ҮШ ЕЛДІҢ МИНИСТРІ БОЛҒАН ЖАЛҒЫЗ ҚАЗАҚ
26.02.2023
1342
0

Ұлы сүлей Тұрмағамбет Ізтілеуовті Алматыға алдырып, «Шахнаманы» тәржімалатып қағазға түсірткен, ұлт әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне жол ашқан, қазақ оқығандары мен зиялыларына пана болған, исі түркі жұртының руханият әлемінде бір болуын армандаған, Тәжікстан, Өзбекстан, Қазақстан Үкіметінде министр болып қызмет еткен, ана тіліміздің дамуына өлшеусіз үлес қосқан, мыңдаған мектеп, ондаған университет салуға атсалысқан, тұңғыш опера және балет театрының іргетасын қалаған Темірбек Жүргеновтің туғанына биыл – 125 жыл. Бірегей тұлғаның атқарған жұмыстарына, шығармашылық еңбектеріне қарасаңыз, таңырқамай тұра алмайсыз. Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен биыл Т. Жүргеновтің 125 жылдық мерейтойы аталып өтіледі. ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының шешімімен 2023 жыл – тұтас түркі әлемінде Темірбек Жүргенов жылы болып жарияланды.
Жүргенов жылына орай қоғам қайраткері, тұлғаның өмірі мен еңбектерін зерттеп, елге кеңінен насихаттап жүрген Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қор төрағасы Сәби Аңсат мырзамен әңгімелесудің сәті түскен еді.

«Әкесі көкжал екен»

– Ұзақ жылдардан бері Жүргенов мұрасын зерттеп, жинап, қазақ тарихындағы біртуар тұлғаның есімін мәңгілік етуге тер төгіп жүрсіз. Жалпы қауым Темірбек Қараұлының атын жақсы білгенімен, өмірінің кейбір тұстарымен етене таныс емес. Жүргеновтің жастық шағы қалай өтті? Қайдан білім алды? Әңгімемізді содан бастасақ.
– Темірбек Жүргенов есімі аталса, ең алдымен қазақ әдебиеті мен мәдениеті еске түседі. Өйткені өмірінің соңғы жылдары Қазақстан үкіметінің халық ағарту комиссары (1933-37) болды. Бұған дейін қандай қызмет атқарды деген сұрақ қояр болсаңыз, тым ұзақ әңгімелеуге болады. Темірбек Қараұлы 1898 жылы қазіргі Қызылорда облысы (бұрынғы Ақмешіт) Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Әкесі Қара (Сырлыбай) зерделі, зейінді, өте ауқатты кісі болыпты. Сыр сүлейлерімен жақын араласқан. Ұлының білім алуына, жоғары оқу орнын бітіруіне бар күшін салған. Айтпақшы, әкесі кәмпескеге ұшырап, Қарқаралыға үш жыл жер аударылған. Кеңес одағының байларды «тонау» әрекетін құптамаған. Бір Қараның өзінен тартып алынған мал санын оқысаңыз, таңырқамай тұра алмайсыз. 80 мың қой, 3000 жылқы, 1000 түйесі бар деп көрсетіліп, малдары тәркіленіп, айдауға түскен. Әрине, бұл нақты цифр емес. Малдарын туыстарына беріп, жасырып отыр деп, артық жазған. Соның өзінде бақ-дәулеті тасыған адам болғаны шындық.
Жаза мерзімі бітуге жақындағанда Қараға қарқаралықтар: «Балаң Темірбек Кеңес өкіметінің ірі қызметкері, Өзбекстанның ағарту Комиссары болыпты» деген сүйінші хабарды жеткізгенде, жауатын бұлттай түнерген Қараның: «Балам алдымен өзінің миын ағартып алсын», – деген сөзі бүкіл елге тараған. Осыны естіген жұрт: «Әкесі Көкжал екен, баласы Темірбек қандай екен?» – деп таңырқасыпты.
Темірбек тұтқындалғаннан кейін көп кешікпей Қара ақсақал да тұтқындалған. Оның осы сөзін тергеуші айыптау ретінде көлденең тартқанда, Қарекең: «Мал-мүлкім тәркіленіп, өзім жер аударылғасын сәбет өкіметін жек көргенім рас, ұлыма қарата ана сөзді айтқан емеспін», – деп мойындамаған екен. 80 жастағы Жүргенұлы Қара Қызылорда қаласындағы НКВД өкілі Пяткин дегеннің тұтқында болып, 1937 жылы 27 қыркүйекте Қызылорда қаласында атылған.

«Қазақ мұңы» газетін шығарды

– Темірбек Қараұлы қалай хат танып, қайда оқыды екен?
– Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, хат таныған. Қазақтың даңқты шайыры Тұрмағамбет Ізтілеуовтен дәріс алған санаулы шәкірттің бірі де бірегейі осы – Темкең. Тұрмағамбеттің қандай ірі тұлға болғанын айтудың қажеті жоқ шығар. Сүлейден кімдерді оқыды, не білді десеңіз, Шығыс әдебиетінің жұлдыздарын түгел бала кезінде-ақ таныған. Омар Хайям, Фирдоуси, Сағди, Хафиздердің жырларымен қоса, ілімдерімен де бала кезінде сусындаған. Одан кейін Ақмешіттегі орыс-түземдік бастауыш мектебінде оқып, Перовск қаласындағы Суханский атындағы жоғарғы орыс-қазақ училищесін тәмамдаған. Орыс тілін жетік білген. Өте зерек болып өсіпті. Айталық, орыс тілінен сырт, араб, шағатай, өзбек, башқұрт, парсы тілдеріне өте жүйрік екен. Ұзақ жыр-дастандарды жатқа айтатын, құймақұлақ жастың рухани салаға мейлінше жақын болып өсуі заңдылық еді. 1917 жылы Уфа қаласындағы жер шар­уа­шылығы училищесіне түсіп, аза­мат соғысының басталып кетуіне бай­ланыс­ты оқуын тоқтатқан. 1918 жылы Те­мір­бек Жүргенов Орынборға келіп Нәзір Төреқұловпен кездеседі. Алаш қайрат­керлері шығарған «Қазақ» газетінің Кеңес өкіметінің пәрменімен жабылып қалуына байланысты, редакция үйін, баспахана жабдықтарын, қызметкерлерін пайдаланып, бас редакторы Н.Төреқұлов, орынбасары Темірбек Жүргенов боп «Қазақ мұңы» газетін шығарған.
– Бұл газет қанша уақыт шығып тұрған?
– Бар-жоғы үш-ақ нөмірі шыққан. Себебі, Орынбор қаласы Дутов ақгвардия­шы­ла­ры­ның қолына өткеннен кейін, ары қарай газет шығару мүмкіндігі болмаған. Одан кейін шарасыздықтан коммунистік партияның құрамына өтіп, түрлі қыз­мет­тер атқарды. 1921-23 жылдары Орын­борда жұмысшы факультетінде, 1923 жылы Ташкенттегі мемлекеттік уни­верси­тет­тің құқық факультетінде білім алды. Осы мамандығы бойынша алар болсақ, Темірбек Жүргеновті – қазақ­тан шыққан алғашқы кәсіби заң­гер­лер­дің бірі деуге болады. Оның бір ерек­шелігі – оқи жүріп, қызмет атқара жүріп, қоғамдық-саяси өмірге белсене ара­лас­қаны, түрлі тақырыпта мақалалар жаз­ғаны деуге болады. Ол – Орталық Азия елдерінің мемлекеттік аумағын, ұлттық-территориялық шекарасын белгілеу барысына тікелей атсалысқан тұлғаның бірі әрі осы тақырыпта «Еңбекші қазақ», «Советская степь» газеттерінде көлемді мақалалар жазған. Осындай мемлекеттік маңызды істерге ол небәрі жиырмадан енді асқан шағында араласқан.

«Хан Кенені» қорғап, мақала жазды

– Қазақстанның Халық ағарту комиссары болып тағайындалған кезі еліміздің ең қиын сәттері еді. Өзбекстаннан елге оралуына не себеп болды?
– Өзбекстанның Халық ағарту ко­мис­сары болып 1930-33 жылдар қыз­мет атқарды. Оған дейін бір жыл Тәжікстан­ның Қаржы комиссары болды. Орталық Азиядағы үш елдің министрі болған Темірбек Жүргеновтен басқа қазақ жоқ! Осындай ірі лауазымдарды атқарған тұлғаны тану үшін ғылыми орталық құры­лып, арнайы жұмыс істеген дұрыс деп ойлаймын.
Осы арада «Жүргенов Өзбекстандағы биік лауазымын тастап, Қазақстанға қалай келді?» деген сұрақ туады. Егер Өз­бекс­танда жүре берген болса, репрес­сия­дан аман қалар ма еді, кім білсін? Шын мәнінде сұңғыла саясаткер Қазақстандағы жағдайды жақсы білгені даусыз. Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатовтар, тұтас зиялы қауым өкілдері түрмеге бір түсіп, қайта шығып жатты. Алды итжек­кенге айдалып, түрмеде сұраусыз атылды. 1931-33 жылдардағы алапат аштықты еске алыңыз. Қазақтың тең жартысы қынадай қырылған жоқ па. Ол жылдары Қазақстан – зұлмат жайлаған мекен еді. Алапат жұттан бас сауғалағандар Өз­бекс­тан, Түркіменстан, Қырғызстанға бас сауғалады. Қытайға асты. Тіпті Ау­ғанстанға босты. Олардың саны 1,5 миллионға жуық деген дерек бар. Мұ­ның бәрін Жүргеновтің білмеуі мүмкін бе? Өзбекстанға ауып барғандардың жағдайына алаңдап, қолдан келгенше көмектескенін, білім алуына септескенін жақсы білеміз. Егер қарақан басын ойласа, елге оралмауына әбден мүмкіндігі бар еді. Бірақ Жүргенов олай істемеді. Левон Мирзоянның шақыруымен елге оралды. Сондағы мақсаты – ел үшін қызмет ету болғаны ақиқат.
– Қазақстанның ағарту комиссары (білім министрі) болған уақытында нақты қандай істер атқарды?
– Дара тұлғаның ғұмырнамасын зерттегенде, ұлтқа, елге қызмет ету үшін тұтас өмірін арнағанын білуге болады. «Қазақ мұңы» газетін шығарғаннан бас­тап, өмірінің соңына дейін қазақ халқы­ның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап өтіпті.
Ағарту министрі болған жылдары елімізде білім ошақтарын – мыңнан астам мектеп пен ондаған жоғары оқу орын­дарын салдыруға, оқулықтар жаз­дырып, ұлт зиялыларын, өнер қайрат­кер­­лерін біріктіруге, қазақ мәдениетін дәріп­теуге қажыр-қайратын жұмсаған. Абай атындағы опера және балет театры­ның орнын бекітіп, іргетасын қала­ған осы – Темірбек Қараұлы болатын. Ыбы­рай Алтынсарин ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушысы болса, Темірбек Жүр­генов – ХХ ғасырдың басында Кеңестік үкіметі­нің өктемдігі күшіне мініп, дүние өртеніп тұрған зұлмат кезеңдегі қазақ ұлтының ағартушылығын негіздеген бірегей тұлға.
Қатардағы министр емес, әдебиет пен өнерден хабары бар, мол білім иесі болғанын жазған мақалаларынан білеміз. Айталық, Бейімбет Майлин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтардың шығар­маларын талдап, әдеби пікірталас­тарға қаты­сып, өзінің ұлттық ұстанымын табан­ды қорғай білген.
Алғашқы кәсіби актерлардың, ән­шілер­дің, өнер қайраткерлерінің қалып­тасуына Жүргеновтің қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жамбыл Жабаев, Күләш Байсейітова, Қанабек Байсейітов, Шара Жиенқұлова, Елубай Өмірзақов, Құр­манбек Жандарбеков, Серке Қо­жам­құлов, Жұмат Шанин, Ахмет Жұбанов­тардай талант иелерін қолдап, олардың жағдайының түзелуіне зор ықпал еткен. Мәскеуде оқып жүрген қазақ азамат­тарына қаржылай демеушілік жасап тұрған. Қазақ, өзбек, тәжік азаматтарын білімдерін көтеруге Ресейдің орталық қалаларына жіберген. Олар өз кезегінде іргелі білім ордаларынан алған білімдері­мен өз елдерінің мәдениетін, өнерін, әдебиетін көтерген. Мұндай дархандық, кеңдік көп қайраткерде кезіге бермейді. Исі түркі жұртының тілеуін тілеген тұлғаны ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы­ның ерекше ілтипатпен 125 жылдығын атап өтуге ықылас танытуы, 2023 жылды – Темірбек Жүргенов жылы деп бекітуінің астарында осындай іргелі істері жатыр деп түсінуімізге болады.
– «Ұлттық ұстанымын табанды түрде қорғай білген» деп отырсыз. Темкеңнің нақты қандай істерін атап айтуға болады?
– Ұлы классик Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасының айналасында қандай дау-шар туындағанын жақсы білетін шығарсың. Ғабит Мүсірепов бастаған жазушылар бұл пьесаның сахналануына қарсы шығып, «хандық дәуірді дәріптеу­ші», «ескілікті аңсаушы» деп өре түрегел­ген­де, Мұхаңды қорғағандардың басында Темірбек Жүргенов болды. Ол 1934 жылдың маусым айында «Казахстанская правда» газетіне «О хан Кене и его крити­ках» деген көлемді мақала жазып, Мұхтар Әуезовті жақтап, пьесаның қойылуына мұрындық болды. Бұл ерлік емей, немене?! Бірақ… көп өтпей қойылым репертуардан алынып тасталды.
Жоғарыда ең алғаш Тұрмағамбет Із­тілеуовтің алдын көріп, сол кісіден сауат ашқанын айттым. Алғашқы ұстазы – ұлы шайыр Ізтілеуов еді. Араб, шаға­тай, парсы, башқұрт тілдерін осы кісі арқылы үйренген болса керек. Түркілік дүниетанымы алғашқы ұстазы арқылы қалыптасқан деуге де болады. Ағарту комис­сары болып тұрған кезінде Фир­доуси­­дің әйгілі «Шахнамасын» тұпнұс­қадан оқып шығып, талдау жүргізеді. Шығарманың соған дейінгі қазақшасын қарап шыққан соң, оған көңілі толмай, қуғын-сүргін құрсауында жүрген шайыр­лардың шайыры – Тұрмағамбет Ізтілеуовті Алматыға алдырып, 40 мың жолдық «Шахна­маны» тәржімалатып, хатқа түсірт­кізе­ді. Бұл еңбекті Мұхтар Әуезов: «Мұны аударма деп емес, дастанның қазақша жазылған варианты деп бағалаған дұрыс», – деген тұжырым жасаған.
Жүргеновтің тағы бір ерлігін атап өтпес­ке болмайды. Ол – өзінің ана тілінің мүд­десін ашық қорғаған саясаткер. Оған композитор Е.Брусиловскийдің «Дүйім дүлдүлдер» атты мемуарлық кітабын­дағы мына естелік мысал бола алады: «Қарағандылық музыка зерттеуші Н.Орловтың: «Сіз неге бәрімізге түсінікті орыс тілінде сөйлемейсіз?», – деген сұрағына, Жүргеновтің шашы тікірейіп, жанары ұшқынданып: «Сіз қайда отырсыз, сіз қайда жүрсіз өзіңіз?! Сіз қазақ әндерін орыс тілінде зерттемекшісіз бе?» – деп, сес көрсетуі, сол кездегі қаһарлы өкіметтің қылышынан да сескенбеуі деп білеміз. Мұндай батыл сөзді ол кездегі емес, бүгінгі биліктегі лауазым иелері де айтудан жасқанады. Мемлекеттік жиындарда өзге диаспора өкілдеріне «түсінікті болу» үшін ана тілдерін мансұқтап, «ресми тілде» шүлдірлеп жүрген министрлеріміз қаншама! Солардың әрекетін көріп отырып, Жүргеновтің рухының алдында кешірім сұрағымыз келеді…

Жүргеновтің тұсында Қазақ Республикасы атандық

– Жүргеновтің кезінде Мәскеудің қазақ халқын «бұратана, жабайы халық» деген көзқарасы өзгерді дегенді жиі естиміз. Бұл шындыққа қаншалықты жақын?
– Жүргенов бастаған сол кездегі зиялы қауым өкілдері өз ұлтының еш­қан­дай жабайы халық емес екенін, айрық­ша мәдениеті бар халық екенін дә­лелдеуге барын салды деп кесіп айтуға болады. Бұған 1936 жылғы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігін атауға болады. Осы онкүндіктің негізгі ұйымдастырушысы Темірбек Жүргеновтің арқасында КСРО кеңістігіне, Совет өкіметінің басшылығына рухы өлмеген қазақ деген ұлт барын көрсетті. Қазақтың айрықша мәдениетіне өзгелердің көзін жеткізді. Жаппай ашаршылық пен соғыстан, қуғыннан қалжыраған қазақ­тың да рухы серпіліп, өзгеден кем емес екенін сезіне бастады.
Дәл осы Жүргеновтің тұсында, нақ­ты­рақ айтар болсақ, 1936 жылдың 5 желтоқсанында Қазақ Кеңестік Со­циалис­тік Республикасы болып қайта құрыл­дық. Осыған дейінгі автономиялық статусынан Кеңестер Одағы құрамындағы дербес Республика атандық. Республика атануымыздың арқасында 1991 жылы Кеңестер Одағы тарағанда жеке дара мемлекет боп Тәуелсіздігімізді жариялауға мүмкіндік туды! Еншімізді алдық! Егер­де бұрынғы автономиялық статус күйінде қалғанымызда, Башқұртстан мен Татарстан сияқты Ресей құрамында қалып қойған болар едік. Бұл – тарих ғылымдарының докторы, профессор Мәмбет Қойгелді мен тарихшы ғалым, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтардың тұжырымы. Мен сәл кеңейтіңкіреп айтып отырмын. 2014 жылы қыркүйек айында Лев Гумилев атындағы Евразия Ұлттық университетінде өткен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Темірбек Жүргеновке дейін КСРО кеңістігінде: «Кім лас?, Кім надан?, Кім жалқау?» дегенде – Қазақ ұлтының аты аталатын. Темірбек Жүргенов ұлт мәдениетін көтеру арқылы қазақты ұлттық кемсітуліктен арылтты. Қазақ мәдениеті тек осы үшін ғана Темірбекке қарыздар», – деген сөздері айтылған ойды айқындай түседі.
– Лауазымды қызметтер атқара жүріп, қазақша, орысша көптеген мақалалар жазды ғой. Қайраткердің өмір жолын зерттегенде, шығармашылығын сызып тастай алмаймыз. Жүргенов шығармашылығын зерттеушілер еңбектеріне қандай баға береді?
– Жүргенов шығармашылығы – көл-көсір дүние. Оның шығармашылығына талдау жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлы: «Қазақ әдеби тілі, қазақ тілінің тер­ми­нологиясы деген мәселелерде Т.Жүр­геновтің Ахмет Байтұрсынұлы жолын ұстана отырып, «Қазақ тіліндегі терми­нология мәселелері», «Қазақ әдеби тіліндегі келеңсіз жағдайлар» деліне­тін еңбектер жазғаны қазақ тіл білімі ғылымының өсіп-өркендеуіне, дамуына қомақты үлес болып қосылды. Ол қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін А.С.Пушкин шығармашылығы туралы жазылған «Орыс халқының ұлы жазушысы және қазақ халқы» деген мақаласында көтерді. Барша жақсы істің, игілікті, ізгілікті жұмыстардың бастамашысы бола білген Т.Жүргенов қазақ әдебиетін дамытуға да мемлекеттік тұрғыдан жанашыр бола алды, тікелей басшылық жасады. Оның Б. Майлиннің «Шұға» пьесасына жазған «У Шуга» атты пікірі, Ораз молданың аудармасы негізінде жазған «Казахский перевод Шахнама» атты ғылыми мақаласы, «Терме» жина­ғына енгізген Шернияз, Едіге, Базар жырау туралы пікірлері, «Қазақ халқының ақындары мен жыршылары», Асан қайғы туралы жазылған «Жерұйық» мақалалары – бұлар қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясында айрықша бағаланатын салмақты дүниелер. Бұлар – әдебиет пен өнердің әр түрлі салаларының зәру мәселелерін көтерген және олардың ше­шу жолдарын көрсеткен алғашқы ғылыми еңбектердің бірі болып сана­ла­ды. Т.Жүргеновтің ойлары мен тұжырым­дарына, жазған, сызғандарына, атқарған қызметіне тән ортақ сипат бар. Ол – жаңашылдық, ол – бастамашылдық, ол – тиянақтылық, ол – білімдарлық, ол – жігерлілік, ол – принципшілдік, ол – реформаторлық. Осылардың барлығын қосқанда Т.Жүргеновтің ағартушылық тұлғасы мойындалады», – деп баға берген. Осы тұжырымнан-ақ оның шығармашылығының қандай ауқымды екенін аңдау қиын емес шығар.
Ол тек қана қазақ халқының емес, түркі жұрты халықтарының әдебиетін зерделеп, өсу, жаңару үдерістерін үнемі назарында ұстап отырған. 1928 жылы оның «Пролетариат дәуіріндегі татар әдебиетінің әлем әдебиетіндегі рөлі» деген талдауы татар және орыс тілінде «Қызыл Татарстан», «Красная Татария» газеттеріне жарияланған. Тұлғаның шығармашылығы жайында әлі талай айтылып, зерттеледі деп ойлаймын.

Жүргеновтің түбіне көреалмаушылық жетті

– Осынша көп еңбек еткен қайраткердің «халық жауы» атанып, атылуының «себептері» жеткілікті секілді. Оның ұсталуына кімдер мүдделі болды деп ойлайсыз?
– Жоғарыда айтылған Мәскеудегі онкүндіктен кейін нарком Темірбек Жүргеновтің атағы жер жарды. Одақтық, республикалық баспасөз ақпарат құралдары жабыла және жарыса жазып жатты. Мақтаса аспанға шығаратын, даттаса жерге тығатын қазақтың қанына сіңген қасиетімен Темірбек Жүргеновтің сан қырлы таланты мен ұйымдастырушылық қабілеті жайлы мақтаулар мен мадақ, көтерме сөздер, тіпті арнау өлеңдер жазылып, аты аңызға айналды. Сол кезеңнің ғасырлық құрылысы аталған «Түркістан – Сібір» темір жолы іске қосылып, қазақ даласында жүздеген жүк вагондарын тіркеген паровоздар ағылып жатты. Рухы қайта оянған әр қазақтың үкімет пен партияға, оның «ұлы көсемі» Сталинге сенімі артты. Мақтауға тұрарлық Темірбектей рухты перзенттерін өлеңге, әнге қосты.
Ақын Әбділда Тәжібаев жазған «Паровоз» атты өлеңде:
Бастаушым компартия ұлы Сталин,
Қолынан путевкасын берген маған.
Сондықтан Отанымды шыр айналып,
Дауысым жер жарады дабылдаған.
Айналам жайнаған, Жайнаған.
Алтын таң.
Ұранын Темір Нарком орындаған,
Аумаған, ауыспаған құрыш табан.
Жарқырап жүз мың вагон жетегімде,
Әнімді естіртемін аңқылдаған.
Паровоз, арқыра, зуылда,
Жарқыра өндірте, артылта-артылта!.. –
деп жырға қосты. Көріп отырғаныңыздай Темір нарком – Жүргенов Темірбекті Сталинге жақын­датып, паровозға теңеп отыр. «Паровоз» әні атақты әнші Манарбек Ержановтың орындауында қазақ аспанында қалықтады. Темірбектің дұшпандары қызғаныштан іштері жарылардай күйінді. Жаулары көбейді. Естіген жұрт, қазақ ауылдарындағы, еңбек ұжымдарындағы, мектептердегі көркемөнерпаз үйірме мүшелері әнді қағып алып, ауыздан-ауызға көшіріп, шаттана шырқап жүрді.
1937 жылы Мәскеудің пәрменімен Т.Жүргенов Семей сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат болып ұсынылды. Бұл деген, Т.Жүргеновті Қазақстан үкіметінің басшысы немесе орталық партия комитетінің бірінші хатшысы болаты­нының хабаршысы еді. Осының алдында Семей пароходствосының бастығы Чик деген азаматтың үстінен «Троцкийшіл» деген арыз түсіп, оның партиялық мәселесі қаралған бюро мәжілісінде сол кездегі Қазақстанның Ішкі істер комиссары Залин деген: «Мынаның партиялық мәселесін шешіп беріңдер, бұл – халық жауы, мен аттырып жіберемін», – деп қаһарланған. Үзіліске шыққанда әлгі Чик өзі атылып өлген. Т.Жүргенов Залинге: «Сен не істедің? Кінәсі дәлелденбей жатып, оның үкімін шығарып, азаматтың өліміне себепші болдың», – деп әділетсіз сөзін бетіне басқан. Залин: «Ол – қылмыскер, кінәсін білгесін атылып өлді», – деп ақталған. Міне, Жүргеновтің жарқырап жұрт алдына шыққаны, қызғаныштан көре алмаушылардың көбеюі, осыған дейінгі ұлт үшін істеген ұлан-ғайыр істері Темірбекті Жоғарғы Кеңестің депутаты боп сайланып кетпей тұрғанда тұтқындау жоспарын құруға және оны жедел түрде орындауға итермеледі. Залин зымиян ойын іске асырды. Ұлы тұлғаның түбіне жетті. Жары Дәмешті АЛЖИР-ге айдап, үрім-бұтағының өмірін өксітті. Дәмеш Ермекова – Алаштың аймаңдай тұлғасы, қазақтан шыққан тұңғыш математик Әлімхан Ермековтің туған ағасы Әмірханның қызы. Ташкенттегі медицина университетінде оқыған. Зиялы, білімді кісі. Тұтқыннан оралған соң Темірбектің ақталуына көп еңбек сіңірген. 10 жыл отасқан жары туралы өлмес естеліктер жазған. Әкесі мен шешесі ұсталғанда ұлы Жұманазар 13 жаста екен. Екінші дүниежүзілік соғысқа өз еркімен аттанып, сол жақта мерт болыпты.
– Жүргенов әлемін ұрпаққа кеңірек дәріптеу жұмыстарына көңіліңіз тола ма?
– Көңілім толмайды десек, асылық болар. Көптеген істер атқарылып жатыр. Алматы, Астана, Қызылорда секілді ірі қалалардан көше, мектеп, шығармашылық үйлерінің аты берілді. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясының орны бөлек. Қазақтың талантты жастары осы оқу ордасынан білім алып, әртүрлі салада жемісті еңбек етіп келеді. Көптеген зерттеу мақалалар жазылып, арнайы кітаптар жазылды. Ғылыми конференциялар, театр қойылымдары, деректі фильмдер түсіріліп жатыр. 2022 жылы Түркияның Анкара қаласындағы ТҮРКСОЙ офисінде мен құрастырған «Темірбек Жүргенов» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Біздің қор арқылы көптеген істер атқарылды деуге болады.
Әйтсе де, мен еліміздің екі бірдей Мәдениет және спорт министріне арнайы кіріп (Ақтоты Райымқұлова, Дәурен Абаев), көркем фильм түсіру, өнер саласындағы таланттарды қолдау мақсатында Жүргенов атындағы сыйлық (жүлде) тағайындау туралы ұсыныс айттым. «Көрейік, қолға аламыз» деген­нен басқа жауап естімедім. Мен бірнеше рет Ғылым және жоғары оқу министрі Саясат Нұрбектің де қабылдауында болып, ұсыныстарымды айттым. Дарын­ды жастарға Жүргенов атында стипендия тағайындау, мектеп және ЖОО-лардың оқулықтарына енгізу туралы ұсыныстар айттым. Уәдесінде тұрса, біраз шаруа іске асырылады деген ойдамын. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлімен кездесіп, Темірбек Қараұлы жайлы телехикая түсіру туралы сөйлескенмін. «Құптаймыз» деп отыр.
Мен көптен бері Алаш арыстарын қайта жерлесек деген бастама көтеріп келемін. Көбінің моласы жоқ. Соңынан іздеушілер бет сипап, құран бағыштауды армандайды. Олардың бәрі – жаназасыз, кебінсіз көмілді. Жерленген жоқ. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дейді қазақ. Аруақтарды арулап көміп, ел болып рухтарына тағзым етсек, арнайы мемориал орталық ашсақ, арыстар алдындағы парызымыз бен қарызымызды өтеген болар едік. Бұл олар үшін емес, өзіміз үшін керек.
– Тұщымды әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір