Ұлт­тық киім үлгілері көз қуант­ты
20.03.2024
563
0

Республикалық Наурыз мерекесіне арналған онкүндік шеңберінде Ұлт­тық киім күніне орай, Алматы қаласындағы Қазақ мемлекет­тік академиялық филармониясында қазақтың ұлт­тық киімдерін дәріптейтін фестиваль өт­ті. Іс-шараның мақсаты – қазақтың ұлт­тық киім үлгілерін күнделікті қолданысқа енгізуге ықпал ету және осы бағыт­та жұмыс істеп жатқан дизайнерлерді ынталандыру.

Фестивальге ұлт­тық болмысты айшықтауға белсенді үлес қосып жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, суретші-дизайнерлер мен БАҚ өкілдері қатысты. Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты Әсел Атабектің орындауындағы «Нау­рыз-думан» әнінен бастау алған кеш сән көрсетіліміне ұласты. Көрсетілім Италияның Милан, Венеция қалаларындағы сән көрсетілімдеріне қатысып, ұлт­тық киім үлгілерімен әлемді тамсандырып жүрген Алматы қаласы «Белсенді ұзақ өмір» орталығының «Алматы әжелерінің» ерекше топтамасымен ашылды. Әдемі қарт­тық үлгісін ұлт­тық бояуы қанық киімдерімен айшықтай білген ата-әжелерімізге көпшіліктің құрметі ерек болды. Ал этно-дизайнер, ҚР дизайнерлер одағының мүшесі Бақыт Қызырқызы «Айпара» топтамасы арқылы қазақ ұл-қызының қайталанбас киім үлгісіндегі көркемдікті, ерекшелікті, өзіндік сұлулықты жаңашыл көзқараспен үйлестіре білген.
Жас та болса биікті бағын­дырып жүрген этно-дизайнер Нуршаим Асылбекқызының адам мен табиғат­тың үйлесімділігін, гармониясын сездіре білген «Самғау» топтамасы заманауилықтың жарқын үлгісі болды. «Этно-Эрато 2019» ХХІ Еуразиялық жоғары сән ұлт­тық киімдер байқауында, сондай-ақ Мәскеуде өткен ХІХ халықаралық байқауда «Ретро» номинациясы бойынша екінші орынды иеленген бұл топтама ұлт­тық киімді еуропалық үлгімен көркем түрде үйлестірген.
Алматы сән және дизайн колледжінің студент­тері мен оқу өндіріс шеберінің қолымен дайын­далған Несібелі Ахметованың «Сапура» топтамасы көрермендерге жылулық пен жайлылық сыйлады. Келесі кезекте көрсетілген Т.Жүргенов атындағы өнер колледжінің киім дизайны бөлімінің 3-курс студент­тері, жас дизайнерлер Анарбек Жансаяның «Жаңа Тыныс», Айтмухамбетова Көркемнің «Көктем самалы» топтамалары да ерекше ілтипатқа ие болды.
Осылайша, бұл күні ұлт­тық киімдер арқылы халық рухының шұғыласы шашылып, ұлт­тық дизайнның көркемдігі мен қайталанбас өрнегі тамсандырып, қазақтың бай мұрасынан шабыт алдық. Дәстүр мен стилді ұштастыра білген жас талант­тарды қанат­тандырған мұндай іс-шаралар халық мұрасының маңызын арт­тыра түсері анық.

Меруерт
МӘУЛЕТҚЫЗЫ,
журналист

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір