МАЙТАЛМАНДАР МЕКЕНІ
Атпал азамат есімін иеленген Шымкент қаласындағы Асанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейде асқаралы аталарына ұқсағысы келетін ұландар өсіп келеді. Қазақстан тарихында өз ізін қалдырған қоғам қайраткері және ұйымдастырушы жөнінде мектептің бастауыш класс оқушыларынан сұрай қалсаңыз, тақылдап тұрып бірқатар әңгіме шертеді.

Иә, Асанбай Асқаров – ел тарихында өшпес із қалдырған мемлекет және қоғам қайраткері. Оның басқарушылық қызметі еліміздің әр өңірінде ірі құрылыс нысандарының бой көтеруіне, әлеуметтік және мәдени орталықтардың қалыптасуына ықпал етті. Әсіресе Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесі ерекше. Қалада бүгінгі күні тұрғындардың мақтанышына айналған дендропарк, зообақ, ипподром, балалар теміржолы, көпқабатты тұрғын үйлер мен өндірістік нысандар – сол кезеңнің жемісі.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаров Фрунзе атындағы педагогикалық училищені бітірген соң еңбек жолын орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Сондықтан ол – ең әуелі ұстаз! Бұдан кейінгі жылдарда да ол білім мен тәрбие ісіне белсене үлес қосты. 1942 – 1946 жылдары әскери борышын өтеді. Полк мектебінде, саяси училищеде оқыды. Бұл болашақ мемлекет және қоғам қайраткерін шыңдай түсті. Соғыстан оралған соң ол Мерке аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Жамбыл облыстық партия комитетінің бюро мүшесі болды. 1951 – 1954 жылдары КОКП Орталық Комитетінің жоғары партия мектебінде оқыды. 1954 – 1958 жылдары Жамбыл облысындағы Красногорск және Мерке аудандық партия комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 1958 – 1959 жылдары Жамбыл облыстық атқару комитетінің төрағасы, 1959 – 1965 жылдары Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1965 – 1978 жылдары Алматы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1978 – 1985 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы сияқты жауапты қызметтерде болды. Ол бірінші хатшы болған жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі де еді.
Көп жылдардағы Кеңес үкіметі мен халқына, коммунистік партияға сіңірген еңбектері үшін КСРО-ның ең жоғары марапаты – Социалистік Еңбек Ері атағын алды. «Ленин» орденімен қатарынан бес рет марапатталды. Ол экономика ғылымының кандидаты дәрежесін алды. Халықаралық Акмеология ғылымдары академиясының академигі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры болды.
Асанбай Асқаровтың адами қасиеттері оның ақындығынан да айқын аңғарылатын. Ақынның «Тағдыр», «Жұмақ және тозақ жырлары», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» атты кітаптарының ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше.
Асқаровтың еңбегін кейінгі ұрпаққа таныту мақсатында Шымкент қаласындағы А.Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейге оның есімі берілген. Білім ордасы тек сапалы білім берумен ғана шектелмей, оқушыларды елжандылыққа, тарихты құрметтеуге, тұлғалардың еңбегін бағалауға тәрбиелеуде. Мектеп-лицей директоры Ақмарал Сайдсламқызы Сайфутдинова – «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің, «Үздік педагог» атағының иегері, педагог-шебер, бірінші санатты басшы. Осындай білікті басшы бар оқу орнында үлкен жетістіктер де мол.
Мектеп-лицейде 2225 шәкірт тәрбиеленеді. Оларға 216 мұғалім дәріс оқиды. Барлығы – жоғары санаттағы ұстаздар. Жыл сайын мектеп-лицейде Асанбай Асқаровты еске алу және тағзым шаралары өтіп тұрады. Мектеп ұжымы мен шәкірттері қаладағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағылымды әңгімелер өткізеді.
Мектеп-лицейде Асандай Асқаров атындағы музей бар. Одан мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен еңбек жолына қатысты көптеген мағлұмат таба аласыз. Музейде тарихи суреттер жеткілікті. Ата-аналар мен мектеп қонақтары осы музейге бас сұқпай кетпейді.

Ашық сабақтар мен конференцияларда оқушылар Асқаровтың еңбек жолын зерттеп, тарихи деректерге сүйеніп баяндамалар жасайды, пікірталастар ұйымдастырады. Мерекелік концерттер мен әдеби кештер өтіп тұрады. Оқушылар шығармашылық қойылымдар арқылы қайраткердің елге сіңірген еңбегін сахналық көріністермен жеткізеді.
Мектеп-лицейде А.Асқаровтың ізін, жасаған еңбектерін жалғастыру, жандандыру мақсатында, сондай-ақ «Таза Қазақстан» жобасымен ұштастырып шәкірттерді табиғатты аялауға, көгалдандыру жұмысын жасауға ынталандырып отырады. Айталық, 2025 – 2026 оқу жылын лицей «Экомектеп» жобасымен бастады.
Сонымен қатар мектеп-лицейде «Асқаровтану» пәні жүргізіледі. «Тарихыңды таны», «Ұлы тұлғалар ізімен» атты патриоттық акциялар өтіп тұрады. «Руханият» пікірсайыс клубы, «Жас әлем» экоклубы, тоғызқұмалақ, футбол, бес асық, волейбол, «Шебер қолдар» үйірмелері негізінде оқушылар қаладағы тарихи орындарға экскурсия жасап, тұлға мұрасын зерттейді. Қара шаңырақ болып саналатын мектеп-лицейдің оқушылары да тынымсыз еңбектенгенді жақсы көреді. Айталық, Ұлттық пікірсайыс турнирінің республикалық кезеңіне қатысушы Әзімхан Бекарыс (Жетекшісі – Гүлсім Өкшебаева) – мектеп мақтанышы. Ал Орал қаласында өткен «Менің Отаным – Қазақстан» туристік экспедициялық жасақтардың Республикалық конкурсында Айша Жарылқады 3 орын иеленді.
Дарын орталығының ұйымдастыруымен жалпы білім беру ұйымдарының 8 – 11 сынып оқушылары арасында өткен республикалық «Абай әлемі» III шығармашылық байқауының қалалық кезеңінің «Жүрегімнің түбіне терең бойла» эссе аталымында Жанерке Тасболатова III дәрежелі диплоға ие болды. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» ақындар мүшәйрасында Ақерке Аманкелді II дәрежелі дипломмен марапатталды.
«Таза болса табиғат, аман болар адамзат» демекші, тоғызқұмалақ үйірмесін табиғат аясында өткізу дәстүрге айналды. Сондай-ақ оқушылар өңірдің көрікті жерлерінде, табиғи-тарихи ескерткіштерге, тауларға жиі саяхаттайды.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша 7–8 сынып оқушыларына арналған республикалық жасөспірімдер олимпиадасының қалалық кезеңінен
8-сынып оқушылары Ерсұлтан Шынболат пен Әмина Әбдіразақ 2-орын алып, мектеп ұжымын қуантты. Ақтау қаласында өткен республикалық «Әбіш оқулары» сайысында Бауыржан Мұсабек 3-орынды еншіледі.
Дарын орталығы мен «ZERDELI» ақыл-ой дамыту орталығының
ұйымдастыруымен математика пәнінен өткен «Алтын сақа» олимпиадасының қалалық кезеңінде мектеп-лицейдің бір топ оқушысы жеңімпаз атанды.
Алматы қаласында өткен математика, физика, информатика мұғалімдерінің IХ Халықаралық шығармашылық конкурсында 300 қатысушы арасынан Ж.Хабибуллаев ІІІ дәрежелі дипломмен, И.Илебаева сертификатпен марапатталды.
Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының ұйымдастыруымен Түркия елінің Стамбул қаласында өткен байқауда Сұлухан Ізбасқанова 2-орын иеленіп, мақтау қағазының, медаль мен кубоктың иегері атанды.
Қызылорда қаласында өткен «Қызылорда шуағы – 2022» атты шахматтан балалар (12 жасқа дейін) арасындағы республикалық турнирде Нұралы Мұсаұлы 2-орын алып, зерделі ойыншы екенін танытты.
Республикалық «Жыр алыбы – Жамбыл» жас ақындар айтысының қалалық кезеңі – «Қайым айтыс» бөлімінде Дәурен Ғани жүлделі 1-орын алып, мектептің мерейін асқақтатты.
Мектеп-лицей ұжымы «Адал Азамат» біртұтас тәрбие құндылықтарын балалардың бойына жан-жақты сіңіріп келеді. Спорттық шараларда, конференцияда, тренингтерде жыл сайын мектеп-лицей мәртебісінің артуына мектеп мұғалімдері де аянбай жұмыс жасайды.
Асанбай Асқаровтың елге жасаған еңбегі – тарихтың бір бөлігі ғана емес, бүгінгі жас ұрпаққа үлгі болатын өнеге. №77 мектеп-лицейінің оқушылары мен ұстаздары осындай игі шаралар арқылы қоғам қайраткерінің мұрасын дәріптеп, жас буынның жүрегіне патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін сіңіріп келеді.
А.Асқаров сияқты тарихи тұлғалардың есімін мектептерге беру – жастарға өз тарихын, аймақтың дамуындағы маңызын ұғындырудың бір жолы. №77 мектеп-лицейдің ұйымдастыратын іс-шаралары арқылы оқушылар өздерінің мәдени-тарихи тамырларын біледі, қоғамдық жауапкершілік пен патриотизмді бойына сіңіреді. Сонымен қатар мұндай мектептік шаралар жергілікті қоғамның белсенділігін арттырып, ұжымдық бірлікке ықпал етеді. №77 мектеп-лицей – өткен мен бүгіннің сабақтастығын сақтаудағы маңызды байланыс ордасы. Мектепте өткізетін ашық сабақтары, мерекелік шаралары мен қоғамдық акциялары арқылы жас ұрпаққа тарихи сананы қалыптастыруға үлес қосылып келеді. Бұл – тек тұлғаға деген құрмет қана емес, сонымен бірге ұрпақ тәрбиесінің сенімді негізі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Тамыз конференциясында білім саласындағы маңызды міндеттерді айқындап берді. Білім сапасын жақсарта түсу, мектептегі тәлім-тәрбие жұмыстарын күшейту, оқу үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу сияқты міндеттер қойды. Бұлардың қай-қайсысы болса да маңызды. Оқушыларды нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және бұзақылық сынды әлеуметтік кеселдерден қорғау – бүкіл қоғамның ортақ борышы. Міне, осы талаптарға баса мән берген Асанбай Асқаров атындағы №77 мектеп-лицейінің педагогикалық ұжымы жас ұрпақтың бойына ізгілік дәнін құю жолында аябай еңбек ете бермек.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