Ақ айдынға ай басады бауырын
04.09.2024
157
0

Зұфар Сейтіжанұлы

Жалғыз тырна

Туған жерге жетсем бе деп асыққан,
Аңсап келді жалғыз тырна қашықтан.
Үйіріңнен кім айырды, құсым-ау?
Қандай тағдыр мұңдандырып жасытқан.

Жалғыз тырна қалай, неге адасқан,
Жұбы қайда қатар ұшып жарасқан?
Бұлт ішінен бағытыңды айырмай,
Аласарып кет­ті ме екен көк аспан?

Туған жерге бауыр төсе бір аунап,
Сыңарыңды жоқтайсың ба тыраулап.
Уақыт деген өтпелі ғой білесің,
Күз келеді, суынады қырау-бақ.

Ауырлықтан ауырды ма жүрегің,
Жалғыздықтың жолы қиын білемін…
Мына өмірдің жеңілдейді азабы,
Сүйеп жүрсең, біреуіңді біреуің.

Айлы түн

Күн сөндірген қызуы мен жалынын,
Ұйқысы кеп маужырайды тауымның.
Жұлдыз-шырақ жымыңдаса биікте,
Ақ айдынға ай басады бауырын.

Көк шатырдай аспан күмбез тұп-тұнық,
Айдың нұры ұйып қалған тұр тұнып.
Көкжиекті жалғастырып Құсжолы,
Ақ таспадай тартылыпты бір тілік.

Былдырлаған ақ бұлақтың ағынын,
Жұтып тұрып ай себеді жарығын.
Құшағында тыныштықтың дүние,
Түндік жабық тәт­ті ұйқыда ауылым.

Күміс моншақ жалт-жұлт етіп ағатын,
Ғайып болған қара кемпір – қара түн.
Жастар жағы қалықтата ән айтып,
Қуанышын аппақ түннен табатын.

Күміс түннің нәзік сонша жарығы,
Аңғарда өзен гүр-гүр еткен арыны.
Аппақ әлем тыныстаған балбырап,
Тіршіліктің бүлкілдейді тамыры.

Арнау

Даңқы биік ҚазҰУ деген қалашық,
Төрінде тау асқақтайды жарасып.
Білім туы желбіреген көгінде,
Бүкіл әлем көз тігеді қарасып.

Ұлы ұяны Жолдасбеков салдырған,
Ақ мәрмәрін Маңғыстаудан алдырған.
Білім алып көп қазақтың баласы,
Талай талант қанат қақты балдырған.

ҚазҰУ – тарих ізгілікті жан ұғар,
Талай жүрек лүпілдейді сағынар.
Әр жыл сайын арман қуып келетін,
Жас өркендер шартараптан ағылар.

Таң шапағы нұрлы-шуақ азат күн,
ҚазҰУ деген – мақтанышы қазақтың.
Ақ үмітпен асқақтайды ақ сарай,
Маржан шашқан су бұрқағы ғажап тым.

Тоқсан жылда тың асу көп алынған,
Көрмегендер киесіне табынған.
Түлектері бойтұмар ғып әр кез­де,
Алыс кетсе, қимай-қимай сағынған.

Үлгі тұтып тамсана ел қараған,
Ғылым-білім осы арадан тараған.
Тұтқасында ғұламаның қол табы,
Бас иеді тағзым етіп бар Адам.

Ару ай

Сағындырып жеткенің бе, мамыр ай,
Бір асылым жүрген еді табылмай.
Дүрсіл қақты қуаныштан жүрегім,
Жылда күтем әдетімнен жаңылмай.

Бұлақ елтіп бүлкілдейді тамырдай,
Жасыл әлем діріл қаққан сағымдай.
Кез­дерімді ұмытамын да сағынған,
Құшағыңнан тапты шіркін жаным жай.

Қуаныштан жүре­йінші арылмай,
Көк өзені көпіреді сабындай.
Пәк дүние былғанбасын өтінем,
Көктем-жақұт маңдайдағы бағымдай.

Күн алауы қызыл жалқын жалындай,
Кәусар ауа гүлді алқаптың балындай.
Қызғалдақтар бойымдағы қанымдай,
Ашық ажар сымбат­тысың, Ару ай!
* * *
Ақ шуағы аймалап көңіл гүлін,
Тізілетін ноқтада желі құлын.
Жалбыз иісі ашатын сарайыңды,
Сағыныш боп тербейді мені бүгін.

Қызғалдағы қызыл шоқ жанады өңір,
Желпінетін қуанып бала көңіл.
Қайта оралмас қайдасың аяулы шақ,
Жалт-жұлт етіп зымырап барады өмір.

Сыр сандық та жабулы ашылмады,
Іңкәр еткен сағыныш басылмады.
Еміс-еміс елес боп көз алдымда,
Сурет болып қалды тек жасымдағы.

Қашан келер құстарым

Қашан келер, құстарым, аңсат­тырып,
(Тектілікте болмайды жаңсақ қылық).
Құс керуені алыстан көрінгенде,
Шығайыншы алдынан қарсы ап күліп.

Өздеріңді көп болды көрмегелі,
Ағаштар да сағынып тербеледі.
Жыл құстарын асығып күте-күте,
Қоңылтақсып тұрғандай жер мен елі.

Құлағыма жеткенде тәуір әнің,
Көңіл толқып ілезде жадырадым.
Кешіксең де келетін мезгіліңнен,
Құлазимын, іздеймін, ауырамын.

Жалғыздыққа торықпай бекіп едік,
(Ойсыз болсаң кетеді етің өліп).
Оралыңдар құстарым, бір болайық,
Бауыр басып сендерге кетіп едік.

Мені ізде

(Е…ге)

Қарақат­тай мөлдіреген тұнығым,
Сенім артсаң мәнді болмақ ғұмырым.
Ақ сезімнің аялаған құлымын,
Ақ көңілдің сағынышы, мұңымын.

Қилы-қилы түс көремін түнде мен,
Бірде тасып, бірде жасып, бірде кем.
Сенің бейнең сағынышты жамылған,
Жүрегіме тіл қатарын білмеп ем…

Ақын едім сүйенетін сезімге,
Сені іздеймін кірбің тартқан кезімде.
Мына тірлік мұздатады кей-кейде,
Әрқашан да сенім арт та,
Мені ізде!

Алатау

Алатауым, кербездене керілген,
Қайтпас жігер мүмкін сенен берілген?
Жауын жеңген қас батырдай еңселі,
Малдас құрып отырады төрімнен.

Бұлт түйдегі шудаланып тарамай,
Күзетеді көзін ілмей қарағай.
Қойнауыңнан ақ бұлақтар жарысып,
Секіреді, былдырлайды баладай.

Еміреніп, елжірейді нұрлы күн,
Қолтықтайды құз-қиясы бір-бірін,
Сері самал тынбай есіп ақырын,
Еркелетіп аймалайды қыр гүлін.

Қызыл түлкі бұлаң қақса сол маңнан,
Құзар шыңнан қыран ұшып қомданған.
Айбар таудың сан сырына қанығып,
Абыз-ақын ой түйеді толғанған.

* * *
Сұқтанғандай сұлулыққа тап бүгін,
Қарай-қарай қызыл алау бат­ты күн.
Су мен уы қатар жүрер өмірдің,
Менің кеудем – сағыныш пен тәт­ті мұң.

Жалғандыққа жабырқаймын, налимын,
Жан-жағымнан қаумалайды тағы мұң.
Бір күнгідей болмайды екен бәрі де,
Күнім күліп, сөндірмесін жарығын…

Жақсылыққа жадыраса бір күнім,
Қорқаулары толтырам деп құлқынын.
Ойым онға бөлінеді кей-кейде,
Дүниенің жамаймын деп жыртығын…

Төрт мезгілім ауысады тыным жоқ,
Кейі шуақ, кейі тұрар қырын кеп.
Ақын жүрек тынбай жырлап өтеді,
Жарық күнім жанып тұрса күлімдеп.

Жарық күн

Жарық күнді көргенде жадырадым,
Бірге оянып қасыңнан табыламын.
Жарық сәуле бойыма күш береді,
Жұтайыншы құныға балы-нәрін.

Жарық күнім, күткізбе сағынамын,
Ақ сезіммен ағымнан жарыламын.
Шуағыңа шомылып тыныстайын,
Бағып жүрген бір күштің бары мәлім…

Сөне көрме нұрлы шақ айналайын,
Жарық күнім жарқыра айнадайын.
Дерт­ті жүрек дауасы жарық сәуле,
Жан сарайым ашылып аймалайын.

Бұлт торласа күн көзін өкінемін,
Жап-жарық боп ақ шуақ сетінедің.
Таңмен бірге талпынып биікте­йін,
Ашық күннен күш алсын көкірегім!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір