ЕЛІМНІҢ ЕРТЕҢІ – ЕЛТАҢБА
Қазіргі мемлекеттік елтаңбаға 32 жылдан бері халықтың көзі де үйренді, көзқарасы да қалыптасты. Дегенмен ел ондағы 41 элементті сол күйі жаттай алмады. Рас, кезінде оның әрқайсысын жұртқа қилы қисынмен қиыстырып түсіндірді, түрлі сараптамалық мақалалар да жазылды. Бірақ жыпырлаған элементтер бәрібір көпшіліктің бойына сіңбеді. Неге?
Кешегі 15 одақтас республиканың, бүгін жеке мемлекет болып отырған 15 елдің елтаңбасы ішінде ең әдемісі, сондай-ақ әлемдегі елтаңбалары әдемі 22 елдің арасында Қазақстанның елтаңбасы 9-орында тұр (https://xn--80aahvkuapc1be.xn--p1ai/…/samyj-krasivyj…). Десе де, көркемдік емес, идеологиялық құрал болып табылатын мемлекеттік рәмізге әдеміліктің көрсеткіші ретінде қарауға бола ма?
Биылғы (15.04.2024) Атыраудағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны совет заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек. Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деді.
Құрылтайда айтылған осы ұсыныстан кейін, елтаңбаны ауыстыру төңірегіндегі мәселе қоғамда қызу талқыға түсті. Пікір әр алуан. Артынша, Мәжіліс депутаттары Абзал Құспан мен Еркін Әбіл аталған мәселеге қатысты Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Елтаңба авторы, сәулетші Жандарбек Мәлібеков (16.04.2024) «Азаттық» радиосына берген сұхбатта: «Президент бекерден-бекер айтпайды, біліп айтады. Сондықтан да президентке қарсы шыға алмаймын. Мен жасаған елтаңбаны парламент мақұлдады. Отыз екі жыл елге қызмет етті. Заман өзгерді. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек, комиссия талқылауы керек. Халық шешеді, парламент шешеді. Президенттің айтқаны дұрыс. Совет өкіметіне қатысты айтқанына ештеңе дей алмаймын. 1992 жылы мен елтаңба жасап, тапсырдым, депутаттар қабылдады, Конституцияға бекітті, болды. Мемлекеттің мүлкіне айналды. Сондықтан ашық ештеңе айта алмаймын. Комиссия мүшелеріне кімдерді жинайды, сосын пікір білдіремін», – деп мемлекет басшысы қалай айтса, солай болатынын жеткізді.
Егер тарихи деректерге сүйенсек, қазақтың дәстүрлі геральдикалық стилі мемлекеттік деңгейде соңғы рет XIX ғасырдың бірінші ширегінде патшалық Ресей империясы мен Қазақ хандығы арасында болған 1837-1847 жылдардағы соғыста қолданылды. Кенесары хан қаза тапқаннан кейін, қазақтың дәстүрлі геральдикасы алдымен патшалық Ресей империясының геральдикалық стилімен, содан соң советтік стильмен түпкілікті ығыстырылды. Қазақстанның бұрынғы елтаңбасы мен қазіргі елтаңбасындағы ұқсастықтың болуы осыдан. Екеуі де советтік стильде жасалып, сол кезеңнің композициялық сипатын қаз қалпында сақтап қалған.
Нақтырақ айтқанда, біріншіден, дөңгелек пішінді ҚССР-ның елтаңбасының негізгі геральдикалық түсі – қызыл түс. Ортасында орақ пен балға, екі шетінде бидайдың масағы, төбесінде қызыл жұлдыз, төменгі жағында арайлап атып келе жатқан күн бейнеленген. Астында «ҚССР/КССР» деген мемлекет атауы, қос қапталындағы лентада «Барлық елдеpдің пролетарлары, бірігіңдер!» деген ұран екі тілде жазылған. Орақ пен балға – жұмысшы мен шаруаны, күн – большевиктік революцияны білдірсе, қызыл жұлдыз коммунистік режимнің ең басты белгісі болған.
Екіншіден, Қазақстан елтаңбасына ұлттық нақыштардың енгізілгені болмаса, советтік елтаңбаның стилінде жасалғаны көрер көзге анық байқалады. Қызыл түс көк түске алмастырылған. Бидай масақтарының орнында масақтар, қауырсындар, буындар бейнеленген. Орақ пен балғаның орнында шаңырақ тұр. Күн уық пен кереге ретінде көрініс тапқан. Төбедегі қызыл жұлдыз өзгеріссіз қалдырылып, сары түске боялған. «ҚССР» деген жазудың орнына «Qazaqstan» деп жазылған.
Геральдика қағидаларына сәйкес, елтаңбада мемлекет атауы жазылмайды, ұраны жазылады. Елтаңба – рәміз түрінде көрсетілген мемлекет атауы. Мемлекеттің атауы елтаңбаның ұраны бола алмайды. Елтаңбаның ұранында ата-бабалардың ерлігі немесе олардың ұрпаққа ұлағаты жазылуы керек. Айталық, Совет өкіметінің тікелей мұрагері саналатын Ресей елтаңбасын өзгертіп, советтік стильдің орнына екі басты бүркіт бейнеленген классикалық (дұрысы – еуропалық) стильдегі бұрынғы патшалық Ресей империясының елтаңбасын қабылдады (1722-1917), бірақ мемлекет атауын жазбады. Сол секілді Латвия, Грузия, Украина елдері де советтік стильден жаппай бас тартып, классикалық стильдегі жаңа елтаңбаға көшті. Латвия елтаңбасы бейнеленген қалқанда қызыл арыстан күміс фонда, күміс грифон қызыл фонда орналастырылса, Украина елтаңбасы Киевтің тұңғыш князі Володимир Святославичтің елтаңбасына негізделген. Грузия елтаңбасында грузиннің княздік әулеті тарайтын Багратионның алтын тәжі бар. Әйткенмен, геральдикадағы советтік стильдің жұрнақтары Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Белорусь сияқты тәуелсіз мемлекеттердің елтаңбаларында сақталып қалды.
Бөрілі байрақ (VI-VII ғғ.). Ресей. Санкт-Петербург. Эрмитаж.
Қазақстан мемлекеттік елтаңбасына бұған дейін бір емес, төрт рет өзгеріс енгізіп (1992-2008-2016-2018), айтарлықтай болмаса да, түстері мен реңктерін, пішіндері мен жазуларын өзгерткенмен, ескі советтік стильді өзгерткен жоқ. Жалпы заманның ағымына, қоғамның талабына сай мемлекеттік рәміздердің өзгеріске ұшырауы – қалыпты жағдай. Бұған Шығыс Еуропа елдерімен, СССР құрамында болған республикалардың бірнеше мәрте елтаңба ауыстыру тәжірибесі мысал бола алады. Совет өкіметі құлап, коммунистік режим келмеске кеткен соң, Болгария, Венгрия, Сербия, Босния, Хорватия, Черногория, Словения елдері елтаңбаларын біржола ауыстырды.
Қазақстан да демократияның даңғыл жолына түскен тәуелсіз мемлекет ретінде күйреген СССР-ды еске түсіретін советтік атрибуттардан түбегейлі арылуы керек. Бүгінгі жаңа саяси бетбұрыстар мен реформалар қарсаңында елтаңбаны ауыстыру – ел үшін жаңашылдықтың белгісі болуға тиіс. Алайда дәл қазір елтаңбаның жаңасын ұсынғанмен – ол да уақытша болмақ. Сондықтан тарихқа жүгінейік…
Қазақ мемлекеті 1991 жылдан да (Қазақстан Республикасы), 1465 жылдан да (Қазақ Хандығы), 1269 жылдан да (Жошы Ұлысы) басталмайды. Қазақ мемлекетінің мемлекет ретіндегі тамыры тым тереңге – ғасырлар қойнауына кетеді. Қазақ мемлекеті – арғыдағы Сақ (б.з.д. I мыңжылдық), Ғұн (б.з.д. III ғ. б.з. V ғ., бергідегі Түрік қағанаттарының (552-603) тікелей мұрагері. Қазақ баласы «Түбіміз – түрік, түлігіміз – жылқы, керегеміз – ағаш, ұранымыз – «Алаш» деген аталы сөзге бой түзеп өседі. Бұл – түбі бір түрік жұртының тал бесіктен жер бесікке дейінгі ұйғарымы, ал қазақ жері – бүкіл түрік халықтарының қара шаңырағы («Көп түрік енші алып тарасқанда, Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?!» (М.Жұмабайұлы).
«Кешегі ата-баба мұрасы – бүгінгі ұрпақ еншісі» деген. Ендеше, түптамырымызға қайта оралып, мемлекеттік рәміздерімізді мифтік сипаттан тарихи сипатқа көшіріп, ескі Қазақстандық авторитарлық идеяны жаңа Қазақстандық ұлттық идеяға өзгертіп, өзімізге – ес, өзгеге – сес болып, қаһар шашып тұратын Түрік қағанатының Бөрі басты Елтаңбасын Елтаңба ретінде, Бөрілі байрағын Ту ретінде, «Арғы атам – Ер Түрік, Біз – Қазақ Еліміз» (М.Дулатұлы) Елұранын – Елұран ретінде жалпыхалықтық талқылауға шығаруымыз керек. Себебі, тек тарихи түп негізі бар рәміздеріміз ғана мемлекеттік санамызды шыңдап, еліміздің ерлік дәуірін айшықтап, рухымызды көтеріп, айбарымызды әлемге асқақтата алады.
Біз қазақ хандарының Жошыдан тарағанын ғана тілге тиек етіп, қазақ мемлекеті тарихын да содан бастап, біресе – 550 жыл, біресе – 800 жыл деп, олардың алдындағы хан мен қағандарымызды, қағанаттарымызды неге ұмыта береміз? Көк Түріктің көк семсері атанған Күлтегін батыр «аз халықты көп еттім, аш халықты тоқ еттім» деген екен. Одан бері 1500 жыл өтті. Рухы азат ел болып қалыптаса алдық па осы біз?
Айдын РЫСБЕКҰЛЫ,
геральдист
ПІКІРЛЕР4