ХАН БАЛАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ ХАҚЫСЫ
04.03.2016
3951
0

БокейхановӘлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – адамзат баласы тарихында сирек кездесетін ерекше тарихи тұлға. «Сирек» дегенде, туған халқына адал да шын мағынадағы кіршіксіз қызмет етуімен теңдесі жоқ тұлға болатын. Бұл жалаң сөз емес.
Әлихан – төрткүл дүниені дүр сілкіндіріп өткен Шыңғысханның 23-інші ұрпағы – төре тұқымынан бола тұра, Қасым хан, Абылай хан, Бөкей хан, Кенесары сынды халқы ақ киізге көтеріп хан тағына отырған емес. Қазақ халқының тарихында Шыңғысханның кейінгі ұрпақтары қарама-қайшы – екіұшты роль атқарды: бір жағынан, алғашқы кезеңде олар көшпелі ру-тайпалардың бірігіп, жаңа және қуатты қазақ мемлекетінің құрылуына ұйытқы болса, екінші жағынан – олардың билік үшін ішкі күрес-тартысы салдарынан «қазақ» деген этнонимді құрағанымен де, бірегей халық, ұлт болып толық пісіп-жетілмеген халықтың Орта, Ұлы, Кіші жүздер ретінде «үштік одаққа» бөлініп бытырауына түрткі болып, ақыр соңында бірінің соңынан бірін орыс империясының отарлығына душар етті. Міне, соңғы жайтты терең зерттеп білген Әлихан «Тірі болсам, хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын!»,– деп, ертеден-ақ  халқы алдында серт беріп, сол сертіне ақырғы демі біткенше адал болып өтті. Бірақ өзінің шыққан тегін мақтан тұтты, шыққан тегінің абырой-намысын көзінің қарашығындай қорғады және… атақты хан-сұлтандардың тікелей ұрпағы екенін сезініп, халқына кіршіксіз де шексіз қызмет етуді, Алашына қамқор болуды өзінің өтпес-өтелмес борышы, ер-азаматтық парызы санады.


 

b8a0788f5a359a5b9302d33a727a7f1eСұлтан Хан АҚҚҰЛЫ,
ЕҰУ «Алаш» ғылыми-зерттеу
институтының директоры

Әлихан –  хан тұқымы бола тұра, көзі тірі­сінде ешқашан атақ-даңққа құмартып, билікке ұмтылған емес. Бірақ тумысынан оқшау («кіндігі кесік туған; …балуан, аусар, теріс бұтақ, қисық, көнбейтін», – деп жазды туған інісі Смахан төре өз естеліктерінде), еліне қамқор (Смахан тө­ре: «Ел көшкенде түйесі ауған балалы қа­тын­дардың түйесін басып береді екен; …шаңырағын көтере алмай жатқан жесір кемпірлердің шаңырағын көтеріп береді екен; …ел көшкенде, ат ұстағанда …нашар жетім-жесірлерге  ұстап береді екен»), артына ерген үзеңгілес қандастарын көсем болып жөн көрсете білді.

Өзінің тегіне қарамастан Әлихан хал­қын бай-кедей, төре, ақсүйек-қара, оқыған, не надан деп жік-жікке бөлмеді, өзге ру-жүз­ден екен деп жатсынбады, Алаштың ұл-қыздары деп барлығын туған бауырындай сүйді. Смахан төре Бөкейханның ес­телі­гіне сенсек,  Әлихан «қазақтың аталы аулының ұрлық, зорлықшылдығын жек көретін, бірақ қазақтың кедейін азғырып, байымен партия қылуды ұят көретін. Қа­зақ­тың оқыған азаматтарын байшыл, пара алғыш, баймен құда болғышын Әлекең тәуір көрмейтін… Әлекеңнің мінезі – еш қазақпен аразбын демейтін, қастық қыл­май­­тын, жек көретін адамымен амандас­пайтын, сөйлеспейтін. Қазақтың еш нәр­сесін алмайтын. «Өлгенде 2,5 кез жер ке­рек», – дейтін».

«Алаштың Әлиханы» дейтіндей, пат­ша­­лық дәуірінде болсын, «буржуазия­лық ұлт­шыл» ретінде елінен қасақана алас­та­тыл­ған большевиктік үстемдік жылдарында болсын, туып-өскен кең-байтақ даласы­ның қай түкпіріне барса да, Әлиханды халқы «ханымыз», «данышпан көсеміміз», «ұлттық серкеміз» деп зор құрметпен, шын қошеметпен қарсы алды. Мысалға, 1926 жы­лы КСРО Ғылым академиясының
ант­ропологиялық экспедициясының құ­ра­­мын­да сол кездегі Адай оязына келге­нінде оны адайлардың қалай қарсы алып күт­ке­нін академик Әлкей Марғұлан өз естелі­гін­де былайша суреттейді: «Адайлар Бө­кей­хановтың халқының алдындағы орны толмас қызметін тани біледі екен. Сон­дық­­тан оны аса жоғары дәрежеде құрмет­теді. Өздеріңіз білетін шығарсыз, қазақ тек ең құрметті қонағына тай, әлде құлын сойып қарсы алады. Әрине, бұл өмірде өте си­рек болатын жағдай. Себебі, жылқы бала­сының сүйкімділігі соншалық, оны союға ешкімнің көзі қимайды және батылы бармайды. Ал құлынның терісінен жар­ғақ жасайды. Сондықтан жарғақ киген қазақ ілуде біреу ғана болар. Жарғақ – қа­зақ киімінің төресі…».

«Қазақ елі, – деп айтып отырады екен Әли­ханның өзі, – ақылы кірмеген жас ба­ла сияқты. Баланы құшақтап сүйіп отыр­саң, төсіңе сиіп жібереді». Бүкіл ғұмыры «төсіне сиген» сәбидей пәк халқының жар­­қын болашағы  үшін патшалық әрі кең­ес­тік екі дәуірде бірдей нағыз қамқоршы әкесіндей күресумен өтті.

Өзіне дейінгі хан-сұлтандарға қараған­да Әлихан көзі тірісінде-ақ даңқы бүкіл сахара даласына аян болып, халқының зор сүйіспеншілігіне ие болды, қошеметіне бөленді, оны «Алаштың Әлиханы» деп құр­­меттеп, оның атынан қазақ студент­те­ріне стипендия тағайындалды. 1917 жыл­дың 13-інші желтоқсанында Алаш автономиясын жариялап, ұлттық мемлекет шаңы­рағын қайта көтергенінде оны төра­ға­сы етіп сайлап, Сұлтанмахмұт Торайғыр­ұлы сынды атақты ақындары жырмен сә­лем берді:

Ас-Салаумағалейкум, данышпаным,

Қамын жеп мұсылманның алысқаным!

Көп айдың көрмегелі жүзі болды,

Жүрмісің есен-аман, арыстаным!

«Алаштың Әлиханын» шаттана жырла­ған жалғыз Көкбай немесе бір Сұлтан­мах­мұт емес-ті.   Хандық дәуірдегідей «Құр жер­ді өлең қыпты жоқтан қармап» деп Абай сынаған сарай ақындары емес, ХХ ға­сыр басындағы қазақтың М.-Ж.Көпей­ұлы, К.Жанатайұлы, Ж.Аймауытұлы, С.То­райғырұлы, М.Жұмабайұлы, Ғ.Қа­раш­­ұлы, А.Байтұрсынұлы сынды көрнекті де нағыз халық ақындары мен жазушылары оған асқақ сөзі мен  жырын арнады.  Жалпы, қазақтың кешегі де бүгінгі тарихында өзіне осыншама ақын-жырау асыл сөзі мен жырын  арнаған Әлихандай тарихи тұлға кемде-кем, ашығын айтса – табылмайды. Мысалға, тағы да сол ақын Сұлтанмахмұт бір поэмасында оны Алты Алаштың басына қараңғы түн төнгенінде  жарқырап жол көрсеткен айға теңесе, келесі жырында «қалың тұман, қараңғы түн болса да туатын бақ жұлдызы туатынын» білген көреген көсемі ретінде сурет­тейді.

Мағжан ақын бір эпиграммасында Әли­ханды «заманынан ерте туған ел ағасы» деген ойын:

«Ойы жетім, бойы жетім,

Уа, Әли!

Ел ағасы, Қыр баласы,

Уа, пәлі!»,

деп, астарлап білдірсе, азаттық жолындағы қиян-кескі күресінде өзінің жа­­қын үзеңгілесі әрі адал досы Ахмет Бай­тұр­­­сынұлы бір шумақ өлеңінде оны «қия жазбас сұңқарға», «қажымас тұлпарға», хал­қын қырға жетелеген «іңкәріне» теңей­ді:

«Қырағы, қия жазбас сұңқарым-ай,

Қажымас қашық жолға тұлпарым-ай!

