«Ақ кеме» жолға шықты
12.02.2023
3135
0

«Ақ кеме» – классик жазу­шы Шыңғыс Айтматовтың ең көп сахналанған, ең көп оқылған, жұлдызы жарық туындысының бірі. Бүгін де «Ақ кемені» сахналау өзекті болып отыр.

Ақтөбе облыстық «Алақай» қуыршақ театры – эксперимент­тік, жаңа формат­тарға батыл бара алатын театрдың бірі. «Собака», «Шапан» ат­ты арнайы аудиторияға арналған қойылымдар республикалық, шет елдік фестивальдерде мақтау­ға, жүлдеге ие болғаны бар. «Ақ кеме» де көрермен талғайтын, эстетикасы, атмосферасы бөлек, «Ертөстігім – бір төбе» дейтін қойылымның бірі.
Жалпы «Ақ кеме» қандай шығарма? Ертегідей әсем бала қиялы, арманы, аңсары айтылатын трагедиялық шығарма. Қойылымға шақырар афишаға «трагедия» деп жазуды ұмытпау керек. Көрермен мұңлы әлемге дайындалып келсін, әсіресе трагедияға. «Ақ кемеге» келудің өзі, сахналаудың өзі – екіұшты шешім. Шығарманы баяндау ұтымды ма, әлде басқа нұсқасын жасап шығу қажет пе? Режиссерлік шешім қажет.
«Алақай» қойған «Ақ кеме» – адамзат­тық, отбасылық, ұлт­тық трагедия. Ересекке айналған бала трагедиясы. «Жусан иісі», «Сағынтып жеткен жаз еді…», «Қоңыр күз еді» шығармаларын көзің жасқа шыланбай оқи алмайсың. «Ақ кемені» тамашалау ше?
«Ақ кемеге жету үшін балыққа айналсам» деген баланың арманы қойылымда зорайып көрінеді. Қойылым режиссері Давид Бурман шығарманы интерпретациялап, трагикалық атмосферамен беруді ұйғарады. Қойылым басталысымен Ақ кеменің үрейлі гуілі, сахнаның күңгірт түсі, музыка қадамдап келе жатқан қайғының белгісіндей болып өзіне тарта түседі. Жарықтың түсі, сценография, бутофориялар, актерлер киім үлгісі, қуыршақтардың бет жүзі, киімі, актерлер маскасы, дауысы – бір қайғы, орны толмас қаза боларын, апат боларын, оқиға шиеленісіп бара жатқанын, түбі бір құрдымға қарай бара жатқанын айтқысы кеп, оқиғаны өрістете түседі. Визуалдық сұлулық көздің жауын алады, еріксіз «Аватардың» көз тоймас көркем кадрлары елестейді. Трагизмнің бояуы, агрессияның шиеленісі қабат­тасады. Түстердің қоюлығы, музыка мен түрлі дыбыстың үйлесімі, актерлердің дауыс қою шеберлігінен мінсіз кинокартина жасауға тырысқан режиссерлік ізденісті, еңбекті көресіз. Мұндай туынды екі кәсіби маманның ортақ тандемінен туғаны сөзсіз, Давид Бурман мен театр директоры, суретші Әсия Құрманалинаның талғамы, тақырыпты түсінуі эстетикалық әсер туғызған. Трагедияның эстетикасы.
Маралды ату сахнасында бала қиялына ерік берген сәт­терде «Аватар 2-нің» құндылықтары еске түседі. Содан кейін… қойылым біткен соң да, үйіңізге қайтарда, көкірегіңізде осы бір картина, жасыл да көгілжім түске боялған актерлердің қолындағы қуыршақтарымен сізге қарап тұрған бейнесін көресіз. Осы картинаны жасау үшін режиссер бар қуатын сарқыған, киноға сұранып-ақ тұрған сценалар.
Музыканың өзі – бір мұң, жазылмас, енді бой көтере алмас шерлі, еңсе езер әуен. Композитор Серік Зәкәрия режиссердің «трагедиясын» түсініпті. Бала арманын, қиялын жаныштаған, жоқ қылған сарыуайым сарынды музыка бастан аяқ жүректі қозғайды, кеудеге шер толады, көмейің ашиды.
Көрерменді сәт сайын бір үлкен апатқа дайындайды, баланың көзімен құбыжық көрінетін актерлердің ара-тұра қуыршақ емес, адам боп кетіп, автордың атынан, режиссердің «сөзімен» сөйлеп, айбат көрсетіп қойғаны, қуыршақ пен актерлердің кірігіп кетіп, біртұтас болуы – әдемі шешім, пісіп жетілген процесс.
Баланың тазалығына қарағанда қатыгез Оразқұлдың бейнесі сондай зор, зұлымдығы, өктемдігі, өшпенділігі тым әсіреленген. Айналамыз жауыз, құбыжықтарға толы ма? Олар осылай құбыжық болып туды ма?
Кез келген қойылым кейіпкерлері өсу процесін өткереді, «Ақ кемеде» режиссер мырза шешім айтуға асықпаған секілді. Көрермен үшін іштей жеңіске жеткен, есейген баланың ойы, тұжырымы, тоқтамы қажет еді-ақ. Немесе шешім айтарлық үшінші дауыс, баяндаушы дауыстың бір шуақты сөзін күтерің хақ. Бірақ режиссер мырза шешімді бізге тапсырған, үйге барып, жайланып отырып, шешімді өздерің тауып аларсыңдар деп ойластырған тәрізді. Сондықтан да көрермен басталып және аяқталып біткен оқиғаны емес, аяқталмай қалған, ішіне от түскендей күй кешіп, финалға нүкте қоюы үшін жақын туысына, отбасына барып оқиғамен бөлісіп, өзара шешім шығаруы тиіс шығар. Қойылымның екінші бөлімі іште басталуы керек шығар.
«Ақ кеме» хикаяты – қайғысына қарамай жарыққа, нұрға толы шығарма. «Ақ кеме» – ішкі романтизмі мықты, ертерегілер мен мифологияға толы, оқырманға қанат бітіретін шабыт­ты шығарма. Ал «Алақай» қуыршақ театры ұсынған «Ақ кеме» – көрерменін бір сынап алып, бір тексеріп алып, бір жылатып алып, ой қозғайтын, адамның болмысын тереңнен қаузайтын қойылым. Бұдан бұрын да ізденістерге батыл барып жүрген театрдың өзгеше жаратылған «баласын» тосырқағанымызбен, жатырқағанымызбен түбі қабылдауымыз қажет. Өйткені ол – отбасылық қойылым. Әлсізге тиер қамшыға арқа тосар, шындыққа араша түсер, жан дауысың шығып, жаның сыздар қойылым.

Сағадат ОРДАШЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір