ТЕҢІЗ ДЕП ЖЫРЛАҒАН ЖҮРЕК
Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің араб тілі бөліміне арнайы оқуға түсіп, текті ұлысымыздың тарихы мен мәдениеті, ғылымы мен әдебиеті тығыз байланысқан шығыс-мұсылман, араб әлемінің тілін жетік меңгеріп, кейінгі өмірімізді осынау қатпары қалың, дерегі мол, тың бағытқа арнаймыз деген алқалы үміт-тілекпен жүргенімізде, Кеңес Одағы күлпарша ыдырап, одан кейінгі қым-қуыт кезеңнің қатал шындығы үркердей аз ғана тобымызды жан-жаққа, сан-салаға бет бұрғызды.
Университет қабырғасында Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев сынды ұлы Мұхаңдардың алдын көрген, әйгілі аға буын ұстаздардың тәлімін алған Серікбай Қылышбайұлы өзі де студент кезінен бастап шығыстану, әдебиеттану, фольклортану бағытына терең бойлап, республикалық басылымдарға мақалаларын, өлеңдерін жариялап жүрді. Секең – жоғары білім алысымен еңбек жолын үздіксіз білім, ғылым саласына арнап, оқытушылық қызметті қатар алып келе жатқан қарымды азамат. Осынау еңбекқорлық пен табандылықтың нәтижесіндей Серікбай Қылышбайұлы бүгінде елімізге танымал әдебиеттанушы-ғалым, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, кешелері өзі дәріс алған ҚазМУ аудиторияларында бүгінде жас буынға, тәуелсіз қазақ жастарына ендігі білім теңізінен, бәлкім, тағдыр теңізінен де сусындатуда.
Десек те, сол бір бастапқы мақсат-мұратынан, тәуекел деп түскен соқпағынан адаспай, өмірдің, тұрмыстың қиындықтарына қарамастан, таңдаған бағытына қарай табандылықпен алға жүрген азаматтардың қатарында енді, мінеки, алпыстың асқарына шыққан курстасымыз, әріптес досымыз Серікбай Қылышбайұлы Қосановты айтуымыз лазым.
Университет қабырғасында Зейнолла Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішев сынды ұлы Мұхаңдардың алдын көрген әйгілі аға буын ұстаздардың тәлімін алған Серікбай Қылышбайұлы өзі де студент кезінен бастап шығыстану, әдебиеттану, фольклортану бағытына терең бойлап, республикалық басылымдарға мақалаларын, өлеңдерін жариялап жүрді. Секең – жоғары білім алысымен еңбек жолын үздіксіз білім, ғылым саласына арнап, оқытушылық қызметті қатар алып келе жатқан қарымды азамат. Осынау еңбекқорлық пен табандылықтың нәтижесіндей Серікбай Қылышбайұлы бүгінде елімізге танымал әдебиеттанушы-ғалым, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, кешелері өзі дәріс алған ҚазМУ аудиторияларында бүгінде жас буынға, тәуелсіз қазақ жастарына ендігі білім теңізінен, бәлкім, тағдыр теңізінен де сусындатуда.
Анығында, тағдыр теңізі деген тіркесті сөз орайы үшін емес, шын мәнісіндегі теңіз ұғымының, әлбетте, Арал теңізінің, осынау қазақ үшін қастерлі де мұңды өлкенің түлегі Серікбай Қылышбайұлының өмірімен тікелей байланысы болғандықтан арнайы атап отырмыз. Ғалымдығы мен ақындығы Сырдария мен Әмудариядай қатар ағыс болып келе жатқан Секеңнің біз жатқа білетін жыр жолдарының басым бөлігі осынау мәңгілік көңілінен кетпейтін, теңіз тербеткен жүрегінен өшпейтін туған өлкесі, айдын-бесігіне арналуы да содан, сірә.
Аралым – атажұртым, өскен жерім,
Аймалап, айдарымнан ескен желің.
Қайығын қиялымның толқын тербеп,
Арманның ақ ескегін ескен жерім.
Аңсаумен көкейімді тескен жерім,
Алғаусыз ақ тортанды кескен жерім.
Кер басып кең дүниені жүргенменен,
Дариға, басылар ма іштен шерім? – деген тебіреністі жолдарынан-ақ ақын бауырымыздың туған жерге деген сарқылмас сағынышының, таусылмас құштарлығының лықсыған лебін сезінеміз. Адам баласы қайда жүрсе де, қайсы қияға өрлеп, қай биікке шықса да өмір есігін ашқан жерін, балалық, бозбалалық шағы өткен кәусар мекенін ешқашан естен шығармақ емес әрі мұндай таза, қуатты сезім әрбір азаматқа ұдайы жігер беріп, үнемі алға бастамақ.
Еске жиі түседі бала шағым,
Үстінде өткен киіз бен алашаның.
Құмға түскен бейкүнә іздерімнен,
Бастау алды бүгінім, болашағым.
Ойға жиі түседі бала шағым,
Бәрі сонда қалғандай тамашаның.
Бутемірге қолымды қарып тұрып,
Сағынамын анамның жер ошағын, – деген өлең жолдары Алматыда жүрген ұл мен қыздың егемендікке дейін қазақтың өзін өзекке теуіп тұрған қатыгез қалалардағы көңіл күйінің қоңырау үні десек, әбден болады. Теңізі жоқ, таулы, қыратты жазықта өскен біздің есімізге жусан мен жуаның, сағымды даланың бейнесі түссе, Арал түлегінің көз алдына:
Аққу ұшып, қаз қонған сері теңіз,
Ару қыздар шомылған пері теңіз.
Ақ бураша асылып түйе құмға,
Толқындары ақырған шері теңіз.
Жарға шығып ұлыған, бөрі теңіз,
Кеудесін кек кернеген, кәрі теңіз.
Арыстандай жаралы ыңыранып,
Апаныңа кеттің бе кері, теңіз? – дегізген бала кезінде ашық күндері теңіздің жағасынан тік көтерілетін жарға шығып, сонау алыста, аспан мен теңіздің астасып кететін тұсындағы ғажайып көкжиек келер. Толқындары жағаға толассыз ұратын Арал теңізі олар үшін бүкіл жаратылыстың, ғажап өмірдің өзі болғаны кәміл. Теңіздің басына түскен кейінгі қасірет оның жағасында өскен ұрпақтардың да жүрегіне терең жара салып, ой-санасынан мәңгілік кетпес. Сол әлеуметтің өкілі Серікбай Қылышбайұлы сынды азаматтардың көзіндегі біз байқайтын бір қоңыр мұң көкірек түбінде қалып қойған терең сағыныш пен беймәлім арманының, селдіремес сенімінің белгісіндей.
Кейде ақын көк теңізі қайтып келердей үміттенетін сияқты ма, қалай:
Келмейді, тіпті күлкім де,
Келмей жүр ісім ілкімге.
Кемері толған көк теңіз
Түсіме кіріп жүр түнде…
Аралын аңсар кім-кім де,
Сағынбау, сірә, мүмкін бе?
Толағай таулар толғатса,
Теңізім толар бір күнде…
Серікбайдың «Арман» атты толғауы да Аралдың ауыр мұңын жеңілдетсем деген ақын қиялынан туғанын анық аңғартатын, оқығанды ойға батыратын өлең:
Анау жылғы айлақтар жоқ айбынды,
Алапес құм адақтайды айдынды.
Әлдеқайда ауып барам өзім де,
Арқалап ап ау мен сенің қайғыңды.
Оңашада бәйіт жазып зарланам,
Бәзбіреулер «босқын» десе, арланам.
Қолдан келер қайраным жоқ, қайтейін,
Аралым жоқ,
Арманым көп арбаған…
Ол кездері бала болса да, теңіз-ананың барған сайын тарылып, жағадан кетіп бара жатқанын көріп жүрген үлкендердің қайран айдынмен егіз туғандай аласұрып қиналған көңіл күйлерінен-ақ кеудені жаншыған жан азабын өне бойымен сезініп өсті. Жаңбыр сирек жауып, тұзы көбейген суда балықтың түсімі азайған сайын ел-жұрттың алаңдауы күшейе берген, ол аздай жан-жақты құм мен тұзға толтырған шаңды дауылдардың сұмдық үрейі әлі есінде. Балалықтан даналыққа өткен замандасымыздың осынау бір мұңды шақтарына, кеудесін кернеген келесі жолдары куә:
…Жақсы күндер кеткендей ұмыт
болып,
Жағалаулар жылайды, күліп болып.
Жар басында жалғыз үй – түйеші ауыл,
Жалғыз үйрек ұшады үміт болып.
Қаз да қайтып барады тізбектеліп,
Көк теңізден күдерін үзбек болып.
Мен де қайтып барамын Алматыға,
Іңкәрімді таба алмай іздеп келіп…
Әдебиеттанушы-ғалым ретінде жас ұрпаққа білім нәрін беріп, бүгінгі тәуелсіз еліміздің даму үрдісіне белсенді араласып келе жатқан білімді әріптесіміз Секең сонау студент кезінен бастап қоғамның өзекті мәселелеріне, ең алдымен, қасиетті қазақ тіліміздің құдіреті артуына үздіксіз, тынбай еңбек етіп келе жатуы – қажымас қайраткерліктің айқын белгісі. Тілдің тағдыры – ұлт, мемлекет тағдыры екеніне, ең алдымен, осы ұғымның тамырын, тегін, мәнін түсінетін қауым, яғни баба тілінен ажырамаған қауым ғана дабыл қағып келе жатқаны табиғи. Нанын бөтен тілде тауып жүрген, амалсыздан жат болып кеткен жалқы пенделер өз қолын өзі шаппайтынына, тіпті тіршілік талабынан өз ұлысын өзі даттайтынына да куә болып келеміз. Бұл турасында Серікбай Қылышбайұлының қаламынан ағылып түскен:
Ана тілім – ардағысың ұлтымның!
Бесігімде бөбегім боп бұлқындың.
Абай болып айтамын деп ұмтылдың,
Жамбыл болып жетемін деп
жұлқындың.
Айтпайсың деп, жетпейсің деп
қыстапты,
Аңқау елің жауға талай ұстатты.
Ахметпен, Міржақыппен, Мағжанмен,
Абақтыда бірге сені ұстапты, –
деген жолдардың өзі тіл басындағы, демек, халқымыздың басындағы өткен кезеңдердің, тіпті күні бүгінге дейін тарқамай, басылмай келе жатқан өксігін айқара ашады. Жаратқанға тәуба, қазіргі уақытта мемлекет басшылығы тарапынан жан-жағымыздағы жаһандық үдерістерді сараптай отырып, бейбітшіліктің өзегі қоғамдағы тұрақтылық пен татулық екенін, демек, ең алдымен, ақпарат саласына айрықша назар аудару, соның ішінде, қазақ тілді аудиториямен, жастармен жұмысты кең ауқымды жүргізу қазіргі уақыт талабы екенін үнемі мәлімдеуде. Сондықтан белгілі себептермен әлі де үстемдікке ие бөтен тілдердің жанында қосақталып келе жатқан ана тілі үшін ауқымды майданда тәрбиеленген әрбір шәкірт, жалғыз әрекет, тіпті жалқы сөйлем мен өлең жолының мәні әрдайым жоғары тұра бермек. Осынау ұлы сапар жолындағы азаматтардың әрқайсысының, солардың қатарында ғалым, ақын, ұстаз Серікбай Қылышбайұлының үздіксіз еңбегі тек қана құрметпен аталып өтуі хақ.
Мінеки, айлар ағылып, жылдар жылыстап ұлттық университет қабырғасында қатар білім алған үзеңгілес бауырымыз Серікбай Қылышбайұлының алпыстың асқарына шыққан мерейтойы қарсаңында ойымызға келген бір үзік сырды оқырман қауыммен бөлісуді жөн көрдік.
Мұхтар Кәрібай,
дипломат, публицист
ПІКІРЛЕР2