ҰЛЫ АҚЫНДЫ ҰМЫТПАЙМЫЗ
«Қазақ әдебиеті» газетінің 29 қаңтардағы санында жарияланған «Жетісулықтар ұлы ақынын ұмытты ма?» атты мақалаға қатысты төмендегіні хабарлаймыз.
Қазақстан Республикасының халық ақыны, Түркі әлемі Физули атындағы сыйлығының иегері Тұманбай Молдағалиевтің 80 жылдығына орай туған жері Бәйдібек ауылында Т.Молдағалиевке арналған аллея ашылып, ағаш көшеттері отырғызылды. Мәдениет үйіндегі мерейтойлық шара Қазақстан Жазушылар одағы басшылығының, ақын-жазушылардың қатысуымен өткізілді. Қарасай ауданы Мәдениет күнінің басты тақырыбына Тұмекеңнің 80 жылдығын арқау еткенін де атап өтуге болады.
Мақала авторы аталмыш шаралардың жеткіліксіз екенін тілге тиек еткендіктен, алдағы уақытта ақынның 80 жылдығының жалғасы ретінде қолға алу жоспарланып отырған шараларға да тоқталып өтуді жөн көрдік.
Ақынның туған күніне қарай туған ауылында мұражайы мен саябағын ашу көзделіп отыр. Саябақтың ішінде Тұмағаңның ескерткіші бой көтереді. Бұл жұртшылық рухани демалатын көрнекті орынға айналады деп ойлаймыз.
Мәдениет үйінің алдына ақынның бюстін орнатпақпыз. Сондай-ақ, Мәдениет үйіне ақынның атын беру де қарастырылуда.
Сонымен қатар, Алматы облыстық Тілдерді дамыту жөніндегі басқарма биылғы жылдың қыркүйек айында тұңғыш рет «Жүрегі жырдан жаралған» атты республикалық мүшәйра және ән байқауын өткізеді.
Жетісулықтар ұлы ақынын ұмытқан жоқ. Алматы облысы әкімдігі тарапынан ақынның шығармаларын насихаттауға, жас оқырмандардың ақынның сыршыл лирикасының сырына қанығып өсуіне, есімін есте қалдыруға қатысты барлық тиісті шаралар қабылданатын болады.
Бахтияр ӨНЕРБАЕВ,
Алматы облысы әкімінің орынбасары.