Құмар ойындармен күресу заң тұрғысында күшейтілмек
28.04.2024
142
0

Құмар ойындарға әуес болу талай шаңырақты ортасына түсіріп, көпті әуре-сарсаңға салып келе жатқаны баршаға аян. Осыған орай, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша 22 сәуірде ҚР Парламент Мәжілісі мақұлдаған заңнамалық түзетулерге қатысты пікір білдірді.

Ерлан Қарин Telegram парақшасында: «Бүгін Мәжіліс бірінші оқылымда Ойын бизнесі, лотереялар және лотерея қызметі мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен түзетулер туралы заң жобасын қабылдады. Қазіргі қоғамның бес негізгі әлеуметтік мәселесін атап көрсеткен Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атыраудағы сөзінен кейін депутаттар аталған түзетулерді бастама ретінде көтерді.
Сондықтан Мемлекет басшысы Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін ойынға тәуелділікке қарсы іс-қимыл туралы заң қабылдауды және лудоманиямен күресудің кешенді жоспарын әзірлеуді тапсырды. Заң жобасы талқысына Ұлттық құрылтай мен Президент жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшелері белсенді қатысып, бұл мәселені қоғамдық салада алғашқылардың бірі болып көтергенін еске сала кетейін», – деп жазған.
Бұдан Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұсынылған бастамаларды нақты жүзеге асыру үрдісі жалғасып жатқанын көруге болады.
Бұған дейін де осы мәселеге байланысты Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өткен болатын. Басқосуда лудоманияға және заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрес шараларын қамтитын құжатты әзірлеу барысы талқыланып, қоғам мен мемлекеттік органдар лудоманияға қарсы күресті және оның алдын алу шараларын жүйелі түрде әрі бірлесе жүргізуі керегі сөз болған. Аталмыш басқосуда Мемлекеттік кеңесші лудоманияның еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіре бастағанын, көбінесе жастар құмар ойындардың тұзағына түсіп жатқанын, сол себептен Жастар саясаты жөніндегі кеңес лудомания мен заңсыз ойын бизнесіне қарсы күрестің орталығы ретінде осы саладағы жұмысты үйлестіріп жүргенін тілге тиек еткен. Жұдырықтай жұмыла күресу бұл кеселге тоқтау болатынына сенеміз.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір