Қабанбай батырдың жетінші ұрпағы
09.04.2025
222
0

Арамыздан кеткенімен, аты да, бет-әлпеті де ұмытылмайтын, қайта күн өткен сайын қадір-қасиеті артып, азаматтық тұлғасы айқындала түсетін адамдар болады. Соның бірі филология ғылымының докторы, профессор Болатжан Шайзадаұлы Абылқасымов дер едік. Оның атақты Қаракерей Қабанбай батырдың жетінші ұрпағы екенін мен алғаш рет профессор Серік Негимовтің аузынан естігенде, «апырай-ә…» деп қалған едім. Кейінірек араласа келе, оның бірсөзділігіне, ешкімнің тіліне ермейтін, өзінің ойымен ғана жүретін бірбеткейлігіне көзім жете бастады. Болатжанның ең басты ерекшелігі өзін үнемі бірқалыпты ұстап, ешкімге кеуде көтермейтін қарапайым ізеттілігі болатын. Бұл – ғылым жолында да, билік жолында да белгілі бір деңгейге жеткен адамдарда кездесе бермейтін мінез. Кейде оның шектен тыс осы қарапайымдылығы сырт көзге жасқаншақ, қорғаншақ көрінетін. Қазір қарап отырсақ, соның бәрі өзіне өте биік талап қоюдан қалыптасқан қасиет екен. Ол студенттер алдында оқылатын бірде-бір лекциясын бос жіберген емес. Өмірде кездесіп жататын өлім-жітім сияқты қаралы хабар болмаса, бастық шақырса да, басқа шақырса да, лекциясын аяқтамай, ешқайда аттап баспайтын. Оның осы қылығын білетін жұрт «Болатжан Шайзадаұлы сабақта екен» десең, «е, онда, жарайды» деп қоя салатын.

Естелікті жанр деп қарамайтыны­мыздан болу керек, күнделікті тіршілікте кездесетін ерекше оқиғаларды жазып отыруға салғыртпыз ғой. Болатжан туралы көңілдегі көрікті ой көлдей көлкіп тұрғандай көрінгенімен де, айтарға келгенде неден бастарымды білмей, оның өмірбаянына көз жібергенімде, екі қызмет орны ойға оралды. Оның бірі – 1973 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазір әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетін бітіргеннен кейін алғаш еңбек жолын бастаған М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты болса, екіншісі – Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті (ол тұста институт болатын). Алғаш еңбек жолын сол бір ғылыми-зерттеу институтында аспиранттықтан бастап, Ғылыми кеңестің ғалым-хатшылығына дейін көтеріліп жиырма жылдай еңбек етсе, 1992 жылы Қыздар педагогикалық институтына ауысып, өмірінің соңына дейін ғылым жолын ұстаздықпен қатар ұстанған екен. Осы естелікті жазу үстінде оның өмірбаянына көз салсақ, мектепте де, университетте де үздік оқып, одан кейін де ұшан-теңіз білім жинақтаған азамат халқына дәл керек кезінде өмірден үзіліп кеткені өз ортасын қатты қайғыртты.
1992 жылдан 2006 жылға дейін Қыздар педагогикалық университетінде қызмет атқарған Болатжанның ең жайма-шуақ, жарқын күндері осы оқу орнында өтті десем, қателесе қоймаспын. Соның он жылында филология факультетінің деканы болса, төрт жыл қазақ әдебиеті кафедрасын меңгеріпті. Б.Абылқасымов сияқты іргелі ғалымға сол тұстағы университет ұжымы зор құрметпен қарады. Университет ректоры С.М.Исаев та ғылымсүйгіш адам болғандықтан, білім жолына шынайы берілген мамандарды қадірлеп, бағалай білетін. Деканның орынбасарлары болып жұмыс істеген Б.С. Каримова мен З.С Егізбаевалар да өз ісіне жетік, деканаттың жұмысын қыбыр еткізбейтін. Болатжанның өзі де қайнап жататын оқу үрдісін тез меңгеріп, жалпы басшылықты дөңгелетіп әкетіп еді. Өмірде еш уақытта мақтанбайтын, өзін ерек көрсетуге ұмтылмайтын осынау қарапайым азамат бала кезінен-ақ зерек екен. 1968 жылы мектепті алтын медальмен тамамдауының өзі оның осы қабілет-қарымын анықтайды. Ол өмірінің соңына дейін осы деңгейінен төмендемей өтті.
Фольклортану ғылымында ол ешкім бара қоймаған тың ақпаратты зерттеді. Өзімен бірге сабақтас, қанаттас жүрген жолдас-жоралары Болатжанның жақсы қырларын ашатын әңгімені көп айтатын. Мектепті бітіре салып түскендіктен, университетте бірге оқыған курстастарының ең жасы марқұм Бахтияр Смановтың аузынан естіген мына бір әңгімені осыған орайластыруға болады.
Сол алғашқы курстардың бірінде болса керек, университет бойынша спорттан факультетаралық жарыс өтеді. Түйе палуан атанған ауыр салмақты бір спорт шебері өзгенің бәрін жығып болған соң, алаңның ортасына келіп қарсылас іздеп тұрғанда, жігіттердің ешқайсысы беттей алмайды. Уақыт болса өтіп барады. Сонымен не керек: «Сенің атаң батыр болған, «жығылсаң жер көтереді» дейді қазақ. Мынаған намысты жібереміз бе, белдесуге жарайтын ешкім жоқ екен демей ме?» деп бәрі кеу-кеулеп Болатжанға белбеу буындырады. Болатжан жай күреспен жаттықпаған азамат қой. Жаңағы сөзге расында қаны қызып, тәуекелге бел байлап, ұстаса кетеді. Қалжыңдасып жүретін сабақтастары спорт шеберінің белбеуіне Болатжанның уысы тиген кезде «аруақ, аруақ» десіп айғайласып кетеді. Сол сәтте Болатжан жаңағы спорт шеберін көп айналдырмай көтеріп алып, жерге бір-ақ ұрады. Жауырынын таза тигізеді. Әрине, оны қалай жыққанын өзі де білмейді. Мұны кездейсоқ дейсіз бе, жоқ әлде генетикалық қасиет дейсіз бе?! Олай деп отырған себебім, Болатжан Абылқасымов Қабанбай батырдың жетінші ұрпағы болатыны рас екен. Бұдан кейін өзімен бірге оқыған достарының арасында Қабанбайдың жетінші ұрпағы деп дәріптелуінің бір себебіне жоғарыдағы өмірінде бірінші және соңғы рет болған күрестің де өзіндік әсері болғанға ұқсайды.
Дегенмен бірге оқығандары болсын, әдебиетшілер арасында болсын «Б.Абылқасымов – Қабанбайдың жетінші ұрпағы» деген сөздің үнемі айтылып жүруінің себебі басқада деп ойлаймын. 1979 жылы академик Р.Бердібаевтың жауапты редакторлығымен «Ғылым» баспасынан «Қазақ тарихи жырларының мәселелері» атты кітап жарық көреді. Міне, осы кітаптың «XVIII ғасырдағы тарихи жырлар» атты бірінші бөліміне «Абылай туралы жыр-аңыздар», «Қанжығалы Бөгенбай батыр» және т.б. зерттеулерге қоса Б.Абылқасымовтың да «Қаракерей Қабанбай батыр» туралы 1975 жылы жазылған ғылыми мақаласы енгізіледі. Бұл туралы Қайым Мұхаметхановтың жазғаны көңіл аударарлық: «1945 жылы ол кездегі ССРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы Мұхтар Әуезовтің басшылығымен «Қазақ әдебиеті тарихының» бірінші томын даярлау жұмысын қолға алған болатын. Сол жылы Мұхаңның шақыртуымен Алматыға келіп, әдебиет тарихының бірінші кітабын жазу жұмысына мен де қатысатын болдым. Кітаптың «Тарихи жырлар» атты бірінші бөліміне кіретін Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырларға арналған халық жырлары туралы жазу маған тапсырылды… Содан үш жылдан кейін 1948 жылы «Қазақ әдебиетінің тарихы, I том» басылып шықты, бірақ Қаракерей Қабанбай батыр да, Қанжығалы Бөгенбай батыр да кітап­қа кіргізілмепті. 1948 жылы шыққан, редакциясын Мұхтар Әуезов басқарған «Қазақ әдебиетінің тарихының» өзі де «зиянды кітап» деп таңбаланды… Сөйтіп, Б.Абылқасымовтың мақаласынан өзімнің 1945 жылы жазған мақалам Қазақстан Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасында сақтаулы екенін білдім», – дейді. Арада 46 жыл өткеннен кейін Болатжанның мақаласы арқылы тұңғыш дерек алған Қ.Мұхамедхановқа кейінірек, нақтылай айтсақ, 1991 жылы бұл зерттеудің көшірмесін Қайрат Раев авторға арнайы апарып береді (Мұхамедханов «Қ. Қаракерей Қабанбай». Үржар, 1991. 1-б.).
Міне, Қаракерей Қабанбай батыр туралы жазылған алғашқы зерттеуді Болатжан Абылқасымов архивтен тауып алып: «Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Олжабай туралы шығармалар бірде батырлық, бірде тарихи жыр санатына қосылып келді. Кейбір зерттеушілер «Кейінгі дәуірдің батырлық эпосы», «Кенже эпос» атауларын ұсынады. Біз «Қабанбай батыр» тарихи жыр деп танимыз. Анығында бұл позиция қырқыншы жылдары-ақ қалыптасқан еді», – деп 1945 жылы жазылып, кітапқа енбей қалған, ОҒК-ның 2-папкасында сақталған Қайым Мұхамедхановтың жоғарыда аталған ғылыми мақаласын атап көрсетеді. Қ.Мұхамедханов талдаған Қабанбай батыр жырының төрт вариантына қоса, Б.Абылқасымов бұл жырдың жиырмаға тарта варианты бар екенін тауып, соның он төртіне жеке-жеке талдау жасайды. Сонымен бірге өзі қарастырып отырған варианттардың барлығына ортақ ұзын сонар оқиғаның он бес түрлі сілемін анықтап, көрсетеді. Сөйтіп, Қайым Мұхамедхановтың пікіріне табан тірей отырып, Болатжан Абылқасымов Қаракерей Қабанбай туралы тұңғыш «қысқа да болса нұсқа» еңбек жазған зерттеуші екеніне енді ғана көзіміз жетіп отыр. Ол 2005 жылы жарық көрген «Қабанбай батыр» атты студенттерге арналған көмекші құралында бұрын жарық көрмеген жырдың жаңа нұсқаларын бірінші рет жариялату арқылы да Қабанбай батырды тұңғыш зерттеген ғалым екенін әйгілеп тұр емес пе?!
Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтің дүрбелең дәуір шындығына арналған «Дарабоз» романы туралы арнайы кандидаттық диссертация қорғаған (2007) Дінислам Болатханұлы бұл тарихи дилогияны роман-эпопея деп дәлелдегені көзіқарақты әдебиетші қауымға белгілі. Қазіргі уақытта «Дарабоз» қазақ-жоңғар соғысының, яғни «азаттық үшін күрестің көркем ескерткішіне» айналғаны рас. Қ.Жұмаділовтің осы кітабында он алты жастағы Ерасылдың қалай Қабанбай, одан кейін қалай Дарабоз атанатынынан бастап, Қабанбай батырдың ең соңғы демі таусылғанға дейінгі өмір жолы толық суреттеледі. Қабанбайдан жеті ұл туады: Үмбетай, Кішкентай, Сырымбет, Едіге, Байтоқ, Мойнақ, Әлі. Олар «жеті Қабанбай» атанады. Б.Абылқасымов «Қабанбай батыр» атты зерттеуінде Қабанбай кенже ұлы Әліге Әмірсананың Мөней атты қызын әпергенін айтып өтеді, ал мұны жазушы Қабдеш Жұмаділов өзінің «Дарабоз» атты романында айтылуы бойынша «Мүней» деп алған кейіпкерінің ата-бабасының тағдыр-талайына барынша кең тоқталып, көрсетеді. Міне, осы романнан Болатжанның жетінші атасы Әлі туралы мынадай мағлұмат алуға болады. «Аңыздың айтуынша, тағдыр табыстырған сол екі әйел өмір бойы іргесін бөлмей, тату өткен деседі. Екеуі бірігіп, Әлі мырзаға басы бақырдай сегіз ұл тауып беріп, кейін олар «үш Қарақара», «бес Мүней» аталған рулы елге айналады. Қарқарадан: Садырбай, Жақас, Пұсырман атты үш ұл туған, Садырбайы батыр, Жақасы аса бай болған кісі» (Қ. Жұмаділов «Дарабоз». 2005. 2-кітап, 269-б). Сөйтіп, «Сегіз Әлі» атанатын рулы ел, осылайша, пайда болады.
2009 жылы саусақпен ғана санайтындай, маманға білгір фольклортанушылар, сөз жоқ, Болатжан Шайзадаұлы сынды ірі тұлғасынан айырылды. Өзінен кейін­гі ұрпаққа мол білім беріп, ауыз әдебиетінің қиын да тылсым сырларын барынша жетік меңгерген маманның бергенінен бермегі көп еді. «Ғалымның хаты, жақсының аты өлмейді» дейді халқымыз. Олай болса, ғылымда қалдырған ізі фольклортанушылардың талай буынына жолашар, әділдік, адамгершілік, шыншылдықты жоғары қойған өмірілік ұстанымымен шәкірттерінің жүрегінен орын алған ұстаз өнегесі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

Руда ЗАЙКЕНОВА,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің
профессоры, филология ғылымдарының докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір