АТЫ-ЖӨНІМ ҚАЛАЙ ҚАТЕ ЖАЗЫЛДЫ?
05.02.2024
70
0

Арғы атамның аты Бідірәлі екенін білгенімде қалай Бердалин болды деп ойлайтынмын. Сөйтсем, сол кездегі теріс саясат­тың салқыны тиіпті. Алғашында туу туралы куәлікке солай жазылып кетіпті. Кейін сол қателікті түзетуге мүмкіндік туған кезде атамның аты бұрмаланып кетпесін деп Бідірәліге түзеттіргенім рас. Зейнеткерлік жасына жеткенімде алынбас қамалдай кедергі болатынын қайдан білейін.

Енді, міне, екі айдан астам уақыттан бері сол кезде кеткен қателікті түзеттіре алмай жүрмін. Өзімнің туып өскен ауылымның АХАЖ бөлімінен келген анықтаманы Қарасай аудандық соты нақтылауы керек деген соң сотқа келдім. Соттың кеңесшісі адвокат жалдаңыз деді. Оған қанша төлейін десем, «80 мың теңге алады» дейді. Бұрынғы фамилиям мен қазіргі фамилиямды сәйкестендіру үшін аудандық сотқа талап-арыз жазуым керек екен. Енді өзге болмаса да өтініш, арыз жазу қолымнан келеді ғой десем, жөндерін айтпайды. Шынын айтсам, АХАЖ бөлімі сотқа, сот АХАЖ бөліміне бар деп сілтейді. Екі ортада сандалып жүрейін бе деп қаттырақ айтуыма тура келді. Содан кейін барып олар жұмсарып, жазу үлгісі мен ақ қағаз бен қалам берді, жазыңыз деп. Айналасы бес-ақ минутта жазып бердім. Енді бір қызығы – жаңа берген үлгісі екі жастың ажырасуына өтініш жазатын үлгі болып шықты. «Сіздер сонда алдарыңызға келген екі жасқа ақыл кеңес бермей-ақ оңай ажырастыра саласыңдар ма» дедім шыдай алмай. Олар үндемеді. Сонда олар жоқтан өзгеге келісе алмай қалған екі жасты да оңай ажырастыра салатын болып тұр ғой, шамасы. Реті келіп қалған соң еріксізден айтқаным ғой. Міне, осы секілді дүниеге келген бейкүнә бүлдіршіндердің аты-жөнінің дұрыс жазылуына аса көңіл бөлінбейтін сияқты.
Бүгінгі күнге дейін есім-сойлары бұрмаланып жазылып кеткен адамдар қаншама. Көбі аты-жөндерін түзеттірейін десе, жұмыстан қолдары босамай, уақыттары болмай жүргені де шындық. Мысалы, Баян Советовна, болмаса, Джумалиева деп теріс жазылып кеткендер қаншама. Солар қазақтың бейкүнә ұл-қыздарының маңдайына басылған қара таңба болып қалуы керек пе еді. Ардақ Рамазанович дейді. Міне, осының бәрі біртіндеп болса да жөніне келтірілуі керек емес пе?
Кейінгілері тіпті қызық. Мақсат Айқын дейді. Сонда аты қайсы, фамилиясы қайсы екенін кім анықтайды? Кабира Рамазанқызы немесе Асан Бақытбекұлы дегендей әлі бір ізге түспей келе жатқаны да шындық. Кейін бір-екі ұрпақ ауысқаннан кейін не болмақ? Жеті атасына дейін қыз алыспайтын текті халқымыздың келешегі не болмақ? Осыны ойлап жүрген жан бар ма екен? Бүгінгідей соттың айналасын жағалап жүріп, оңай ақша тапқысы келгендер ежелден келе жатқан ата-бабамыздың дәстүрін мидай араластырып жібермесіне кім кепіл бола алады? Осы жағын қазіргі күннен бастап ескерсек дегім келеді.

Аты-жөнінің
бұрмалануынан қиындық көрген –
Төлеухан БІДІРӘЛІ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір