СҮТТЕЙ ҰЙЫҒАН БАЯН-ӨЛГЕЙ
19.02.2024
129
0

Менің бұрыннан әдетім қазақтар өмір сүріп жатқан шетелге барарда қатты толғанып, буырқанған сезімге бөленемін. Әуелі: «Алыста, жат елде (жат жерде емес, әрине) өзгетілді халықпен қалай тіл табысып, өмір сүріп жатыр екен бауырларым», – деп уайымдаймын, сосын: «Қандай кәсіппен айналысып, жат елде өздерінің қарым-қабілетін көрсетіп мойындатып жүр екен», – деп толғанысқа түсемін.

  Қытайға мен сонау тоқсаныншы жылдардың аяғында ҚХР өкіметінің ресми шақыруымен Жазушылар одағының арнайы делегациясы құрамында барғанмын. Бізді ресми қабылдаулардан кейінгі уақытта үнемі қытайдағы қандас ақын-жазушылар қоршап жүрді. Қытай өкіметінің қатаң бақылауын сезсек те, ағайындарымыздың ыстық ықыласы мен махаббатына бөлендік. Сонда менің жүрегіммен сезінгенім, мына іргемізде тұрса да, Қазақстандағы бауырларына жете алмай арманда жүрген мұңылықтардың мөлдіреген көзіндегі елге деген сағынышы еді. Кейін шекара ашылып ағайындарымызбен қуана қауыштық қой.
Соңыра Ұлттық кітапханамыздың бір топ кітапханашыларымен бірге Ресейдің Орынбор облысына қазақ кітаптарын насихаттауға барғанда да осындай алабұртқан сезімде болғанмын. Мұнда да бізді мөлдіреген қара көздегі тұп-тұнық сезім қарсы алды. Сол жақтағы менің бір байқағаным – Ресей қазақтарының ұлттық салт-дәстүрімізді сақтағанымен бояулы, құнарлы тілінен айырылып бара жатқаны болатын. Өйткені орыс өкіметі дәргейіндегі аз халықты орыстандыруды тым әріден – патша өкіметінің тұсынан бастады ғой. Орынбор қазақтарының ақсақалдарының өзі бір сөзіне бірнеше орыс сөзін қосып айтуды әдетке айналдырған. Ал жастары ана тілін мүлде ұмытуға айналған, «ана тілім – орыс тілі» деп есептейді. Көп көптігін істейтіні ақиқат қой. Сол кездің өзінде мен: «Апырм-ай, мына алып елдің ішіндегі азғантай қазақтың дінін, салт-дәстүрін, тілін сақтап қалу үшін біздің Қазақстан Республикасы неге кешенді бағдарлама жасамайды екен?» – деп толғанатынмын. Мысалға, Ресейде қазақтар қалың отырған елді мекендердегі қазақ мектептерін жаптырмауға Қазақстан үкіметі араласса болар еді ғой. Жоқ, үнсіз, тіпті бізге қатысы жоқ жат мәселе сияқты немқұрайды. Қазір Ресейде әлдеқашан жүзеге асқан қазақ мектептерін жабу үрдісі Қытайда да қарқынды жүріп жатыр. Ал біз қазақ қоғамы үнсізбіз, алыстағы қандастардың жағдайына мүлде алаңдаудан қалдық.
Моңғолияға іссапарға шығардың алдында мені осындай ойлар әбден мазалады. Ағымнан жарылып сөйлесем Моңғолияны аралап, Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздың басына арнайы ат басын тіреп, тәу ету, Баян-Өлгейдегі ағайындарға сәлем беріп, алқақотан отырып, сырласу көптен көкейде жүрген арман еді. Сәті енді түсіп отыр. Бұл сапарымызға себепші әрі демеуші болған қазақ мәдениетінің үлкен жанашыры, ірі кәсіпкер ініміз – Қанат Зейноллаұлы Сәнік. Қашан көрсең де жүзінен иманы төгіліп, көзі мейірім шашып тұратын інімнің әдебиет пен өнерге деген кіршіксіз тазалығы мен мейірімі мені ылғи да тәнті етеді.
Әкесі Зейнолла Сәнік ағамыз арғы беттен келген жазушылардың ішіндегі ең бекзатының бірі еді. Ол – бірнеше роман-повесть, пьесаларымен, этнографиялық сәтті туындыларымен елге көлікті де көрікті көшімен оралған жазушы. Анасы Шәмшабану апай да – қазақ поэзиясына олжа салған, ондаған поэзиялық жинақтың авторы.
Ал осы екі қадірліміздің жат жерден бізге алып келген ерекше асыл жәдігерлері бар. Ол – өз бауырларынан өрген тәрбиелі ұл-қыздары. Соның жарқын айғағы – мына біз білетін, қадірлейтін Қанат бауырымыз. Соңғы отыз жылдың көлемінде әкеден туып, әке жолын қуған жастарымыз баршылық, әрине. Алайда сол әке-шешенің бар ғұмырын арнаған қазақ әдебиетіне қамқор, қайырымдылық қолын созған ұлдар аз, тіпті жоқтың қасы.
Соңғы 10-15 жылдың бағдарында Қанат Зейноллаұлының қазақ әдебиеті мен өнерінің өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегіне ойша көз жүгіртсем, жаным сүйсінеді. Ол қазақ айтысының, жыршы, жыраулардың, әнші-күйшілердің халықпен тығыз байланыста болуына қанша қаржы жұмсады десеңізші. Ал қазақ әдебиетінің ондаған көрнекті өкілінің жаңа кітаптарының дер кезінде жарық көріп, оқырманын табуға тікелей демеуші болғанын қалай айтпай тұра аламыз. Қанат Сәнік – шын мәнінде, қазақ әдебиетінің Атымтай Жомарты. Мәдениет меценаты.
Келесі сапарласымыз – қазақтың көрнекті ақыны, Баян-Өлгейдің тумасы, қазір Астанада тұратын Сұраған Рахмет. Ол біздің қоржынымыздағы «Қобданың қоңыр желі» атты екі томның құрастырушысы. Бұған қоса Сұраған Моңғолияның көрнекті ақындарының өлеңдерін қазақшаға аударып «Қазақ әдебиетіне» жариялаған. Газеттің 50 данасы да – біздің қоржынымызда.
Біздің үшінші сапарласымыз – талантты ақын, Зейнолла Сәнік атындағы қайырымдылық қорының атқарушы директоры Серік Қалиев бауырымыз.
Төртінші жолаушымыз – Моңғолия сапарын ұйымдастыруға қатысып, «Қобданың қоңыр желі» екі томын жарыққа шығарған «Әдебиет» баспасының директоры, Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, талантты ақын Ғалым Қалибек.
Делегацияның құрамында Моңғолияға барып көрмеген екі адам бар. Ол – мен және көрнекті қоғам қайраткері Әміржан Қосанов. Талантты публицист, тамаша ақын Әміржан жақында Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданды. Өзінің іскерлік қабілетімен де ол бізге қоғамдық кеңесші болып жүрген жайы бар.
Сонымен, қыркүйектің жайма-шуақ төртінші жаңасында Алматы әуежайына келдік. Бізді «Хүннү-Эйр» деген моңғол авиакомпаниясының АТR72-500 ұшағы қарсы алды. Орташа көлемдегі ұшақтың экипажы көпұлтты екен. Моңғолдар мен ағылшындар және өзіміздің Баян-Өлгейдің тумасы, қарындасымыз жүр жайраңдап. Иә, біз қалайық-қаламайық жаһандану идеясының күннен-күнге өршіп келе жатқанын амалсыз мойындауға тура келеді. Сұрағанның айтуынша, бұрын «Баян-Өлгий – Өскемен – Алматы» бағытымен ұшақ қатынаған екен. Осы рейс Өскеменнен Баян-Өлгейге бір-ақ сағат ұшыпты. Біз бүгін Ұланбатырға төрт сағаттан астам уақыт ұшады екенбіз. Ал Ұланбатырдан Баян-Өлгейге дейін тағы бір жарым сағат ұшуымызға тура келеді. Басқаша айтқанда, соңғы кезде Баян-Өлгейге жету қазақтарға кәдімгідей қиындық туғызып тұр. Автокөлікпен қатынасудың да осындай машақаты мол. Егер Ресей арқылы автокөлікпен тура жүрсе, шекара дәлізі бар болғаны 50 шақырым екен. Әрине, бұл зәру мәселе мемлекеттік деңгейде шешілуге тиіс қой. Алайда біз бұған қарапайым халықтың өкілі ретінде жайбарақат қарай алмаймыз. Менің ойымша, Қазақстан Мемлекеті шетелдерде тұратын қандастарымызға қатысты бағдарламаларын қайта қарау керек сияқты. Рас, бұған дейін Мемлекет тарапынан сырттағы қандастарымызды қолдау жөнінде ешқандай шара қолданылмады десек, өте қателесеміз. Басқаны айтпағанның өзінде «Көші-қон туралы» қабылданған заңның өзі не тұрады?! Дейтұрғанмен, қазіргі таңда сол заңға елеулі толықтырулар керек-ақ. Ең бастысы – шетелде өмір сүріп жатқан ағайындарымыздың өздері туып-өскен жерлерінде тамырын тереңге жіберіп, жапырағын жаюға жағдай жасау. Алдымен, шетелдегі қазақтардың әлеуметтік жағдайының жақсы болуына, сонымен бірге мәдениеті мен салт-дәстүрін, тілін сақтап қалуға мүмкіндік беру Қазақстан Мемлекетінің қасиетті борышы емес пе? Менің байқауымша, шетелде өмір сүріп жатқан жастардың Қазақстанмен байланысы өте жақсы. Олардың көпшілігі еліміздегі жоғары оқу орындарында білім алып жатыр. Ал бизнеспен, сауда-саттықпен айналысып жүрген жастардың дені Қазақстан сауда-саттығын әжептәуір игеріп алған, яғни бүгінгі таңда білім алу мен бизнес саласында алға жылжу бар деп сеніммен айта аламыз. Біздің айтпағымыз, бұның бәрі жабайы түрде емес, Қазақстан мемлекеті тарапынан жасалған арнайы бағдарламалар арқылы жүзеге асса ғой, шіркін.
Осылайша, ұзын-сонар ой құшағында отырғанымызда біз отырған ұшақтың борт серіктері Ұланбатыр қаласының «Шыңғыс қаған» халықаралық әуежайына қонуға бет алғанымызды хабарлады.
Бұдан бір-екі ай бұрын біз Моңғолияға сапар шегетінімізді Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігіне де, Моңғолия Жазушылар одағына да хабарлағанбыз. Алайда әуежайда бізді Моңғолияның халық әдебиетшісі, романист-жазушы Сұлтан Тәукейұлы, Моңғолияның ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы МЖО және ҚЖО-ның мүшесі, белгілі ақын Зүлкәпіл Мәулітұлы «Гомбын сэр-Од» атындағы сыйлықтың иегері, ақын Аманжол Бәденұлы және кәсіпкер бауырымыз Асқар Өсерханұлы (Сұрағанның айтуынша, Моңғолия «Қодары» атанған марқұм актер Өсерхан Рахымның баласы екен) қарсы алғаннан кейін Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігінен де, Моңғолия Жазушылар одағынан да ешкім келмегенін түсіндік. Түсіндік те сапарымыздың емін-еркін болатынына қуандық.
Сонымен, қасиетті моңғол топырағына табанымыз тиді. Ертеректе, біздің жас кезімізде бір журналист яки жазушы ағамыздың (аты-жөні есімде жоқ) «Мынау тұрған Моңғолия» деген жолжазбасын оқып, Моңғолиядан әжептәуір хабардар болғанбыз.
Біз білетін Моңғолия – Шығыс және Орталық Азияның кең-байтақ жерін жайлап жатқан Тәуелсіз мемлекет, Батыс бөлігі түгелдей дерлік Ресей мемлекетімен (3543 шақырым) Шығыс түстігі – Қытай елімен (4677 шақырым) шектесіп жатқан, жер көлемі 1.564116 шаршы метр байтақ ел. Моңғолияда 3.398 миллионға жуық халық тұрады. Бүгінгі Моңғолия жері есте жоқ ескі заманда көшпенді тайпалардың атамекені болғанын біз тарихтан жақсы білеміз. Осы сайын дала ежелгі ғұндар мен көк түріктер, ұйғыр хандығы мен қидандар еркін жайлаған қасиетті мекен. Шыңғыс қаған 1206 жылы ұлы Моңғол империясын құрып, Еуразияны түгел уысында ұстағанын бүгінде бүкіл әлем мойындап болған. Ал тарих өз дегенін істейді. 1271-1368 жылдар аралығында, бір ғасырдан астам уақыт бойына Шыңғыс қағанның немересі Құбылай Қытайды түгел бағындырып, көне Дайду мен бағзы Қарабалық – Бейжіңді өзінің бас қаласына айналдырды.
Ғасырдан-ғасыр ауысып, дүниені дүр сілкіндіріп, 1917 жылғы Қазан революциясы болған кезде қытай шеңгелінен жаңа ғана құтылған Моңғолия еркін ел қатарында еді. Алайда жаңа ғана туын көтерген Қызыл империя Моңғолияны назарынан тыс қалдырмай, өз «қамқорлығына» алды. Сөйтіп, 1924 жылы қазақтың жалынды революционері Тұрар Рысқұловты арнайы тапсырмамен Моңғолияға іс сапарға жіберді.
Тұрар ағамыз Коммунистік Партия мен Совет өкіметінің тапсырмасын бұлжытпай орындау үшін Моңғолияда 9 ай жатып, ресми Мәскеудің айтқанынан шықпайтын Моңғолия Халық Республикасын құруға ықпал етіп, тіпті астанасының атын орталықпен келісе отырып «Ұланбатыр» деп қойып та берді. Мен сол кездегі Тұрар Рысқұловтың іс-әрекетін сүйсінерлік не күйінерлік іс деп айтуға аузым бармайды.
Моңғолия Халық Республикасы Кеңес Одағының ресми емес он алтыншы Одақтас Республикасы болғаны тарихтан белгілі.
Моңғол Халық Республикасы да дәл біз сияқты Кеңестер Одағы ыдыраған соң ғана толық тәуелсіздігін алған еді. Енді, міне, біз Моңғол Халық Республикасының астанасында тұрмыз.
Бүгін «Баянгол» мейманханасына түнеп шығып, таңертең Баян-Өлгейге ұшамыз.
Айтқандай, «Шыңғыс қаған» әуежайынан «Баянгол» мейманханасына дейін 30-40 шақырым екен. Кешкі асты Анадолы үлгісіндегі «Гүрем сұлтан» дәмханасынан іштік. Иесі түрік, араб, моңғол тілінде еркін сөйлейтін бауырымыз Амангелді Қуанышұлы деген азамат екен. Дәмхана домбыра, қобыз ілінген нағыз қазақи дәмхана екен. Қазақтың иісі аңқып тұр.
Ертесіне таң ата көтеріңкі көңілмен Баян-Өлгейге ұштық. Ақ шарбы бұлттардың арасымен қалықтап келе жатып тағы да Баян-Өлгей қазақтарын ойладым. Сұрағанның айтуынша, бұл жердің қазақтары – тілін, дінін, салт-дәстүрін сақтап, сүттей ұйып отырған мамыражай ел.
Қобданың қоңыр желі баяу ескен қоңыр таулардың арасындағы ауыл-аймақпен аман-есен қауышып жатырмыз. Баян-Өлгейлік барша руханият өкілдері түгел келіпті. Бұрынағы жылдардағы аймақтың басшысы, бүгінгі Қазақ қаламгерлерінің жетекшісі Қабсаттар Омар, «Шұғыла» журналының бас редакторы, ақын Рысбек Зұрғанбай, «Монстрой-Эра» компаниясының директоры, белгілі кәсіпкер, саясаткер Ғажайып Рахмет, ақындар Костер Тұмсыхан, Марат Бәкей, Қазақ қаламгерлер бөлімшесінің қасындағы «Шамшырақ» әдеби бірлестігінің мүшелері Алаш Кеңшілік, Тілектес Ақылбек, Жандос Аманжол, Шынарбек Жомарт, Заңғар Еркебек, Шамшырақ Қаутай және Журналистер одағының басшысы Еркінбек Бөден, БАҚ-тың жетекшісі Оспан Нәби, журналистер қауымынан Нұрмұқан Аятхан, Қуат Уатқан, Қайрат Далайхан қатарлы азаматтар сайма-сай сап түзепті. Баян-Өлгей өзге аймақтардан сәл ілгері өркендеп келеді. Оның көрінісі – 10 қабатты «Достық» қонақүйі. Қазақтың үш азаматы бірлесіп тұрғызған ғимараттың егелігі мен менеджменті де осындағы Мұрат Дәкей, Жанғабыл Қажекбер, Саясат Қақтанұлы қатарлы арқалы тұлғалардың қолдарында. Баян-Өлгейде «Құсбегілердің мерекесі» дәстүрлі түрде жыл сайын өтеді екен. Ғаламды таңғалдырар «қыран мерекесіне» дүниенің төрт бұрышынан ағылып келетін жиһанкездердің тоқтайтын жері – осы он қабатты «Достықтағы» тамаша жайлы орындар.
Қонақүйге жайғасқан соң бізді Аймақ мәслихатының басшысы Қабыл Шәріпұлы қонаққа шақырып дәм татқызды. Бұл өзі қазақтың және Моңғолдың арғы-бергі тарихын, мәдениетін бір кісідей білетін көшелі азамат екен. Әсіресе қазақ жазушыларының шығармаларын таратып айтқаны бізге ұнап қалды. «Баян-Өлгейде, негізінен, қазақ мектептері балаларға дәріс береді, – дейді ол. – Алайда соңғы уақытта мектеп бағдарламасына көне моңғол тілін енгізуіміз біраз қиындықтар туғызып жатыр. Иә, Моңғолия үкіметінің бұл саясатына ешкім қарсы келмейді. Тек оқыту методикасын басқа ұлт өкілдеріне лайықты етіп дайындаған дұрыс-ау».
Біз ойланып қалдық, шынында да, көне моңғол тілін үйренгеннен қазақ баласының ештеңесі кете қоймас-ау, тек Моңғолиядағы қазақ мектептерінің оқу бағдарламасы мен оқу құралдары Қазақстандағыдан әжептәуір өзгешелеу. Міне, бұл – біз үшін ойланатын зәру мәселе. Қазақстан оқу министрлігінің де Баян-Өлгейдегі қазақ мектептерін мықтап қолға алатын уақыты жеткен сияқты.
Баян-ӨлгейдеҚұрманхан Мұхамәдиұлы атындағы аймақтық мемлекеттік драма театры бар екен. Көнелеу ғимарат болғанымен осы аймақ қазақтарының маңдайына басқан жалғыз өнер ордасы екенінде күмән жоқ. Көрермендер залы да – 500-600 орындық, сахнасы кең.
«Қобданың қоңыр желі» деген атпен жарық көрген екі томдық кітаптың тұсаукесері осы өнер ордасында өтетініне іштей қуанғанбыз. Алайда ауқымды залдың әр жерінде бытырай орналасқан азғантай халықты көргенде көңіліміз су сепкендей басылды. Демек, бұл елдің әкім-қараларына біздің жеке сапарымыз, екі кітапты өз қаржысына шығарған «Зейнолла Сәнік атындағы қайырымдылық қорының» ақ-адал еңбегі онша әсер етпеген сияқты. Әйтпесе, бір театрдың көрермендер залын оқырмандарға толтырып қою жергілікті әкімдікке не тұрады? Тіпті жартылай бос залды толтыру мәселесін былай қойғанда, өздерінің – әкімшілік қызметкерлерінің төбе көрсетпегені жанымызды жабырқатты. Сонда қалай Баян-Өлгейден мыңдаған шақырым жерде тұратын Қазақстанның Жазушылар одағы мен Қанат Сәнік сияқты кәсіпкерлер қос кітапты арқалап еріккеннен жүр ме, әлде атын шығармақшы ма? Обалы кәне, жергілікті ақын-жазушылар құрақ ұшып елпілдеп, қолдарынан келген құрметін көрсетіп-ақ жатыр. Алайда қалың оқырман қайда, мектеп оқушылары қайда? Мені алаңдататын осы мәселе. Біз мойындайық-мойындамайық, шындығы сол, көркем әдебиет пен қарапайым халықтың арасы алшақтап барады. Әйтпесе, ақын Сұраған Рахмет жыл жарым уақытын сарп етіп, инемен құдық қазғандай болып жинаған 36 қаламгердің роман, хикаят, әңгіме, драма, сценарийлері, 84 ақынның өлең-жырларын оқитын оқырманның саны қанша?! Міне, бұл – үлкен мәселе. Ең алаңдататыны, Алматыдағы осы екі томдық антологияның жарық көруіне атсалысқан адамдардың еңбегін кім бағалайды? Сұрақ көп, жауап жоқ. Баян-Өлгей қазақтарынша айтсақ, жә, қуанатындар – қуанды, бағалайтындар – бағалады. Осы сапарымызда Баян-Өлгейдің үш қаламгері – Марат Бәкейді, Костер Тұмсыханды және Азатхан Мұқанұлын Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдап, мүшелік билеттерін тапсырдық. МДТ-ның әншілері жергілікті сазгерлердің әнін шырқап, жас ақындар өлеңдерін оқып жатыр. Айтылған әндер мен оқылған өлеңдерден сағыныш сарыны мен нәзік сезім лебі сезіледі.
Қазақ қайда жүрсе де – қазақ, Баян-Өлгейдегі ағайындар – ерекше қонақжай. Сонымен бірге сырбаз, ойлары көңілге қонады. Біз театрдағы кездесуден кейінгі дастарқанда Баян-Өлгей аймағының қаржы саласын басқарған Моңғолияның экономикасына еңбегі сіңген қайраткер Бекен Қабденовпен кең отырып сөйлестік. Бұл ағайынның айтуынша, Моңғолияның ауыл шаруашылығының дамуына Баян-Өлгей қазақтарының қосқан үлесі мол көрінді. Алайда соңғы кезде ауыл шаруашылығының да зәру мәселесі көбейіп келеді. Әсіресе ағайындарды ауыл шаруашылығы саласына тарту күннен-күнге қиындап барады екен. Расын айту керек, Моңғолиядағы қазақтар мал бағу саласында аянбай еңбек етіп жатыр. Сол еңбектің арқасында Баян-Өлгей қазақтары бақуатты тұрады. Ересек балалары Ұланбатырда, Астана мен Алматыда, одан әрі алыс шетелдерде білім алуда. Алысқа білім қуып кеткен балалардың елге, ауылға оралуы екі талай. Сондықтан алыста оқып жатқан ұл-қыздардың ата-аналары қамкөңіл, үнемі ұл-қызының соңынан алаңдайды да отырады…

 Баян-Өлгей қазақтарының аузы­нан тастамайтын бір ауданы бар, Ол – Дэлүүн. Дэлүүн Баян-Өлгийдің жүрегінің дүрсілі сияқты нысаналы жер екен. Тойлыбай ақынның: «… Көзім нұрым, сезім қылым – Дэлүүн…» – деуі бекер емес-ау. Дэлүүнге жақындап келе­міз. Сексенінші жылдары осы қасиетті аймаққа Қазақстаннан Әкім Тарази, Жәнібек Кәрменов, Ұлықбек Есдәулеттер ғана арнайы қонақ болған екен. Солардан кейін ат терлетіп келе жатқан біз екенбіз. Дэлүүннің Қазақстанмен байланысы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарынан басталады. Сұраған ақынның бір мақаласын оқығаным бар:
«… 1940 жылы Кеңестік Қазақстан­дық арнайы өкіл-мұғалім, ерекше еңбеккер маман Айдарбек Қайыргелдин Дэлүүнге жоғарыдан бөліспен келіп, ғылыми негіздегі тәлімдік дәрістерін бек шұғыл әрі тың тәсілмен үйретті. Оның рухани көмегімен оқушылар М.Нұрбайұлының «Қазақ әліппесі» және Зәкерия Ерғалиұлының «Әліп­песімен» (1910-1921), Ахмет Байтұрсыновтың оқу құралдарымен, Молдағали Жолдыбаевтың (1887-1938), «Шала сауаттылар үшін» (1926) оқулықтарымен танысты. Осы кезден бастап, шеттегі қалың бұқара қазақтың жаңа замандық жаз­ба әдебиетінің үлгісімен танысу мүмкіндігі туды. Солар арқылы жалпы қазақтың ағартушыларының, ақын-жазушылардың шығармалары шет жүрген қазақ жасөспірімдерінің ынта­сын тартып, сал ұйқысынан оятты …».
Аймақ орталығынан 156 шакырым жердегі сұмынға апаратын жолдың бір мойнағын «Жөлкін» (Құмайт мойнақ) деп атайтынын білдік. Осы жерде сұмы­ның (аудан) әкімі Серікбол Бәделұлы ауыл ақсақалдарымен бірге бізді күтіп алды. Өзіміздің Қазақстандағыдай шашу шашып, балқымыз, бауырсақ ұсынып жайраңдаған ағайындар.
Ел ағасы Укан Матай ақсақал: «Ел мен жерге қош келдіңдер, ағайындар», – деп бізді сұмынға қарай бастай жөнелді. Бің Мұсахан Ауғанбайұлының үйіне келіп түстендік.
Дэлүүн Баян-Өлгейдегі ең үлкен сұмын екен. Дэлүүн – жалпы аумағы 559 499 шаршы шақырым аумақты алып жатқан кең дала. Күншығысы – Ховда мен Дуут, Батысы Шыңжаң Өр Алтай және Алтай, Толбо сұмындарымен шектесіп жатыр.
Мәдениет үйіндегі кездесуге жер­гілікті зиялы ақсақалдар, мектеп мұғалімдері, оқушылар жиналыпты. Олар кездесуге әжептәуір дайындықпен келіпті. Өнерпаз мұғалімдер мен оқушылар осы елдің халық әндері мен күйлерін бірінен соң бірін орындап тамсандырып тастады.
Шынында да, іргетасы 1938 жылы қаланған мектептің ұстаздары мен оқу­шылары түгелдей дарынды. Дэлүүнде ақын да, өнерпаз да мол екен. Ертай Құлыбекұлы, Айбат Мәненұлы, Жәр­дем­бек Қабидолдаұлы, Амангүл Сарықыздың өнерлері көңіл қуантады. Мектеп оқушыларының өнерлері ерекше. Осы мектептің 3-сынып оқушысы Айпара Қуанқызы Тойлыбай ақынның «Ақбота» балладасын мүдірмей жатқа оқығанда қуана сүйсіндік. Ұзақ өлеңді соншалықты түсініп, әр сөзіне мән бере жан-тәнімен оқып тұрған кішкене бүлдіршіннің болашағынан үмітіміз мол. Келесі 7-сынып оқушысы қолындағы қурай сыбызғысымен сыңсыта күй орындаған сәтінде мына Дэлүүннің даласының ерке самалы тынысымызды кеңейтіп жібергендей болды.
– Сұмын орталығынан менің ту­ған жерім Қараөлкем онша алыс ем­ес, – деді Сұраған қызылшырайлы жүзі алабұртып. – Күзеуде отырған ауыл­­дар Қарасу мен Шегіртай өзені­нің ортасындағы аралыққа орналас­қан.
Ақын айтса айтқандай, жатаған, ормансыз, бірақ көгілдір майсаға оранған таулар қоршаған жап-жазық алап жайқалған көк шалғын – «түкті кілем,көк кілем». Көк кілемде жайылған үйір-үйір жылқы, табын-табын сиыр, біздің сиырлардан басқаша бауырлары жер сызған, желкелері күжірейген сарлық (қодас) жайылған шөптің қалыңдығы сондай, мал бір орнынан тапжылмай манаурай жайылатын сияқты.
Көруге көз керек көрініс – алқап толы төрт түлік. Екі өзеннің арасында ине шаншар бос жер жоқ.
Әрдектегі ақбоз үйлердің бәрінен биебау мен сарлықтың желісі, қозылар көгенін көргенде біздің санамыздан өше бастаған балалық шақтағы ғажап көрініспен көзайым болып, ет-жүрегіміз елжіреп кетті. Бұлар – күзеуде отырған қазақ ауылдары. Бізге таңсық сарлық (қодас) «сергек, сүті қою, қаймағы бес елі болатын сиыр малының төресі» дейді жергілікті қазақтар. Мұндағы ауылды әкім мен бақтың (Мемлекеттік бірлік) көпшілік ұйымын Балапан Төлеухан мен Ағынай Дінай деген азаматтар басқарады екен. Бір түтінде шамамен 500-1000 бас – ұсақ мал, 50-300-дей сиыр бар.
Айталық, Райхан Емелхан деген азаматтың отбасы 300-400 сарлық өсіреді екен. Ал осынау қалың малдың бар бейнеті – әйелдердің мойнында. Олай дейтініміз, біз түскен үйдің иесі Баянхан Қажыбайұлының әйелі Айжан күніне – 27-30, көршілері Балапанның келіншегі Бота мен інісі Естайдың жары Жанаргүл абысын-ажынды екеуі күніне 40 сарлық сиыр сауады екен. Одан қала берді ұсақ жандықтардың желінін созады. Олар таңғы сағат 4-тен бастап мігірсіз еңбек етеді. Сарлықтың жай сиырдан айырмашылығы желінінің үрпі ұсақ. Саусақтарына үнемі күш түскендіктен әйелдердің көпшілігінің саусақ буындары сырқырап ауыратын көрінеді. Әйтсе де, олар еңбектің зейнетін көріп отыр. Сүт өнімдері – май-қаймақ, құрт-ірімшіктерін сатып балаларын алып шаһарларда оқытады. Өлгейдегі қазақ мектебін бітірген балалар бұл күнде әке-шешелеріне арман болған алыс шетелдерде де табысты оқып жатыр.
Біз түскен үйдің келіндерінің қонақ күтуге әбден дайындалғаны дастарқандарынан анық байқалады. Үстелдің үсті түрлі тағамдардан майысып тұр. Бұрқылдап қазан қайнап жатыр, екі иінінен дем алып сары самаурын тұр. Қазандағы майдан жаңа шыққан ыстық бауырсақ, кесеге құйылған қайнаған құрт алдымызға келді. Сол баяғы біз ұмыта бастаған қазақы дастарқан. Іргеде ұсақ балалар телевизордан көз алмайды. Еріксіз біз де назар аудардық, балалар Қазақстанның «Балапан» бағдарламасын қызыға қарап отыр екен. Осыны көрген моңғол шенеуніктері: «Апырм-ай, Қазақс­тан идеологиясына дауа жоқ екен. Мына­дай тамаша бағдарламаны көрген балалар өзінің мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихы мен тілін қайдан ұмытсын», – деп басын шайқап, ойланып қалды, – дейді жергілікті ақсақалдар. Ақбоз үйлердің түтінін тік ұшырып, үйелмелі-сүйелмелі балаларды өсіріп, шаңырақтың берекесіне айналған қазақ ауылының әйелдері таңғаларлық еңбекқор әрі жас ұрпақтың тәрбиешілері – мейірімді ана. Тілді үйіретін саба-саба сары қымыз бен тәтті іркіт, желіге жайылған құрт пен ірімшік, қою қаймақ алыстағы ағайындардың берекесін келтіріп тұрғандай.
Сүттей ұйыған қазақ ауылын көр­дік-ау ақыры. Тиектінің көгілдір жотасы­нан Көксеркенің бөктері сонау көз ұшында бұлдыраған Бүркіт тауына апарады…
Сарыкөл мен Өмнөгол шалқар күзеуі – Моңғолия қазақтарының атамекенінің бірі. Жа Лама айдағандағы Ақынбек Тоқылқажыұлын тұлыптап тірідей сойған тарихи қасіретті жер – осы. Әлі күнге дейін «елім» деп еңіреген ердің ыңыранған дауысы құлаққа жететін сияқты. Бұл қанды оқиға туралы жергілікті ақын-жазушылар Елеусіз Мұқамәдиұлының «Өрікті көл», Нәжікеш Таңқайұлының (1885-1953) «Ел айдалған» тарихи дастанынан, Сұраған Рахметұлының «Жа Лама: аңыз бен ақиқат» шығармасынан, Бекен Қайратұлының «Жа Лама» еңбектерінен оқып-білуге болады.
Бүгінде Сарыкөлді жайлаған ел Өмнөголды күзейді. Өмнөголда күні кеше біз Қазақстан Жазушылар одағы мүшесінің куәлігін тапсырған, ақын Азатхан қажы Мұқанұлының күзеуіне қонаққа бардық. Бұл жолы қасымызда тағы бір мүшеміз – Ербақыт Нүсіпұлы болды. Азатхан – аймақтағы жеке «Білге тегін» орта мектебінің құрылтайшысы, Моңғолия Мұсылмандары мүфтияттар одағының (МММО) төрағасы, «Сәлем» мешітінің бас имамы жан-жақты білімді, парасатты, салиқалы азамат екен. Дәстүрлі дінімізді уағыздаушысы, «Сәлем» газеті және Аймақтық радио редакциясы, «Шұғыла» журналы, «Жаңа дәуір» газетінің жанашыры, қолдаушысы екен. Туған жерге деген махаббаты мен ықыласы бөлек. Оның ойынша, осы жерде жасап жатқан қазақтарды қозғап керегі жоқ, қайта Қазақстанмен жан-жақты қарым- қатынасты күшейтіп, Қазақ үкіметі ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпті қолдаса, осындағы жасап жатқан қазақтар ешкімнен кем болмас еді. Осы пікірге мен де тоқтаймын. Өйткені елмен елдің араласуы күннен-күнге жақсарып келе жатқанда Моңғолияның бір шетінде жайлап жатқан қазақтарға қол ұшын беріп, өркендеп-өсуіне жағдай жасағаннан біз ұтыламыз ба? Қайта өркеніміз өсіп, жапырағымыз жайыла бермей ме? Жер басқа мемлекеттікі болғанымен, сол елде өмір сүріп жатқан өз қандастарымыз емес пе? Меніңше, жерге қашанда өмір сүріп жатқан халық ие ғой.
Азатхан қажы бізбен бірге күзеуіне Алтайдың ақиық қыранын баптап жүрген тамаша саяткер Тұрғынбек Әжікен ағайынымызды шақырған екен. Тұрғынбек – аузын ашса, жүрегі көрінген аңқылдаған азамат. «Қазақстаннан қонақтар келеді» деген соң сәйгүлігін мініп, Ақиығын қолына қондырып, қоржынына жарғақ шалбары мен ою-өрнекпен әдіптелген қазақы тондар ала келіпті. Бәріміз таласа-тармаса киіп, білегімізге Ақиық бүркітті қондырып мәз-мейрам болып жатырмыз. Менің қолыма қонған құс иығын қомдап, томағасын сыпырса, шапши самғағалы тұр. Мен Баян-Өлгейдегі ағайындарға Қазақстанда ұлттық спорт ойыны қолға алынып жатқанын, оған қазақтың Исламбек Санжанов деген ұлтын жанындай жақсы көретін азаматын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі басшылыққа қойғанын, 2024 жылы Қазақстанда Дүниежүзілік ұлт спортының V ойыны өткелі жатқанын айтып бердім. Ағайындар әңгімеме кәдімгідей елеңдеп, біз де қатысуға әзірміз деп қуанысып қалды.
Келесі күні Ұланбатыр қаласына қайтып оралған соң, моңғолия тарихи ескерткіштерімен танысуды ойластырдық. Күллі моңғол халқы мақтан ететін Шыңғыс хан кешені ерекше еңселі, асқақ музей екен.
Алыстан менмұндалап тұратын алып салт атты Шыңғыс хан бейнесі тұтас қақталған ақ күмістен тұрғызылғандай күнге шағылысып жарқ-жұрық етеді. Ал ескерткіштің төбесіне көтерілгенімізде өзіңді бүкіл әлемді көзбен шолып тұрған ұлы әміршідей сезінесің.
Бұл әлемге әйгілі ескерткішті Моңғолияның бұрынғы президенті Халтмаагийн Баттулга өз қаржысына тұрғызған екен. Моңғолдың біртуар ұлының еңбегі ақталған сияқты. Моңғолша атауы «Чингис Хааны Морьт Хөшөө», қазақша «Салт атты Шыңғыс қаған кешені» деп аталады. Ұлан-Батырдың Шығыс түстігіндегі 54 шақырымдық Толы (Туул) өзенінің қойнауында (аңыз бойынша алтын қамшы табылған Цонжин болдогта орнаған кешеннің қарсы алдындағы биік төбеде – ұлы қағанның анасы Өелүннің (Өэлүни) ұлы жорықтан келе жатқан ұлын күтіп тұрған ескерткіші. Бұны да жеке кәсіпкер өз қаржысына тұрғызыпты.
Көкмұнарға оранған кең қойнау толы қаздай тізілген ақбоз үйлер. Кешенді тамашалауға келген туристерді моңғол тарихымен таныстыруға арналған этногрфиялық дүниелер өте мол, қыран құс, жүйрік құмай тазы, арғымақ, қос өркешті айыр інгендер бәрі осында. Біз жергілікті қазақтарды кездестіріп қалдық. О, тоба дәл біздің Алматының орысша сөйлеп, өз тілін ұмытқан шала қазақтары сияқты мына жалпақбет бауырымыз да қазақша екі сөздің басын құрай алмады …
Мына ғажапты қараңыз, мен: «Түнде ұйқы көрмедім, күндіз күлкі көрмедім, қызыл қаным төгілді, қара терім сөгілді, күшімді сарқа жұмсадым, жауға да шаптым құрсанып – бәрі елім үшін», – деп тебіренетін Күлтегін мен Тоныкөк бірге жатыр деп ойлап жүргем. Жоқ, олай емес екен. Тоныкөк (Тұнықұқ, Тоньюкук — Tunuquq) бітіктасы Ұланбатырдан 45 шақырым шығыс-оңтүстікте, бүгінгі Баян-Зүрх (Бай-Жүрек) тауының батыс-солтүстігінде, «Шаған Овоо» деген жерде орналасқан. Екі бітіктасы мен сандықтас бөлшектерінен басқа да құрамдас орналасқан бөлшектерінің үстіне жаңадан қойма салып моңғолдар сақтап отыр екен. Күзетші біздің Қазақстаннан келгенімізді біліп тұрса да рұқсат бермей, бастаушымыз жеке алып кетіп сөйлескеннен кейін ғана қойманың есігін ашып, көп кідірмеуімізді сұрады. Қоймада жаңағы біз айтқан тарихи әпсана жазылған қасиетті тастар «бізге қашан кезек келеді» дегендей жерде сұлап жатыр. Сұрағанның айтуынша, осы жердегі екі тас мүсін Моңғолия Ұлттық тарих музейіне апарып қойылған.
Бұл ескерткіш туралы В.В.Радлов, В.Томсен, П.Аальто, М.Спренглинг, С.Е. Малов, Р.Жиро, Довдонгийн Баяр, Х.Н.Оркун, М.Ергин, Г.Клоусон (ағылшын, көне қытайтанушы ), И.Стеблева (чуваш),Талат Текин, Сергей Кляшторный, Бұқат Базылхан, О.Серткая, Ләйла Тугушева, Қ.Сартқожаұлы, т.б. ғұлама ғалымдар мәтіндік зерттеулер жүргізген еді.
Осылардың ішінен мен қазақтың үш ғалымын – Ғұбайдолда Айдаровты, Құлмат Өмірәлиевті және Мырзатай Жолдасбековті бөліп алып отырмын. Өйткені өткен ғасырдың 80-жылдары осы үш ғалым көне түркі ескерткіштерінің мәтінін зерттеген ғылыми еңбектерін «Қазақ әдебиеті» газетіне алып келгенде менің қолыма тиген. Марқұм Ғұбайдолда Айдаров тастағы жазулардың жолма-жол аудармасының тақырыбын: «Күлтегін», «Тоникуқ», – деп қойған, ал марқұм Құлмат Өмірәлиев: «Күлтегін батыр туралы сөз», «Білге Тоңукук сөзі», – деп қойса, Мырзатай Жолдасбеков: «Күлтегін», «Тоныкөк», – деп қойған еді. Тастағы жазулардың жолма-жол аудармаларын да үш ғылым үш түрлі аударғанымен негізгі мағынасын сақтаған.
Енді Білге қаған мен Күлтегін ескерткішіне барған сапарымызды әңгімелеп болғаннан кейін осы ұлы мұраларға қатысты Қазақстанда істелген іс-шараларға арнайы тоқталамыз.
Тоныкөк ескерткіші жатқан жерден «Білге қаған» мен «Күлтегін» кешенінің арақашықтығы 450 шақырымдай екен. Бір Аллаға сыйынып, ұлы қорымға бет түзедік.
Білге қаған (Bilga Qayan) – Мұғылян (684-734) есімімен тарихқа белгілі тұлға. Ол әлемге белгілі Құтылұғ Елтеріс қағанның тұңғышы 716-734 ж.ж. аралығында Түрік қағанатын 18 жыл басқарған Түріктің төртінші қағаны. Білге тегін ұстыны қасында інісі Күлтегіннің ескерткіші тұр асқақтап.
«Күлтегін – Көлтегін «көл иесі» мағынасын білдіретін болуы керек», – деп болжайды ғалымдар. 731 жылы 47 жасында дүние салған соң, бір жылдан кейін Білге тегін қаған қадірлі інісіне арнайы тұрғызылған ұлы зәулім ұстын. Түрік қағанатының атағы жер жарған әскери қолбасшысы, бүкіл Түрік халқы бас иген ұлы тұлға осы үлкен аңғар бойында жатыр. Мәңгілік мекені – Архангай аймағына қарасты Хашааты деген қасиетті жер. Қарақорым (Хархорин) кешенінен 47 шақырымдағы көше сайдым (көше сайдаң) немесе Орхан қойнауындағы бүкіл әлем тәу ететін тарихи киелі орын – осы.
Бұл ұлы кешенді «Моңғолдар көне кесенесі» деп атайды. Атшаптырымдай жерді алып жатқан тарихи орын бұл күнде ЮНЕСКО-ның қарауында. Үлкен зәулім ғимараттың ішінде. Жан-жағы терең тарихи мазмұнды руна жазуымен көмкерілген «Күлтегін» көне кесенесінің тәжінде Ашина ұлының мөрі – тауешкі мүсіні бейнеленген. Көне кесенесінің биіктігі – 3,33 метр, ені – 1,32 метр, қалыңдығы – 0,46 метр. Үш жағында 68 – мөр белгі, 10 мың – бітік бәдізді руна жазуы, оның 1-13 мөр белгісі «кіші бітік», 14-68 мөр белгіні «үлкен бітік» деп анықтама берген зерттеушілер.
Көптен бір көру арман болып жүрген ұлы бабаларымыздың көне кесенесін алақанымызбен аялай сипап тұрып менің есіме сонау 2000 жыл түсті. Астанадағы Гумилев атындағы Ұлттық университеттің фойесіне осы ұлы ескерткіштердің көшірмесі сол кездегі Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары, Білім және мәдениет министрі
И.Н.Тасмағамбетовтің ұйымдастыруымен әкеліп қойылды. Ескерткіш-көшірменің ашылу салтанатына Қазақстан зиялыларының бәрі дерлік қатысты.
Көне кесене ескерткіштерінің көшірмелерінің Қазақстанға әкелуінің де өзінше үлкен тарихы бар. Иманғали Тасмағамбетов ғалымдар мен жазушылардан арнайы комиссия құрып, Моңғолияға бірнеше қайтара барып жүріп, ескерткіштер көшірмесін жасатып, Қазақстанның Астанасына әкеліп қойғызған тарихи оқиға еді бұл. Сөзіміз дәлелді болу үшін И.Тасмағамбетовтің Президентке жазған хатын келтіре кетейін.

Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Ә.Назарбаевқа:

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
Соңғы уақытта Елбасы мен Үкімет тарапынан ұлттық мәдениетімізді қайта жаңғыртып, өркендету барысында бірқатар шаралар белсенді түрде атқарылып келе жатқаны жақсы мәлім. Өзіңіздің тікелей жәрдеміңіздің арқасында ұлттық рухани және материалдық мәдениетіміз үшін аса құнды болып табылатын қолжазбалар, қолөнер дүниелері мен архив құжаттарының тізімі жасалуда. Алаша хан, Жошы хан, Бекет ата сынды ірі тарихи ескерткіштер жөндеу және қайта безендірілуден өткізілуде.
Дегенмен ұлттық мемлекеттіміздің қайнар көздері мен мәдениетіміздің, өнеріміздің тарихи бастаулары хақындағы мәселелер әлі де болса өзектілігін жоғалта қойған жоқ. Ұлан-ғайыр материалдық һәм рухани жәдігерлері бар қазақ халқының ұлт ретінде тарихи қалыптасуының кейбір кезеңдері үстірт зерттелген күйінде қалуда. Бұл арада халқымыздың қадым замандарда «өз жазу мәдениеті болмаған» деген алып-қашты әңгімелерді жоққа шығаратын орхон-енисейлік ежелгі түрік жазба ескерткіштерінің (VI-VIIIғғ.) орасан зор маңызын атап айту қажет. Мұның өзі Қазақстанда аталған жазба мәдениетінің қандай да бір үлгілері жоқтығынан туындап келеді.

Осы орайда біздің мамандарымыздың орхон жазбаларының тарихи орындарында зерттеу жұмыстарын жүргізіп, олардың түпнұсқаларын Қазақстанға алып келу және Орталық мұражайға қою жөнінде Моңғолия тарапының ресми рұқсатын алу турасында Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше әрі өкілетті елшісі Юмбуугин Сандақ мырзамен алдын ала келіссөздер жасалынды. Аталған келіссөздер нәтижесінде, үстіміздегі жылдың 2-5 шілдесі аралығында мен жетекшілік ететін және құрамына отандық белгілі түркологтар, ғалымдар, жазушылар кіретін қазақстандық делегацияның жұмыс сапарымен Ұлан-Батыр қаласына баруы ойластырылуда. Делегацияның міндеті – қол қойылмақшы арнайы шарт негізінде орхон жазбаларының көшірмесін Алматыға жеткізу.
Республикамызда көне түркінің орхон сына жазулары тәрізді жәдігер-жау­һарларымыздың болуы, басқаны былай қойғанда, өскелең ұрпақтың білім деңгейінің жоғарылауына сөзсіз ықпал етіп, оқу пәндерінің мазмұнын қайта қарауға және оқулықтардың жаңа үлгілерін да­йындау барысына көп көмек еткен болар еді.
Әрине, үстіміздегі жылдың жазы мен күзіне жоспарланып отырған осынау шаруа аз уақыт алмайтыны, тіпті маңыздысы, қыруар қаржы керек ететіні түсінікті.
Аталған жұмыстың аса өзектілігін ескере келе Сізді хабардар ету әрі оны жүзеге асыру барысына өзіңіздің қолдауыңызды өтіну мақсатында енгізіп отырмын.

Үлкен құрметпен,
Қазақстан Республикасы
Премьер-министрінің орынбасары,
Білім және мәдениет министрі
И.Н.Тасмағамбетов,
маусым, 1997 ж.

Осы тарихи оқиғадан кейін менің басыма «аталмыш ескерткіштердегі мәтіндердің жолма-жол аудармасы мен көркем аудармасын жеке кітап етіп шығарса қайтеді» деген идея келді.
Осылайша, қазақ ғалымдарының тастағы жазуларды жолма-жол аударған мәтіндерін көрнекті ақын Қадыр Мырза Әлі ағамызға ұсынып, осы үш мәтіннен Күлтегін мен Тоныкөк мәтінінің көркем аудармасын жасап беруді өтінгем. Ағамыз бірден келісіп тамаша аударма жасап, кітапқа өзі қысқа ғана алғысөз жазды. Ақын жазған алғысөзді де назарларыңызға ұсынғалы отырмын.
Терең тамыр немесе «Күлтегін» және «Тоныкөк» көне ескерткіштері туралы Қазақстан Коммунистік партиясы орталық комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметов жолдасқа:
Өзіңізге белгілі, біздерде күні бүгінге шейін тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мәселесіне лайықты мән беріле қойған жоқ. Мүмкіндігінше, солардың біразын бір жерге, бір қалаға топтастырып, мемлекеттің қамқорлығына алған жөн болар еді. Біздің салақтығымыз бен марғаулығымыздың салдарынан сол көне ескерткіштердің көбі құмды-шөлді кең-байтақ қазақ даласында тектен-текке құрып барады.
Егер біз олардың бәрін бір орталыққа жинап, жинастырсақ, болашақ ұрпақ өздерінің тарихи мұраларын ертерек танып, сауаттарын ашар еді, мақтаныш сезіміне бөленер еді.

Ілияс Омаров

Құдайға шүкір, қазақ халқының бақытына, үнемі болмаса да анда-санда идеологиялық басшылыққа халыққа жаны ашитын жақсылар мен жайсандар келіп тұрды. Күні кеше сондай орында Темірбек Жүргенов, Ілияс Омаров, Өзбекәлі Жәнібековтер отырып, келешек ұрпаққа үкілі үлгілер қалдырды. Біз бүгін де сорлы емеспіз. Ардақты ағалардың асыл арманын одан әрі жалғастырып, және іске асырып, жүрген белгілі бекзаттардың бірі – Иманғали Тасмағамбетов. Ілияс Омаров ағамыздың Жұмабай Шаяхметовке жолдаған хаты мен Иманғали Тасмағамбетов ініміздің Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған хатында халық қамын ойлаған екі азаматтың елім-жұртым деп соққан ұлы жүрегі сезіледі.
Бүгінгі таңда Иманғали бауырымыздың қолға ала бастаған көптеген келелі мәселесінің бірі және бастысы – Моңғолия территориясында жатқан «Күлтегін» және «Тоныкөк» құлпытастары. Жапон туысқандардың көмегімен әлемге әйгілі әлгі құлыптастардың көшірмесі жақында Астанаға жеткізілді.
Славян әліпбиі – кириллица оныншы ғасырда дүниеге келген. Ал Орхон-Енисей бойындағы Эрдени Цзу пұтханасының қасынан табылған құлпытастағы жазу яки «Күлтегін» ескерткіші – VIII ғасырдың қолтаңбасы. Оның сөзін құрастырған Йлығ Тегін атты баба жырау.
Туындының негізгі кейіпкері – Күлтегін Қапаған және Могилян дәуіріндегі түркі мемлекетінің көрнекті әскери қайраткері және қолбасшысы, Құтлығ қағанның кенжесі. Ол қой жылы, ақпан айының 27 күні қырық жеті жасында дүние салған.
«Күлтегін» қуанышты оқиғасынан біраз кейін сол маңайдағы Селенга өзенінің аңғарынан көне түріктерді билеген бірнеше қағанның кеңесші-ақылманы болған кемеңгер қария Тоныкөк құрметіне орнатылған тағы бір ескерткіш табылды. Оны тапқан ағалы-інілі Клеменц­тер.
«Күлтегін» ескерткішін тұңғыш рет орыс ғалымы Н.М.Ядринцев тапты да, тастағы жұмбақ жазуды бірінші болып Дания оқымыстысы Вильгельм Томсен және В.В.Радлов, кейіннен С.Е.Малов өз тілдеріне аударды. Түпнұсқадан тура қазақшаға аударуда қазақ ғалымдары Ғұбайдолла Айдаров, Мырзатай Жолдасбеков, Құлмат Өмірәлиевтер үлкен еңбек етті.
«Орхон-Енисей» жазбаларының қазақ, татар, өзбек, башқұрт, қарақалпақ, хакас және басқа да түркі тектес халықтарға ортақ тарихи, әдеби мұра екеніне бүгінде ешкім шек келтірмейді.
Сөйте тұра, оның тура мұрагері – бүгінгі қазақтар. Ол – жай ғана мәтін емес, тарихи дерек және болашақ түркі дастандарының төркіні. Таза жыр деп айту қиын. Бірақ сол таза жырға тура алып баратын аралық жанр. Түркі халықтарының өте көне тарихын бір емес, бірнеше ғасыр әрірек апарып тастайтын құнды шежіре.
Қазір өздеріңіз қолдарыңызға ұстап отырған шағын ғана кітап бұл тарихи ұлы мұраның тура мағынасындағы тәржімасы емес. Ғалымдарымыз жарыса аударған жолма-жол аудармалар бұл кітапқа түгел берілді. Олардың жөні – бір басқа. Ал көркем нұсқа – бір басқа. Ақын түпнұсқадағы оқиғалардың тінін бұзбай, бірақ қазақи жырлардың дәстүрлі үлгісін толық пайдаланып, көркем дүние жасауды мұрат тұтқан. Жалпы, бұл нұсқаға тарихи-ғылыми талаппен қарамай, көркемдік талаппен қараған абзал.

Қадыр Мырза Әлі

Соңыра бір аудармамен шектеліп қалмау мақсатымен Күлтегін мен Тоныкөк мәтінін 2014 жылы «Жыр маржаны» деген атпен жарық көрген қазақ поэзиясының он томдық антологиясын дайындау кезінде тағы бір көрнекті ақынымыз Темірхан Медетбекке қайта аударттық.
Осылайша, Күлтегін мен Тоныкөк баянының бір емес, екі көркем нұсқасы дүниеге келіп, қазақ әдебиетінің құнды жәдігерлеріне айналды.
Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр бір топ жергілікті қазақ зиялыларымен жүздесудің сәті түсті.
Әуелі Ұланбатыр туралы бірер сөз. Моңғолияның астанасы Ұлан-Батыр шамамен 1778 жылы іргесін қалаған Туул (Толы), Сэлбэ (Сілбі) өзендерін сағалай қоныстанған әсем шаһар. Қаланы жан-жағынан Богда хан, Сонгино хайрхан, Чингэлтэй, Баянзүрх таулары қоршап тұр. Қала тұрғындарының саны 1 млн.600,0 шамасында. Моңғолияның астанасында Қазақстанның елшілігі бар.
Кеңес заманында Қазақ ССР Жазушылар одағын басқарып тұрған кездерінде көрнекті жазушылар Әнуар Әлімжанов пен Жұбан Молдағалиевтер кезегімен келіп кеткен екен.
Ұланбатырдағы этникалық қазақтардың ресми саны Налайх ауданындағы қандастармен қосқанда 10 000-ға жуықтайды.
Бұнда зиялы қауымынан жазушы журналистер, салалық ғалымдар мен мамандар, ұстаздар өмір сүріп жатыр.
Біз Ұланбатыр қалалық орталық кітап­хана залында тұрғылықты жазушылар, ақындар, ғалымдар және бизнесмендермен кездесіп қазақ әдебие­ті, ғылымы жайында кеңінен әңгімелестік.
Моңғолияның Халық әдебиетшісі, жазушы Сұлтан Тәукейұлы, жазушы Моңғолхан Бестайұлы, ақын-жазушы Зүлкәпіл Мәулітұлы, баспагер Етекбай Тәтеұлы, Моңғолияның Халық дәрігері, атақты шипагер, алтынқолды онколог ғалым Асай Рәмішұлы, радио-физик инженер Кәрібай Әміржанұлы, академик Бәкей Ағыпарұлы, дінтанушы геолог Жамбыл Әдиятолла, француз тілінің маманы Алтынгүл Болатқызы, ақын Байыт Қабан, кәсіпкер Нұрбек Жырғауұлы қатарлы қауыммен әңгімелестік, пікірлерін тыңдадық. Моңғолиядағы әдеби-танымдық «Шұғыла» журналының Бас редакторы Рысбек Зұрғанбайұлы, «Арулар» журналының Бас редакторы Айнагүл Сарайқызының руханиятқа сіңірген еңбектері ерен екен. Әсіресе кітапханашы қарындасымыз Рая Жақымбектің өзі еңбек еткен қалалық кітапхананың қазақ кітаптарына зәру екенін айтып, қазақ кітаптарын алдыруға көмектесуімізді өтінді. Біз қарындасымыздың өтінішін ықыласпен қабылдап, жуық арада 5 000 қазақ кітабын жіберуге уәде бердік. Моңғолиядағы соның ішінде Баян-Өлгейдегі ағайындарымыздың мамыражай тірліктерін көріп-біліп, іштей риза болып, елге марқайып қайттық.

4-11 қыркүйек, 2023 ж.

Мереке Құлкенов,
жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір