ШИЛІҚҰДЫҚ – САРЫТАП САҒЫНЫШЫМ
15.01.2023
782
0

 

Медет ДҮЙСЕНОВ

ТӘРБИЯ КЕМПІР
Сергек қалпы, сетінетпей сенімін,
Орнын басып қайтыс болған ерінің.
Отбасында отыратын жарықтық,
Шыңға теңеп, шынашақтай келінін.

Айтып қойып бітістірер нақылды,
Жалғап жүрер жатың менен жақынды.
Анасына айналғандай ауылдың,
Адуынды болғанымен, ақылды.

Ақ-қараны кім айырсын, жайды ұғып,
Тік келуге қалған жүрек шайлығып.
Ол келгенде үні өшіп өсектің,
Қалатын-ды әйел біткен қаймығып,

Орайы кеп, кезімізде жолыққан,
Қарайтынбыз тұлғасына болып таң.
Кең пішілген көйлегіне үйлесіп,
Ұзын дамбал келетін-ді тобықтан.

Ертедегі есте қалған бұл да ертек,
Жайларына бала қашан жүрген тек.
«Дамбалыма салып алам» дегенде,
Тым-тырақай қашатынбыз кіл тентек.

Осы сөзбен тентектікті тиғандай,
Дамбал-қанар, екі-үш бала сиғандай.
Қиқарлардың зәре-құты қалмайтын,
Салып алса, кешеміз деп күй қандай.

Тентек ұлдар жігіт болды желкілдей,
Кет­ті кемпір, кешегінің кейпіндей.
Сезінемін, жаңсақ бассам ол келіп,
«Дамбалыма салып алам» дейтіндей.
АҚ ЖЕЛКЕН
Телмірдім екен теңізге қанша,
Қайтемін жаным сезімге алданса?
Ақ желкен алдан шыға келердей,
Тұрамын қарап көзім талғанша.

Сағыныш-серік, жолдасым еді,
Белгілі тыныш қоймасы мені.
Осындай кезде оңаша қалған,
Оралып өткен, ойға түседі…

…Ауыл тұр қолын бұлғап алшақта,
Құшағын жайып, күн батар шақта.
Шиліқұдыққа маңдайын түзеп,
Желкендер жылжыр бір қатар сапта.

Сезімге шуақ бөлемек балдай,
Көрініс еді керемет қандай!
Алып аққулар қанатын жайып,
Жағаға жүзіп келе жатқандай.

Көмбедей жұмбақ қалыпсың әр күн,
Жалғанға мынау алып шығармын.
Жағаға қарай жүгіретінбіз,
Қайығын күтіп балықшылардың.

Сияқты осы шағың түс әлі,
Балалар суда сабылысады.
Шоршыған балық… аппақ бауыры,
Жарқ етіп күнге шағылысады.

Алыстан әкем дара көріндің,
Сол сәт­те жайнап қалады өмірім.
Өзімнен бұрын қонады барып,
Қанатын қағып бала көңілім.
Толқынға төзіп, дауылда адасып,
Көрмеген көптен ауылға асық.
Түседі жолға, жүгіріп жеткен,
Баласын сосын бауырға басып.

…Арманым асқақ алға ұшты менің,
Әкенің алып алғыс, тілегін.
Ақ желкен көріп теңіз төсінен,
Бұлқынып қалды байғұс жүрегім…
ҚАРА БӨРІК
Тұрған сөзім айтылды тіл ұшында,
Марқұм шалдың түскендей ұлы, сынға.
Сұлбасы- адам, киінген қара бөрік,
Қарақшы тұр қораның бұрышында.
Сана шарлап, киіктей кезеді ой,
Тітіркенген қалайша төзеді бой?!
Талай-талай тамшылап тері сіңген,
Қарт­тан қалған тәбәрік, көзі еді ғой.

Мұңын айт­ты көңілдің мың сұрағы,
Қарақшысы қалқиған құрсын, әрі.
Сені қайдам, қарағым осы көрініс,
Мына менің жанымды шымшылады.

Елге сіңген еңбегі ер емес пе,
Қара шалдың келбеті келеді еске.
Қара бөрік киең ғой біле-білсең,
Туған үйде тұрағы- төр емес пе?!

– Сүйсінте ме өзіңді шыннан да ісің,
Бас киімді қарақшы қылғанбысың?
Үндемеді баласы ұғынғандай,
Дым демеді түнеріп тұрған мүсін.

Өрісіне шыққан қой барады өріп,
Бұрылды ұл, қамшысын ала беріп.
Қарап тұрған сияқты көрініп кет­ті,
Қайран әке, басында қара бөрік…
ШИЛІҚҰДЫҚ – САРЫТАП САҒЫНЫШЫМ
Ауылым жоқ аралар, ішіне еніп,
Жылы жақтың кеткендей құсына еріп.
Бауырына басатын бірін-бірі,
Баяғы ауыл жүреді түсіме еніп.

Жылдар жылжып,
тұрсын ба ғұмыр өтпей,
Көз алдымда сол бір шақ сүгірет­тей.
Құдық қалды жапанда жетімсіреп,
Тынып қалды қайнары қыбыр етпей.

Арадағы көп жылдар көлкештеген,
Көшіп мұнда келгенбіз Ортеспеден.
«Әскери аймақ» қылып туған жерді,
Өкініштің өзекте өрті өшпеген.
Іштей ғана қиналам құр, бекер мен,
Қимай-қимай кеткенбіз бұл мекеннен.
Арт­та қалды Тәпей де, Шайтан қала,
Қоштасқанбыз Қаламқас,
Құлметенмен.

Өсек айтып өкпек жел, құтырады,
Қойшы соны, қояр-ау бітіп әлі.
Құдайдан ба, шапшыған мұнайдан ба,
Шіл боғындай бір күні бытырады.

Су шыққандай орнынан, неге көшті?
«Неге көшті» деген сөз ере көшті.
«Бөлінгенді бөрі жер» дейді емес пе,
Бөлінердей алауыз ел емес-ті.
Елестейді сағымдай дірілдеген,
Тынып іштен толғанам, түк үндемен.
Бала күнді өткізген ұям еді,
Сол ауылды сағынам бүгінде мен.

Бірлігі де бір еді, тірлігі де,
Туған ауыл айналған кіндігіне.
Көшеріміз ақиқат «ана жаққа»,
Көшу сынды, алдамшы бұл дүние.

Шиліқұдық, жеріңе келіп тұрмын,
Естен кетпей, жанымды еліктірдің.
Тұрмын әлі сілейіп тас мүсіндей,
Құрбыларды келеді кезіктіргім.

Құлазыған төңірек, мына маңды-ай,
Төзімімді тезге сап сынағандай.
Көшкен елдің жұртында жоқтау айтып,
Соққан желмен ши сыңсып
жылағандай.
АДАСУ. ШАЙТАНҚАЛА МЕН ШАЙТАН ӨТЕП
(Баллада)

Ауылына жолаушы асығады,
Тұсау болған тұманға ашынады.
Бейне келе жатқандай бұлт­ты кешіп,
Құдай білсін, қай кезде ашылады?!

Титықтатып, сабылт­ты дархан дала,
Қарсы алдына қарады шал таңғала:
«Шайтан бар» деп ішіне жан жуымай,
Анадайдан қашатын – Шайтанқала…

Осы жаққа бергенде бұра бет­ті,
Қырсыққанда қарашы мына әлекті.
Шайтанқала ішінен сопаң етіп,
Шайтан Өтеп алдынан шыға кепті.

Күнде көріп жүретін ауылдасын,
Шайтан Өтеп тап басып тани ма шын?!
Қасқыр көрген қойдай бұл тұра қалды,
Қайта-қайта қайырып кәлимасын.

Шырмауында шайтанның қала ма енді,
Шығарар шақ, бойдағы бар өнерді.
Қара түндей күдігі қоюланып,
Сенім бөзі сетінеп сала берді.

Шетін ұстап сезіктің шылбырының,
Қорыққаннан шықпайды
құрғыр үнің.
Айдалада арбасқан аң сияқты,
Аңдып тұрды қимылын бір-бірінің.

Дүрсілдеген жүрегі жай таба кеп,
Артын бақты, бірдеңе айта ма деп.
«Ата-бабаң ат­тарын ата» деулі,
Шыныменен болсаң сен Шайтан Өтеп.

Бойға – қуат, жақсы сөз – жарым ырыс,
Тыңдап тұрса, сөзінің бәрі дұрыс.
Шайтан кімнің жат­тасын шежіресін,
«Уһ» деді, алғандай жаны тыныс.

Кезе берген қаңбақтай, жоннан асып,
Тұман торлап, кетіпті ол да адасып.
Жақындады екеуі бірте-бірте,
Дірілдеген аяғын зорға басып.

Кенет кейін тарт­ты да кежегесі,
Қалт кідірді, жүрісті тежеп есі.
Көз алдында Өтептің өңі өзгеріп,
Кескектейді шайтанның неге елесі?!

Тұман тарап, түскен соң жолға соқпақ,
Бұл тоқтаса, қарайды ол да тоқтап.
Ақырында жетіпті ауылға да,
Сенбестікпен, қарамай қорқасоқтап…

…Бұл, өмірден мысал ғой қалған ұстап,
Тағдыр деген секілді аударыспақ.
Адалдықтың аулынан адаспашы,
Шайтандықтан бойыңды аулақ ұстап!
СОЛ БІР ШАҚ…
Шиліқұдық… білдік ұғып, бірлікті,
Түндік ашып, бастайтынбыз тірлікті.
Жүруші еді жамандыққа жолатпай,
Сенім деген сақшы тұрып, бір мықты!

Басын қосып жоғында да, тоғында,
Бірін-бірі шақырысып соғымға.
Киіз басса, білектесіп барлығы,
Ұйымдасса, жүк қалмайтын жолында.

Қиындықты бір көреміз, көрсек деп,
Қоңсысына қарасатын көрші ептеп.
Алып құртпа ауға түсіп бір күні,
Бүкіл ауыл бөліп алған, бөлшектеп.

Дүкен бар-ды, күтіп жатпай сағатын,
Жұрт керегін жазып кетіп, алатын.
Ал, иесі үйінен кеп, жабарда,
Есігіне тасты тірей салатын.

Көңілдер-ай, сол кездегі кіршік жоқ,
Жүрегімде көктейсің-ау бүршік боп…
Қайран салтым бұзылмаған қаймағы,
Үйлерінде құлып түгіл күршік жоқ.

Бұл күндері санамыз сақ, бекем бой,
Сөзді саптап, толғамадым бекерге ой.
Қуып жүрсек, Маркс айтқан елесті,
Коммунизм өтіп кеткен екен ғой…

…Ата көрмей, ана көрмей келіп пе ең,
О, адамдар, қожырадық неліктен?!
Ар-ұят­тан ада болған, имансыз,
Жиренемін жебірлерді көріп мен!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір