«СЕГІЗ СЕРІ» ЕРТЕГІСІНЕ ОСЫ ЖҰРТ НЕГЕ ҚҰМАР?
«Сегіз сері» дауының басталғанына бірнеше жылдың жүзі болды. 1960 жылдардың аяқ шенінде ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсыратындардың еңбегіне қаржы бөлінеді. Сол кезде есім-сойы елге белгісіз Қаратай Биғожин деген кісі халық әні «Елім-айдан» бастап, бүгінгі әңгімеге өзек болып отырған Қожаберген жырау мен «Сегіз серінің» атын баспасөзде жариялаған болатын. Содан бері Сегіз серінің болған-болмағаны жайында күмәнға толы талай пікірлер айтылып, ақыры ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ғалымдарының толып жатқан талдау-талқыларынан кейін «ондай адам болмаған, бұрыннан белгілі халық әндері, ел аузында ертеден келе жатқан қисса жырларды Қаратай Биғожин деген кісі жариялаған» дегенге саятын тоқтамға келіп, нүкте қойылған болатын. Жуырда газетімізде жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекеұлының «Ән мектебі Сегіз серіден басталады» атты мақаласы жарық көрген-ді. Араға апта салып газет редакциясына белгілі өнер зерттеушісі Бөрібай Кәртеннен қарсы мақала келді. Оқырман қауым екі жақты сараптау мен деректерден Сегіз сері туралы ақиқатты салыстыра отырып танысын деген ораймен Б. Кәртеннің мақаласын және есімі елге белгілі бірнеше ғалым, жазушылардың фейсбук әлеуметтік желісінде осы мәселеге білдірген пікірлерін қоса жариялағанды жөн көрдік.
Б.Нұржекеұлының Сегіз сері «жырын» қайта қоздатуының сыры неде?
Жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыз «Қазақ әдебиеті» газетінде Сегіз сері «жырын» қайта қоздатып, былай депті: «…Сегіз серінің артынан топырақ шашып, ондай адам өмірде болмағанын құлшына «дәлелдеумен» келеді. Ең өкініштісі: осы өрескел өтірікті М.Әуезов атындағы Әдебійет және өнер іністітұтының ғалымдары бастады. «Біз Сегіз серінің шындығына нүкте қойдық, ондай адам өмірде болмаған», – дегенді ұйалмай-қызармай баспасөз бетінде жарыйалады. Бұл мәселені қайта қарауды еліміздің үкімет басшысы арнайы тапсырғанда да, бұл мекеме айтқанынан қайтпады» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Нұржеке-ұлы Б. «Ән мектебі Сегіз серіден басталады». // «Қазақ әдебиеті» газеті, 10.07.2023 жыл).
Б.Нұржекеұлы бұл жерде жаңсақ кетіп отыр. Өйткені, сол кездегі үкімет басшысы «Сегіз сері» дегенге қатысты мәселені қайта қарауға ешқандай тапсырма берген жоқ.
Б.Нұржекеұлы бұдан кейін тағы былай дейді: «Сегіз серінің шын аты – Мұхамет-Қанапыйа, әкесі – Баһрам, атасы – Шақшақ, оның әкесі – «Ақтабан шұбырынды» зобалаңының әйгілі сардары Қожаберген жырау, оның әкесі – Толыбай сыншы. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз, бір сөйлескенімде, «Есім хан Тобыл бойында қалмақтарды жеңгенде, Толыбай оған тұлпар мінгізген», – деп еді».
Есім ханға Толыбайдың тұлпар мінгізгенін куәландыратын нендей дереккөзі бар, ол ескіден жеткен аңыз-әңгімелерде, жырларда қатталған ба, әлде Т. Кәкішев қасында қарап тұрған ба?! Анығын Бекең айта жатар.
Б. Нұржекеұлы сөзін әрі қарай былай деп жалғайды: «Өткенде «Гауһартас» атты телехабарға қатыстым. Сонда Ерлан Төлеутай деген балаларым қатарлы әнші жігіт: «Гауһартас» әнін әнші Майраға арнап Жарылғапберді шығарған», – деп соқты. «Сегіз сері жайында бірде-бір дерек жоқ, Затаевич жазбаған, сондықтан ондай адам жоқ», – деді. «Мен мұны 20 жыл бойы зерттедім!» – деді айрықша нығарлап. Хабардың соңынан сөйлесіп көріп ем, ол Қожаберген жырауды да жоқ қылды. Мен жағамды ұстадым» (астын сыздық.-Б.К.).
Белгілі өнертанушы һәм әнші Ерлан Төлеутай «Қожаберген жырау бұл өмірде болмаған» дегенде Б. Нұржекеұлының жағасын ұстап, қапаланатын да жөні бар. Соның сырын аша кетейік.
Қазбек бек Тауасарұлы есімді кісінің «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітабына (Алматы, «Жалын» баспасы, 1993 жыл) қатысты 90-жылдардың басында үлкен дау-дамай болды. Белгілі жазушылар, журналистер, тарихшылар бұл кітапты сынаған пікірлерін ортаға салды. Сонда «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі», «Сұхбат» басылымдарында осы еңбектің фальсификация екені толық дәлелденді. Алғашқыда жұрт елең еткен «Қазбек бекке» деген қызығушылық осыдан соң тез басылып қалды.
Қазбек бек XVIII ғасырда ғұмыр кешкен делінеді. Сол Қазбек бектің «қолжазбасы делініп, атадан балаға табысталып, қазіргі күнге жетті» дейтін кітапта күмәнді дүниелер өте көп. Мәселен, соның біреуін ғана куәлікке тартайық: «Қожаберген Толыбай баласы Тәуке заманында ғаскер басы болған, жау түсіріп, ту алған батыр еді. Ол батырлығымен бірдей сол заманның өзі көзбен көрген оқиғасын мол жырлаған адам. Жасы мен құралпы Бұқар оған құлдық ұратын» (астын сыздық.-Б.К.) – депті бір сөзінде «Қазбек бек» (Қараңыз: Тауасарұлы Қазбек бек. «Түп-тұқияннан өзіме шейін»: Басп. дайындаған Б.Қыдырбекұлы – Алматы: Жалын, 1993. 215-бет).
Б.Нұржекеұлының бұл жалған кітапты жақтауының негізгі бір себебі осында ма деп ойлаймыз. Анықтап айтсақ, «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты кітапқа Қ.Биғожиннің өтінішімен енгізілген «Қожаберген жырау» жайындағы өтіріктер ашылса, «Қазбек бектікі» делінетін «қолжазбаның» да жалғандығы әшкере болмақ…
«Қожаберген жыраудың» «жыр-толғаулары» жайында бірер сөз
Қалқаманұлы Бұқар (XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың аяқ тұсы) құлдық ұрған «Қожаберген» «жыраудың» «Сегіз сері» жеткізген, анығында Қаратай Биғожин «жеткізген» «Елім-ай» «жырының» әр тұсына көз жүгіртіп көрейік. Қашанда өлең жарықтықтың көркемдік деңгейі, сапасы қандай деңгейде екені бірер шумағынан-ақ белгілі ғой, соны нақтылайық. «Дастан» былай басталады:
«…Теріскей Алатауды қалмақ алды,
Найман мен Қоңыратты қуып салды.
Қайран жер жау иелігіне көшкеннен соң,
Жоңғардың Алатауы деп аталды.
…Алтын, күміс, мал беріп, аямай-ақ,
Орыстар мен Қытайдан білгір жалдап (?)
Сыбан Рабтан ден қойып өнерпазға,(?)
Ғаскерін үйреттірді бес жыл қамдап».
Осылайша кете береді. Осы өлең бе?! «Қожаберген» көрші елді «Қытай» дейді. Ал, Бұқар жыраудың айтатыны бар еді, «Шүршіт келем деген сөз бар-ды» немесе «Шүршіт келсе, Сырға көш» деп. Абыз жырау үлкен көршіні сол кездегі қазақтардың таңған өз атауымен атайды…
Дәлеліміз жалқы болмасын, «Қожаберген жыраудан» тағы да бір мысал келтірейік.
Құрттатып ет жейтұғын қалмақ кәпір,(11)
Қазақтың сахарасын жайлады ақыр.(12)
Теңемек болып бізбен терезесін,(11)
Жауығып жүруші еді тігіп шатыр.(12)
Академик З.Қабдолов бүй депті: «Ұйқас – ұйқас үшін тұрмауы керек, яғни өлеңнің пішініне ғана емес, мазмұнына қызмет етуі шарт» (Қараңыз: «Сөз өнері». – Алматы: «Қазақ университеті», 1992 жыл, 280-бет). Ал бұл жерде «Кәпір», «ақыр», «шатыр» деген мәтіндегі есімдер ғалым айтқандай ойлы, терең мазмұнға қызмет етіп тұрған жоқ, әйтеуір «ыр», «ірмен» аяқталатын мән-мағынасыз ұйқас үшін алына салған. Оқырманға ұғынықты бола түссін, тәптіштеп түсіндіре кетейік, мәнсіз, бөстекі мына сөздерден «өлең» шумақтарын жасаған: «Құрттатып ет жейтұғын кәпір қалмақ қазақтың сахарасын ақыр жайлады. Бізбен терезесін теңемек болып шатыр тігіп жауығып жүруші еді». Өлең құраудағы «тың әдіс», «соны соқпақтың түрі осы»! Міне, дастан деп ат қойып, айдар таққан «Елім- ай» «дастаны» бастан аяқ осындай ебедейсіз жолмен жамап- жасқалған (астын сыздық.-Б.К.).
«Дастандағы» сорақылықтарға көз жеткізе түсу үшін одан әрі тағы да назар салайық:
«Төреден Әйтеке би безін деді,
Келді ғой көсем сайлар кезің деді,
Қазақты батыр көсем басқармаса,
Быт-шыт қылар жау қалмақ сезін деді.
…Осындай көптен көсем ізде деді,
Хандарды шеттетуді көзде деді.
Қазақты төре бастап көгертер деп,
Малтаңды би мен бектер езбе деді», – дейді «Қожаберген».
Бүгінгі мемлекетіміздің алғашқы негізін қалаған Жәнібек пен Керей сұлтандар төре-тұғын. Одан кейінгі Хақназар хан, Қасым хан, Есім хан… беріректегі сайыпқыран Әбілқайыр хан, Абылай хан бүткіл ғұмырын ат жалында өткізген-ді қазақ жұртының тағдырын ойлап. Бұлар да төрелер болатын. Басы кім үшін жоғалып еді сойы төре баһадүр Кене ханның?! Қазақты өз алдына ел қылам деп «Алаш Орда» үкіметін құрған Әлихан Бөкейханов та төре-тін. Әйтеке бидің аузына сөз салып «жырлап» отырған Биғожин бұл жерде өтірік өлеңді де оңдыра алмай, беталды лаққан! Әйтекеге айтқызған «Өсиеті» нақты шындықтан тым шалғайда жатыр. «Аманат-болжамының» теріс боп шыққанын тарихтан көріп отырмыз. Бұндай өтірікке тек өресі таяздар ғана сенеді. Кемел ойлы Әйтеке би мұндай парықсыз сөзбен ел арасына әреке кіргізбесі анық.
Тарихтан бір кісідей хабары мол жазушы Мұхтар Мағауин де «Қожаберген жыраудың» осы «Елім-ай» «дастанымен» де, өзге «шығармаларымен» де танысқан, сосын мұндай шимай-шатпақтарға көп бас қатырмай: «…Қожаберген атына қатысты басқа бір нұсқалар кейінгі кездің жамауының астында қалған. Аршып алу мүмкін емес. Сөйтіп, Қожабергенмен қоштастым», – деп әлгі «толғау-жырлардан» біржола түңілген екен (Қараңыз: М.Мағауин. «Мен». Ғұмырбаяндық хамса.// «Жұлдыз».№8, 1998 жыл).
Бұқарды «құлдық ұрғызып» қойған Қожаберген жырау «жырларының» ұсқыны міне, осындай!
Еске сала кетейік, кезінде Білім және ғылым министрлігінің фальсификация «Сегіз сері Баһрамұлына» байланысты шығарған шешімінде осы бір өте шүбәлі «Көшебе Керей Қожаберген жырау» «шығармалары» турасында да мынадай тұжырым жасалған еді: «Тіпті, күмәнді мәтін болғандықтан… Қолжазба қорына өткен… Қожаберген шығармашылығы да институт ғалымдары (М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты. – Б.К.) әзірлеп, «Мәдени мұра» аясында жарық көріп жатқан «Қазақ әдебиеті тарихының» 10 томдық жинағына енгізілген жоқ. …ол Сегіз серінің атасы болды ма немесе осы уақытқа дейін халық әні саналып келген «Елім-ай» әнін шығарды ма, жоқ па? Ол жағы күмәнді, тек XX ғасырдың 70-жылдарынан бастап шыға бастаған, түп-төркіні белгісіз, мәтіндері біршама бұрмаланған, сапасы, көркемдік деңгейі сын көтермейтін көп толғау-дастандарды Қожаберген жырау шығарды деуге келмейді. Оған дәлел де, дерек те жетіспейді. «Елім-ай» қазақтың халық әні болып, ел басынан өткен қаралы кезеңнің символы, ескерткіші болып қала береді» (Қараңыз: «Ана тілі». №5, 1. 02. 2007 жыл; «Қазақ әдебиеті». №5, 2. 02. 2007 жыл).
Мынаны мықтап есте сақтау керек: тарихта Қожаберген есімді батыр болған көрінеді. Руы Керейдің Шұбарайғыры. Орыс, қытай мұражайларында есімі қатталып қалған дейді. Және Абылай ханның қасында жүрген (Қараңыз: Ә.Тарақов. Абылайдың ақ туы.// «Егемен Қазақстан». 30.07. 2008 жыл; А.Тойшанұлы. Қожаберген батырдың ақ туы.// «Дала мен қала».22.04. 2013 жыл; Ж. Артықбаев. Қолдан қаһарман жасаудың халыққа пайдасы қанша?// «Халық сөзі». 10.04. 2013 жыл). Бірақ мұны Биғожиннің «Қожаберген» «жырауымен» шатастырмау керек!
Сөзімізді енді Қ.Биғожиннің «Сегіз серісіне» бұрайық.
«Сегіз серінікі» деп жүргендері – Қ.Биғожиннің шатпақтары
Кезінде «Сегіз сері» турасындағы жалған әңгіме ел ішіне кең тарап, бұған бір қауым жұрттың қатты сеніп қалғаны да шындық. Алайда көп ұзамай дау-дамай туып, жалғанның арты ашылып, әшкере болды. Арада уақыт өтті. Басылған болар деп ек, басылмапты.
Б.Нұржекеұлы «Қазақ әдебиетінде» жарияланған мақаласында : «Мақпал» әні де бүкіл болмысымен «Мен Ақаңның әні емеспін» деп тұрғандай. Өлеңнің бірінші жолы «Үйірі қысырақтың мақпал қара», – деп жылқыға арналады да, екінші жолы «Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» – деп, қызға арналады. Өлеңнің екі жолы екі жаққа қыйсайып тұрғанына қарап-ақ өлеңнің бұрмаланғанын біліуге болады» деп жазады.
«Мақпал» – Ақан серінің әні! Мұның шумақтарын бұрмалап, өзгертіп, Қ. Биғожин өзі ойлап тапқан «Сегіз серіге» таңған.
«Өлеңнің бірінші жолы «Үйірі қысырақтың мақпал қара», – деп жылқыға арналады да, екінші жолы «Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» – деп қызға арналады. Өлеңнің екі жолы екі жаққа қыйсайып тұрғанына қарап-ақ өлеңнің бұрмаланғанын біліуге болады», – дейді Бексұлтан ағамыз.
Шынында да солай ма, Жүсіпбек Елебеков, Мәдениет Ешекеев, Қайрат Байбосынов сияқты ән саңлақтары орындап, ұлттық фонотекамыздың Алтын қорына енген Ақан серінің өз нұсқасын айғаққа келтірейік:
«Үйірі қысырақтың мақпал қара, (астын сыздық.-Б.К.)
Шашыңды күндіз жу да, түнде тара.
Алыстан ат аямай келгенімде,
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара!» (астын сыздық.-Б.К.) (Қараңыз: Қазақ әндері. (Халық композиторларының әндері): – Алматы. «Жазушы», 2-том, 1968, 127 – бет).
Өлеңдегі «Ей, Мақпал қырындамай бермен қара!» деген сөйлем төртінші тармақта орналасқан, Б.Нұржекеұлы айтқандай екінші жолда емес.
Ал Ақан серіден алып Қ.Биғожин бұрмалаған бұл шумақ былай, мұны кейбір ғалымдар бір кездері мектеп оқулығына да енгізген-тін:
«Ақша жүз, бота көзді, қасың қара,
Шашыңды түнде жуып, күндіз тара.(?)
Ниязбен екеуміз келген шақта,
Мақпалжан, бұлғақтамай бізге қара». (Қараңыз: «Қазақ әдебиеті (XIX ғ) //жалпы білім беретін мектептің қоғамдық – гуманитарлық бағытындағы 10-сыныбына арналған». Құраст. З.Ахметов, Ұ.Асылов. // Хрестоматия. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002. 358-359 беттер.)
Қазақ түнде шаш жумаған, жаман ырым деп есептеген. Сонда қалай, «Сегіз сері» соны да білмеген бе?! Жә, жақсы…
Бүлінген, көркемдігінен айрылған «Мақпалдың» тағы бір шумағын келтірелік, онда:
«Келгенім Сыр Бойында Найман елі,
Қазаққа даңқым шыққан Сегіз сері.
Қиырдан ат арытып, іздеп келдім,
Бір көріп қайтпақ болып, Мақпал, сені», – делінеді.
Ал Ақан серінің «Мақпалында» бұл былай:
«Үш жүзге атым мәлім Ақан сері,
Келгенім Мақпал қыздың туған жері.
Алыстан ат сабылтып келдім іздеп,
Бір көріп қайтайын деп, Мақпал, сені».
«Сегіз серінікі» қылу үшін, әуелгі нұсқасы осылай еді деп өзгелерді сендіру үшін Қ. Биғожин «Мақпал» әнінің басқа да шумақтарын түгелдей бұрмалап, өзгертіп шыққан дейді.. Бассыздықпен оқулыққа енгізілген сол шатпақтарды бұтарлап талдаған сын мақаламыз да жарияланды («Оқулықтағы сауатсыз авторлар бейбастағы» деп терсеңіз ғаламтордан оқып, таныса аласыз). Сондықтан бір айтқанды қайта айтып, соның бәрін тәптіштеп жатқымыз келмейді. Түсінігі жоғары, сөз ұғатын жандарға келтірілген осы айғақтардың өзі де жеткілікті!
Кемеңгер ғалым, композитор Ахмет Жұбанов «Мақпал» шығармасына назар аударып, оның бітім болмысына мынадай сипаттама беріп, әннің Ақан серінікі екенін нақтылап айтады: «Ақанның көпке белгілі шұрайлы шығармасының бірі «Мақпал» … – дей келіп ән мәтінін ұсынған ол, – «Мақпал» – мелодиялық дамуы аса заңды, тыңдаған адамға әсері күшті, лирикамен қатар, драмалық элементтері де бар ән. Әсіресе, дарынды халық композиторларында кездесетін кейбір альтерациялық дыбыстар «Мақпалды» да көркемдеп тұр. Ақанда ол жиі кездеспейді. Бірақ керек жерінде таңқаларлықтай тауып қолданады», – деп пікірін тәмамдайды (Жұбанов А. «Замана бұлбұлдары». – Алматы: Қазақтың Мемлекеттік көркем баспасы, 1963, 66-67 беттер).
Бәлкім, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы академик Ахмет Жұбановтың осы сөзін түгелдей теріске шығарып, «Мақпалдың» әуені Ақан серінің емес, «Сегіз серінің» қолтаңбасына келетінін көзге шұқып тұрып, дәлелдеп берер. Сөйтеді деп үміттенеміз.
Орыс географиялық қоғамы мұражайындағы, Орынбор облысының мемлекеттік мұражайындағы, Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік мұражайындағы және басқа да тарихи құжаттардағы Исатай мен Махамбетке қатысты мәліметтер мұқият жинастырылып, жүйеленіп топтастырылған «Исатай – Махамбет. 1801-1848. Документы» деп аталатын деректер жинағы қолымызда. Ол «Арыс» баспасынан 2003 жылы жарық көрген. 448 беттен тұрады. Құжаттарда Исатай мен Махамбеттің не істеп, не қойғаны, кімдермен байланыста болғаны, көтеріліске шыққан кездегі саяси ахуал, соңында батырдың қалай өлтірілгені түгел тәптіштеліп шашаусыз баяндалған. Мұнда Исатай мен Махамбеттің «жан жолдасы», «ақылшысы» «Сегіз сері» дегеннің есімі де жоқ. Елеусіздеу болса да. Мүлде атаусыз қалған.
Демек, Бексұлтан Нұржекеұлының: «Жайау Мұсаның «Ер Сегіз» дастанында «Сегізбен заманында жолдас бопты, Кіші жүз Ыйсатай мен Махамбет ер», – дегеніне қарағанда, ол мәліметтің бәрін Сегіздің өз айтыуынан естіген» – дегені дәйегі кем сөз!
«Жаяу Мұсаның «Ер Сегіз» атты дастаны болған» деп жалаулатып жүргендердікі де сол баяғы Қ. Биғожиннің өзі Жаяу Мұса боп қолдан жамап-жасқап елге таратқан шимай-шатпағы! Бұны сөз танитын көзі қарақты адамның өлең деп айтуға аузы бармайды! Сондықтан оны дәлелге келтіріп, талдап, уақыт жоғалту – пайдасыз.
«Сегіз сері» деген кейіпкердің авторы – Биғожин!
Тарихшы-ғалым, оралдық Исатай Кенжалиевті 80-жылдардың екінші жартысында Қаратай Биғожиннің өзі іздеп барады. Танысады. Исатай аға Биғожинге құрмет көрсетіп, қонақ қылып, тұз-дәмін ұсынады. Сонан Қаратайдың «Сегіз сері» деген кісі жайлы әңгімесіне бек сенген И.Кенжалиев мақала жазады. Кейін сол «сері» қазақтың ежелден келе жатқан жырлары мен халық әндерінің жартысынан астамын аяқ астынан иеленіп шыға келгенін білгенде, бұл қалай деп қатты ойланып қалады. Содан оның өмірде болған, болмағанын анықтау үшін Арқа, Жетісу өңірін аралайды. Әуелі «Сегіз серіні» жарыққа шығарушы бірден-бір жанашыр жоқшысы сол ғой деп, Қаратай Биғожиннің өзінен сұрайды.
И.Кенжалиев: «Сегіз сері бәрімізді қызықтырады, бірақ материал берушілер объективті мәлімет беріп пе, соны тәптіштедік пе? Сегіз сері туралы мәлімет берушінің бірі Қаратай Биғожин: «Сегіз сері менің арғы атам, оның үш ұлы болған, жазбалары бар еді, қазір жоқ», – дейді. «Ал енді осынша өлең, жырларды қайдан, кімнен тауып алдың?» деген сұрағымызға нақты жауап болмады!» – деп жазады. (Қараңыз: Кенжалиев И. «Сегіз сері кім?». «Жалын» журналы, 9-10 сандары, 256-273 беттер).
Бұдан әрі Исекең былай дейді: «М. Шақшақов туралы («Сегіз серінің» шын есімі «Мұхаммедқанафия» дейді Қ.Биғожин.-Б.К.) алғаш мәлімет Әдебиет және өнер институтына 1974 жылы Қаратай Биғожиннен, кейін Мәди Болатовтан түскен және жеке қолжазбалар тапсырылған».
Анықтап білген осы дерек бойынша И.Кенжалиев Мәди Болатовты іздеп табады. Онымен кездескенін былай деп баяндайды«…Жезқазғанға барғанымызда Ғылым академиясына жіберген Мәди Болатовпен сөйлесіп: «Сегіз шығармаларын кімнен алдыңыз?» – дегенмізде ол кісі Қ.Биғожинге сілтеді (астын сыздық.-Б.К.). Менің «Сегіз серінің Бекмағанбет Өтемісовке айтқан өлеңі бар көрінеді», – дегеніме Мәди сенбеді. «Сегіз сері Бөкейлікте қайдан болсын, бұл сірә Қаратайдың өзінің құрағаны болар» – деді ол. Өйткені, ол ауыз әдебиетін көп біледі, әрі өзі де өлең шығарады екен» (астын сыздық.-Б.К.). Міне, гәп қайда жатыр!
«Мәди пікірінің растығына қосыламыз, – дейді одан әрі И.Кенжалиев. – Биғожин Қаратай Семейге, Павлодардан Оралға аралап жүре беретін көрінеді. Оны өзі айтады. Білгенін таратып, жазып та береді екен» (астын сыздық.-Б.К.).
Тарихшы-ғалым И.Кенжалиев 1978 жылы Талдықорған облысына сапарлайды, сонда Қ.Биғожин атаған «Жетісу» колхозында тұратын Қақабаев Ысмағұлға, Жауленов Нүсіпбекке, Тынышбаев Жамаубайға, Керімбаев Балтабайға, т.б. кісілерге жолығып, «Сегіз сері» туралы сұрайды, олар ештеңе де айта алмайды. Сонан «Жаңаталап» совхозындағы Мамыраев Адамбайға барып әңгімелеседі, бұл да мардымды жауап бермепті.
Мұнан кейін И.Кенжалиев «Сегіз серінің» атамекені делінетін Солтүстік Қазақстанға барады. М.Шақшақовты біледі-ау деген адамдарды тауып алады. Сөйлеседі. Бұл жолғы сапарын ол кісі былайша баян қылады: «…Преснов ауданындағы …Қ.Жапаров, Ж.Бекбауов, т.б. кісілермен сөйлестік. Бұлар да жөнді мәлімет айтпай, «Сегіз сері туралы есітеміз, Қаратай айтып жүр ғой» деген сияқты сөзбен ғана шектелді» дейді.
Өзге жұрт білмесе не жазық бар, не өкпе бар. Масқара қылғанда «Сегіз серінің» үлкен ұлы «Мұстафаның» немересінің өзі білмейді дейді, сондай да сондай болған атасын.
Бұған айғаққа ғалымның сөздерін тағы да ұсынайық. «М.Шақшақовтың үлкен ұлы Мұстафаның немересінің үйінде болып балаларын көрдік, – деп жалғастырады шындық үшін, тарихтың тазалығы үшін шыр-пыр болып жүрген Исатай аға Кенжалиев. – Әңгіме айтар ешкімді таба алмай, Архангельск ауыл кеңесіне барып, орта мектеп директоры Қ.Қопышовпен жүздестік, ол: «Сегіз сері туралы естиміз, анығын білмеймін, қарттардан ондай кісі болды деп естімедім», – деді. «Гауһартас», «Мақпал», «Қарғаш», т.б. әндер Сегіздікі дейді, сіз сенесіз бе?» деген сұрағыма да күмілжіді», – дейді.
«Сонымен М. Шақшақов еліне барып, – дейді тарихшы ғалым, – Сегіз сері деген айтулы адамның болғанына көзімізді жеткізе алмадық. Сонда да тағы іздестіріп облыстық газетке мақала жаздық. Бұнымен қатар Омбы облыстық архивіне хат жазып: «Ондағы әскери училищеде 1830-1835 ж. М.Шақшақов оқыды ма?» – деп сұрадық, бірақ үміт ақталмады (астын сыздық.-Б.К.). Біз бұған да тоқтамай, Омбы губерниясының архивінен 345-қорды қарап, сол кезде қазақтарды билеген «Петропавл, Көкшетау приказы» деген жергілікті әкімшілік материалдарын ақтарып, Таузар аулынан, Есеней Елемесов би ауылы адамдарының тізімінен Баһрамұлы Мұқамбет-Қанафия не оның туыстарының есімін кездестіре алмадық… Архивте Сегіз серіден бұрын жасаған Қазбек би туралы жазба бар, Өскенбай, Шорман, Тәттімбеттер жөнінде мәлімет бар…».
Ғалым ағамыз іздеуін тоқтатпайды. «Сонда да біз Сегіз серіні білер деген кісілерді іздестіріп Павлодардағы Елеуке Қалдановқа (журналда Қаукенов. Корректорлық қате.-Б.К.), Жезқазғандағы Пішенбаевқа, т.б. азаматтарға хат жазып, сұрау салдық. Бәрі де «Қаратай біледі, біз содан алдық дейді» (астын сыздық.-Б.К.), – деп баяндайды Исатай Кенжалиев.
Мінекей, баршамыз куә боп отырмыз, таныстары, жерлестері «Сегіз сері» турасындағы «мәліметтердің» тек Биғожиннен алынғанын, жұртқа содан тарап кеткенін айтқан. Тарихи құжаттарда, архивтерде есімінің кездеспеуі де өмірде мұндай тұлғаның мүлде болмағанын толық айғақтап тұр.
Қ. Биғожиннің бейәдеп әрекеттерге баруының негізгі себептері
Қ.Биғожиннің шектен шыққан мұндай әрекеттерге бару себебі мына жайларға байланысты екен: 1960-70 жылдары ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қорына ел ішінен фольклорлық мұраларды жинап тапсырушылар еңбегіне мемлекет арнайы қаржы бөледі. Ақшаға қатты қызыққан Қаратай Биғожин де халық арасынан ескі заман «туындыларын» жинай бастайды. Бірақ басқа жолмен. Басқа әдіспен. Ол «халық өлең-жырларын» Жанкісі жырау боп, Жанақ ақын боп, Біржан сал, Көкбай Жанатайұлы, Нұржан Наушабайұлы тағы басқалары боп жанынан өзі шығарады.
Сыр бойы мен Ырғыз өңірі арасын жайлайтын қазақтар арасында туған, үзіндісі С. Мұқановтың «Өмір мектебі» кітабына енген «Мақпал – Сегіз» атты дастаннан бұрмалап, «Сегіз сері» дегенді «шығармаларына» кейіпкер етіп алады. «Сегіз серінің» «атасы» «Қожаберген» «жырау» дегенді және ойлап табады. Биғожин осы «ақын бабаларына» өзі құраған күлдібадам «Қыз Жібек» «жырын», «Елім-ай» «дастанын» тағы басқаларды таңады. Солар шығарды деп. Мерзімді басылымдар арқылы насихаттайды. Сонымен қатар халық мұралары мәтіндерінің кейбір тұстарын өзгертіп немесе оған өтірік шатпақтап шумақтар қосып, бәлен деген өлеңнің, жырдың бастапқы нұсқасы осылай еді деп те жіберіп отырған. Ол кезде қазақтың бойына совет өкіметі қалыптастырған жағымсыз психология бар-тын, ол – қарсылық танытпай бас шұлғи беру. Сондай жаман қылықтың бірі – кітапқа, газетке не жазылса да бәрін ақиқат, бәрін керемет санайтын, сенетін. Өзіндік сын көзбен, күмәнмен қарау жоқ-ты… Өтіріктің әуелгі өріс алуы – осылай. Жақсы білетіндер Қаратай Биғожин туғаннан кемтар кісі-тұғын деп куәлік береді (Қараңыз:
Қ. Омаров. «Жалған ойға жармасқан топ». // «Қазақ әдебиеті» газеті, 29. 06. 2007 жыл). Күнкөріс қамындағы мұқтаждықтан һәм мүгедектігінен ол осындай бейәдеп істерге барған.
Қ.Биғожин осылай ойдан шығарған жалған «Сегіз серіге» Білім министрлігі мен ҰҒА ғалымдары нүкте қойған-ды (Қараңыз: ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі (27.11.2006 жыл. № К–1514 /. «Ана тілі» газеті. № 5. 1.02.2007; «Жұлдыз» журналы. № 3. 2007; «Қазақ әдебиеті» газеті. № 5. 2.02.2007 жыл; Қараңыз: ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жетекші ғалымдарынан құрылған Тексеру комиссиясының қорытынды-сараптамасы (6.02.2007 жыл, № 056/35 — 0325). «Қазақ әдебиеті» газеті (№ 29. 20.07.2007 жыл).
Осылайша әлдеқашан әшкере болып, Жайық пен Алтайдың арасын жайлаған ел түгел құлақтанған «Сегіз Сері» ертегісіне осы жұрт неге құмар? Түсінбедім.
Бөрібай
КӘРТЕН
Ақтөбе қаласы
Оқырмандар былай дейді…
Ахмет Өмірзақ:
Егер Сегіз серіні композитор деп мойындасақ, ол қазақтың Моцарты болғалы тұр! Ақбақай, Назқоңыр, Дайдидау, Япурай секілді классикалық әндердің бәрін сол кісі шығарған болады! Демек, халық керемет әндерінің бәрінің авторы бір адам, ол – Сегіз сері!))
Серікбай Қылышбай:
Бексұлтан ағамыз қолдан тұлға жасап алып, соған өздері тамсанып жүреді. «Түп-тұқиянды» солай жазған ғой. Талай надан тарихшылар мен трайбалды топ өкілдері соған әлі күнге сілтеме жасайды. Сілтейді, қысқасы, ондай ортада жоқтан бар туады…))
Арасанбай Жексенбекұлы:
Серікбай Қылышбай, Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің көп томдығынан келтірілген дәлелді цитаталар ше? Олар да сандырақ па, Сіздіңше? Алдымен мақаланы толық оқып шығу керек қой, қарсы пікір айту үшін! «Сандалған әңгіме екенін сандалмаған дереккөзімен дәлелдей білу міндет! Әйтпесе, Сіздің сөзіңіз де дәл сондай бос далбаса болып шығады.
Серікбай Қылышбай:
Арасанбай Жексенбекұлы аға, сізді ерекше құрметтеймін. Бірақ шындыққа тура қарағанды ұнатамын. Егер Бексұлтан ағам сол Мәшһүр Жүсіптің 20 томдығына енген Сегіз сері толғауының қолжазбасына сілтеме жасап, түпнұсқаны көпшілікке жайып салса, мен мойындар едім. Сол сәтте кандидаттық дипломымды алдарыңызда жыртып тастаймын. Яғни, 100 пайыз жалған екеніне сенімдімін.
Тынысбек Қоңыратбай:
Сегіз сері туралы қазақ даласын жаяу аралап, 1500-ден астам ән-күйлерін жазып алған А.В.Затаевич неге бір ауыз сөз қалдырмаған? Ел арасынан шыққан әншілер шығармашылығын тиянақты зерттеген академик А.Жұбанов неге ауыз ашпаған? Халқымыздың ән өнерін қопара зерттеп, жинастырған осы екеуі емес пе?
Серікбай Қылышбай:
Невидимка емес шығар. 19 ғасырда өмір сүрсе, біреу-міреу көре қалуы керек еді. Алаш патриоттары сол Затаевичке көптеген дерек беріп, ән-күй жаздырғанда атамағаны күдік тудырмай ма? Сол замандағы Махамбеттерді, Құрманғазы, Шернияздарды айтпағанда, Балуан шолақ, Иманжүсіп, Мәдилерден бастап ондаған бунтарь серілер мен әнші-ақындардың мұрасын көзі ашық қазақтың бәрі білгенде Сегіз серіні нағып ешкім естімей, көрмей, білмей қалған? Демек, Сегіз сері 19 емес, 18 ғасыр соңында Ырғыз-Қазалы-Бесқала аймағында өмір кешкен балуан һәм сері деп білемін (Арқада емес). Оның есімі мен музыкалық мұрасының көмескі тартуына уақыттың ескілігі мен мойны алыс өлкеде ғұмыр кешуі елеулі ықпал еткені анық! Кіші жүздің Әлім руынан шыққан Сегіз балуан туралы көптеген аңыз, жыр үлгілер ҚР Орталық ғылыми кітапханасындағы сирек қолжазбалар қорында сақталған. Ал мына Бекең мен Биғожин айтып жүрген қызылжарлық керей Сегіз сері «Мақпал-Сегіз» дастанының негізін ала бұрмалап отырып қолдан жасалған жасанды тұлға. Мұндай қолтума серілер халық әдебиетін ғана емес, тұтас қазақ поэзиясын әбден былықтырып, шірітіп бітті. Қожаберген жырауды да Биғожин дәл осылай «Елім-ай» дастанына сүйеніп, ордабасы, сардар, сазгер, би, жырау етіп қайта туғызған еді! Алла бұл бағыттағыларға тауфық берсін дейміз. Ақиқат түбі айқындалар, ұяты бар пенделер тәубеге келер…
Kaken Kamzin:
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев ше?
Серікбай Қылышбай:
Kaken Kamzin Көпеевтің бес кітабында ол туралы жоқ. Кейін балдар қосып жіберген ғо.
Ахмет Өмірзақ:
Бір тұлғаны қолдан жасаймын деп, бүкіл тарихты былықтырып жатыр! Мәшһүр Жүсіпті де былғады енді. Жалған атақ қуғандар адам түгілі құдайдан қорықпайды! Сегіз сері, Өтейбойдақ, Казыбек бек… Тағы кімді ойлап табар екен?..
Нұрлыбек Саматұлы:
«Мақаланы оқып шығыңыз» деген соң оқыдым. Арнайы талдап, пікір жазайын деген ойым жоқ. Бірақ Бексұлтан ағамның «…Жаяу Мұса «Ер Сегіз» дастанында ол шығарған жырлар мен күйлерінің және әндерінің бәрін дерлік айтып береді» дегенінен-ақ осы дастан дегенін берідегі біреу жазбады ма екен деп күмәнданып қалдым. Дастан деген «…жырлары мен күйлерінің және әндерінің бәрін дерлік» тізбелеп отырмайтын шығар, мерейтойлық мақала сияқты. Автордың жазуына сенсек, Жаяу Мұса мынау Сегіздің алғашқысы деп әндерін бүгінгі ғалымдар сияқты топқа бөліпті. Онымен қоймай, «…оның ән мектебінде бас қосқан өзге өнерпаздарды да нақты айтады» екен. Сөйтіп, салақұлаш тізім кетеді. Менің бұл пікірім ұшқары да болуы мүмкін. Негізі ол дастанды қолға алып оқу керек. Мәтіндік сараптама, талдау жасаса, дастанның шын-өтірігі көрінеді.
Серікбай Қылышбай:
Оның ойланатын дәнеңесі де жоқ. Бұлар Шәңгерей сұлтанға да Сегіз сері туралы арнау жазған деп соғады. Шоқанның, Имантайдың, Ыбырайдың есімдерін қойғызады. Арғы аталары Жалаңтөс, Сырым, Ағатай билерге, берісі, Исатай, Жанқожа батырларға ауыз салып, қыздарын алған болып шығады. Тап-таза фантастика ғо. Ал өздері үшінші атасының бәйбішесінің атын біле ме екен, тәйірі…
(Пікірлер әлеужеліден алынды)
ПІКІРЛЕР1