Отбасылық құндылық. Кеше, бүгін
28.02.2023
425
0

Жақында «Бақыт» фильмі көрерменге жол тартты. Аталмыш фильмнің продюсері – Баян Мақсатқызы, режиссері – Асқар Ұзабаев Шағын қалада тұратын бір отбасының (ерлі-зайыпты және олардың бойжеткен қызы) тағдыр-талайына құрылған туынды сюжеті олардың өміріндегі тұрмыстық зорлық-зомбылықты көрсетеді. Әрине, тұрмыстық зорлық-зомбылық – елімізде ушығып тұрған мәселе екені рас. Бірақ осы дүниені көркем фильм қалай көрсете алды? Маңыздысы – осы.

Фильмнің Tik Tok желісінде тараған қысқа видеоларына жазылған пікірлер сан қилы. Дені бүй деп келеді: «Во, нафиг қазаққа байға тиіп!..», «Көріңдер, жігіттер, сендер осындай итсіңдер!», «Қазақ жігітіне байға тисең, осы!..», «Мынадан кейін лесби боп кеткенім жақсы!», «Күйеуге тиіп, бүйтіп күн кешкенше, өлгенім артық!..».
Аталған фильмнің желіде тарап жатқан үзінділеріне қатысты жұрттың пікірі осындай. Әлбетте, киноның көрсеткені – өмірдің шындығы, қоғамның дерті. Бірақ осы мәселені өнер тілінде өрнектеп, көркем картинаға айналдыруда олқылық, олақтық бар сияқты. Әйтпесе біздің қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйел теңдігі деген дүние бұрыннан бар. Өткен ғасырдың басында да бұл тақырып Алаш зиялыларының қаламынан қағыс қалған жоқ. Жүсіпбек Аймауытовтың «Күнекейдің жазығы», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Мағжан Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсі», Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Мұхтар Әуезовтің «Қаралы сұлуы», тағы басқалары – осы бір шетін мәселені арқау еткен шығармалар еді. Мәселен, Бейімбет Майлиннің «Талағын» алайықшы. Тура «Бақыт» киносындағыдай ерлі-байлы екі адам және қыздары. Отбасында күнде жанжал, күнде ойран. Берекесі қашып, кетеуі кеткен отбасы. Шығарманы оқып отырып дойыр күйеу, долы қатынға зығырданың қайнап, жазықсыз балаға жаның ашиды. Жанжал қыза келіп, әйеліне талақ айтқан еркектің ебдейсіз қылығы сені басқа бір қиырға алып кетеді. Шариғат үкімін кесілмес шөре, бұзылмас қамал санайтын қарапайым халықтың сол кездегі дүниетанымы – от пен судай болған екеуінің арасындағы өздері бағалай бермейтін нәзік дүниені санасына салып, естерін жиғызады. Жазушының шеберлігі сол – қанша бітіспес жаудай көрінсе де, ерлі-зайып­тының арасын жалғап тұрған бір нәзік жіптің барын шебер көрсетеді. Оны оқу-тоқуы жоқ қарапайым халық санасына шақтап, алдарына тосады. Безіндірмейді.
Аталмыш фильмді атағанымыздай, мейлі өнердің қай түрі болсын натурализмге бой ұрып, бүгінгі отбасылық құндылықтарды түкке алғысыз етіп, жоққа шағарудан ештеңе ұмытпаймыз. Майлиндер секілді ұлттық дүниетаным, отбасылық құндылықтарды (ол неке, бала немесе басқа нәрсе болуы мүмкін) жиі еске салып, отбасын сақтап қалуға қам қылмақ ләзім.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір