Жетісулықтар ұлы ақынын ұмытты ма?
Тұманбай мен Қадыр, Қадыр мен Тұманбай. Кеше арамызда жүргенде екеуінің аты қатар аталатын. Қасиетті қазақ жырының жүгін көтерген қос қара нарындай, қос қанатындай еді. Екеуі де бір жылы дүниеге келген, жұбын жазбайтын сырластар, құрдастар болатын… Екеуі де Республикалық Жастар сыйлығын, мемлекеттік сыйлықты, халық жазушысы атағын, басқа да марапаттарды қатар алды.
Екеуінің де өткен жылы 80 жылдық мерейтойлары атап өтілді. Оралдықтар бұл шараны ойдағыдай дайындықпен ұйымдастырды. Орал орталығында Қадыр ақын құрметіне ғажайып мәдени кешен салынды. Ақын мұражайы, кітапханасы, ескерткіші ашылды.
Сондай-ақ, осы жылы Атырау облысында да көрнекті ақын Жұмекен Нәжімеденовтің 80 жылдығы үлкен дайындықпен өткізілді. Ақын құрметіне еңселі ескерткіш орнатылды. Оның есіміне көше, ауыл аттары берілді.
Алматы қаласында Тұманбай ақынның 80 жылдығы құрметіне жиын, кеш өткізілді. Дегенмен, бұл салыстырмалы түрде қарағанда «Жетім қыздың тойындай» еді.
Ақын өмір бойы жырлап өткен Жетісу жері, елі орнында, әкім-қаралары да, қалталы азаматтары да қатарда жүр. Аяулы ақынын қатарынан кем ететіндей қандай жағдай болғанын түсінбедік. Әлде ұлы ақынын жетісулықтар ұмытты ма екен?
Осы жерде Тұманбай ақынның жадымызда қалған өлеңінің бір шумағы ойға оралады.
…Өкінбеймін күн зулап өте берсін,
Кейінгіге із тастап кете берсін.
Жырым мені ешқашан өлтірмейді,
Әнім мені алысқа жетелерсің…
Иә, Тұманбай ақынның ғажайып жырлары қашанда халық жүрегінде. Әнге жазылған өлеңдері әр жаңа ұрпақ жадында жатталатыны, сақталатыны сөзсіз. Біз осыған шүкіршілік етеміз.
Махмұтбай ӘМІРЕҰЛЫ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Қызылорда қаласы.
ПІКІРЛЕР1