ТҮРЛІ ӨНЕРДІ ТОҒЫСТЫРҒАН САЛ-СЕРІЛЕР
26.04.2024
457
0

Халқымыздың жыршылық өнерінде сал-серілердің алар орны зор. Оларды қазақ даласының рухани келбеті деп айтар едім. Себебі өмір жолдары мен шығармаларын парақтай отырсақ, сал-серілер ұлттық өнермен бірге туып, бітеқайнасқандай әсер қалдырады. Осы орайда, көпшіліктің көкейінде сал мен серінің айырмасы бар ма деген сұрақ туады. Екеуі де – халқының еркесі. Екеуі де – түрлі өнерді тоғыстырған дарын иелері. Айырмашылығы олардың киген киімі мен әдетінде, болмысында болса керек.

Өз заманындағы түрлі әділетсіздіктерге қарамастан, сал-серілер небір ғажайып туындыларды өмірге әкеліп, халық руханиятын үздіксіз байытып отырды. Қаймағы бұзылмаған қазақ тілінің бай лексиконын, саф алтындай маржанын өз шығармаларында көркем түрде көрсете білді. Адамгершілік пен ар-ұжданды байлық пен мансаптан жоғары қойды. Олардың сом алтындай сұрыпталған сөздері алмас қылыштай осып түсетін. Мәселен, Жаяу Мұсаның «Ақсиса», Біржан салдың «Жанбота», Мәдидің «Қаракесегі» – әлеуметтік теңсіздіктен туған зорлық пен әділетсіздікке қарсы күрес жырлары, сана көтерілісі болып есептеледі. Әсеттің «Інжу-маржаны», Ыбырайдың «Гәккуі» мен «Қалдырғаны», Ақанның «Балқадишасы» мен «Сырымбеті», Естайдың «Қорлан», «Назқоңыры», қазақтың атбегілік, құсбегілік өнерлерінен хабар беретін Ақан серінің «Маңмаңгер», «Құлагер», «Қараторғайлары» – ұлттық мәдениетіміздегі, өнер қоржынымыздағы баға жетпес құндылықтар. Сал-серілер өз жандарынан жыр туғызып ана қоймай, оны әнмен әрлеп, сазбен жеткізуде де ешкімге дес бермеген, яғни синкретті өнердің озық үлгісін осы сал-серілердің шығармашылығынан көреміз. Олардың әр туындысы – кем-кетігі жоқ классикалық өнер туындысы. Қай-қайсысы да әлемдік өнер туындыларымен иық теңестіре алады. Сондықтан да дүние­нің тылсымына елітетін қоңыр әуенге, еліктірер ерке сазға бай шығармалар ежелден халқымен бірге жасап келеді. Сал-серілер туындысы дәстүрлі ән ретінде де, эстрадаға лайықталып өңделген ән ретінде де өз бояуын жоғалтпастан күні бүгінге дейін тыңдарманның құлақ құрышын қандырып жүр.
Сал-серілерге тән тағы бір қасиет – олар қазақтың мәдениетін, салтанатты ғұрпы мен әсем киім үлгілерін, келісті талғамы мен салт-дәстүрін таныта алды. Қоғамдық-әлеуметтік жағдайларға да бей-жай қараған емес.
Ақан серінің: «Жай жату – тек бүгінгі жанның қамы, Қаперсіз шөп жейтұғын – малдың қамы», – деген сөзі де қара бастың ғана қамын ойламай, тұтас халықтың әл-ауқатына, жай-күйіне аса сезімталдықпен қарауынан туған. Бір сөзбен айтқанда, салдар мен серілер – халқымыздың өнері мен мәдениетінің символы дегім келеді.

Гүлнәр ҚАБЫЛОВА,
Алматы қаласы
137 ЖББ мектеп

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір