Қанды Қаңтар қайталанбасын десек…
13.01.2023
3092
0

2023 жылдың басында қазақ қоғамын дүр сілкіндірген, ескі Қазақстанға тарихи нүкте қойған Қаңтар қасіретіне бір жыл толды.
Қазақстанның жаңаша тарихындағы бұл құбылысқа уақыт әлі де өз бағасын беріп, жазушылар шығармаларын жаза жатар.
Қаңтар оқиғасының басты себептері не болды? Сұйытылған газ бағасының күрт көтерілгені ме? Экономика ма, әлеуметтік проблемалар ма, саяси реформа талаптары ма? Бейбіт түрде басталған ереуілді арам пиғылды қара күштер неліктен соншалықты тиімді пайдаланып кетті? Жалпы алғанда, Қанды Қаңтардан қоғам мен билік қандай тағылым алуы керек?
Осы мәселелер төңірегінде жазушы Мереке Құлкенов пен саясаткер Әміржан Қосанов
екеу­ара сұхбатын оқырман
назарына ұсынып отырмыз.

Бәрі неден басталды?

Әміржан Қосанов: Мәке! Осы жолғы әңгімеміздің басын мен бастайын, рұқсат болса. Өйткені тақырыптың таза саяси астары бар. Ал сіз секілді жазушылардың орны бөлек, сіздердің саясаттан биік миссияларыңыз бар. Десек те, зиялы қауым тек қана өз шығармашылығымен айнылысып қана қоймай, қоғамның қорғаушысы болуы тиіс емес пе?
Қанды Қаңтардан кейін қоғам қақ жарылды, бір мемлекеттің, бір ұлттың, бір ұрпақтың арасына бұрын-соңды боп көрмеген жік түсті. Оның өзі XXI ғасырдың басқа да – ішкі және сыртқы қауіп-қатеріне душар болып отырған ұлтымыздың болашағына қандай әсер етеді? Әлде жік түскен жоқ па? Егер де жік түссе, ондай ұлттың бүгіні мен болашағы қандай болмақ?
Мереке Құлкенов: Әміржан, қолына қалам ұстаған адамның өзі өмір сүріп жатқан қоғамнан сырт қала алмайды ғой. Әсіресе қазіргідей алмағайып кезеңдегі тіршілікке саясат емін-еркін ендеп кірген заманда жазушы есігін тарс бекітіп алып шығармамен айналысамын десе, қатты қателеседі. Ал жылдар бойы жиналып бір күнде бұрқ ете қалған қоғамдық проблемалар халқының болашағын ойлаған әрбір патриотты жайбарақат қалдырмақ емес.
Өткен жылдың төртінші қаңтарында түнгі сағат ондардың шамасында маған Алматы қалалық мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев інім телефон шалды. Алаңға халық жиналып жатқанын айтып, егер мүмкіндігіңіз болса жастардың алдына шығып, ақыл-кеңес айтсаңыз жақсы болар еді деп өтініш білдірді. Кейбір ағаларымыздың сылтау тауып, халық алдына шығып сөйлеуден бас тартып жатқанын да ескертті.
Мен ойланбастан барамын деп келісім бердім. Ол рахметін айтып, менімен бірге Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақыптың да келісім бергенін хабарлады. Бірақ орталықтан шалғайда тұратын Бауыржан қала көшелерінің жабылып қалуына байланысты сол түні қатарымызға қосыла алмады. Біз бардық. Бір кезде гүрс-гүрс атылған жарылғыш заттың дауысы шықты да, алаңдағы адамдар (жас жігіттер мен қыздар) жан-жаққа тарай бастады. Сәтбаев көшесінен төмен қарай Желтоқсан, Сейфуллин, Абылай хан, Назарбаев, Наурызбай батыр көшелерінің бойымен шұбырып бара жатқан халық. Түн тыныш өткендей болды. Ал ертесіне не болғанын жұрттың бәрі біледі…
Менің сол түнгі оқиғаға байланысты жеке пікірім: белгілі бір арам ойлы күштер алаңға халықты жинауға бар мүмкіндіктерін салды. Иә, террористердің, көше бұзықтарының және елімізге өзгеріс жасаймыз, жағдайды жақсартамыз деген ұранға ерген жастардың болғаны рас. Әсіресе Маңғыстаудағы газды қымбаттатуға қарсы көтерілген бейбіт ереуілшілердің қимылын жалпы қазақстандық мағынасыз қанды оқиғаға айналдырып жіберуді ойлаған билікқұмарлардың мақсаты орындалды. Нәтижесінде жазықсыз қан төгілді, халықтың қаржысына салынған қаншама нысандар бүлінді, қирады. Ең сорақысы, үйде отырған қала халқының көпшілігі білмей қалды, бейбіт көшелерде оқ атылды. Жазықсыз жандар қаңғыған оқтың құрбаны болды.
Қазір қаңтарда қаза болғандарға тек қана үкімет кінәлі деген тұжырым белең алып барады. Бұл бір жақты әрі дәлелсіз тұжырым. Ең бірінші оқ көшеге шыққандардың арасынан құқық қорғаушыларына қарсы атылды, яғни бейбіт шерудің арасында қарулы топ болды. Оған қоса Алматыдағы және басқа қалалардағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ғимараттарын оның иелері тастап кетті. Демек, сырт көзге мәнсіз, мағынасыз болып көрінгенімен, қаңтар қырғынын ұйымдастырушылардың ең басты мақсаты Қазақстанның Президентін тағынан тайдырып, мемлекет билігін өз қолдарына алу болғанын біз бәріміз іштей сезіп отырмыз. Ал ұйымдастырушылардың кім екенін анықтау өте қиын, тіпті мүмкін емес. Өйткені қырық жылдай уақыт өтсе де, 1986 жылғы желтоқсан көтерілісін кімдер ұйымдастырғаны әлі анықталған жоқ. Сол сияқты қаңтар қанды қырғынын бастап жіберіп, миығынан күліп жүргендерді де анықтау оңайға соқпайды. Рас, бар кінәні Мәсімов сияқтыларға артып, жаба салу оңай, әрине. Бірақ барлық деңгейдегі құқық қорғау органдардың әдісі ықылым заманнан біреу – қолына түскендерді ұрып-соғып, зорлап, қинап, қорлау арқылы, істемегенін істедім деп айтқызып мойындату.

Біздің қоғамның зиялы қауымының қасиетті борышы – құқық қорғау органдарының жүгенсіздік ісіне тосқауыл қойып, жазықсыздарды ақтап алу.
Бесінші қаңтар күні Президент халық алдындағы жауапкершілігін толық түсініп, басқару тізгінін түбегейлі қолына ұстап, бүгіннен бастап, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасымын деп жариялады. Бұл, шын мәнінде, Президентіміздің мемлекетті басқарудың барлық жүйесін қолына алған айтулы күн еді. Ал Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы төрағасы халыққа бір ауыз салиқалы сөз айтуға жарамады.
Әміржан, мен шынымды айтып, ағымнан жарылсам, саясат деген сөзге, әсіресе ішкі, сыртқы саясат деген сөзге онша ішім жылымайды. Бұл сөз о бастағы мазмұнынан дәл қазір айрылып қалған сияқты көрінеді де тұрады. Бүгінгі саясат – әлемдік тұрғыдан қарағанда екіжүзділік пен аярлықтың символындай жаныма үрей туғызады. Менің санамдағы саясат халықтың қамын, тағдырын және болашағын ойлайтын қасиетті сезім. Сен қалай ойлайсың?

Газ – сылтау,
әділетсіздік – себеп

Ә.Қосанов: Меніңше, саясаттың да саясаты бар. Және де оның лас не тазалығы сол саясатпен айналысып жүрген топтар не адамдардың пиғылына, алға қойған түпкілікті әрі көп жағдайда жария ұрандарымен сәйкес келе бермейтін мақсатына байланысты.
Әрине, қаңтардың өз себептері болды. Соны талқыласақ. Мәселен, еліміздің батыс өңірлерінде газ бағасы бір күнде шарықтап кеткені – о бастағы себеп болғаны рас. Менделеев таблицасындағы барлық дерлік элементтерінің үстінде отырып, осыншама бейшара күй кешкеніміз, өз жұртымызға арзан жанармай мен газ бере алмағанымыз – олигополияға, бір отбасының көңілін тапқан кландарға құлдық еткен саяси режимнің нәтижесі ғой.
Бірақ сол күндері әлеуметтік мәселеге наразылық танытқан бейбіт адамдардың қозғалысын неліктен арам пиғылды күштер тез арада әрі соншалықты тиімді пайдаланып кетті деп ойлайсыз?
М. Құлкенов: Әлемдегі өркениетті елдерде әлеуметтік әділетсіздіктерге байланысты бейбіт шерулер күн сайын өтіп жатады. Белгілі бір мәселеге байланысты халық алаңға шығып, билік иелеріне өз талаптарын қояды. Демек, әлемдегі ең бай елдердің өзінде де халықтың әл-ауқатына байланысты шешілмеген мәселелер көп. Мәселен, өзің айтып отырған еліміздің батыс аймағында тұратын халықтың билікке талабы көп. Және сол халық көтерген мәселелердің барлығы дерлік әділ де әділетті шындық. Ең алдымен, Маңғыстау мен Атыраудың, Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарының табиғаты қатаң. Адамдар қақаған қыста, аптап жазда далада еңбек етеді. Мұнай, газ өндіреді. Алайда табыстары сол қиямет-қайым еңбектің өтеуіне келмейді. Билік басындағылар күні кешеге дейін мұнай мен газдың арқасында дүниеге танылды, әлемдегі ең бай адамдардың қатарына қосылды. Мұнайдың не екенін білмейтін әлдекімдер Қазақстан мұнайының магнатына айналды. Олар қасиетті жердің астынан шығатын байлықтың әділетсіз иесі атанғанымен, сол елдің адамдарымен мүлде санасқан жоқ. Мен білетін Атырауда, Маңғыстауда, Ақтөбеде жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қожайындары жергілікті жердің адамдары емес. Олар Атырауда, Ақтауда, Жаңаөзенде ешқашан тұрып көрмеген, отбасыларымен шетелде тұратын бөгде біреулер. Жегені – алдында, жемегені – артында, рахат өмір сүруде. Сондай байлыққа белшесінен батқандар жергілікті жердің адамдарымен, өз кәсіпорындарының жұмысшыларымен ашық сөйлесіп, мән-жайды түсіну керектігін еш ойламайды да. Итке сүйек тастағандай айлықпен жұмысшылардың аузын жапқысы келеді. Әділетсіздік бар жерде халықты тоқтату мүмкін емес екенін олар (олигархтар) түсінбейді. Сондықтан болашақта Қазақстан халқы тыныш өмір сүрсін десек біздегі (еліміздегі) үлкенді-кішілі кәсіпорындардың барлығына халықтық ревизия жүргізу қажет. Сонда ғана қарапайым жұрт білмейтін құпияның беті ашылады.
Өзің айтқандай, қаңтарға батыс өңірлерде газ бағасының кенет өршіп кеткені себеп болды ғой. Бірақ ол өңірдің жұмысшылары, қарапайым халық сөзге тоқтай біледі.
Әділін айтуымыз керек, Қаңтар кезінде Президент және оның командасы халық талабын толық түсініп, әділ шешімдер қабылдады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтар тікесінен тік тұрып, халықтың талабын тыңдады, көтерілген өзекті мәселелерді Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен келісе отырып, сол бойда шешуге тырысты. Оларға көрнекті ақындарымыз Светқали Нұржанов пен Сабыр Адаев сияқты зиялыларымыз халықпен тез тіл табысуға көмектесті.
Ал Алматыда және басқа қалаларда батыс өңірінің халқы көтерген аса қажет, кезек күттірмейтін мәселелерді арам пиғылды, жеке бір топтың мүддесін ойлағандар басқа мақсатта – елде шұғыл түрде төңкеріс жасауға пайдалануды көздеді. Алайда, олар қарапайым халықтың, әсіресе он екіде бір гүлі ашылмаған жастардың ертеңін ойлаған жоқ. Оларды қанға бөктіру арқылы билікке келуге ұмтылды. Өзің білесің, Алматыдағы дүрбелеңде, көшеге шыққандардың нақты көсемі болған жоқ, болса да олар ешкімге көрінбей бұғып отырды. Олар неғұрлым тәртіпсіздік болса, қаланы бүлдіріп, ғимараттарды өртесек, билік Қырғызстандағыдай қорыққанынан беріледі немесе қашып кетуге мәжбүр болады деп ойлады. Ол ел Президентінің кездейсоқ адам емес, елі мен жері үшін жанын беретін патриот, ержүрек азамат екенін ескермеді, бағалай алмады.
Әміржан, сол қаңтар дүрбелеңі кезінде біздің елім десе ішкен асын жерге қоятын белгілі оппозиционерлеріміз көшеге шыққан жұртқа неге басшылық жасай алмады?
Ә.Қосанов: Бірігіп мінез көрсетіп, бас көтерген жұртқа басшылық жасау үшін оппозицияда да ауызбіршілік болуы тиіс, аға.
М. Құлкенов: Біздің оппозиция өкілдерінің (егер жеке тұлғаларды оппозиция өкілдері деп есептесек) Қаңтар кезінде алаңда болғаны, жастарға ақыл-кеңестерін айтқаны шындық. Бірақ оларды ешкім тыңдаған жоқ. Өйткені оппозициялық бағыттағы азаматтарда бір үлкен кемшілік бар, олардың пікірінше, бәріне билік кінәлі және олар үкіметтің жасап жатқан игі шараларын мүлдем жоққа шығаруға тырысады. Соңғы екі жылда үкімет тарапынан білім мен денсаулық саласында жасалған жаңа реформаларды мүлдем мойындағысы келмейді. Оларды тыңдаса, егер олар үкімет басына келсе, елде жұмақ орнайтындай екпінмен сөйлейді. Оппозицияның айтып жатқан сын-пікірлерінің кейбіреулеріне құлақ асуға болар, бірақ «олғ яғни, үкімет сонда не істеу керек?» деген сұраққа беретін жауаптарына қанағаттану қиын.

Қаңтар қазаққа ғана қатысты ма?

Ә. Қосанов: Оппозицияның да оппозициясы бар ғой, Мәке…
Десек те, саяси сипатқа ие болып, қоғам өмірінің маңызды факторына айналған мәселенің таза экономикалық сипаты бар екені рас. Өз басым идеологияның ғана емес, экономиканың, соның ішінде, қазба байлықтарына қатысты салалардың басшылығына шын мәнінде ұлттық деңгейдегі махаббаты мен пайымы бар әрі ешбір кланға не ықпалды топқа қатысы жоқ күштер мен тұлғалардың келуі керек деп ойлаймын. Бәлкім, сол кезде «жер мен жер қойнауындағы байлық – халықтікі» деген тарихи тезис салтанат құра ма, кім білсін…
Соның ішінде мұнай мен газға байланып қалған экономикамызды диверсификациялау міндеті тағы бар. Ішкі өндіріс қайда? Іш киім мен тіс шұқығышқа дейін шетелден алып отырған біз қайда барамыз? Экономикамыздың бір жақтылығы – жұмыссыздық пен экономикамыздың кенжелеп қалуының бір себебі боп отыр емес пе? Оның өзі болашақ көтерілістердің алғышарты емес пе?
М.Құлкенов: Әміржан, бір шындықты мойындауымыз абзал – Қазақстанның қарапайым халқы экономикадан да, жерден де құр қалды. Бір қарасаң, халқымыз өзінің туған жерінде жайбарақат, мамыражай өмір сүріп жатқандай көрінеді. Алайда, Қазақстанның әлеуметтік жағдайына келсек, бәрі мүлдем басқаша. Қарапайым халық негізінен несиемен күн көруде. Көбі жоғары оқу орнынан алған мамандығымен жұмыс істемейді. Әлдебір байшыкештің үй-жайын күзетеді немесе тамағын пісіріп, баласын бағады. Айтшы, кісі есігінде жүрген адамдарда рухани өсу бола ма? Меніңше, жоқ! Ондай күнін көре алмай жүрген адамдар сенің әдебиетіңді, театрыңды, музыкаңды қайтпек?! Әлеуметтік мәселеге келгенде тағы бір назар аударатын мәселе – Қазақстанда қазақ өзінше, басқа халық өзінше өмір сүріп жатыр. Менің байқағаным – еліміздегі өзге жұртты қазақтың проблемасы онша алаңдатпайды. Бұл еліміздегі әр ұлт, әр этнос өзінше өмір сүріп жатыр деген сөз. Менің Отаным – Қазақстан деген ортақ ұғым жоқ. Бір қарағанда еліміздегі қордаланып қалған зәру мәселенің бәрі тек қазаққа ғана қатысты, тек қазақты ғана ойландыратындай. Бұл, ең алдымен, билікті алаңдатуы керек қой.
Мен мына бір тарихи мысалға назарыңды аударғым келеді. 2001 жылғы 11 қыркүйекте болған теракты кезінде Америка халқы (әртүрлі ұлт өкілдері бола тұра) бір адамдай қайғырды, құрбан болғандарды аза тұтты. Қайғылы оқиғаның куәгері Американың белгілі талантты жазушысы (кейін әлемді шулатқан теракты туралы «Сұлу өмір» романын жазған) Джей Макинерни былай деп еске алады: «Нью-Йорк тұрғындары бастарынан өткен сұмдық оқиғаның зардабынан әлі күнге арылған емес. Халық бір кісідей жұмылып қиындық көргендерге көмектесіп, қолдады. Мен де оларға бутерброд пен кофе тасыдым». Өкінішке қарай, Алматы тұрғындарының жүзінен жалпыхалықтық қара жамылуды, қайғыруды аңғару қиын.
Сен қалай ойлайсың, қоғамда әйтеуір бір болатын халық көтерілісіне елдегі экономикалық дағдарыстар ғана себеп бола ма? Біздің жалпыхалықтық, Қазақстандағы барлық ұлтқа қатысы бар тәрбиеміз қайда?
Ә.Қосанов: Дағдарыс тек қана экономикаға немесе әлеуметтік салаға қатысты емес қой. Кей кезде биліктегі бір адамға қатысты компромат не скандалдың өзі халықтық көтерілістің себебі болады. Атышулы «араб көктемінің» өзі базардағы бір кәсіпкерге рұқсат қағазын бермеуден басталды емес пе? Ол өзін-өзі өртеп, ақырында бүкіл Араб елі өртке шалынды.
М.Құлкенов: Мен қарапайым қазақтың ұлы ретінде Қанды Қаңтардан кейін әлеуметтік теңсіздіктер туралы басқаша ойлай бастадым. Әсіресе кешегі билік өздері бастап, халыққа қайталатып қойған дамыған 30 елдің қатарына қосылу деген утопияға іштей жаным ауырады. Біз отыз жылдың ішінде қандай экономикалық даму көрсеткіштеріне қол жеткізгенімізді жұрттың бәрі біліп отыр. Алайда, барахолка маңайында жүздеген қазақ отбасыларының (бір отбасында 10-15 жан) жылдар бойына контейнерлер мен уақытша кепелерде тұрып жатқанын билік біле ме екен? Немесе Британ, Американ, Канада жеке мектептерінде, Назарбаев зияткерлік мектебінде кімнің балалары оқитынын, қазір саңырауқұлақтай қаптап кеткен жеке клиникаларда кімдердің емделетінін біздің билік саралап, зерттеп көрді ме екен? Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде әлеуметтік теңсіздік бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып кетті. Еліміздегі өршіп бара жатқан бай мен кедей проблемасына Қаңтардан кейін басқа көзбен қарауымыз керек. Ат төбеліндей адамдардың халық байлығын өз мүддесіне жұмсау арқылы қарапайым халықты қайыршылық жағдайына жеткізуіне енді төзуге болмайды. Үкімет, ең алдымен, қарапайым халықтың әл-ауқатын арттырудың жаңа концепциясын жасауды қолға алуға тиіс деп ойлаймын.

Күштік құрылымдар кландардан
тыс болуы тиіс!

Ә.Қосанов: Қанды Қаңтар тұсында арнайы қызметтер мен құқық қорғау органдарының беті ашылып қалды. Ең сорақысы сол: олар мемлекеттік төңкеріс жасауға тікелей қатысты боп шықты!
Құқық қорғау органдарына деген жалпы жұрттың көзқарасын айтпай-ақ қояйық! Реформалар қайда? Мәселен, Ішкі істер министрлігінде осыдан біраз уақыт бұрын «полицияның формасын жаңалаймыз» деген бастамадан басқа реформаның нышаны сезіле ме?
Меніңше, Ұлттық қауіпсіздік комитетінен бастап басқа да «погонды» органдарды қоғамның, нақты айтсақ, парламенттің бақылауына көшіретін кез келді.
М.Құлкенов: Қазір зиялы қауым да, оппозиция өкілдері де құқық қорғау органдарына реформа керектігін айтудай-ақ айтып жатыр. Бұл пікірге мен де қосыламын. Өз тарапымнан айтарым: біздің жоғары оқу орнын бітіріп, құқық қорғау саласына жұмысқа барып, арнайы киім кигеннен кейін жастарымыздың мінез-құлқына бір өзгеріс енеді. Араларында ізгі жүректі адамдар да бар шығар, бірақ негізінен көпшілігі қатал, қатыгез, қарау болып шыға келеді. Неге? Өйткені оларды оқытып, білім беретін оқу орындарында ізгілік дәнін себетін пәндер жоқтың қасы. Мәдениет тақырыбында, әсіресе ұлттық әдебиетіміз бен өнеріміз туралы лекциялар оқылмайтыны анық. Соның салдарынан полиция, тергеуші, прокурор, сот саласында істейтін мамандардан қарапайым халық қатты қорқады. Олардан ешқашан ізгілік, гуманизм күтуге болмайды деп есептейді. Әсіресе кешегі Қаңтар кезіндегі біздің құқық қорғау саласындағы азаматтардың бейшаралығы мен дәрменсіздігі, соңыра қолына түскен жазықты, жазықсыздарға жасап жатқан қатыгездігі мен қаталдығы, кінәлілерді мойындату үшін зорлық-зомбылыққа баруы – ешбір ақылға сыймайтын тәрбиесіздік. Сонау кеңес өкіметінен бері қарай жалғасып келе жатқан, қолыңда билік бар ма – жұртты тізерлетіп қойып, айтқаныңды бұлжытпай істет деген көргенсіз қағида. Демек, бүгінгі құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ұлттық тәрбие керек. Оларды жазушылармен, өнер адамдарымен жиі кездестіріп, пікірлесудің, қазақ әдебиетінің, өнерінің соны туындыларымен таныстырудың жаңа бағдарламасын жасауды қолға алған жөн.

Жаңа саяси элита қажет

М.Құлкенов: Мемлекетіміздің, Президентіміздің саясатын халық арасында кеңінен насихаттап, жүргізуде кең ауқымды бағдарлама жасауды кейінге ысыруға болмайды. Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін жұмсалатын қаржыны да үнемдеудің қажеті жоқ. Бүгін біз басқа заманда өмір сүріп жатырмыз. Ата-бабамыз айтып кеткен «бір елі ауызға екі елі қақпақ» деген қағиданың уақыты өтті. Ел екі елі қақпақтан айырылып қалғалы қашан. Бірақ бәрін қалпына келтіру өз қолымызда. Әсіресе, мемлекет өзінің идеологиялық мақсатына халықтың озық ойлы азаматтарын тартып, олардың халықпен ашық пікірлесуіне, ой-пікірін жеткізуге жағдай жасауды қолға алғаны дұрыс деп ойлаймын. Әйтпесе, қазір жұрттың бәрі әлеуметтік желіде шетінен шешен, шетінен көсем болып кетті. Бір ғана мысал, біздің ұлттық телеарналарымыздың кейбір журналистері мемлекеттік эфирден мемлекеттің мүддесін жақтап сөйлейді де, әлеуметтік желіде мүлдем басқа ой, басқа пікір айтады. Бұл-дағы мемлекеттік идеологияға үлкен реформаның керектігін дәлелдейтін дерек. Мына көрші Ресей еліндегі болып жатқан жағдайды қарайықшы. Ресейдің Украинаға қысастығын бәріміз көріп-біліп отырмыз. Бірақ ресейліктер Путиннің істеп отырғаны дұрыс деп есептейді, оның саясатын қолдайды. Неге? Себебі орыстың мемлекеттік үгіт-насихат құралдары халықтың санасына өз идеяларын өте ыңғайлы әдіспен сіңіріп жатыр. Бізге де осындай өте күшті ұлттық бағдарлама ауадай қажет.
Ә.Косанов: Мемлекеттік саясатты ашық та ақылды, жұртқа ұғынықты түрде, ешкімнен, соның ішінде түрлі хайптар мен хейттер арқылы ұпай жинаумен келе жатқан популистерден еш қаймықпай, талантты да тегеурінді түрде қорғай алатын жаңа саяси элита керек-ақ!

Барлық шындық айтылды ма?

М.Құлкенов: Меніңше, Қанды Қаңтардың нақты шындығы жақын арада айтылмайды. Өйткені осыдан 37 жыл бұрын басымыздан өткен 1986 жылғы көтерілістің шындығы да әлі күнге дейін анықталған жоқ. Алайда Қанды Қаңтардың көркем шындығы көп кешікпей айтылуға тиіс. Көркем шындығы дегеніміз – сол қанды қырғынның мінез-құлқын зерттеу, сол кездегі қазақ халқының жан дүниесіндегі өзгерістердің көркем бейнесін жасау. Түптің түбінде Қаңтар қырғынының нағыз шындығын да, көркем шындығын да айтатын – жазушылар. Сондықтан қазақ қаламгерлерінің алдында үлкен міндет тұр.
Ә.Қосанов: Мемлекеттік төңкеріс жасауға ұмтылған топтар мен тұлғалар аталса да, 30 жыл елді басқарған, қаңтар тұсында Қауіпсіздік кеңесінің тізгіні қолында болған, яғни барлық арнайы, қорғаныс және басқа да күштеу органдарына тікелей жетекшілік еткен Назарбаевтың рөлі туралы ресми деңгейде бір ауыз сөз жоқ. Кешегі парламенттік тыңдауда да ол кісінің аты аталмады.
Қанды Қаңтар алдымен өзінің конституциялық құқығын жүзеге асыруға талпынған бейбіт, қарусыз азаматтардың бейбіт шеруі болғанын билік те мойындады. Бірақ кейін ол анықтама басқаша реңкке ие боп, тек қана бүлікшілер, бандиттер, террористер, діни радикалдар туралы көбірек айтылып кетті. Бұл дұрыс тенденция емес. Бір-біріне үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын екі бөлек дүниенің ара-жігін ажыратып, дербес қарастыру керек. Бейбіт шерушілерге – тағзым, ал қолы қанға боялған қаскөйлерге – қарғыс пен жаза!
Қаңтар қоғамды біріктіруі керек!
М.Құлкенов: Қазақта билікке де, беделге де қарамай халық мүддесі үшін шындықты бетке айтатын – орақ тілді, от ауызды Аяз билер көбейсе ғана, біз ешкімге ұқсамайтын өз салты мен дәстүрін сақтаған салиқалы елге айналамыз. Иә, қазақ қоғамында әр кезеңде әр түрлі көтерілістер болды. Бірақ ондай көтерілістердің енді қазақ үшін қажеті шамалы. Біз өз билігімізді өзіміз тізгіндей алатын біртұтас халықпыз. Біз елімізді басқаратын көсемімізді таңдауға да, оның игі істерін қолдауға да парасат-пайымымыз жететін ұлы халықпыз. Сондықтан оқыстан болған Қаңтар қазақ деген ешқашан іргесі сөгілмеген бауырмал халықты бұрынғыдан да жақындата түседі. Бұндай елдің елдігіне сын болатын трагедиялар арамыздағы өкпе-назды, ұрыс-керісті, дау-дамайды мүлдем ұмыттырып, бауырмалдығымызды, ет жүрегі езілген жақындығымызды бұрынғыдан да жақындата түсуі тиіс. Жер бетінде бірін-бірі қадірлейтін, бағалайтын, құдайдай сыйлайтын қазақтай халық жоқ. Соны ұмытпайық.
Ә.Қосанов: Бұл ойыңызбен келісемін. Бірақ, мойындайықшы, Қанды Қаңтарға баға беруде, оны жүрегі, ой-санасымен қабылдауда жұртшылық пен ресми органдардың арасында белгілі бір қарама-қайшылық бар. Осы түсінбеушілік ұлғайып бара жатқан сияқты.
Кей адамдар Қаңтарға мүлдем шаң жұқтырғысы келмейді. Бірақ ол күндері бейбіт адамдарға оқ атылғанын, әкімшілік ғимараттардың басып алынып, өртенгенін қайда қоямыз?
Екінші жағынан, сол күндері алаңға шыққандарды тек қана қылмыскер, бандит не мародер деп атау көбейіп барады. Ол да ұлт арасына сына қағатын қауіпті біржақтылық.
Меніңше, Жаңа Қазақстан құрғалы жатқан ұлттың бірігуі дәл осы Қаңтарға бірегей баға беруден басталуы тиіс.

Билік транзиті
аяқталды ма?

Ә.Қосанов: Транзит аяқталмай, әлі де тақталас жалғасып жатқан сияқты. Кейбір тұлғалар, саяси және ақпараттық ресурстар Тоқаевты әлсіз әрі қоғам қолдауынан ада тұлға ретінде танытқысы келеді. Ондай қимыл-әрекет, ең алдымен, ел іші мен шетелдегі Тоқаевтың жаулары мен геосаяси ойын ойнағысы келетін кейбір сыртқы күштер тарапынан үдеп барады.
Осының өзі Қаңтардың қайталануына әкеп соға ма деп қауіптенем. Сіз қалай ойлайсыз?
М.Құлкенов: Билік транзитін тез арада аяқтау – мемлекет басшысының қолында. Халық Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз сенім білдіріп және қолдап отыр. Солай екен, ендеше, билік транзитіне нүкте қоя­тын уақыт болды. Халық есебінен байып, елін ұмытқан байшыкештердің қоржынындағы байлығымызды тез арада қайтарып, ел игілігіне жарату да ел Президентінің мойнына жүктелген үлкен міндет. Иә, Қасым-Жомарт Кемелұлын транзиттік билікті аяқтау барысында қиын да күрделі істер күтіп тұр. Сондықтан оған халықтың жан-жақты қолдауы ауадай қажет.

Ұлтты тек мемлекетшіл күштер ғана құтқара алады!

Ә.Қосанов: Меніңше, Қаңтардың ең басты үш сабағы бар. Біріншісі – мемлекеттік төңкеріс жүзеге аспауы үшін мемлекеттік институттар мейлінше тұрақты болуы шарт. Ол үшін билік тармақтарының өзара тепе-теңдігі керек: біреуі бірін заңсыз басып алса, қалған екеуі дін аман болады, бүлікшілерге лайықты тойтарыс береді. Екіншісі – «жау жоқ деме, жар астында, қауіп жоқ деме, қыр астында» деген сөзді үнемі жадымызда ұстау. Неге десеңіз, мемлекеттіліктің мызғымастай боп көрінген іргетасы бір күнде-ақ быт-шыт боп шығады екен ғой! Үшіншіден, қоғам мен билік арасында 30 жыл ішінде қалыптасқан жантөзгісіз теңсіздік ахуалын жою керек! Бар нәрсені ашық әрі бейбіт жағдайда талқылап, ұлттық деңгейде келісімге келуге болады! Сонда Қаңтар қасіреті қайталанбайды!
М.Құлкенов: Ал мен Президент Тоқаевтың алдына қойған игі мақсат­тарын жеті жылдың ішінде абыройлы атқарып шығуы үшін оған озық ойлы, мемлекетшіл күштер қолғабыс тигізуге міндетті деп білемін. Ол үшін, ең алдымен, Жаңа Қазақстан идеясын қолдайтын жаңа партиялар мен әртүрлі саладағы қоғамдық ұйымдар да ұлтымыздың өркендеп өсуіне бар күш-жігерлерін жұмсағаны абзал ғой. Қайталап айтсақ, ұлттық мүдде, ұлттық тәрбие жолында біріккен күштер ғана Қазақстанның мықты мемлекет болуына көмектесе алады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір