ӨЛЕҢДЕРІМ – ӨМІРІМНІҢ АЙНАСЫ
Бірнеше жыр кітабының авторы, ақын Шырын Мамасерікова биыл
сексеннің сеңгіріне шығып отыр. Ақынды мерейлі жасымен құттықтай отырып,
оқырман назарына бір топ өлеңдерін ұсынамыз.
Редакциядан

Шырын МАМАСЕРІКОВА
ТАҒДЫР
Балыңнан татқызбадың шырын өмір,
Үнемі алып жүрсің қырыңа кіл.
Қайғының Қаратауын көтергізіп,
Түспеді шуағыңнан жырыма нұр.
Жаратты осыншама неге қор ғып,
Жұтқыздың запыран зар сөлім сорып.
Жарым жоқ, анам да жоқ, балам да жоқ,
Жалмады айналамды өлім торып.
Жаңарып жатса-дағы дала бүгін,
Тірсегін қия алмадым нала мұңның.
О тағдыр!
Жалбарынып өтінерім,
Тізгіндеп жолын бума қаламымның.
Ақтарып бар шерімді арылайын,
Тірліктен түңілтпесін сарыуайым.
Күнә ғой шаттанып бір жырламауы,
Бұлбұлдар ұя салған таңылайым.
Ашық ет аспанымды қасіреттен,
Жүрегім жадырасын жасын төккен.
Бармақтай бақ тілеймін өлеңіме,
Артында ізі қалсын басып өткен.
Мұрша бер бұлақ өзен болсын десең,
Ернеуі қуанышқа толсын десең.
Еш етпей еңбегімді жандыра гөр,
Қыдыр кеп жыр үйіне қонсын десең…
TAУ
Шырқау шыңға қараған көз талады,
Төзім, бәлкім, таудан сабақ алады.
Биіктікке, асқақтыққа үйретіп,
Сәби кезден санамызда қалады.
Алатау ғой даладағы ұлы алып,
Ақын жүрек түсінеді мұны анық.
Өр тұлғасы шақырып тұр ерлікке,
Келші, досым, бағымызды сыналық.
Құз-қияның құпиясын табайық,
Сарқырама күш-қайратын алайық.
Асқақ іспен дәлелденсін сөзіміз,
Жырымызға ырза болсын халайық.
Кеудемізден күміс күйлер құйылсын,
Тәтті әуенге тәкаппар тау ұйысын.
Сағыныштан шөліркеген кезімде,
Бал бұлақтай шәрбатыңды жиі ұсын.
Арай шашқан ақ көңіліміз шуақты,
Достығымыз шырқау шыңнан қуатты.
Байқайсың ба қызығамыз тауға біз,
Тау да бізге қызығатын сияқты…
ТАБИҒАТ ТАҒЫЛЫМЫ
Қинаса да өмір жолы бұралаң,
Құлатқан жоқ қасиетті Жыр – анам.
Құшқан сайын шапақ шашқан
Күндей боп,
Шабытымды ширататын нұр алам.
Тау үйретті тастай берік төзімді,
Су үйретті таза, мөлдір сезімді.
Құс үйретті қанат қағып ұшуды,
Қара терге шомылдырып өзімді.
Аппақ наннан адалдықты үйрендім,
Улы жылан зәһарынан жирендім.
Сабақ алып дауыл, боран, жаңбырдан,
Табиғаттан айнымайтын күйге ендім.
Салқындықты танытсам қыс сияқты,
Кей кездері көктем болам шуақты.
Көкірегімнің көзін ашты самал жел,
Сергек етіп санамдағы құлақты.
Артқа тастап құлама құз белеңін,
Ағалықтың көшін бастап келемін.
Атым арып, тоным тозып тұрса да,
Айым алдан туарына сенемін!..
МАХАББАТ ТУРАЛЫ ЖЫР
Тірегім болған тау сынды,
Төзім де мүлде таусылды.
Сарғайып кетті жапырақ,
Сағынып іңкәр даусыңды.
Есікті енді қағар кім,
Шамыңды өшкен жағар кім.
Жауапсыз сұрақ көбейіп,
Шашым да ерте ағарды.
Қаншама гүлім үзілді,
Қаншама бұлтым тізілді.
Қып-қызыл толық алма бет
Қайғыдан қанша сызылды.
Сонда да күдер үзбедім,
Әр секунд сайын іздедім.
Жүректен сау жер қалмады,
Жұлмалап жылдар тізбегін.
Аққудай аппақ арманым,
Құласам сені қармадым.
Төсегің торқа болсын деп,
Осынау жырды арнадым.
АДАМДАР
Қиналғанда қабағыма қараған,
Асып-тассам кешіруге жараған.
Армысыңдар, ей, азамат ағайын,
Жүрегіме жылы нұр боп тараған.
Мен сендерге еркелеуді ұнатам,
Қайратымды қайсар жанға сынатам.
Қуаныш пен бақыт тілеп бәріңе,
Аппақ көңіл шұғыласымен тіл қатам.
Адам, адам!
Мәңгі ұлы тақырып,
Ақындардың шабыттарын шақырып.
Мазалаған кездерің ғой – бақытым,
Рақатына жыр-азаптың батырып.
Ел сенімін жоғалтып тек алмасын,
Көріне алмай көлеңкеде қалмасын.
Жарық сәуле-ау, жас қанатқа қуат бер,
Ұшқан сайын шаршамасын, талмасын.
Әнімменен асқақтатып мерейін,
Сауық кеште тойын бастап берейін.
Мені ешқашан бөле көрме қауымнан,
Қажет етсе қайғысын да көрейін.
Қорықпаймын, қиындыққа көнгенмін,
Айналайын, еркелеткен елден мың.
Ажал емес, ең ауыры мен үшін
Арман оты сөнген күн…
ӨМІР – СЫНАҚ
Атпай қойса күліп таңың,
Ашуланба сынып сағың.
Сабыр сақта қыстан кейін,
Көктем келер ұмытпағын.
Өмір – сынақ құлатады,
Әлсіздерді жылатады.
Сондықтан ол алға ұмтылар,
Қайсар жанды ұнатады.
Уызына жарып өскен,
Салт-дәстүрге қанып өскен.
Адам қонақ екендігін,
Ешқашан да шығарма естен.
Арғымақтар сүрінбесін,
Ар етегі түрілмесін.
Адалдық пен әділдіктің,
Арқа-белі бүгілмесін.
Түп тамыры, құт қайнары
Қазақ тілі – ұлт айбары.
Қабырғалы қалың елдің
Қанат жайсын көк байрағы.
Арқауы алтын атажұрттың,
Әспеттей біл әдет-ғұрпын.
Өмір – сынақ жығылсаң да,
Жігерленіп қайта тұрғын!..
* * *
Ботаң едім баурайыңда арда өскен,
Бола алмадым бірақ өткір наркескен.
Бәйге алмаған баяны жоқ тірлікте,
Боздағыңмын қызыл
табан қар кешкен.
Жалғызынан айырылып сорлаған,
Жүрген жерін күйік бұлты торлаған.
Жараланған маралыңмын туған жер,
Жүндей түтіп қатал тағдыр қорлаған.
Қасиетті Құлан құтты қонысым,
Құлдық ұрам құдыретіңнің молы үшін.
Қабырғамды қайыстырған қазада,
Қарыздар ем бергендерге қол ұшын.
Аласарып, қапаланып кеп едім,
Ажарымды нұрландырсам деп едім.
Айналайын Жалпақсазым, ауылым,
Сен кім едің, мен кім едім демедің.
Ар-намыстың айқара ашқан есігін,
Атажұртым, аяулы алтын бесігім.
Алты батпан азабымнан құтқар деп,
Алдиярлап жалбарынсам несі мін?!
Сарыуайым сауырына байланған,
Қасіреттің көкпарына айналған.
Қара тұман тұмшалаған басымның,
Ақ айдынын тазартып бер лайланған.
Көңілден мұң, көзден жасым тыйылсын,
Күйзелдірген қайғы жібі қиылсын.
Көкірегімді нұрға бөле, атажұрт,
Көшіп кеткен күлкім
қайта жиылсын!..
* * *
Жауқазындар жанарына шық тұнып,
Жәудір қағып жұпар шашса тік тұрып.
Тырналар да қиқу салып жырлайды,
Туған жердің ұлылығын ұқтырып.
Атақоныс – арқа сүйер тірегім,
Айбарыңнан қуат алар жігерім,
Қол бұлғаса қызғалдақтар жотаңда,
Тұра алмайды бір туламай жүрегім.
Ошағының мақтан тұтар көптігін,
Алтын ұям, биік болсын шоқтығың!
Сенде туып өскеніме, мың тәуба,
Одан басқа айтар сөзім жоқ бүгін.
Самал желмен, жауған қармен сырласқан,
Сенде өткізген әрбір күнім – жыр, дастан.
Шабытымды шақырады үнемі,
Шарбы бұлтын шүйкелеген нұрлы аспан.
Сенсің менің керегемді кеңейткен,
Сенсің менің достарымды көбейткен,
Бұтағы алтын бәйтерегім өзіңсің,
Бесіктен-ақ көсегемді көгерткен!..
ЖЫЛДАР, ЖЫЛДАР…
Жастық шағым, көрген түстей өттің бе,
Жабырқатып мені тастап кеттің бе.
Көктегі бұлт көлеңкесі секілді,
Жылжып жылдар қыс аулына жеттің бе?!
Қас өнерге мұрагер боп жүргесін,
Өріс тілеп өлеңге өмір сүргесін.
Борышым бар, бітпей жатқан ісім көп,
Жылдар, жылдар, тоқтатпашы
жыр көшін.
Қайыспасын қара нардай төзімім,
Қамықпасын алтын айдар сезімім.
Қызыл сирақ кездерімде жазылған,
Құлын жырдан естілсе екен өз үнім.
Гауһар тастай құбылатын әр қыры,
Таусылмасын махаббаттың ән-жыры.
Жұлдыздардай мәңгі бақи жарқырап,
Соғып тұрсын тіршіліктің тамыры.
О Жаратқан!
Мейіріміңе зәрумін,
Жырларыма жылу берсін ару Күн.
Қарттық келіп есігімді қаққанда,
Жүрегімді жүдетпесін қаяу, мұң…
ӨЛЕҢДЕРІМ – ӨМІРІМНІҢ АЙНАСЫ
Есік қағып сексен жасым келдің бе,
Ебелектеп құшағыма ендің бе.
Әлсіретіп ақыл, қайрат, жүректі
Әлімжеттік жасадың ба, жеңдің бе?!
Әлхамдулла, шүкір, деймін бәріне,
Әуелеткен тіршіліктің нәріне.
Әңгір таяқ ойнатса да қу тағдыр,
Төзе білдім қаһарланған кәріне.
Қартайсам да көз жанарым таймашы,
Қанат қағып бұлбұлдарым сайрашы.
Қабырғамды қайыстырған шақтағы,
Өлеңдерім – өмірімнің айнасы.
Ұлан-байтақ дала гүлін теретін,
Ұлт көшіне ілесетін, еретін.
Ер тұрманы түгелденген жастарға,
Менің мұрам – жырларым ғой беретін.
Адал жандар парасатты саналар,
Мұны айтқан менен бұрын даналар.
Өмір-өзен тоқтатпайды ағысын,
Қиындықтан қорықпаңдар, балалар!..
ПІКІРЛЕР1