағарып…
Ұрпағың болып кет­тi-ау бақа-шаян,
Жойылып кетермiсiң, дана халық!..». Дастан осылай аяқталады. Ұлы қыршынынан қиылған қарт­тың жалғыз немересінен өмірге осындай «бала-балық» келеді. Неткен аянышты да өкінішті жағдай. Бұл бір әулет­тің ғана емес, бір халықтың, тіпті бір ғасырдың қасіреті емес пе? Бірде «Қазақ­стан» ұлт­тық телеарнасы Сыр өңірінде 5 жасар ер балаға балықтың қабыршағы сияқты жара шығып, бар денесін тұмшалап тастағанын көрсет­ті. Хабарды көріп отырып, Сәрсенбек ақынның осы өлеңі есіме түсті. Осыдан көп бұрын жазылған өлеңнің айна қатесіз өмірде қайталануы еріксіз таңғалдырды. Ақын көрегендігі деген бәлкім, осы шығар!..

Әнуарбек ӘУЕЛБЕК,
ақын, Қазақ­стан Жазушылар
одағының мүшесі,
Қазақ­станның мәдениет қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір