СУИЦИДТІ АЗАЙТАМЫЗ ДЕСЕК, ЭНДОКРИНОЛОГИЯ САЛАСЫН ДАМЫТУЫМЫЗ ҚАЖЕТ
25.04.2023
391
0

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ресми статистикасы Қазақ­стан суицид бойынша Оңтүстік Америкадағы Гайана Мемлекетінен кейінгі екінші орында деп хабарлайды. Бұған сүйенсек, елімізде биыл қайтыс болған адамдардың 29,5 пайызы өз-өзіне қол салған. ДДСҰ аталмыш деректерді өз бақылауындағы денсаулық сақтау ұйымдарынан алатынын ескергеніміз жөн.
Кейінгі уақыт­та қоғам қызу талқылап жатқан оқушылардың өлімі басқа балалардың көңіл күйіне әсер етпей ме? Адам суицидке не үшін барады, оның алдын алуға бола ма? Не нәрсе адамды өмірге құштар етеді? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің психологы Амангелді Мейрамбекұлымен әңгімелескен едік.

Ересектер байбалам сала бермесін

– Кейінгі уақыт­тағы оқушылардың өлімі (олардың көбі зор­лық-зомбылықтың құрбаны, біреуі өз-өзіне қол салған) оқушылардың көңіл күйіне қалай әсер етеді? Депрессивті көңіл күй туғызбай ма?
– Әлбет­те, бұл бәрімізді алаңдатады. Бірақ статистиканы былай қойып, осынау мәселеге Логотерапия тұрғысынан келсек, жастар арасындағы өлім оқушылардың көңіліне қат­ты әсер етпейді деп нық сеніммен айтуға болады. Себебі балалық шақта баланың санасы кеңінен, ауқымды ойлау дегенді білмейді. Ол «Келешекте не істеймін, болашақта қандай қауіп бар?» дегенге бас қатырмайды. Балалар бүгінгі күнмен өмір сүреді. Негативті жағдайды көріп қалуы мүмкін, алайда көп ұзамай бар ойы ойынға ауып кетеді. Екіншіден, баланың көңіліндегі жарасы тез жазылады. Үшіншіден, баланың көңіл күйі жақсы болуы ересек адамдардың көзқарастарына байланысты. Өйткені бала өмірге ата-анасының көзімен қарайды. Балалар емханасында да психологтар ауырып жатқан баламен емес, баланың ата-анасымен жұмыс істейді. Егер ата-ана баланың ауыр диагнозына қарамастан, сабырлы қалпын сақтаса, мойымаса, бала да өзін соған сай ұстайды. Сонда ғана ем-дом шипалы болады.
Негізі мұндай жағымсыз жағдайлар көбіне-көп ересек адамдардың бойында депрессивті көңіл күйді туғызады. Неге десеңіз, бұл жаста адам ауқымды ойлайды, үш шақта (өткен шақ, осы шақ, болашақ) өмір сүреді. Сол себепті «Қазір болып жатқан жайт­тар менің де басыма келмей ме?» деп алаңдайды. Сондықтан жоғарыда айтылған оқиғалар оқушыларға қат­ты әсер етеді дей алмаймын. Ересектер байбалам сала бермесін.

Адам табиғаты қиындықты стимул ретінде көреді

– Жалпы суицидке не итермелейді? Қайтсек суицидтің алдын ала аламыз?
– Логотерапия бұл мәселені қарастырып қана қоймай, шеше де білген. Логотерапияда адам екі түрлі себеп­пен суицидке барады дейді: «Ноогенді депрессия» және «эндогенді депрессия». Екеуінің симптомдары өте ұқсас. «Ноо­генді депрессия» адамның рухани қабатына байланысты, ал «эндогенді депрессия» болса эндокринология, яғни ішкі секреция бездеріне қатысты. Ноогенді депрессияда адам «Өмірден жалықтым; Мен кіммін; Өмірде мән жоқ» деген сынды ойларға беріледі. Эндогенді депрессияға душар болған кісінің көңіл түкпірінен де осы ойлар құлағын қылтитады. Сол себепті, логотерапия мұндай жағдайда пациент­ті алдымен эндокринологқа жіберіп, ішкі секреция бездерін тексертіп алады. Өйткені қалқанша без, бүйрек асты бездері дұрыс жұмыс істемесе, оларға қажет­ті D-3, йод, магний, т.б дәрумендер жетіспесе де, көңіл күйге қат­ты әсер етеді.
Осы уақытқа дейін маған өз-өзіне қол салмақшы болған қаншама студент келді. Бәрінің өткен шағында қалқанша безіне қатысты мәселе болған. Жастардың мұндай ауруға ұшырауына себеп те жоқ емес. Қазір кім-кімге де D-3 дәрумені мүлде жетіспейді. Ал оны жыл бойы ішу керек.
Міне, логотерапия суицид мәселесінде әуелі осы жағына көңіл бөледі. Егер: «Өмір сүргім келмейді», – деп біреу келсе, оған біз: «Өмір деген ғажап, барыңа шүкір ет», деген секілді философия айтпаймыз. Алдымен эндокринологияға жібереміз. Пациент­тің тәні біз күдіктенген биологиялық аурулардан ада болса, жан-жүйесін, рухани қабатын емдеуге кірісеміз.
Негізі, адам табиғаты – қиындықтарға мойымайтын, керісінше, қиындықты стимул ретінде көретін жаратылыс. Ал елімізде суицидті азайтамыз десек, эндокринология саласын да дамытып, тексерістен өтуге міндет­теу керек.
Ендігі мәселе, оқушы эндокринология жағынан таза болып шықты делік. Мұндай кезде психологтар оқушылардың рухани қабатымен айналысу керек. Яғни, тәрбие, дүниетаным, құндылықтар мәселесі. Неше түрлі өмірлік бағыт-бағдар беретін ағарту ісі. Жастардың жасына сай ересек өмірге бағыттайтын бағдарламалар ұйымдастыру қажет. Осындай методика және жобаларды бір орталықтан шығарып, балабақша, мектеп, жоғарғы оқу орны, т.б мекемелерде психолог мамандар және ұстаздармен бірігіп, жүйелі түрде жүргізсек, жоғарыда айтқан суицид мәселесі көп ұзамай шешіледі деп сенемін. Ал ондай жұмыс жүргізуге әлеуетіміз жетеді. Себебі Логотерапия теориясы – суицид мәселесін шеше білген бірден-бір психотерапиялық бағыт. Ол өзінің теориясын кейінгі 90 жылда көптеген зерттеулер арқылы дәлелдеп, әлемдік деңгейде құрметке ие болған. Болашақта құзырлы органдармен бірлесіп жүзеге асыратын күн де алыс емес.
– «Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме» дейді Абай. Қайғыға қалай қарсы тұруға болады?
– Қайғы-қасірет кім-кімнің де жанына батады. Дегенмен біз оны өмірімізден алып тастай алмаймыз. Ол – өмір шындығы. Сондықтан қайғыдан қашудан гөрі, «Қайғы туралы не білуіміз керек?» деген сұрақты алдыңғы қатарға шығаруымыз керек. Логотерапия теориясы өмірде жақсы мен жаман қатар жүреді деген философияға тоқтайды. Өмір – тек рахат­танатын және шығармашылықпен айналысатын алаң емес, сонымен қатар қайғыратын алаң. Қайғы адамды апатиядан және рухани тоқыраудан сақтайды. Қайғыны сезу – өмірде рухани тірі екенімізді дәлелдейді. Соның есесіне біз рухани дамимыз, өсеміз, мықты боламыз. Одан бөлек, өткен шақтағы қайғы-қасірет болашақта дұрыс шешім қабылдауға септеседі. Осылайша адам өміршең болады.
Бұл жерде көбі мән бере бермейтін нәзік тұс бар. «Егер қайғының артында мән-мағына болса, оған қарсы тұрып, төтеп беруіміз керек. Ал мән-мағына болмаса, онда ол қаһармандық емес, мазохизм болады» дейді. Біз басқа түскен қайғыны өзгертуге тырысамыз, егер өзгерту мүмкін болмаса, сол қайғыға деген көзқарасымызды өзгертеміз. Осылай біз қайғыдан да мән табамыз.
Иегуда Бэкон бала кезінде фашист­тердің концлагеріне түсіп, аман шығады. Бір сұхбатында: «Мен бала кезімде, егер концлагерьден аман шықсам, мына жердегі бүкіл азғындықты әлемге жария етемін. Сол кезде әлем өзгереді деп ойлайтынмын. Шыққасын газетке мақала жаздым, радиоға, телеарнаға шығып сөйледім, бірақ әлем өзгерген жоқ. Тіпті концлагерь туралы ешкім тыңдағысы да келмеді. Уақыт өт­ті, енді бұдан түйген ойым – «өмірде көрген қиындықтарыңнан өмір емес, өзің өзгергенің жеткілікті. Сонда ғана қайғыға мән дариды» деген екен.
Осылайша, адамзат баласы қайғыны тоқырататын, қирататын негатив емес, дамытатын, дана қылатын құбылыс деп түсінсе, кез келген кісі өмірлік қиындықтарға еш қиналмай төтеп береді деп ойлаймын. Қалай төтеп беретінін әркім ептілігіне қарай өзі шешеді.

Логотерапевтердің мақсаты – адасқан адам мен мәнді тоғыстыру

– Өмірде мән бар ма? Мәнді таба ма, қолдан жасай ма? Кейінгі кезде ғылыми айналымға енген «цифрлық аутизмнің» шығу төркіні де болмыспен бетпе-бет келуден қашудан туындап отырған жоқ па?
– Өмірде мән бар. Ол шартсыз бар нәрсе. Егер біреу өмірден мән тап­пай қалдым десе, өмірде мән таусылды дегенді емес, ол адам мәнді көрмей тұр дегенді білдіреді. Өмірден мән жоғалмайды, адам жоғалады. Мән сол адамның келуін күтіп тұрады. Логотерапевт­ердің мақсаты сол – адасқан адам мен мәнді тоғыстыру. Цифрлық аутизмнің түпнегізінде мәннің жоғалуы тұр деп айта алмаймын. Түрлі себеп бар. Мұны құндылықтардың қақтығысы десек дұрысырақ шығар.
Адамның технологияны дамытудағы мақсаты – уақыт үнемдеп, өмірді жеңілдету еді. Технология ойдағыдай дамыды, бірақ адам өмірі сол бойы жеңілдемеді. Керісінше, Эрих Фромм айтпақшы, үнемделген уақытын қайда жіберерін білмей оны қалай өлтіру жолын қарастырып, бастары қат­ты. Адам – бірінші кезекте, сезімі бар жаратылыс. Ол қоршаған ортамен әсерлесіп, сезім арқылы ғибрат алып, сәйкесінше дамиды. Мысалы, технология жетпеген ауылды жерде балалар үй шаруашылығында жүріп, құс, жануар, өсімдікпен шынайы әсерлесіп, оригинал сезім алады. Қалалы жерде мүмкіндік керісінше болады. Мұнда технология дамығанымен, табиғатпен әсерлесу кенже қалған. Қалай десек те адамға сезім керек. Табиғат­тан оригинал сезімді ала алмаған бала, эмоцияны телефоннан жасанды түрде болса да алады. Адам сезімге қаншалықты мұқтаж болса, сонша телефонға да мұқтаж болады. Мәселен, менің балаларым телефонға қарағанды жақсы көреді. Қолынан алып қойсам жылайды. Алайда «Келіңдер, ойнаймыз!» десем, олар сөзсіз телефонды тастай салады. Бұл – бала қоршаған ортадан алшақтаған сайын цифрлық құрылғыларға тәуелді бола береді деген сөз. Сол себепті ата-ана баласының болашағына, денсаулығына алаңдаса, осы мәселені ескеру керек. Цифрлық аутизм осындай шынайы және жасанды құндылықтардың шатасуынан дамиды деп ойлаймын.

Сұхбат­тасқан
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір