ЕРАСЫЛ ҚАЛАЙ ҚАБАНБАЙ АТАНДЫ?
02.03.2024
1569
2

Біздің тарихымызда Ерасылдың Қабанбай атануын түсіндіре алмағандықтан, мұны «жас күнінде бір қабанды жарған екен, содан Қабанбай атаныпты» дей салатын сөз бар. Алайда қабан жарған, жолбарыс алған, аю алқымдаған азулы адамдардың бәрі сол аңның атымен аталып кеткен жоқ. Өз аттарында қалды. Қабанбай бұл атақты жас кезінде иеленген жоқ, елге еңбегі сіңіп абыройлы болған шағында алды. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы нақтылағандай, Қабанбай өз заманындағы ең биік батыр болған. Үмбетей жырау Қаракерей-Қабанбайды «Абылайдың бес тірегінің» бірі ретінде көрсетеді. Қалған төрт тірегі – Қанжығалы Бөгенбай, Керейде батыр – Жәнібек, Қаракесек Қазыбек би, Қаракерей Қу дауысты Құттыбай би.

Ерасылдың өз есімінен тысқары кейінірек қабылдаған екі атақты есімі болған. Бірі, Қабанбай, екіншісі – Ханбатыр. Біз осы Ханбатыр атауы мен Қабанбай атауын ұштастыра зерттейміз. Жалайыр ішінде Қабан жырау деген жырау өткен. Қабанбайдың заманындағы адам. Оның да Қабан атануы тегін емес. Оның аты әйгілі бабасының атағына тағзым етуден келіп шыққан. Қазақ ардагерлері ішінде Қабан атағын ең алғаш алған адам – Жалайыр Мұқар (Мұқылай). Қытайлар Мухали деп дыбыстаған. Мұқардың есімінен кейінгі Бұқар есімі шыққан. Жалайыр жеріндегі Мұқыр өңірі соның құрметіне. Жалайыр Мұқар Қытайға шабуылға шығарда тура осы қабан атағын алды. Ол орыс дәптерлерінде Гован делінеді. Қазіргі қытайшада Гуоваң(国王). Бұл деген «елбасы», «хан» деген сөз.
Жалайыр Мұқар – Қытайға шабуылдайтын әскердің бас қолбасшысы және Қытайдың уақытша билеушісі. Ерасылдың «Ханбатыр Қабанбай» атануы да осы гован сөзінің хан мәртебесін беретінімен, көшпенділер арасында қабан болып дыбысталуымен байланысты шыққан. Қабан (гован) атағын қытайлар өз патшаларына қолданбаған. Оны тек қытай емес, татар, корей, ветнам, рюкю қатарлы көршілес елдердің жоғары лауазымды адамдарына қолданған. Жапонияда бұл атақ ХІV-ХVІ ғасырларда бас қолбасыларға берілген. Ал бұл атақтың ХVІІІ ғасырдағы ең даңқты қазақ батырында болуы да осымен үндеседі.

Пайдаланған әдебиеттер:
«Сыхай». «Жүнхуа» кітап баспасы, 1969 ж, 558-бет.
Рашид ад-Дин.«Жамиғ-ат Тауарих» 1- кітап, 93-бет.
Бичурин Н.Я. «Шыңғыс әулетінен шыққан
алғашқы төрт ханның тарихы».
Зейнолла Сәнік. «Қабанбай батыр» 1986 жыл.
Көкбөрі МҮБӘРАК
(Суреттер интернет желісінен алынды)

ПІКІРЛЕР2
Аноним 03.03.2024 | 17:44

ешқандай негізі жоқ ойжота болжамды қалай басады осы, орда естеліктерінің бәлен жерінде былай делінген десе бір жөн, түк қисынға келмейтін өтірікпен елді алдағанды доғару керек.

Аноним 05.03.2024 | 11:44

Жалған, ойдан құрастырылған дүниенің не керегі бар. Қазақ әдебиетіне сын.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір