Аманқос Мектептегі: Ғалым деп жүргеніміздің көбі – шөпті де, шөңгені де өлең қылып жүр
Белгілі ғалым, көсемсөзші Аманқос Мектептегімен сұхбаттасудың сәті түсіп, азды-кем әңгіменің басын қайырдық. Ғылыми ортада, қоғамдық пікір додасында тосындау көзқарастарымен танылған және сол тосын көзқарастарын тосын деректермен дәлелдей алатын Аманқос Құлтанұлы Күлтегін, Тониқұқ заманындағы оқиғаларды бүгінгі билік ерекеше ескеріп отыру керек екенін айтады.
– Сіз 1997-98 жылдары халықаралық «Қазақ елі» газетіне мақалалар жазып тұрдыңыз-ау деймін. Мен – ол кезде газеттің «барып кел, шауып келіне» жарап қалған жас тілшісімін. Сізді жыға танымаймын, шынымды айтсам, мақалаңыздың соңындағы аты-жөніңізбен де таныстығым шамалы.
Бір бөлмеде 4-5 қызметкер алқа-қотан отырамыз. Бір күні ортамыздағы ортақ телефонымыз безілдеп қоя берді де, тұтқаны көтеріп сөйлескен Жалалладин ағам: «Мектептегі Аманқос келе жатыр, көне түркі жазуы туралы көлемді мақала жазыпты, мақаласын әкеле жатыр, газеттің алдағы нөміріне жоспарлап, енгізейік», – дегені. «О-о, – дедім ішімнен, – міне, керемет! Мектеп қабырғасында жүріп көне түркі жазуы туралы мақала жазады. Бұл бір алғыр бала болды ғой. Өзімен жақсылап танысып алу керек екен…». Сөйтіп отырғанымызда жайнаң қағып бір жас жігіт кіріп келді. Ағаларым шұрқырап тұрып әлгі азаматпен амандасып, хал сұрасып жатыр. «Кел, Аманқос, төрлет», – дейді. Сол уақытта барып «мектепте жүрген Аманқос» сіз екеніңізді ұқтым.
Бұл сұрақ сізді әбден мезі қылған да шығар. Сонда да сұрайын, жұрт жаппай «-ов», «-ев»-тен бас тартып, өзінің есімі мен атасының (әлде бабасының) атын қатар қойып жаза бастағанда сіздің «тек»-ті таңдауыңыз, сірә, тегін болмаса керек. Солай ма?
– Иә, Дәуке, «Қазақ елі» газеті жарыққа шықпас бұрын, болашақ апталықтың болашақ бас редакторы Бақыт аға Сарбалаев «Ана тілі» басылымында бірге қызмет еткен жігіттерге оқырманды қызықтыратын тақырыптарға мақалалар жазуымызды сұрады. Ұмытпасам, сол жылдары ежелгі руна төлтума жазба дәстүрімізге қатысты ой-пікірлерімді оқырман назарына мен де ұсындым.
Зады, «Ана тілі» газетінің алғашқы бас сарашысы Жарылғап Бейсенбайұлы, орынбасары Бақыт Сарбалаұлы, жауапты хатшы Ертай Айғалиұлының ұстанымы оқырманды елең еткізетін тың тақырыптарға көп көңіл бөлетін. 1990 жылы 22 наурызда «Ана тілі» газетінің тұңғыш санында «-ОВ» туралы. Ресми аты-жөнiмiздi ұлттық дәстүр бойынша атасақ…» деген проблемалық мәселе көтерген болатынмын. Әлі есімде, еліміздің түкпір-түкпірінен редакциямызға ағылған хат-хабарда шек болған жоқ. Бұл мәселе, шын мәнінде, азаматтарды қатты толғантты. Оқырмандар тарапынан аты-жөнімізді атаудың түрлі-түрлі нұсқалары ұсынылды. Бір ғажабы, тегімізге жалғанып келген «-ов», «-ев» қосымшасы – орыс тілі емес, қазаққа тән төл сөзі екенінде. Бірақ тегімізді танытатын «-ов», «-ев» орыс тіліне сіңісіп кеткені сондай – бүгінгі ұрпақта оған сенбестей сана қалыптасты. Бағзы дәуірде отбасының үйі дәулеті мен сәулеті, мәртебесі мен даңқы асқан, өсіп-өнген деген анықтауышты білдірген. Мәселен, дулат руы – дулеби, каспий (теңізі) – қас+ебі дегеннен қалыптасқаны белгілі. Ауыз әдебиетінің үлгілерінде, жыраулар тілінде де «еб[п]» – «үй», «бекініс» мағынасында қолданылады. Ыстамбұл түріктері үйді әлі күнге дейін «ев» деп атайды. Байырғы сөйлем құру тәртібі бойынша анықтауыш анықталатын сөздің соңынан келген. Мәселен, Айсұлу, Күнсұлу, Айжарық, тағысын-тағы кісі есімдерінде бұл ерекшелік сақталып қалған. Бұл жөнінде білімпаз профессор Құдайберген Жұбанов қазақтың байырғы сөз құрылысына байланысты зерттеу еңбектерінде тиянақты талдау жасап, уәжбен дәлелдеген.
Біздің өз сөзіміз бола тұра, «-ов», «-ев»-тен қашқандағы мақсатымыз, біріншіден, архаизмге айналған сөздің мағынасы бүгінгі ұрпаққа жат болып көрінді. Екіншіден, аты-жөнімізге «-ов», «-ев»-ті жалғау азаматтарға орыс империясының рәмізіндей әсер етті. Үшіншіден, Карл Маркс пен Фридрих Энгельстің жер бетіндегі іргелі ұлт өкілдерінің ерекшелігін айқындаған мінездемесінде «төрүк ұлыстары туыстық атауларға бай» деген анықтама берген. Расында, қазақтың тілі бай. Кез келген ұғымның қазақ тілінде мәндес атауы бар. Ал туыстық атаулардың әрқайсысы жеке-жеке мән-мағына үстеген. Сондықтан тілімізде қолданып келген жат тілден енген «фамилияның» орнына «тегі» деген төл сөзімізді неге алмасқа деп шештім. Ендеше, «-ов», «-ев»-тің орнына «тегі» сөзін жалғасақ не сөкеттігі бар. Өйткені «тек» сөзі «ген», «қан» ұғымының баламасы екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Ерте, ерте, ертеде, бағзы дәуірде тасбітіктің басына төрүктердің тотемдік бөрі атасын кие тұтып мүсіндеуі – мына жарық дүниені көруге жаратқан ата-бабасына деген шексіз құрметі. Иісі қазақ «ататегін сұраса келе қарын бөле болып шығады» дейтін тәмсіл бар. Өткен ғасырдың басында геометрия оқулығын «пішіндеме» деп ат қойып, тұңғыш қазақ тілінде сөйлеткен алаштың біртуар ұлы Елдес Омарұлы қалыптастырған «сутегі, оттегі» терминдік атаулары ғылыми тілімізге сіңісіп кеткенін екінің бірі біле бермесі анық. Иә, айта берсек, мысал көп. Жә, қысқасы, өткен ғасырдың 90-жылдары «Көп тілеуі – көл» демекші, іле-шала ҚР Ішкі істер министрлігі мен Әділет министрлігі және АХАТ мекемесінің бірлесуімен мәселенің түйіні шешіліп, біз ұсынған «тегі» сөзі қолданыстағы фамилия орнына да, фамилияны білдіретін атауға жалғанатын жұрнақ ретінде де ресми бекітілген болатын. Газет көтерген қоғамдық пікірге байланысты әлгі министрлік пен АХАТ мамандары бас қосқан мәжіліске мені шақырып, ғылыми-практикалық маңызы тұрғысында қайта-қайта пысықталғаны дәл бүгінгідей есімде. Алайда айрандай ұйыған істі біздің дуалы ауыз беделді тұлғалар – аға буын ағаларымыз бұзды. Мемлекетіміздің бас газеті саналатын «Егемен Қазақстан» басылымының журналист-қаламгерлерлері есім-сойын атасы мен бабасын қатар қойып, шетелдің моделін (Жорж Симонян, Индиро Ганди, т.т.) үлгі тұтып, еліктеп-солықтады. Онысын «біздің қазақта бұл нұсқа да бар» деген уәжбен Қарақыпшақ Қобыланды, Қоңырат Алпамыс, берідегі Әлкей Марғұланды мысал етіп, ресми заңдастыруға ықпал етті. Сөйтіп, мемлекеттің бас газетінің үні жағдайды оп-оңай өзгертті де, куәлік, төлқұжат алатын ресми мекемелердегі қызметкерлер «заңды орындаймыз» деген желеумен азамат пен азаматшаның есім-сойын атасы мен бабасын қатар тіркестіріп, қазақтың ерекшелігін жоя салдық. Бұл біріншіден, аты-жөндегі екі адамның кімнің кім екенін шатастырса, екіншіден, қазақтың салтында бар ат тергеуге қатысты, ұлттың діліне, менталитетіне тән келін атасының атын айтуға «тыйым салған» әдет-ғұрыпты жоюға жасалған шара сияқты. Бұл арада біздікі ескілдікті аңсау емес, қанға сіңген ұлттық, әдемі әрі жарасымды ғұрыптан ажырап қалуға септесіп тұр. Үшіншіден, ұқсас ныспылы азаматтардың жиі қайталануы қылмыс әлемінде анықтауға тиісті кейбір мәселелерде қиындық туғызатыны тәжірибеде бар екен…
– Қысқасы, «-ов», «-ев»-тің түп төркіні түркі тілінде жатыр дейсіз ғой.
Әбеке, сіз осы күндері жетпіс дейтін жастың желбауын ұстап отырсыз. Мектептегі Аманқос дейтін есім-сойыңызды әуелі елге әйгілеген Мектеп бабаңыздың атына жалғанған аффикс – тек болса, екіншісі – сіздің ғылым жолындағы еңбегіңіз екені даусыз. Жоғары оқу орнында студенттерге дәріс оқисыз. Азды-кем ғылыми атағыңыз да бар. Қысқасы, сіздің өміріңізге, қол жеткізген табыстарыңызға қызыға қарауға әбден болады. Бірақ сіздің бүгінгі ғылымға да, ғылыми ортаға да көңіліңіздің толмайтынын байқаймыз. Кертартпалау болса да осы арада сауал туады: Бір адам ғылымдағы бүкіл жүйені өзгерте ала ма? Ендеше, үндемей жүре бермейсіз бе?
– Иә, Дәуке, сауалыңыздың астарын аңғардым. 70 жыл Жер планетасын жалпағынан басып жүру – жұмыр басты пенде үшін зор бақыт. Академик ұстазымыз Зейнолла Қабдолов айтқандай, дені сау адам 50, 60, 70-ке келе береді, мәселе, сол – мерейжасқа несімен келеді, гәп сонда! Сол Зекең ұстазымыздың гәбін тарқатсақ, әрбір мерейжас өткеніңе қайырылып, «не тындырып, не қойдым» деген өзіңе-өзің есеп беруің, замандастарыңның сын-пікіріне құлақ түруің, іштей істеген ісіңе қанағат тұтуың, көңіл таразыңа салуың деп ұғамын. Бұл ретте пендеміз ғой, көңілім толатын тұс та бар, «қап, әттеген-ай» дейтін өкінетін жайттың болуы да заңды. Көңілге медеу тұтатыным – Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы сынды Алаш руханияты алыптарының адал есімін, шығармашылық бай мұрасын туған елімен қауыштыруға қызмет қылған кезім ойыма оралса, әлі күнге дейін бір құдіретті күш жанымды тербетіп, тебірентіп-толқытып жібереді. Жалпы, Алаш арыстарының туған елі мен жеріне сіңірген алып әрекеттерін, шығармашылық мол қазынасын өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында Ресей империясының бас қалаларының архив қорларынан тауып, ұмыт болған араб графикасынан көшіріп, жариялаған, зерттеп-зерделеп, жазған-сызғандарым бүгін бағаланбаса да, болашақта өз бағасын алады деп білемін. Алаш тақырыбына байланысты мұраларды жеке басылым ретінде ғылыми түсінігімен жарыққа шығару, олардың өздері туралы ғылыми-танымдық монографиялық еңбектерді баспадан бітік етіп басылғаны оннан астам екен. Оның арасында «Көсемсөздің көсемі» (26 баспа табақ), «Жеті көсем» (42 б.т.), «Руна жұмбағы» (45 б.т.), «Рунатанушы ғалым» (7,5 б.т.) атты кітаптарды атауға болады.
Бүгінгі ғылымға, ғылыми ортаға қатысты әңгімеге келсек, бұл – шын мәнінде, өзгерісті ауадай қажет ететін өзекті мәселе. Өткен ғасырдың басында қазақ арасында саусақпен санарлық шынайы ғалым тұлғалар болды. Бүгінгі таңда таяқ лақтырсаң ғалымға тиетін күйге жеттік. Демек, статистикалық есепке қарасақ, қуанарлық-ақ жайт. Бірақ сан мен сапа қатынасы жер мен көктей. Осы күнгі ғалым деп жүргеніміздің көбі – шөпті де, шөңгені де өлең қылып жүргендер. Кеңестік дәуірде «коммунистік партия салып берген сара жолды» мақтаған, уағыздаған, көзсіз берілгендердің бәрі «ғалым» деген мәртебеге ие болды. Бұл дерт келе-келе жетілгені сондай – мансаптың баспалдағын басудың тетігіне, құралына айналды. Демек, ғылым саясаттың ойынына, ойыншығына айналды, яғни ғылыми атақ, лауазым саясаткердің қорғаныш құралы болып қалды. Біздің елдегі кез келген деңгейдегі басшы шенеуніктердің қазақ тілінен, қазақ әдебиетінен, тарихтан, педагогикадан, мәдениеттанудан, философиядан, заң ғылымынан, саясаттанудан «арнайы ғылыми диссертация қорғаған ғалым болуы» – үйреншікті жағдай. Өкініштісі, сол аталған ғылым салалары ерекше дамып кетті деуге ауыз бармайды. Өйткені кітаптан-кітапқа көшкен жел сөз, «анау айтты, мынау пайымдады» деген қасаң трафарет, сілтемелер. Кеңестану ғылымы салып берген «айқын бағыт, мызғымайтын қалып» сол баяғы қалпынан өзгере қойған жоқ.
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, ұлттық ғылымның жетістігін өндірісте, ауыл шаруашылығында, қоғамдық және жаратылыстану саласында басқа жұрт тамсанып үлгі алатындай, халқымыз игілігін көріп мақтанатындай, айтшы, бізде не бар?! Әлбетте, «заманауи технологиямен жабдықталып, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің инновациялық жаңалықтарын енгізу үстіндеміз» дейтін үйреншікті жауыр болған жауаптарды еститініміз рас. Әрине, бұл – көпке топырақ шашу, эгоистік көзқарас, әйтеуір, барды жоққа шығару емес, бүгінгі реалды нақты ақиқат. Ресми билік мемлекеттік ғылыми мекемелердің есебімен ғылыми жаңашылдық үдерістің деңгей өресін өлшеп-пішеді. Өйткені ғылыми мекемелердің бағдарламалық жоба-жоспары мемлекеттік деңгейде монополияландырылған. Сондықтан ғылымның қай саласы болсын біздің елімізде ресми мемлекеттік ғылыми мекемелердің деректеріне сүйенеді. Біздің күнделікті өмірде тұтынатын затымыз бен бұйымымыз, киген киіміміз, ішкен асымыз қазақ ғылымының нәтижесі дей алмасымыз белгілі. Бұдан артық қандай дәлел керек? Демек, осының себеп-салдары ұлттық ғылымның жүйесін өзгертетін заманға келдік. Бұл үдеріс ерте ме, кеш пе болатыны – ақиқат. «Ауруын жасырған өледі» демекші, бүгін айтылмаса ертең кеш болады.
– «Ұлттық ғылымның жүйесін өзгертетін заманға келдік» деген сөзіңізден шығады. Ілгерідегі бір сұхбатыңызда болса керек, сіз: «Бабаларымыз іргетасын қалаған, қанымызда бар руника қайта қолданысқа енер күн туарына сенемін. Соған бәріміз қызмет етуіміз керек. Өз жазуымыз, өз тарихымыз бар ел екенімізді әлемге әйгілеу ауадай қажет. Неге «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» атауын университетіміздің маңдайшасына рунамен жазбасқа?» – деген болатынсыз. Осы ұсынысыңызды университеттің басшылығына айтып көрдіңіз бе? Олар не деді? Жалпы, ұлттығымызды әспеттеп, даңқымызды асыратын жерлердің (мекемелердің, әскери нысандардың, т.б.) шекесіне шалқытып руна жазуын көтеру мүмкін бе? Мүмкін болса, оған не жетпей тұр?
– Иә, бұл идеяны мен айтқалы біраз жыл болды. Ахаң өткен ғасыр басында «газет – халқымыздың көзі, құлағы һәм тілі» дегені белгілі. «Отыз тістен шыққан сөз – отыз рулы елге тарайды» дегенді де халқымыз айтқан. Тәуелсіз мемлекеттің баспасөзінде көтерілген мәселеге байланысты тиісті мекемелер қорытынды шығармаса, біздің кінәміз не?
«Неге «әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» атауын университетіміздің маңдайшасына рунамен жазбасқа» деген мәселеге келейік. Бұл мәселені мен баспасөз бен радио-телеэфирден талай мәрте көтердім. Біздің мемлекет төлтума руна жазба дәстүрін саясатқа айналдыруы тиіс. Руна таңбасы – жазу мәдениеті ғана емес, тұтас ғылым салаларының шамшырағы, білімнің көзі. Білім, ғылымға, мәдениетке қатысты шаңырақтар төлтума руна таңбасымен жарнамалануы керек.
«Қазақта мемлекет болған жоқ, мемлекеті болмағандықтан жазуы да болған жоқ» деген күбір-сыбыр сөзге қарсы біреудің қаңсығын, таңсық қылмай өзіміздің төлтума жазу мәдениетімізді тұтынуға шақырғанды қуана қоштамаған ғалымсымақтардан қорқамын. Әбіш ағаның «бақты – бақ деп білмегеннің басына бақ қонбайды, қуанышқа қуана білмегенге құт қонбайды» деген ғибратты сөзі «қағынан жерігендерге» арналған. Өз балаңды қаңғытып, біреудің баласын «балам» дегенмен оның бала болып жарытпасы анық. Ендеше, бағымызға Тәңір берген руна жазу мәдениетімізді тұтынуға тарихи сынаққа төтеп беріп, жаңғыртуға ұмтылмасақ сорымыз арылмай, ұлттық жадымыз жаңғырып өспейміз. Басымызға бақ қонып, жадымыз жаңғыруы үшін рунаға дайындыққа жаппай ұлттық ұмтылыс керек.
– «Күлтегін. Тоныкөк» жырларын сіз жақсы білесіз. Бұл тақырыпта сөйлеп кетсеңіз сізді беріден қайтару қиын-ау. Сондықтан жауабыңыздың қысқа да нұсқа болуын сұраймын. Жырда аттары аталатын халықтар: аздар, оңтұтық, табар, татабы, табғаш, тардүш түркілерге сіңіп кеткен халықтар ма, әлде түркілер ме? Олар қазір кімдер?
– «Күлтегін, Тониқұқ» тасқа бәдізделген өсиетнама-баян – біздің жыл санауымыздың басындағы күллі әлемге мәлім жазба дәстүрдің жетілгенін әйгілейтін ғажайып жәдігер. Осы қос ескерткіштің мәтінін мектептен бастап Парламенттің қабырғаларына көзге анадайдан көрінетіндей ғып жарнамалап қойса, жанары ауғанның ойына – ой, ақылына ақыл қосатын, отаншылдық сезімін оятатын құдіретіне иланарына шүбә келтірмеймін. Бұл – ата-бабамыздың жасампаздығының шыңы, төрүк, яки қазақ өркениетінің болмыс-бітімі, ұлттық рухының үні. Мұндай экзотикалық жәдігердің бізден басқа ешбір мемлекет пен халықта салыстырарлық аналогі жоқ. «Күлтегін, Тониқұқ» ескерткіштері шартты түрде ғылыми зерттелді дегенмен оның мәтінінде әлі де көңіл аударатын қатпар-қатпар сыр, алуан-алуан таңдай қақтырар гәп бар. Оның бәрі – уақыттың үлесінде. Уақыт демекші, уақыттың қадірін бағалайтын да, саралайтын да – еуропалықтар ма деп ойлаймын. Егер Еуропаға бара қалсаңыз, қала болсын, дала болсын, айналаңызды көктей шолғанда, көзіңіз сағатқа түседі. Неге олай? Өйткені сағат тіршілікте әрбір секунд, минут қымбат екенін есіңе салып тұрады. Ал біздегі «ұзын арқан, кең тұсау» көзқарас жалғаса берсе, сөз жүзінде қалып, ештеңе өнбейді.
Сіз атаған аздар, оңтұтық, табар, татабы, тардұш ру-тайпалық одақтар төрүк ұлысының құрамына сіңісіп кеткенін қолдайтындар да, оларды «алтайлық дербес этноним болып қалыптасты» дейтін зерттеушілер де бар. Бұл мәселе арнайы тереңірек зерттеуді қажет етеді. Ал «Орқұн, Енесай» ескерткіштерінде жиі сөз болатын табғаш халқы қазіргі қытай этносын бейнелейді. Бір қызығы, қытай этносының аты да – төрүктердің қойғаны.
– Әлеуметтік мәселелер қазақ халқын ширықтырды, ширатты. Оятты. Бұл сөзімізге Жаңаөзендегі төтенше ахуалдан бастап кешегі Қасіретті қаңтарға дейінгі оқиғаларды мысал етуге болады. Тегінде мұндай оқиғалар – демократиялық елдерде жиі болып тұратын жайт. Менің сізден сұрап білгім келетіні, қазақтың әлеуметтік мәселелерге қатысты санасы сілкінгенімен, ұлттың тереңіндегі рухы әлі де ұйқыда сияқты. Не дейсіз?
– Бұл ойыңызбен толықтай келісемін. Төрүк халықтарының ішінде қазақ халқы сыртқы жауларынан көп зардап шекті. Қазақ мемлекетінің тарихи географиялық орналасу шекарасы алып империялардың қоршауында қалып, мүдде таласын туғызып отырды. Мүдделер таласы әлі де бар. Сондықтан бүгінгі қазақ билігі ұлт мүддесі мен қауіпсіздігіне ұдайы сергек болуы тиіс. Егер мемлекет алдында бұл талап орындалмаса, яки мемлекеттің қорғанысқа жауапты тұлғалары тиісті міндетін атқара алмаса, әрине, басқа да түрлі себептерге байланысты сыртқы қауіптен құтыла алмауымыз әбден мүмкін. Міне, Күлтегін, Тониқұқ заманындағы табғашпен арадағы мемлекетаралық әлеуметтік-шаруашылық, саяси-экономикалық, рухани-мәдени, сауда-саттық қатынастар, трансшекаралық кикілжіңдер мен соғыс жағдайын, стратегиясын, тактикасын, тарихи сабақтарын бүгінгі ұрпақ білуі тиіс. Ал мұның бәрін «бүгінгі ұрпақ біледі» дегенге менің күмәнім бар. Сыртқы істермен шұғылданатын мамандардың, депутаттардың, әскерилердің бұл мәселеден толыққанды мағлұматы барлығына және күмәндімін. Біздің мемлекетті жайлаған жемқорлық індет ұлттық мүддені сатып жіберуден еш тайынбайды. Мұндай кесапаттың бәрі – өз біліміміз бен ғылымымыздың өрге баспауы. Білім мен ғылым стратегиялық маңызды ресурс екенін ескермеудің нәтижесі. Дербес мемлекетке тән ұлттық мүддемізге құрылған саяси доктринаның жоқтығы. Ұлттық рухты оятатын тетіктердің жабықтығы, әділетсіздіктің күш алуы – ұлттық дәрменсіздігіміздің нәтижесі.
– Жә, енді сізбен біраз «житейский» сауалдар төңірегінде әңгімелесейікші. Жұрт сізді «қызба» дейді, «өзінікін дәлелдеуге келгенде ешкімді танымай қалады» дейді. Рас па? Рас болса, бұл мінезді қайдан таптыңыз?
– Жұрттың мен туралы не ойлайтынын қайдам? Әлбетте, ғылыми пікірталас кезінде өз білгеніңді дәлелдеуге тырысу – табиғи құбылыс. Бірақ мен көзім жетпеген, дүдәмал мәселеге араласудан өзімді алыс ұстаймын. Базбіреулер болады, өзі білмейтін мәселеге араласып, қиялындағысын тықпалап қоймайтын… Ондайларды жаным жек көреді. Жалпы, әрбір жұмырбасты пенденің пешенесіне жазған табиғаты бары рас.
– Ата-анаңыз, өскен ортаңыз жайында еске ала отырып жиі айтатын әңгімеңіз бар ма?
– Асылтекті ата-анам, жарықтықтар, ана дүниеде. Өмірде ата-анамның жақсылығы мен қамқорлығының алдында басымды иемін. Жоғары оқу орнын бітірген соң, Алматыда қызмет таппай, үйсіз-күйсіз, әркімнің есігін сағалап жүрген шақта елде шиеттей бала-шағасымен бірге менің жағдайымды жасауға қол ұшын берген әке-шешемнің қамқорлығы есіме түскенде еріксіз іштей егілемін. Ондай мәрттікті екінің бірі жасай алмасы белгілі. Жатқан жерлері жаннат болғыр ата-анама мың тағзым!
– Не нәрсеге қол жеткізе алмай келесіз?
– Қол жеткізбейтін арман көп. Ең бастысы, денсаулық! Ел аман, жер тыныш, бейбіт заман болсын! Тәуелсіз Қазақ елі мәңгі болсын! Қалған мәселе өз уақытында шешілер деген үміттемін.
– Не нәрсеге өкінесіз?
– Пенде болған соң өкініш те болары хақ. Бірақ оның бәрін елге жаюдың керегі жоқ деп ойлаймын.
– Нені қанағат тұтасыз?
– Ет пен сүйектен жаралған, екі аяқты пенденің он екі мүшесі сау болса, одан артық қандай бақыт бар!? Өмірде мүгедек, жарым-жарты жандарды көргенде, тағдырыма қанағат тұтамын. Бұл күн мен түн сияқты өмірдегі контраст және Жаратушының ойлана білетін пендесіне берген сабағы сияқты әсер етеді маған.
– Сұхбатымыздың соңы тосын аяқталсын: маған қояр жалқы сұрағыңыз бар ма?
– Дәуке, қазақ әдебінде басқа төрүктекті ұлыстардан ерекшелігі Әлиханды – Әлекең, Ахметті – Ақаң, Халелді – Қалекең, т.т. деп есіміне «-қаң», «-кең» жұрнағын қосып айту – құрметтеудің белгісі саналады. Дәуке дегенде де сол қалыптың қысқарған түрі екендігін аңғару қиын емес. Осы ерекшеліктің сыры – біздің жыл санауымызға дейінгі дәуірдегі тас бітікте анық таңбаланған. Осыны білесің бе?
– Апыр-ай, Әбеке-ай, мынауыңыз мен ғана емес, менен өткен көп «ғұлама» білмейтін дерек қой. Ахмет Байтұрсынұлының есім-сойы атала қалса, бүгінгі жұрт неге ол кісіні «Ақаң» деп атайтынын енді анық ұғынғандаймын. Сұхбатыңызға рахмет.
Сұхбаттасқан –
Дәурен Қуат