Үйілген өлексені өрге сүйреп,

Шығармақ қыр басына іңкәрім-ай!».

Әлиханның атқарып кеткен ең басты та­рихи ролі де осы – жүз-жүзге бөлініп бы­тырап, орыс империясының қол астында құлдықта отырған ХVIII ғасырдың бі­рінші жартысы мен ХХ ғасырдың басын қамтитын 2 ғасырға жуық дәуірдің нәти­же­сінде этнос есебінде құрып, билеп-төс­теуші халықтың ішіне сіңіп біржола жо­йылу қатері анық төнген тұста, татардан да, өзгелерден де «іргесін аулақ салған» қазақ халқын классикалық сипаттағы ұлт етіп қалыптастырып, тәрбиелеп, ұлттық мем­лекеттігінің шаңырағын қайта көтеруі болатын.

Әлихан – «көшпелі өркениеттің ұлттық салт-дәстүр мен мәдениеттің негізін сақтай  отырып, алдына Батыс өркениеті­нің үлгісі бойынша қазақ қоғамын түбе­гейлі қайта құрып дамыту, жетілдіру ар­қы­лы отарлық бұғауынан азат ету мақ­­са­­тын қойған реформашыл тобын баулып өсірді әрі оның бүкіл халық мойын­да­ған рухани жетекшісі болды: «Осы ға­сыр­­дағы әлем жарығына қазақ көзін ашып, бетін түзесе,  – деп атап көрсетті «Қа­зақ тарихы» айдарымен «Қазақ» газе­тін­де шыққан мақаласында  Әлихан, – өзінің қазақшылығын жоғалтпағандай және өзіміздің шарқ әдетіне ыңғайлы қы­лып «Қазақ мәдениеті» (Казакская культура) құрып, бір жағынан «Қазақ әдебиеті» (Казакская литература) тұрғызып, қазақшы­лығын сақтамақшы».

Әлихан мен үзеңгілестері қазақтар мез­гілдеріне ықшамдалған көшпелі тұр­мыс-тіршілігінен берекелі де экономи­ка­лық тұрғыдан тиімді шаруашылыққа кө­шуге тиіс, бірақ оған патша әкімшілігінің «қамшылауымен» немесе «валюнтаристік» тәсілмен емес, бірте-бірте – эволюциялық жолмен көшуі керек деп санады.

ХХ ғасыр басындағы Әлихан бастаған Алаш зиялыларының туған елін дүние жүзіндегі мәдениеті мен экономикасы дамыған, қуатты агро-өнеркәсіптік мемлекетке айналдыруды нақты жоспарла­ға­нын айтып та, жазып та келдім. ХХ  ғасыр­дың 30 жылдарында Әлиханның өзін «жапонтанушы» деп, ал оның үзеңгілесте­рін «жапон тыңшылары» деп айыптауының өзі де жайдан-жай емес-ті. Әрине, Әлихан «жапонтанушы» емес,  «жапон тыңшысы» болмағанын дәлелдеп жатудың тіпті қажеті жоқ. Ал артта қалған феодалдық, аграрлық Күншығыс елінің 1868-89 жылдар аралы­ғында, яғни қайдағы 21 жылдың ішінде әлемнің ең қуатты да жетекші мемлекетіне айнал­ған өте жемісті тәжіри­бесін Әлихан мен оның жақын үзеңгі­лес­терінің жіті зертте­гені анық  болатын. Ал турасын айтсақ, Әли­хан­ның «Алаш» атты қазақтың қайта өрлеуі идеясы – сонымен қатар мәдени, саяси, әлеуметтік-эконо­ми­калық даму бағ­дарла­масы болып табылатын. Егер жапондардың қайта өрлеу бағ­дарламасы тарихта «Мэйдзи жаңғыруы», «Мэйдзи төң­керісі» деген атауларымен танылса, ал «Алаш» бағдарламасы – сол «Мэйдзи жаңғыруының» қазақша баламасы болатын.

Әлихан туған елін дамытудың айрықша «қазақ» жолын іздеп әуре болған жоқ. Ол әлемдегі ең үздік, алдыңғы қатарлы елдер­дің сыннан өткен бай тәжірибесін өз елін­де мейлінше қысқа уақытта жүзеге асыруды жоспарлады. Мысалға, Күншығыс елін әлемнің маңдайалды мемлекетіне айнал­дыр­ған «Мэйдзи жаңғыруын» жүзеге асыруға 21 жыл жетті. Еуропаның ала­қандай жері болса да дамыған, гүлденген елінің бірі болып табылатын Данияның 1879 жылдан 1900 жылға дейінгі аралықта, яғни тағы да 21 жылда Батыс Еуропаның мәдениеті жоғары, халқы жаппай сауатты, экономикасы гүлденген еліне айналғанын Әлихан 1924 жылы Мәскеуден жолдаған үндеу-мақаласында жазды. «Дания деген Еуропадағы кішкене мемлекеттердің бірі, – деп жазды Қыр баласы Әлихан «Үлгі алыңдар! Данияда кәпертип пен ел шаруасы» атты мақаласында, – Данияның жері 49 мың 83 шаршы километр (километр – шақырымнан аз-ақ кем. Автордың ескертуі). Адамы 2 жарым миллион. Жері біздің қазақтың бір оязының жерінен аз, адамы – орташа екі облыстың еліндей.

Данияда  хат  білмейтін  кісі  жоқ. Күнба­тыс Еуропада жалпы жұрты хат білетін алдыңғы елдің бірі – Дания болып табылады.

Данияда жалпы жұрттың күнелткені – егін салу мен мал бағу. Мұнан 50 жыл бұрын Дания елі біздің Ресей мұжығындай егінші еді. Астық арзан болған соң Дания жұрты егін салған шаруасын мал бағуға ауыстырды… Жалпы, елдің ең білімі мол­дығынан, кәператипке сүйеніп істеген­ді­гінен байлық  Дания еліне күйедей жаққан. 1899-ыншы жылдың басында Данияда 1 мың 273 кәператибі бар екен. 1 кәператипке 500 бұзаулы сиыр келген. Бұ кәператиптер­дің сарымай, ірімшік істейтін 4-тен 20 мың сомға дейін тұрарлық затта­ры [құрал-жабдықтары] бар. Кәператип болмаса, мұндай зор іс 2-3 сиырлы шаруа қо­лы­нан келе ме? – «Көп түкірсе – көл болады».

Біздің Ресей мұжығынан  Дания мұжы­ғы 19 жарым есе бай. Біздің Ресей мұжығы олақ егінші, Дания мұжығы шебер малшы­ келеді. Гәп егін салғанда, мал баққанда ға­на е­мес: егін сал, мал бақ, кен қаз, бірақ – шебер бол!

Біздің қазаққа қазіргі кезде баласын оқытатын мектеп, жерін гүлдететін су, елге­ қыз­мет қылатын Боргенсен мен Миллер сықылды жігіт, май алатын, жүн жуатын, тері илейтін, ет сататын, мал өсіретін, егін салатын кәператип керек».

Қысқасын айтқанда, Әлихан Жапония, Германия, АҚШ, Англия, Дания, тіп­ті, Аустралия елдерінің ең озық тәжіри­бесін басшылыққа  ала  отырып,  Алаш-Қазақ елін 20-25 жылда әлемнің төріне жеткізуді  жоспарлады.

Алайда, Ұлы  қазақ  даласына кеңес өкі­меті келіп, 1930 жылдары ұлт зиялыларын түгел қырып-жоюмен шектелмей, 7 миллионнан асқан қазақ халқының 70 пайызға жуы­ғын 1932-1933  жылдардағы  қолдан  ұйым­дастырған ашаршылық саясатымен жойып, қазіргі  Қазақстанның  дамуын 100 жылға – бір ғасырға дерлік кейінге ысырды.

 

***

Осы күндері мен Әлихан Бөкейхан ту­ра­лы қазақ және орыс тілдерін 2 томдық монографияны аяқтап жатырмын. Міне осы монографияда Әлиханның өмір кезең­дері дүниеге келген сәтінен Қарқа­ралы-Омбыдағы бастауыш, орта, арнайы кәсіби және С.-Петербордағы Орман институты мен заң факультеттерін бітірген жастық шағы – 1866-95 жылдар, ұлт-азаттық Ал­аш қозғалысы бастау алған 1895-1909 жыл­дар­дағы «Омбы кезеңі», өзінің тұңғыш сая­си айдауындағы болған 1909-17 жыл­дар­дағы «Самар кезеңі», Алты Алаштың ғасырлық арманын жүзеге асырған 1917-22 жылдардағы Алаш Орда кезеңі және 1922-37 жылдарды қамтитын «Мәскеу кезеңі», яғни бес кезеңі қарастырылды.

Ресей империясының отарлығына қарсы 1837-47 жылдардағы Кенесары көтерілісінің сәтсіз аяқталуы себептерін терең зерттеген Әлихан, алып отаршыл империяға күшпен тойтарыс берудің, Ресейдің өзін түбегейлі реформаламай, яғни патшалық билік жүйесінен фе­де­ра­тив­тік демократиялық парламенттік елге айналдырмай, қазақ халқының алдымен Ресей құрамындағы автономиялық құқық­қа, көп ұзамай толық тәуелсіздікке қол жеткізу мүмкін еместігіне көз жеткізе ал­ды. Сол себепті, Алаш көсемі Ресейді тү­бе­гейлі реформалау үшін орыстың самодержавиеге қарсы зиялыларымен, прог­ресшіл қоғамымен, оппозициялық күштерімен күш біріктіруге бел буды. Сөйтіп, 1905 жылдың күзінде Әлихан Ресей­­дің 1917 жылға дейінгі ең ірі және ең ықпалды саяси партиясы – Конституция­лық демократиялық партиясының, оны «Халық бостандығы» партиясы деп те атайтын, қатарына өтеді. Семей облысында осы партияның қазақ филиалын құрып, 1906 жылы І Мемлеккеттік думаға кадет партиясының қазақ бөлімі атынан сайланды. 1905-1907 жылдардағы бірінші төңкеріс жеңіліс тапқан соң, Ресейдегі барлық прогресшіл күштер мен саяси пар­тиялар­дың күшін біріктіріп, самодер­жа­виені құ­латуға жұмылдыру мақсатында пайда болған аса құпия масон ұйымына да осы мақсатпен кірді. 1906-17 жылдардың ара­лы­ғында Әлихан кадет партиясы мен масондар қатарында жүріп, Ресейдегі барлық либералдық-демократиялық партиялар­дың күшін біріктіруге көп тер төкті. Ал Ресейдің ақырғы императоры ІІ Николайды тақтан тайдырып, самодер­жавиені құлатқан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінің ізінше Әлихан өзінің бір стратегиялық мақсатына жетуіне байланысты кадет партиясы мен масондар қатарынан шығып, қазақтың тұңғыш саяси ұйымы – «Алаш» партиясын құрып, 1917 жылдың 12-18 қара­шасында өткен Бүкілресейлік Құрыл­тай жиналысы сайлауына түсті де, сайлауда барлық саяси қарсыласын, оның ішінде бәлшебектер мен меншебектердің социал-демократия­лық және «Үш жүз» партияларын ойсырата жеңді.

Осы жерде біздің тарихшыларымыз не қасақана, не байқамай жүрген бір тарихи оқиғаға назар аудара кетпекпін. Құрылтай жиналысы сайлауында 6 миллионға жеткен қазақ халқы «Алаш» идеясы мен үн­деуін жаппай қолдап, өзінің классикалық сипаттағы ұлт болып қалыптасқанын, ұлт болып пісіп жетілгенін байқатты. Бұл тарихымызға алтын әріптермен жазылатын шын мәніндегі тарихи сәт болатын.

 

***

Еуразия Ұлттық университетінің «Ал­аш» ғылыми-зерттеу институтының мұ­рын­дық болуымен, жаңа жылдың дәл қар­саңында елдегі белгілі алаштанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, парламент депутаттары бас қосып, ЮНЕСКО тарапынан «шынайы бүкіл әлемдік даңқты қайраткер» танылған Әлихан Бөкейханның 150 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО аясында лайықты тойлау мәселесін талқыла­дық. Қызу талқылай келе, Әлихан атамыз­дың есімі мен тарихи ісін ұлықтау үшін іс­ке асырылуға тиісті мерейтойлық іс-ша­ра­лардың 67 бөлімнен тұратын ұсыныс қа­былдадық. Оның ішінде Қазпошта тара­пынан Әлиханның 150 жылдығына ар­налған пошта маркасын, Ұлттық банк тарапынан темір теңге (монета) шығару сияқты дәстүрлі шаралармен қатар, мы­салға, мемлекет басқару қызметінде, білім мен ғылым, өнер саласындағы тең­дес­сіз жетістігі үшін берілетін мем­ле­кет­­тік сый­лықпен қатар, Әлихан Бөкей­хан ұлттық сыйлығын тағайындау, қазақ ғылы­мының сан саласына қосқан зор үлесі мен қалдыр­ған теңдессіз мұрасын ескере отырып, Әлихан Бөкейхан институтын ашу, Астана қаласының сол жа­ға­лауындағы резервте тұрған 5 даңғылдың ең үлкен де ұзынына Әлиханның есімін беру, сол жаға­лаудағы көрнекті жерге Алаш аллеясын ашып, Әлиханға үлкен ескерткіш орнату шаралары бар. Бұл тек Астанада. Ал Алматы қаласында Ұлттық агроуниверситетке, Алматы метросының бір бекетіне емес, өзіне (Алматы қаласының әкіміне бел­гілі қоғам қайраткерлері атынан жол­дан­ған өтініш хатқа қайтарған жауабында әкім­шілік өкілдері бір бекет деп қате түсінген сияқты, әлде қате түсінген болды ма, оны білмедім, бірақ бәрібір бас тартыпты), қаладағы Фурманов не Тимирязев сынды орталық даңғылдардың біріне Әлиханның есімін беріп, қалада ескерткіш орнату қарастырылған.

Маңызды ұсыныстардың бірі – азан шақырылып жарияланған 1917 жылдың 12 желтоқсанынан 1920 жылдың қыркүйегіне дейін  бүгінгі Қазақстанның іргетасын қалап кеткен Алаш автономиясының Ал­аш деген атауымен ресми астанасы болған бүгінгі Семей қаласының атауын қайта Алаш етіп өзгертсе – Әлиханның 150 жыл­дығы мен келесі жылы 100 жыл толатын Алаш автономиясына және даңқты Алаш қайраткерлеріне орнатылған керемет ес­керткіш болмақшы. Қарағанды, Павлодар, Ақтау және т.б. қалалардың орталық көше­леріне Әлихан, Ахмет, Міржақып­тар­дың есімдерін беріп, ескерткіш орнату – бұл да 150 жылдыққа арналған іс-шаралар­дың бағдарламасына жазылды. Оның іш­інде Қарағанды қаласындағы Ленин даң­ғылына, Октябрь ауданына Әлиханның есімін беру, кіндік қаны тамған Ақтоғай ау­данындағы Қасым қыстағына, Талды­бейіт­ке мемориал­дық кешен тұрғызу да бар.

Ал халықаралық іс-шараларға келсек, Стамбул (не Анкара), Баку, Мәскеу, Омбы, Орынборда және әлбетте, ЮНЕСКО-ның Париждегі бас штаб-пәтерінде халықара­лық конференциялар, симпозиумдар және т.б. мәдени, ғылыми шаралар өткізу де ұсынылып отыр.

Түркия демекші, ХХ  ғасыр басындағы қа­зақ ұлттық көсемі, даңқты мемлекет қай­­раткері,  ғұлама ғалым және көсемсөз­ші­­сі болған Әлиханның 150 жасқа толуына арналған іс-шаралардың ЮНЕСКО аясында тойлануына туған елі емес-ау, тілдес, діндес, қандас Түркияның бірінші болып қуанып, мерекелік шараны бірінші болып қолға алып жатқаны, бір жағынан, ерекше  жаңалық болса, екінші жағынан – биыл Ұлттық тәуелсіздігінің 25 жыл­ды­ғын тойлайтын Қазақстан үшін ұят бол­ғанын айтпасқа амал жоқ.

Жоғарыда тізіп өткенім – ЮНЕСКО аясында тойланатын іс-шаралардың бо­лар-болмас бір бөлігі ғана екенін баса айтқым келеді. Оның ішінде Еуразия Ұлт­тық университеті жанындағы «Алаш» ғы­лыми зерттеу институты құрастырып, баспаға әзірлеп жатқан бірнеше жинақ пен кітапты да ерекше айта кетпекпін. Атап айтқанда,  ол  Әлихан Бөкейхан шығар­мала­­ры­ның 16-18 томдық теңдессіз толық жинағы, Алты Алаш көсемінің өмірі мен сан қырлы қызметі туралы қазақ және орыс тілдеріндегі 2 томдық монографияны, «Әлихан тағылымы» және т.б. тың ғылыми зерттеулер, библиографиялық, ғылыми-анықтамалық жинақтар.

Ал Әлиханның 150 жасқа толатын
5 наурыз – туған күніне қарай бар шығарып үлгергеніміз – Алаш көсемінің өмірі мен сан салалы қызметі және ғылыми-пуб­ли­цистикалық мұрасы туралы өзімнің соңғы жылдары түрлі баспасөз бетіне жария­ла­ғаны қазақ, ағылшын және орыс тілде­рін­дегі зерттеулерім, мақала, сұхбат және дөң­гелек үстел материалдарының тұңғыш жинағы болды. Ол жинақ «Ер Жәнібек халықаралық қоғамдық қордың қаржылай демеу көрсетуінің арқасында шығып отыр. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қо­ғамдық қордың басшысы Жеңіс Түркияға алғысымды білдіргім келеді.


 

  • АҒАДАН АҚЫЛ

САЙЛАУ

 Мұжық сайлауы мен қазақ сайлауының арасы жер мен көк арасындай. Закон бір болғанмен екі жұрттың: қазақ пен мұжықтың ғұмыры, жүріс-тұрысы, терінің оң жақ, теріс жағындай екі түрлі. Орыс мұжығының мінезінде маңдайы терлемей, табан ауырмай, қол дүмбімей, мал табылмайды. Мұжық, білуінше, жұмыс қыла білмеген кісі адам емес, сабан-тас ұстай білмеген адам ер есебінде емес. Зәуде жұмыс істей білмеген кісі болса мұны қыздар ер есебіне алып, күйеу деп тимейді. Мұжық білуінше, жұмыстан басқа мал табатын жол жоқ. Болыс, би, ауылнай һәм елу басы болмақ, патшалық салған ауыр бір міндет, жұрт үшін қылатын қызмет. Болыс, би, ауылнай һәм елу басы болған кісінің өз шаруасына патшалық салған қызметтен келер түк пайда жоқ, мұжық ішінде болыс, ауылнай һәм елу басы болған шылғи залал. Мұжық таласпақ түгіл патша­лық салған қызметтен қашады. Неше мұжық болысында болыс, ауылнай би амалсыздан кезекпен болды, бұл кезектен де қашса, орнына біреуді жалдап қояды.

Адам баласы өзге хайуаннан айрылғанда ақылды болып, қолы шебер болып айы­рылады. Байлық түбі – ақыл һәм қол ұсталығы. Осы екеуі қосылмай адам ба­ласы қазынаға жарымайды.

Ақыл да, ұсталық та оқумен, істеумен жүре ұлғаяды. Дүниядағы жер билігі күннен-күнге ақылды, ұста жұрт қолына ауып барады. Еуропада ұлық патша атанған жұрт халықтың ақылды ұсталығына сүйеніп, ұлық патша болып отыр. Біздің қазақ жерін мұжық алғанда мұжық табан ет, маңдай теріне сүйеніп алып отыр. Бұрын қазақ «Аһау, үһеу» деп неше мың жыл босқа өзінен-өзі өсіп-өнетін мал айдап, көшіп жүрген жерден мұжық келе сала қазына суырып алып, байып отыр. Күні-түні қызметке жанын жалдағанның рахатын көріп отыр.

Әлихан БӨКЕЙХАН.


• ЖАҚСЫНЫҢ СӨЗІ

 «Әкемнің мысы кез келген адамды басып тұрушы еді. Әкем өзін тұтқындауға сауылдап кіріп келген тергеушілерді көргенде саспастан: «Лиза, шай қой. Қонақтар келді. Бұл мәдениетті кісілер, дәстүр аттамайды», – деді. Олар үндей алмай қалды. Сол паузаны пайдаланып: «Кешіріңіздер, телефон шалуға бола ма?», – деді. Олар рұқсат берді. Көршісі, аса белгілі кеңес ғалымы трубканы алғанда: «Вася! Мен ұзақ командировкаға кетіп барамын. Лизаны саған тапсырдым. Аманат!», – деді де, маған қарап: «Лиза! Сен анда-мұнда жүгірме. Одан ештеңе шықпайды. Бұл «барса-келместің» командировкасы», – деді сабырмен. Тергеушілер мұның бәрін үнсіз тыңдап тұрды, үндеуге бата алмады. Мен соған таңқалдым. Әкемнің салауаты оларды еш оғаш қылық көрсетуге мүмкіндік бермеді».

 Лиза БӨКЕЙХАНОВА.

 

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір