САУСАҒЫНАН КҮЙ САУЛАҒАН СЕКЕН (Эссе)
13.02.2024
125
0

Осыдан бірер жыл бұрын бір беделді басылымнан Секен Тұрысбектің берген сұхбатын, күй туралы терең философиялық тұжырымдарын оқыған едім. Сонда Секен Тұрысбек: «Күйді мың адам тыңдайды, бірақ соны бір ғана адам, әрі кетсе, 6-7 адам ғана ұғады. Қалғаны – тыңдаушы. Күйді түсіну үшін көкіректе көз, құлақта саңылау болу аз, күйді ұғуға телегей-теңіз білім мен терең сезім керек», – деген екен. 

   Секеннің бұл пайымы – шындық. Күй – табиғаты тылсым, өте терең, ауқымы кең, мазмұны күрделі, биік те нәзік өнер. Күйдің, күй жасаудың, күй орындаудың аса білімдарлықты қажет ететіні секілді күйді ұғына тыңдау үшін де теңіздей терең сезім мен білім керек. «Күй – киелі де иелі ұғым» екенін де көкірек көзі ашық адамдар түйсінеді.
Иә, осындай киелі күйдің аса талантты өкілі Секен Тұрысбекті біздің уақыттың «Дана Қорқыты» деп атар едім. VII ғасыр бізге қобыз атасы атанған Қорқытты сыйлаcа, ХХ-ХХІ ғасыр күй құдіреті дарыған Секенді сыйлады. Қорқыт заманалар бойын­да аңыз кейіпкеріне айналса, Секеңнің есімі мен туындылары көзі тірісінде-ақ алты алашқа аңыз болып тарады. Бұл күндері еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін Секен Тұрысбекті біледі, өнеріне тәнті болып зор құрметпен қарайды, жоғары бағалайды. Өз басым осы ғасырды «Секен Тұрысбек ғасыры» деп атап жүрмін… Неге?
Бағзы замандарда хан-сұлтандар мен ақсүйектер, дана халқымыз өз орталарынан шыққан сал-серілерді, әнші-күйшілер мен жыршы-жырауларды, ақын-жазушылар мен батыр-балуандарды, шешен-шежірешілерді, көреген көсемдерді, ақылгөй ақсақалдарымызды ерекше қадірледі. Олардың өнерін қоғамдық ортада ең биік орынға қойды. Күйді ұлттың жаны деп бағалады. Күйшілерді, сал-серілерді сыйлап, төріне отырғызды. Ел-жұрт алдындағы беделін қорғады. Тіпті рухани және материалдық жақтан қолдау көрсетті. Сол арқылы елдің рухын өсірді, рухани қазынасын байытты. Осылайша, қазақы дала мәдеиетінің, отбасылық құндылықтар мен елішілік өнер мектебін қалыптастырды. Сонау Ғұн, Сақ, Үйсін, Алан дәуірлерінен бастау алған, бес мың жылдық ұлы өркениетті осындай халық даналары мен өнер саңлақтары сақтап қалды. Көнеден жеткен асыл мұра әлі күнге дейін халқымыздың руханиятына қалтқысыз қызмет атқарып келеді.
Саф өнерді саусағына қондырған дарынды күйші, көпшіліктің сезім пернесін күй тілімен сөйлеткен, «Ақ жауын», «Көңіл толқыны», «Бесік», «Жазғы қар», «Көк бөрі», тағы басқа күйлердің авторы Секен Тұрысбекті дүйім жұрт жақсы біледі. Ол – күйші ғана емес, өлең сөз бен қара сөздің де тізгінін тең ұстаған ділмәр шешен. Әншілігі мен сазгерлігі де – өз алдына бір төбе. Оның бойында тоғыз өнердің бұлбұлы сандуғаштай сайрап тұр, шығармашылық қоржынында 200-ге жуық күй мен ән қордаланып жатыр.
Мен бәрінен бұрын Секеңнің азаматтық ұстанымын ерекше бағалаймын. «Ғалым болу оңай, адам болу қиын» деген ғой даналарымыз. Секен Тұрысбек – менің туған құдам, оның сүйікті жары Нәзихан – туған құдағиым. Қазақ – құдалық жолды өзіндік жол-жоралғысымен, салтымен сыйлаған ұлы халық қой. Секеннің ұлы Азамат пен менің қызым Раушан қос шаңырақтың ортасына ақ отауларын тікті. Қазір түтіндерін түзу ұшырып, бақытты тұрмыс кешіп жатыр. Назерке, Әли атты тәп-тәтті жиен, немерелеріміз бар. Секен екеуіміздің құдалығымыздан гөрі аға-інілігіміз етене жақын. Бір немересіне қазақ ырымы бойын­ша Әли деп менің есімімді қоюының өзі осы жарастықты растайды емес пе?.. Иә, қазақтың маңдайына бақ-жұлдыз болып бұйырған Секен Тұрысбекпен құда болу бақыты менің маңдайыма жазылған ұлы шүлен бақыт деп білемін.


Оның азаматтық болмыс-бітімі, ойлы сөздері мен сырбаз сезімдері, сабырлы мінезі, тап-таза көңілі әр жүздесуімізде биіктеген үстіне биіктей түседі. Секең інім күлімсіреп алдымнан шыққанда, мөп-мөлдір аспаннан күн жарқырап шыққандай әсер аламын. Оның өңіндегі жылылықтың өзі бір сұлулық шұғыласын төгіп тұрады. Нағыз қазақ азаматына тән келбет пен сирек кезігетін жарқын образ. Оның түр-тұлғасынан өнер адамының ғана емес, нағыз қазақтың кейпін көремін. Секеңмен әр кезігіп әңгімелесіп қайтқанымда оның әрбір айтқан сөздерінің әсері ұзақ уақыт ойымнан өшпей, санамда сақталып жүреді. Мен бірде:
– Секен, сен – керемет күйшісің, күй тудырушысы, қазіргі заманның күй мектебін қалыптастырған ұлы ұстазсың, бүкіл халқың сені жанындай жақсы көреді. «Ақ жауын» мен «Көңіл толқыны» сынды күйлерің әлемдік деңгейде танылды, 44 мемлекетте ойналады екен. Оны кім көрінген оңды-солды пайдаланып жүр. Барлық күйіңді патенттеп алмайсың ба, ол үлкен кіріс көзі ғой. Қып-қызыл ақша, – деген ойымды айтып едім.


– Ой, Жұмеке аға, мен бар өнерімді халқыма ұсындым, ұрпақтарыма арнадым. Оны бүгінгі вакцина секілді патенттеп алуға болмайды. Халқым тыңдап, ерекше күйге бөленіп, әсер алса, содан артық бақыт іздемеймін. Өнер – бағасыз қазына. Сатуға болмайды. Өнерді сату ер-азаматқа жараспайды. Ол – ұлтын, ата-анасын, Отанын сатқанмен бірдей құбылыс. Ақша – қағаз. Ал өнер – рухани қазына, асыл мұра, ел байлығы, жер астындағы кен сияқты мемлекеттің меншігі, менің ұлт руханиятына, мемлекетіміздің өнерін дамытуға қосқан үлесім. Ата тағылымында мынадай бір сөз бар: «Жылан шөп жеп, уға айналдырады. Сиыр шөп жеп, сүтке айналдырады. Мен тәп-тәтті күйлерімді уға айналдырғым келмейді. Халық арасында, ел құлағында, жұрт жүрегінде балдай тәтті қалпын сақтап жүргенін қалаймын, – деді ол бірден менің де ойымды мүлде басқа арнаға бұрып.
Қандай таза, қандай арлы азамат десеңші! Секеннің осы бір ауыз сөзінің өзі мыңжылдық тәлім-тәрбиенің көзіне айналар, мәнін жоғалтпайтын тағылым емес пе?.. Өз еңбегін, өне бойын жарып шыққан өнерін ұлт өнеріне, ұлт қазынасына арнаған ұлтжандылығын көргенде, асыл сөзін естігенде жүрегің шым ете қалады. Бүгінгі бір дүниесінің жоғын жоқтап, бір-бірін сот пен отқа сүйреп жүрген жастарға Секенді үлгі етіп көрсетсек, еш жаңылмас едік.
Тағы бірде әңгіме үстінде маған бес-алты күйін қатар орындап берді. Біздің үйде қонақ болып отырған кезі еді. Секеннің күйлерін өз орындауында тыңдағанның қандай ғанибет екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Сондай әсерлендік. Ақжарма көңілмен:
– Секен құда, осы күйлеріңнің көрімдігіне мың жылқы сыйлаймын, – дедім. Секең маған бүркіттей қабағын түйе бір қарап алды да:
– Аға, бұл күйлердің бағасы жылқы емес қой. Сіздің сонша тебіреніп, түсініп тыңдап, ләззат алғаныңыз да жетеді. Егер ол жылқыларды берсеңіз, мен жетім-жесір, кембағал жандарға таратып жіберемін, – деді бірден.
Қандай жомарт жан! Көркем мінез бен дариядай шалқар көңілдің, іргелі іріліктің үйлесімін де Секеңнен көрдім.
Секең менің ұлым Ернармен дос болды. Жанындай жақсы көрді. Кіші, бала демеді. Оның керемет қасиеттерінің бірі де – осында, үлкенмен де, кішімен де бөлмей-жармай тіл табысып, ақжарыла әңгімелесіп, етене араласатыны. Бәрімен де тетелеп теңесе алатын, ортайып кеңесе беретін. «Ұлылық – қарапайымдыққа, алтын топыраққа жасырынады» дегеннің бір сипаты осындай болса керек. Кейін Ернар ұлым дүниеден өткенде менің қасымда ұзақ жүріп, сүйеу болды. Қайғымды бөлісті. Өзі де қатты қайғырды. Маған айтпай жұма сайын Ернардың зиратының басына барып, Құран түсіріп тұрды. Оны мен ел аузынан естідім.


Секен өз өнеріне қандай жауапкершілікпен қараса, отбасына да дәл сондай жауапкершілікпен қарайды. Өнерін қалай сүйіп құрметтесе, өзінің сүйген жарын да көзінің қарашығындай аялап келеді. Немерелерін де өнерге баулып жүр. Балаларын ен байлығына, басты бақытына балайды. Әу баста тіккен ақ отауын киелі ақ ордаға айналдырды. Оның тектіліктің үлгісіне, берекенің ұясына айналған шаңырағы да – баршаға өнеге.
Секен Тұрысбек өзінің ұстаздары – Мәлгеждар Әубәкіров, Қадыр Досымжанов, Нұрғиса Тілендиев сынды ұлы тұлғаларды да құрмет көңілінен ешқашан түсіріп көрген емес. Әр сахнаға шыққан сайын ұстаздарының атын атап, еңбектерін таныстырып отырады. Жыл сайын оларға Құран-қатым бағыштап, еске алады. Осыдан-ақ Секеңнің ұстаздарына деген кіршіксіз адалдығын, шәкірттік парызын қапы қалдырмайтынын түсінесің.
Оның туа біткен дарыны мен шығармашылық арыны жайлы Ақселеу Сейдімбеков, Нұрғиса Тілендиев, Ұлықбек ­Есдәулет, Тұрсын Жұртбай, Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айтұлы сынды өзге де қаламгерлер, ғалымдар, өнер зерттеушілері мен мәдениеттанушылар толғана жазды, жыр арнады. Күйші турасындағы мақалалар мен еңбектер шетелдік беделді басылым беттерінде де жиі жариялануда.
Қазақтың белгілі композиторы, күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Парасат және Құрмет ордендерінің иегері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қасиетті өнердің иесі, сан қилы күй түрлерін бір желіге тоғыстырған Секен Тұрысбектің тұлғалық, шығармашылық белестерін, сегіз қырлы, сексен сырлы күйлері мен әндерінің мазмұнын ашу, терең қаузап жазу әлі де талай тақырыпқа арқау болары хақ.

Жұматай ӘЛИЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір