ӨМІРІ – КҮЛЕ БІЛУ, ӨНЕРІ – КҮЛДІРЕ БІЛУ…
12.10.2023
2124
0

Жазушылық – үлкен өнер. Ал осы өнердің ішіндегі аса қиыны – балаларға арнап жазу мен сын-сықақ жазу. Қаламгерлер ішінде балалар жазушылары мен сатириктердің сиректеу болатыны содан. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» деген екен өз кәсібі туралы сатирик жазушы Сейіт Кенжеахметұлы. «Әдебиет – ардың ісі» деген – осы.
Біздің кейіпкеріміз – сықақшы жазушы Нұрмахан Назымханұлының негізгі мамандығы – ғалым-агроном, Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Біраз уақыт туған жері Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында «Түркістан» кеңшарының Қандөз ауылында жұмысшы, комсомол ұйымының хатшысы, жастар бригадасының бригадирі, кеңшар директорының орынбасары қызмет­терінде шаруашылықпен шұғылданды. Дегенмен іште жатқан бұла талант, өршіл талап, айнымас мақсат оны оқушы күнінен еліктірген қаламгерлік сүрлеуіне біржолата бұра берген еді.

Нұрмахан Елтай

Нұрмахан Елтай 1953 жылы 28 қыркүйекте Қандөз ауылында дүниеге келген. Алғашқы апыл-тапыл талпынысын еске алғанда бала Нұрмахан сурет салуға, саз балшықтан түрлі үй жануарларының бейнесін жасауға үйірсек болғанын айтады. Атасы Елтай немересінің көзі үйрене берсін деді ме екен, «Кәне, Нұрманжан, газет оқышы», – деп қолына үйге жаздырып алдыратын газет­терді ұстатып қоятын болған. Ал мектепке барып «Әліппе» ашып, қара танығанынан бастап әкесі Назымхан сол газет-журналдардың мақалаларын оқытып, тыңдап отырады екен. Осылай балаларға арналған «Балдырған» журналын, «Қазақ­стан пионері» (қазір «Ұлан») газетін оқуға деген құмарлығы туған балақай Нұрмахан үшінші сыныптан бастап өз бетінше түрлі кітаптарды оқуға кіріскен. Міне, баланы жастайынан оқуға құштарлыққа еліктіріп баулыған ата мен әке тәрбиесінің нәтижесі. Осылай ауылдағы мектеп және ауыл кітапханасындағы кітаптардың талайын ол оқушы, жасөспірім кезінде-ақ оқып тастапты.
Осы кітапқұмарлығы оның қолына қалам алдырып, өзі мектеп өмірінен «Қазақ­стан пионері» газетіне тырнақ­алды жазбаларын жолдай бастайды. Редакциядан келетін «Талабың дұрыс, әлі де іздене түс» деген сынды үміт­тендіретін хат – ол кез­де оқушы үшін арқадан қаққан айналайынның үлкені. Талай қаламгер осы жолдан өткенін жымия еске алары сөзсіз. Осылайша қалам сүйкеп, төселе жүріп, аудандық газетке де хабар-ошарлары шыға бастайды. Келе-келе «Қазақ­стан әйелдері» журналында ұдайы жарияланатын «Құпия сөзді» құрауға машықтанып, басылымның белгілі авторының біріне айналады.
Қолына қалам алып, шығармашылықпен шұғылданғанына елу жылға таяпты. Жиырма шақты кітабы жарық көрген. Баспасөзде жарияланған мақалаларында есеп жоқ. Кейінгі жиырма жыл көлемінде Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің Шиелі және Жаңақорған аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Әріптестері батыл тілші Нұрекеңді мерзімді басылымның жаужүрек жауынгері атап кеткен еді.
Әйгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров 1970-жылдардың ортасынан республикалық басылымдарға шыға бастаған
Нұрмахан Елтайдың алғашқы әңгімелеріне назар аударады. Сөзі сүзеген сардар Ос-Аға өзін Сыр бойынан Алматыға арнайы іздеп келіп, сәлемдескен жас талап ізбасарына біраз ақыл-кеңесін айтып, ризалықпен батасын беріпті. Сондай-ақ республикалық «Ара» сатиралық журналына алғашқы сықақтары атақты сықақшы ақын Асқар Тоқмағанбетов­тің сәт-сапар тілегімен жарияланды. Республикалық «Лениншіл жас» (қазір «Жас Алаш») газетінде ай сайын сын-сықақ «Сүзеген сөз» бетін жат­тықтырған ұстазы Оспанханға ұқсап, Нұрмахан да аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің «Көк ине» сатиралық бетін жүргізеді.
Қашан да қауырт газет жұмысы көп жыл осы салада істеген қаламгерді қасаңдандырып, жазар тақырыптарының аясын тарылтып, таптаурын жолға салып жіберуі де мүмкін. Еркін шығармашылыққа, кең өріске ұмтылысы әрі еңбекқорлығы арқылы Нұрмахан 2000-жылдардың басында өзіндік «Хан алшы» деген аймақтық газетін шығаруды қолға алды. Бұл игілікті де ізгілікті ісі қазір «Шарайна-Сейхун» аймақтық ақпарат­тық-танымдық газеті болып жалғасқан. Басылымның тақырыбы – негізінен руханият, әдебиет, мәдениет мәселелері. Бұл да ізденімпаз оқырманға олжа. Ауданда тағы бір тәуелсіз басылымның пайда болуы талапты жастардың осында қаламгерлікке қадам басу, журналистік кәсіптің қыр-сырын үйрену мектебіне айналды. Тәлімгерлері – Нұрекеңнің өзі. Газет­тің төртінші бетінде тұрақты орны бар «Қуақының қамшысы» бөлімінде Нұрмахан ел ішінде аузы дуалы, сөзі уәлі адамдар айт­қан небір тәлім-тәрбиелік мәні бар әзіл-оспақ, қалжың, қағытпа, ұрымтал сөздерді, мөлтек әңгімелерді жариялап отырады.
Оншақты сатиралық кітабы жарық көрген, жетпістің төріне шыққан жазушы бұл күнде шығармашылық ортаға, көзі қарақты оқырманға жақсы таныс. Асқар Тоқмағанбетовтен бата алған, Оспанханның шәкірті, Көпеннің ізбасары Нұрмахан­ның өзі қазір сықақшы қаламгерлердің алғы сапында. Оның қазақ сатириктері шоғырында өткір де өзекті, ойлы шығармашылық еңбегімен алған өз орны бар.
Журналист-жазушы Нұрекең ел ортасында. Оның кейіпкерлері де сол ел арасында. «Гөзал келе жатыр» деген әзіл әңгімем алғаш «Қазақ­стан әйелдері» журналында жарияланып, ауыл адамдары әлгі Гөзал қуды «іздеумен» біраз әуре болғаны бар», – деп жымия еске алады Нұрмахан.
Оның «Үшінші тайм» деген жинағында «Әкім» деген мынадай бір сықақ бар.
– Сен Абайды білесің бе?– деп сұрады.
Есепшінің қағазы әрқашан
дайын тұрады.
Олай-бұлай қопарыстырып,
– Иә, білемін, оған біз қарызбыз,
– деді.
– Өткенде бес тонна май алып,
жартысын машинаңызға
жаққан жоқсыз ба?
Запчасқа деп жартысын
сатқан жоқсыз ба?..
– Ой, сен де!
Айтып тұрғаның заправщик Абай ма?
Есебін тауып
қарызынан құтыл қалайда.
Есепші ұлы ақын Абайдан хабарсыз.
Сонан соң әкім завклубқа шүйлікті:
– Абайдың қандай өлеңін айта аласың?
Келмейді саған жаңағы сөзді
қайталағым.
– Е, басеке!
Ол кісі бай болған,
Бәйгеге шабатын аты сай болған.
Ат­ты сурет­теген өлеңдері
ертегі ғой жоқтарға.
Жіберіңізші, барайын деп едім көкпарға.
Осы мезет
Кіріп келіп ардагер шал:
– Өлеңді қайтесің?– деп қалды.
– Ұн таусылды, көмір жоқ,
Қақаған қысың да кеп қалды.
Көзі жайнап әкім
Орнынан тұрды ұшып.
– Маладес, шалым, маладес!– деп
Қарияны алды құшып.
Сөзін айт­тың төренің,
Мынауыңыз еске салады
ұлы ақынның «Қыс» деген өлеңін.
Қол шапалақтап прораб,
сөз сөйледі тұра қап:
– Мәке,
Абай атам
өлеңді қалай қиыстырып құрайды.
Әсіресе маған «Кірпіш» деген
өлеңі ұнайды,–
деп хабары барын білдірді.
Бұл сөз әкімді де күлдірді.
– Е, бала,
болмаса да білімің оншама,
керек еді сол кірпішің
үйдегі салып жатқан моншаға…
Нұрмаханның бұл сықағы өмірде болған мына бір оқиғаны есіме түсірді. 1995 жылы ұлы хакім Абайдың 150 жылдығы тойланатын болып, жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқан. Әйгілі Қал-Аға – әзіл-қалжыңның ұстасы Қалтай Мұхамеджанов елдік «Түркістан» газетінің бас редакторы еді, Абай тойына қатысты бір шаруамен Алматы қаласында әкімдердің бірі, танымал адамға барады. Әкім қабылдайды. Қалекең келген шаруа­сын айта бастайды. Сонда әлгі әкім: «Е, әлгі тақпақ шығаратын адам ба?» – деп, Абайдан хабары барын білдіреді… Кейін осы оспадарсыз оқиғаны Қалекең: «Сабазың Абайды жақсы біледі екен», – деп күлкі етіп айтып жүрді.
Енді Нұрмаханның «Ойпырым-ай, ә!» деген тағы бір шығармасын оқып көрейік.
Екі туыс
Бір бөтелкені алып ортаға
егемендігімізді жуып отыр.
Әңгімені былайша қуып отыр.
– Әмериканың фермерлері
Шет­терінен бай болады екен;
ірілі-уақты техникасы
сай болады екен.
Жанармайы да көп секілді,
өндірмейтін нәрсесі де жоқ секілді.
Өздері болады екен ұқыпты,
Дүниежүзінде осылай
бірінші орынға шығыпты.
– Ойпырым-ай, ә!
– Жапондықтар
Радиотехникадан мықты,
теледидарлары да жеп-жеңіл,
Қабырғаға іліп көреді екен тіпті.
– Ойпырым-ай, ә!
– Түріктер де – епсекті.
Жиып алып жүн-жұрқа, тері-терсекті
керемет­терді істейді.
Кілемдерінің бағасы
Мировой рыноктардан түспейді…
– Ойпырым-ай, ә!
Әрі қарай әлгі екі жан енді немістерге, ита­лиялықтарға, бразилиялықтарға таңдай қағады. «Үндінің киносы-ай», «Грузиннің ви­но­сы-ай!»… Осылай талай рет «Ойпырым-ай, ә!» қайталанады. Одан әрі «Ойпырым-айды» автор жалғастырады:
– Ал біздің қандастар ше?
– Е, жартысы өзге тілде сөйлейді.
Таңданумен шетелге
Тауыса алмай жүр ғой гөй-гөйді…
– Ойпырым-ай, ә!
Бұған күлесіз бе, қынжыласыз ба? Нұрмахан болса «Күлкім келмейді», «Шық жекпе-жекке» деп әлдебір тоғышарларды нысана еткен келесі ащы әжуа-сықақ әңгімелерін жазуға көшеді.
Нұрмахан Елтай – мол байлық-базары бар қаламгер, мүмкіндігі нар қаламгер. Бұны Нұрмахан Елтайдың «Қатырамыз», «Сыпыра сыйлық», «Үшінші тайм», «Жайма базар», «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдың айт­қыштары», «Беласар», «Беті бүлк ет­ті», «Қияға қонған қыран», «Көк иненің көзі», «Япырмай, бұл қандай қызық?!» кітаптары және «Сырдария кітап­ханасы» сериясына, басқа да жинақтарға енген төл шығармалары дәлелдейді
Күлдіре отырып, адамға ой сала білу – астарлы үлкен өнер. Әдемі әзілмен қоғамдағы келеңсіздіктерді сынға алу оңай емес. Осы рет­те кейінгі кез­де теледидар көрермендері: «Әзіл арзандап барады, күлдіру үшін жасалатын күлдібадам дүние қаптап кет­ті», – деген сын-пікірлерді орынды айтып қалуда. Сатирик жазушы Нұрмахан Елтай да: «Әт­тең, жеңіл-желпі қылжақ көбейіңкіреп кет­ті. Сахнадағы ойнақы анекдот­тарды сатираға, азусыз қылжақбастарды сатириктерге қоспаймын», – дейді сатира жанрының табиғатын аша сөйлеп.
Нұрмахан – жоқ іздеуші, барды түгендеуші. Ол Сыр бойының ежелгі қалалары Бестам, Жүніс, Күйеутам, Сығанақ туралы тарихтан сыр шерт­ті. Жазушы Қалмақан Әбдіқадыров өмірінің соңғы жылдары Шиеліде тұрған үйді тауып, оған ескерткіш тақта орнатылуына себепші болды. Заңғар ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан
Есенов сәбиінде тербетілген бесікті тапты.
Қазақ­стан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, сатирик, облыс әкімінің 2023 жылғы мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығының алғашқы иегерлерінің бірі, «Шиелі ауданының Құрмет­ті азаматы» Нұрмахан Елтайдың халыққа берері әлі де көп.

Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Қазақ­стан мәдениет
қайраткері

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір