ӘЙЕЛ ЖОЛЫ
Әйелге деген көзқарас ешқашан да біржақты болмаған. Көне өркениеттерден бізге жеткен мәліметтерді ақтарсақ, тіпті «әйелді адам ретінде қарастыруға бола ма?» деген сұрақтың да туындап отырғанын көреміз. Демократияның іргетасы қаланған көне Грекия ойшылдары Платон мен Аристотель әйел адам мен ер адамның әлеуметтік теңдігі мәселесіне келгенде, әйелдердің ер адамдардан төмен тұрғаны дұрыс деп түсініп, ер адамның басымдығын ақтауға тырысты.
Гүлжиһан НҰРЫШЕВА,
философия ғылымдарының докторы, профессор,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Философия кафедрасының меңгерушісі
Дүниеге сәби әкелу мәселесіне келгенде Аристотель әйелдер тек қана материалдық роль атқарады, ал ер адам ұрпағына жан береді деп пайымдаған. Оның ойынша, әйел адам да өсуге және қозғалуға қабілетті, белгілі бір дәрежеде рационалдыққа ие, бірақ бұл рационалдықтың күші жоқ. Ол пікірін жалғастыра келіп, әйелде сәбиге жан беретін элемент – энтелехия жоқ, сондықтан әйел – жаңа өмірді бағып-қағатын ыдыс-қорап қана деп тұжырымдайды. Аристотель жан, рух – белсенді күш және тек қана рух, еркектік принцип өмірді туындатады, яғни ұрпағының жағымды қасиеттер мен қабілеттерге ие болуына әйел адамның ықпалы өте мардымсыз деп есептейді.
Осы бастапқы жетілмегендік сәбидің жетілу мүмкіндігін шектейді, ал жетілгендіктің нақты дәрежесі сәбидің әкесіне байланысты және әкесі арқылы беріледі деп пайымдаған Аристотельдің түсінігінше, әйел сәбидің уақытша қонысы, оның жарық дүниеге шығар жолындағы аялдамасы және әйелдің бойында материалдықтың басым болуы оның адамгершілік жағынан жетілмегендігінің де себебі. Сондықтан әйел ер адамға бағынып, оның айтқанын тыңдап, мүлтіксіз орындап отыруы тиіс. Бір қызығы, Аристотель қоғамдағы әйел мен ер адамның мұндай жағдайын әлеуметтік теңсіздік деп түсінбейді, керісінше, қалыпты жағдай деп есептейді.
Данышпан Сократтың өзі әйел мәселесіне келгенде: «үш нәрсені бақыт деуге болады: сенің жабайы жануар еместігіңді, сенің грек екендігіңді және сенің әйел емес, еркек екендігіңді» деп, менсінбеушілік көрсеткен екен. Антикалық ойшылдардың, әсіресе, Аристотельдің әйелге деген бұл көзқарасы кейінірек ортағасырлық діни философияның әйел адам туралы түсінігіне негіз болып, әйелдер жетілмеген тіршілік етуші, тек нәпсінің объектісі ретінде қарастырылды.
Теңдік мәселесі кеңінен қарастырылған Жаңа дәуір философиясының көрнекті өкілі Рене Декарт өзінің таза ой әдісін ұсына отырып, бұл әдіс «әйелдерге де жарайды» деп ашық айтқан екен. Оның бұл әдісі ойдың жалпы универсалийлерден жеке универсалийлерге қарай дененің әсерінсіз, таза ақыл-ойға негізделіп қозғалатын әдіс. Декарт әйелдерде денеден басқа ақылдың да бар екенін теріске шығармайды. Бірақ белгілі философтардың арасында әйелдердің жоқ екендігіне назар аударады және нағыз философ Сократ сияқты өз өмірі толығымен философия ісіне арнаған адам, ал әйелдер бұлай жасауға қабілетсіз деген пікір білдіреді.
Өткен тарихты айтпағанның өзінде, қазір еркіндік символы болып жүрген Еуропаның өзі күні кешеге дейін әйелді ер адамдардан төмендетіп, дискриминацияға ұшыратып келді. Қарап отырсақ, мынадай парадокске тап боламыз: қазіргі заманғы әлемдегі демократиялық үрдістің өзі оған әйелдерді саяси тұрғыдан қатыстырмауға ұмтылады екен. Тіпті, алдыңғы қатарлы Еуропа университеттерінің басым көпшілігі әйел адамдарға есіктерін жиырмасыншы ғасырда ғана аша бастады.
Шындығында, интеллектуалдық даму жағынан да, физикалық потенциалы жағынан да әйел адам ер адамнан еш кем емес, ол ой еңбегімен де, дене еңбегімен де айналысуға толық құқылы. Бірде-бір елдің бірде-бір заңы әйел адамның еркіндігін шектемеуі тиіс.
Әрине, әлемдегі көптеген мемлекеттер бұл салада оң істерге қол жеткізді. Әйел адамдар ел басқару ісіне тікелей араласып отырған Америка, Германия, Франция, Испания, Финляндия, Норвегия сияқты елдерде ғана емес, өзімізде де билік басындағы әйелдер саны көбейе бастады. Ежелден келе жатқан Томирис, Айша Бибі, Домалақ Ана, Айғанымның дәстүрлерін қазіргі қазақ әйелдері тамаша жалғастыруда. Айталық, 1990 жылдардағы экономикалық дағдарыста да, қазіргі қиыншылықтарда да отбасының негізгі ауыртпашылығын өзінің нәзік иығына жүктеп алған қазақ әйелі еді.
Бірақ әлем деңгейінде де, қоғам деңгейінде де мәселе әлі де болса шешілмей тұр, ол саяси философияның талдау объектісіне де айналды.
Соңғы ойға байланысты сұрақтар Батыс философиясында да, бізде де естіліп қалады. Әйелдің философияның объектісіне айналуымен келіскенмен, субъектісі болуын терістеушілер арамыздан табылып жатыр. «Қазір біздің елімізде доктор ғылыми дәрежесіне ие әйелдер саны көбейіп кетті. Бұл абсурд» деген пікірді де естідік. Біздің ойымызша, әйелдің интеллектуалдық қабілеті туралы мұндай ой білдіру қисынсыз.
Әйелдің қоғамдағы орны туралы айтқанда К.Маркстің «әйелге көзқарас негізінде адамның жалпы мәдениетінің деңгейі туралы айтуға болады» деген және Ф.Энгельстің «қоғамдағы әйел эмансипациясының деңгейі – жалпы эмансипацияның табиғи өлшемі» деген сөздері есімізге түседі.
Қазақтың ғұлама ойшылы М.Әуезовтің тұжырымдары олардың пікірлерінен де мықты. Ер адамның қоғамда алатын орнын суреттей келіп: «Қай уақытта, қай халықта болсын, білім жолында жұрт қатарына жетерлік халық болу жолында ең керекті шарт – ақ жүректі екпінді ерлер. Халықты ілгерілететін солар. Оларсыз мақсатқа жақындау мүмкін емес» деген сипаттама береді. Бірақ ойшыл от-
басындағы, халықтың өміріндегі әйел адамның ролін бұдан да жоғары бағалайды.
М.Әуезов адам қызметінің екі түрін атап көрсетеді. Біріншісі – пайда-мақтанды көздеген тіршілік қамы, хайуани салахият, екіншісі – «менен жақсылық тарап, адам баласына әлім келгенше пайдамды тигізсем екен деген жол. Бұл – инсаният, яғни адамдық жолы». Философ жазушының ойынша, адамдық жолына түспесе, жақсылықтың бәрі жамандыққа айналады. Сол баланы үйрететін, «адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады». Себебі дейді кемеңгер жазушы, баланың тәрбиесін жүзеге асыратын – баланың әкесі қандай ғалым болса да, ол емес, қой сауып, тезек теріп жүрген анасы және ана берген тәрбие арқылы бойына сіңген адамгершілік өрнек баланың бойында қара тастай орнықты болады.
Әйелдің қоғамдағы ролін көтеру, оның ер адаммен теңдігін орнықтыру ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары «Айқап», «Қазақ» басылымдары арқылы қозғаған басты әлеуметтік тақырыптардың бірі болды. Мемлекет, шаруашылық, білім, ғылым, тіл, денсаулық сақтау, мәдениет секілді күрделі, ұлттың болашағын айқындар мәселелердің қатарында олар қазақ әйелі мәселесін алғашқылардың бірі болып бастады. Жаңа өмірге деген мұндай талпыныстың ел арасында кең қолдау тапқаны соншалық, қарапайым оқырмандардан келген хаттар тасқыны өте мол болды және аталған басылымдар оларды мүмкіндігінше көп жариялап отырды.
Қазір сол пікірлерді оқи отырып, қазақтың әйел туралы түсінігінің жоғары болғаны, әйел теңдігі мәселесіне жоғарыда айтылған М.Әуезов сияқты көзі ашық зиялылардың ғана емес, қарапайым оқырманның да батыл араласқаны, мазмұнды пікір түйіндегені таң қалдырады. Мысалы, Тілеубайқызы Сақыпжамал «Қазақ қыздарының аталарына» деген мақаласында: «Ер баланы оқытасыздар да, бізді оқытпайсыз, қыздар оқыса, бұзылады дейсіз. Бұзылған әйелдер оқығаннан бұзыла ма екен? Оқу адамды бұза ма екен? Біле білсең, қыз баланы көбірек оқыту керек. Қыз бала түбінде бала-шағаның анасы болады. Ана надан болса, балаға жақсы өнеге бере алар ма?!», – дейді.
Қазақ халқы әйелді жоғары бағалады. Қыз баласына қырық үйден тыю бере отырып, қыз күнінде де, кейінгі жат жұрттық өмірінде де оны қадірлеп, қолдан келер құрметтің бәрін жасауға тырысты. Бәріміз білетіндей, қазақта тұрмысқа шыққан қыздың төркініне қонаққа келуі салты ерекше бір құбылыс. Басқа елдің, басқа отбасының босағасын аттаған, еліне, жеріне, өзі туып-өскен үйіне төркіндеп келген қызын қазақ құдайындай күтеді, төріне шығарып, жылы-жұмсағын қызы мен жиендерінің аузына тосады, оны үй шаруасынан босатып, асықпай демалуына жан-жақты жағдай жасайды. Осы дәстүрдің қазақ халқында әлі күнге дейін сақталып отырғанының өзі де басқа халықтарда көп кездесе бермейтін құбылыс.
Әлеуметтік өмірде маңызды орынға ие қызға, әйелге деген осындай құрметті жыраулардың толғауларынан да көруге болады.Қай жырау болсын, әйел мәселесіне соқпай кетпейді.
Жыраулар жырлаған қазақ әйелі ең әуелі сұлу әйел. Сұлулық – әйелдің табиғи қасиеті. Белгілі қазақ философы Ғарифолла Есім тамаша жеткізгендей, «Әйел болмысы оның еркектен өзгешелігінде дедік, бұл ерекшелік неден көрінеді десек, ең алдымен айтарымыз, ол әйелдің сұлулығы және оның сұлулыққа шексіз ынтықтығы. Әйелдердің сұлулыққа құмарлығында сәбилікке ұқсастық бар. Оны біз әйелдердің қылығы деп түсінеміз. Сұлулықтан қашқан әйел – қылықсыз әйел, яғни өз табиғатына қарсы болған жан. Сұлу емес әйел жоқ».
Бұл түсінік философиялық антропологияның антикалық дәуірден қазіргі кезеңге дейін жалғасып келе жатқан натуралистік немесе биологиялық бағыты өкілдерінің көзқарастарына ұқсас. Философиялық антропологияның Демокриттен бастауын алатын бұл бағыты адамды тек материалдықтан тұратын тіршілік етуші деп қарастырады, сондықтан табиғат заңдары тіршілік етіп отырған нәрселердің бәрін қамтиды, тіпті адамның адамгершілігі де соларға бағынады деп пайымдап, жоғары нәрсенің бәрін төменмен байланыстырады, адам рухының қабілеттерінің бәрін сезімдікке тәуелді етеді. Бұл тұрғыдан қарастыратын болсақ, әйел ең алдымен сұлулық, құштарлық, нәпсі объектісі ғана және ер адамның әйел адамға назар аударғандағы басты ұстанымы осы.
Қазақ халқының түсінігінде әйел биологиялық тіршілік етуші, әдемілік пен әсемдіктің үлгісі ғана емес, М.Әуезов айтып кеткендей, тәрбие қазығы, ошақтың ұйытқысы. Әйелдің отбасында атқарған осы қызметіне қазақ ерекше мән беріп, ұлттың болашағын, ағайын мен ағайын арасындағы, жалпы елдегі ынтымақтастық пен бірлікті көбіне әйелге байланысты деп түсінген. Мысалы, қазақ ақын-жырауларының туындыларының арасында әйелдің табиғи сұлулығына арналғандары өте көп болғанымен, олар барлық ер адам атаулыға тән сұлуға ынтықтықпен, аруға құмарлықпен, оның сән-салтанатын өлеңмен суреттеумен шектелмейді. Жыраулардың ойынша, қазақ әйелінде әлеуметтік мазмұн басымырақ болуы тиіс, ол қоғамның белсенді мүшесі және оның әлеуметтік қызметі өте маңызды.Қазақтың түсінігінде әйел адам ең әуелі өз ерінің сенімді жары және ошақты сақтаушы. Жар таңдау, отбасылық одақ құру – адамға тән қатынастардың арасындағы ерекше сала, сондықтан қазақ халқы бұл іске аса мән берген. Жыраулар туындыларында жар таңдау мәселесіне байланысты ер адамға арнап айтылған өлеңдердің көп кездесетіні де сондықтан. Осындай пікірлер Шал ақында (Уа, жігіттер,/ Әйел алсаң қарап ал ақылдысын); Ақтамбердіде(Мінезді болса алғаның,/ Одан артық жар бар ма); Майлықожада (Көргенді жерден қыз алсаң,/ Атыңды ерттер жүгендеп); Ақтанда (Алтыншыдан не жаман?/ Алғашқы алған әйелің,/ Көп ішінде кеңкілдеп,/ Тіл алмаған сол жаман); Қашағанда (Біздің елде сіздердей жас келіндер/ Сөйлемейтін еді ғой төмен бұғып), т.б. жырауларда көптеп кездеседі.
Бұл ой, әсіресе, қазақ әйелінің әлеуметтік келбеті қоғаммен бірге өзгеріске ұшырап, отаршылдық саясат кезінде күшейе бастады. Әрине, қазақ әйелінің бойында теріс қасиеттер бұрын болмаған, олар тек отаршылдықпен келді деген пікір туындамауы тиіс. Сөз жоқ, әрбір саналы тіршілік иесі секілді қазақ әйелінің бойында да жағымсыз қасиеттер болған (қазір де кездеседі), бірақ олар тұрмыстың отаршылдық кезеңде өзгеруіне байланысты күшейіп, айқын көріне бастады.
Қазақ әйелінің отбасындағы ролінің ерекше екендігін байқаған орыс миссионерлерінің қазақты орыстандыру жолдарының бірі ретінде қазақ жігіттерін орыс қыздарына үйлендіруді ұсынғаны тегіннен-тегін емес, себебі, тәрбие орыс тілінде, орыc дәстүрі бойынша жүргізіледі де, қазақтан туған бала түбінде орысқа оп-оңай айналып шығады. Бұл дәстүрдің кеңестік заманда «интернационалистік неке» деген атпен кең тарап, қазіргі кезге дейін жалғасып отырғаны бәрімізге белгілі. Сондықтан да қазақ әйелінің отбасындағы ролін сақтап қалуға тырысқан жыраулар осы кезеңдегі туындыларында әйел мәселесін көбірек сөз етті.
Қазіргі қазақ әйелі туралы айтсақ, негізінен алғанда ол қазақ әйелінің классикалық үлгісін сақтап қалды және жаңа мазмұнмен толықтырды деп нық айта аламыз. Тілді философиялық тұрғыдан зерттеуші Фердинанд де Соссюр «әрбір халық өз тілінің кереметтігіне сенімді» демекші, менің өзім үшін қазақ әйелі – ең көрікті, ең ақылды, ең парасатты, ең зиялы әйел. Қоғамымыздың қай саласын алсақ та, ата-анасына сүйікті қыз, жұмысында озық қызметкер, отбасында адал жар, аяулы ана, кемеңгер әже, ағайын-бауыр арасында жақсы қарындас, қамқор апа, ибалы келін, мейірімді ене, тату абысын, сенімді құрбы болып жарқырап жүрген қазақ әйелін көресіз.