«НЕВАДА-СЕМЕЙ» – АҚИҚАТ ПЕН ЛАҚАП

Төзімнің алқымын айырып, рухтың туын көтеріп, атойлап атқа қонғанға биыл 27 жыл. Нәтижесінде барша ғаламды жалынымен жасқап, жұмыр жерге ажал сеппек тажалдың көмейіне құм құйғанға 25 жыл. Осы орайда, өрекпіген өктемдіктің өзіне салған қыл-бұрауын қаншама сезіне жүрсе де, халқына деген қиянатқа төзбей, қасқайып қарсы шығып, әлемдік күшке қозғау сала білген ұлтының ұлы, әлемнің азаматы. Арғы-бергі тарихта бұрын-соңды болмаған. Алғашқы сәттерінен-ақ барлық құрлықты бірдей қамтыған. Ешқандай қарусыз, қоқан-лоқысыз, ой-өресінің қуаттылығы, сөзінің құдіреттілігімен бүкіл дүниежүзін мекендеген күллі адамзат қауымын бейбіт мақсатқа жұмылдырған. Осы бір ізгі тарихтың жасаушысы, ықылым заманнан бергі бірегей дара тұлға Олжас Сүлейменов ағамыз әлемнің қиыр түкпірлеріндегі қауырт істерге байланысты айдың жартысын аспанда, әуе кемесінде өткізетін қарбалас уақытының арасынан саңылау тауып, 2015 жылдың 13 наурызындағы «Кім Отаншыл?» деген «Қазақ әдебиеті» газетіндегі сұхбатының соңында оқырмандарына берген уәдесінің үдесінен шығып, ширек ғасырдан астам тарихы бар әлемдік апатқа қарсы қозғалыстың сара жолына сәуле түсірген еді. Уәде бойынша түнекті түрген ізгі тарихтың жарқын парақтарының бір парасын патша көңіл оқырман қауымға ұсынбақпыз.
Сезіну қиын уақытты,
Сезінген жандар бақытты.
Шабуыл сәтін…
Сезіндің,
Алқымын айыр төзімнің.
«Иә сәт!». «Алға-а-а!».
Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ.
– Аға, сіз үшін биылғы жыл несімен маңызды?
– Биылғы жылы Семей сынақ алаңының жабылғанына 25 жыл толады. Осы кесімнен бастап ядролық қаруды сынауға халықаралық мораторий жарияланды. 1992 жылдың тамызында АҚШ пен Англия өз «ойыншықтарын» сынап жүрген Невада штатындағы америкалық сынақ алаңының үні өшті. Содан соң Тынық мұхиттың Мороруа маржан аралдарындағы француздық сынақ алаңы тоқтады. Ақырында, 1996 жылы Лоб-Нор шөліндегі қытайлық сынақ алаңы тынышталды. Содан бері мыңнан астам бомба жарылмай қалды. Кішкене болса да адамзаттың өз болашағына алаңдаушылығы азайды.
– Қозғалыс үшін шешуші міндет атқарған қай даталар ерекше есте қалды?
– 28 ақпан, 1989 жыл – Алматыдағы митинг – алғашқы ядролық қаруға карсы кеңестік «Невада-Семей» қозғалысының басталған күні. Ізінше Архангельскіде «Новая Земля» сынақ алаңына бағытталған «Невада-Новая Земля» еншілес қозғалысы пайда болды.
Маусым, 1989 жыл – КСРО Жоғарғы Кеңесінде 150 адамнан тұратын «Ядролық қарусыз әлем үшін» деп аталатын парламенттік топ құрылды.
19 қазан, 1989 жыл – Семей сынақ алаңындағы соңғы сынақ. Бұдан кейін Новая Земляда да сынақ болған жоқ. Сол жылы жоспарланған 18 жарылыстың 11 жарылысы тоқтатылды.
20 қараша, 1989 жыл – Қозғалыс ұсынған, парламенттің «Ядролық қарусыз әлем үшін» фракциясы қолдаған «КСРО үкіметіне Семей сынақ алаңын жабу мәселесін қарауға ұсыныс» туралы қарарына КСРО Жоғарғы Кеңесі дауыс берді. Бірақ үкімет мәселені қарауды тағы екі жылға созды.
Мамыр, 1990 жыл – «Әлем сайлаушылар ядролық сынаққа қарсы» деп аталатын Алматыдағы Халықаралық конференция.
Жапония, Франция, Англия, АҚШ-тың өзінен ғана үш жүзден астам делегация келді.
Ойға алғанымызды іске асыру тетіктерінің әдістемелері әзірленді. Сайлаушылар парламентке сайланғандардан өз бағдарламаларына сынаққа тыйым салуды енгізуді талап етеді. Бұл тетік демократиялық елдерде іске асты.
Қыркүйек айының үш күні, 1990 жыл – АҚШ-тың екі сенаторы, екі конгресс мүшесі, Ұлыбританияның екі парламент мүшесі (бірі – консервативтік партиядан, екіншісі – лейбористік партиядан), КСРО Жоғарғы Кеңесінің екі мүшесі – Е.Велихов және мен – үш күн ішінде АҚШ, Англия, КСРО секілді ядролық мемлекет басшыларына барып, ядролық қаруды сынауды тоқтатуын талап етуді жоспарладық. Курчатов атындағы кеңестік ядролық институттың директоры Е.И.Велихов ауырып қалғандықтан бұл акцияға қатыса алмайтын болды. Мен оның орнына «Невада-Семейдің» Мәскеу бөлімшесінің төрағасы, физика-математика ғылымдарының кандидаты Владимир Якимецті шақырдым.
Мәскеуде М.С.Горбачевпен кездестік те, сол кеште Лондонға келдік. Тэтчер премьер-министрліктен босаған, жаңасы әлі сайланбаған. Сыртқы істер министрімен кездестік. Ол біздің өтінішімізді үкіметке жеткізуге уәде берді.
Келесі күні таңертең Вашингтонға ұштық. Ақ үйде Буш (үлкені) болмай шықты. Ол Мексикада екен. Соғыс пен бейбітшілік мәселесі жөніндегі көмекшісімен кездестік. Оның кабинетінен шыққан бойда Мексикадан ұшып келіп, кабинетіне қарай беттеген Бушты көрдік. Сенаторлар оған дәлізде-ақ біздің сапарымыздың мақсатын баяндады. Сапар алдын ала дайындалмаған-ды, себебі, бұл үш ядролық алпауыт мемлекеттің бірінші парламентаралық өкілетті делегациясы болатын. Бұған дейін де, бұдан кейін де Батыс пен Шығыс парламентінің бірігіп әрекет жасауы болған емес.
Қаңтардың ортасы, 1991 жыл – «Невада-Семейдің» бастамасымен Нью-Йорктегі БҰҰ-ның Штаб-квартирасының залында өткен халықаралық конференцияда Әлемдегі барлық соғысқа қарсы және экологиялық қозғалыстардың Жаһандық Ядролық Қаруға Қарсы Бірігуі келісілді (Глобальный Антиядерный Альянсы құрылды).
«Адамзатқа ядролық қару қажет пе?» деген мәселе төңірегінде парламентаралық референдум өткізуге шешім қабылданды.
Невада сынақ алаңына дейін Бейбітшілік маршы өтті. Демонстранттар: «Қазақстан сынақты тоқтатты, енді біздің кезегіміз!» деген плакаттар көтеріп шықты. Енді қашан америкалықтар қазақ-стандықтардан үлгі алар екен?
Бұлар 1991 жылдың 29 тамызында Н.Ә.Назарбаев Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа қол қойғанға дейінгі еске аларлық даталардың бір парасы ғана.
БҰҰ-ның шешімі бойынша бұл күн – ядролық қаруды сынауға қарсы күрес Күні болып жарияланды. Халықаралық күнтізбедегі қазақстандық тұңғыш ресми дата.
– 90-шы жылдары Қазақстанның бетке ұстары болған «Невада-Семей» қозғалысының бүкіләлемдік даңқы кейбір «жазушы» ағайындарға маза бермеді. «Тым көтеріліп, көзге түскендерді» аяқтан шалып, балақтан тартып, қалайда құлатуды мақсат тұтатындар үшін сөз бостандығын жариялау тиімді болып шықты. Олар газетті, интернетті пайдаланып Сүлейменовке көлеңке түсіріп, Қозғалысты жоққа шығаруға тырысты. «Жарылысты тоқтатып, сынақ алаңын жаптырған Қозғалыс емес. Мұны істеген Семей обкомы хатшысының Горбачевке жазған хаты. Онда сынақ тұрғындардың денсаулығына зиянын тигізіп отыр делінген. Горбачев осы хабарды бірден назарға алып, тез арада сынақты тоқтатты», – дейді мақалаларында. Кейбір ауылдар бұған сенер-сенбесін білмей, бізге хабарласып, мәселенің мәнісін анықтауды өтінген еді. Өткен тарихымызды өзгелер өзімізге бұрмалап көрсетеді деп ренжиміз. Ал бүгінгі күні өз халқымыз жасаған, өз көзімізбен көрген, кейінгі ұрпақ мақтанар тарихи сүбелі ісімізді 1986 жылдың желтоқсанында бейбіт шеруге шыққан балаларымызды қырып салған Горбачевтің қанжығасына байлап жібергісі келген қызғаншақ тұстастарымыздың пендешілік қателігін келешекке түзетіп жеткізу біздің буынның қасиетті парызы болса керек. Шындығында осы сөздердің төркіні қайдан шықты?
– Расында мұндай хат болған. Ол туралы маған Қазақстан ОК бұрынғы бірінші хатшысы, 1989 жылдың қыркүйегінен 1991 жылдың желтоқсанына дейін КСРО Жоғарғы Кеңесінде қызметтес болған Г.В.Колбин айтқан. 1989 жылдың 12 ақпанындағы «көлеңкелі» сынақтан кейін маған Семейге жақын орналасқан әскери аэродромның ұшқышы хабарласып, аса күшті жарылыстан кейін сыртқа шыққан ондаған километр аймақты қамтыған радиоактивті улы газды бұлт әскери қалашықтың үстімен өтіп, Семей жаққа қарай беттеді деді. Әрине, ол аты-жөнін, шенін айтпады. Жарылыс алдында желдің бағытын бағамдай алмай қалған болар. Әншейінде бұлт қойшылар отырған далалыққа қарай кететін. Әскери ұшқыштың хабарласуы өзінің отбасы, бала-шағасының қамына алаңдауы болатын. Ал мен қайта құру жариялылығы әскерилерге де әсер еткенін түсіндім. 1963 жылы сынақты жер астына көшірген кезде, мен адамды сынау тоқтады деп өлең де жазғанмын. Сөйтсем, олай емес екен. ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттары, жазушылар – Д.Ф.Снегин, Сайын Мұратбеков, Қадыр Мырзалиев, одақтық депутат және Қазақстан Компартиясы ОК мүшесі ретінде өзім қол қойған хат жаздым. Хат Мәскеуге, КСРО Жоғарғы Кеңесінің президиумына жөнелтілді. Ол жақтан Кремльге түсті. Горбачев Колбинге хабарласады. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қандай да бір қауырт хабар Мәскеуді тіксіндіріп тастайтын. Ал мынау төрт бірдей жазушы-депутаттың хаты! «Жергілікті обкомға айт, осы сынақтың зардабының барлығын ешқандай сылап-сипамай, болғанды болған күйінше хабарласын!». Колбин Семейдің обкомына хабарласып, осындай хат дайындауға нұсқау береді. Семей обкомының бірінші хатшысы ары таза, өте ізгі адам, облысты өзі басқарған екі жылдың (ол «Желтоқсан оқиғасынан» кейін сайланған) ішінде жасалынған отызға таяу жерасты жарылысының әрқайсысынан кейін жанын жеуге тиіс, ауыр жағдайды ашық айтуға мүмкіндік алады.
Осылайша, депутаттардың хаты обком хатшысының хатын өмірге әкелді деуге болады.
Тағы да қосып айтарым, обком хатшысының «өз ОК басынан» аттап, Бас хатшыға хабарласуға мүмкіндігі жоқ. Мұндай хат Бас хатшының алдына бармақ түгілі Горбачевтің кеңсесінің сүзгісінен өтпей, ҚазКСР-на қайтарылып, ОК ерекше бөліміне түсер еді де, обком хатшысын партия ішіндегі лауазымдық сатылы байланыс тәртібінің темірдей қатаң ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартар еді. Неге? Себебін жоғарыда түсіндірдім.
…Мәскеуден депутаттарға «Семейге жіберілген комиссия сынақ зардабын зерттеп айтарлықтай ештеңе таппады. Бәрі қалыпты!» деген жауап келді. Сонымен 17-ші ақпанда келесі күшті жарылыс жасалынды.
Тағы да жазамыз. «Сынақ аймағында радиациялық жағдай қалыпты» деп телетайп агенттігінің сөзімен жауап береді.
Сондықтан мен 25 ақпанда Қазақстан телеарнасынан сөз сөйледім. Маған депутаттықа кандидат ретінде (КСРО Жоғарғы Кеңесіне сайлауға дайындық жүріп жатқан кез еді) кедергісіз еркін сөйлеуіме 15 минут уақыт берілген-ді. Кесіп-пішіп, қысқартатын немесе қоқыс шелегіне тастай салатын алдын ала жазу емес, тікелей эфир болатын. Мен үкіметтің 1963 жылдан бері жерасты жарылысы халықтың денсаулығына қауіпсіз деп бізді алдап келгенін айту үшін осы мүмкіндікті пайдаланып қалдым. Мамандармен кеңескенімізде, мамандар әрбір жерасты жарылысынан кейін радиоактивті улы газ жер бетіне шығып кетеді де, желдің әсерімен үлкен аумақты қамтиды деген мағлұмат берді. Сынақты тоқтататын кез жетті. Қырғиқабақ соғыс аяқталды. Кімге қарсы ядролық қылыш қайрауды жалғастырып отырмыз? Егер біз тоқтатсақ, Америка да тоқтатады. Өзімізден бастауымыз керек! – дедім.
ҚазТелеРадиосының Төрағасы Ғаділбек Шалахметов болатын. Оның, кейін өзі мойындағанындай, біраз шашын ағартқан менің сөздерімді тыңдап, студия терезесінің аржағында тынышсызданып жүргені көрінеді. Ол кездегі депутаттыққа кандидаттардың құқығы өте салмақты еді. Сондықтан заң бойынша менің сөздерімнің легін тоқтатуға мүмкіндігі жоқ болатын. Өзімнің он бес минутымды телекөрермендерді әңгімені әрі қарай жалғастыру үшін, осындай күні Жазушылар одағына келуге шақырумен аяқтадым. 28 ақпанда мыңдаған адам жиналды. 1986 жылдың желтоқсанынан кейін Қазақстанда 1989 жылдың 28-ші ақпанында өткен Бірінші жалпыхалықтық жиын «Невада-Семей» қозғалысын тудырды.
«Полигон жойылсын! Закрыт полигон!» деген үндеуімізге алғашқы күндері-ақ 2 миллионнан астам қазақстандық мүшесі қол қойған халықтық қозғалыстың бар тарихы осы. Сол жылдары (1989-1991) өз іс-әрекеттерімен барлық қазақстандық, Президенттен бастап, қойшыларға дейін қозғалыстың қатысушылары мен жақтаушылары болды. Сонымен, біздің тарихымыздың бұл парағын, дұрысырақ айтсақ, тарауын сызып тастау да, ұмыту да мүмкін емес, ол қазіргі әлем тарихына жазылып қалған. Халқымыздың ерлігімен мақтанып, ол туралы әңгімелерді мектептің қоғамтану оқулығына енгізіп, поэмалар мен романдар жазу қажет. Тек өтірік қоспау керек.
– Аға, биыл «Невада-Семей» қозғалысының ғана емес, Өзіңіздің де мерейлі мерекеңіз ғой, осы сәтті пайдаланып тағы бір сұрақ қойғым келіп отыр. Бір кезде жастық жалынмен:
«Мен ұрпақпын ұқсап туған
Мынау байтақ далама!
Ей, дүние!
Қазақ халқын
Маған қарап бағала!», –
деп немесе «Мен қазір 26 жастамын, көшпенділердің тарихы әлі анықталған жоқ. Сондықтан да ешқандай жүрексінбестен, дәл осы сәтте мынадай мәлімдеме жасаймын. Түркі тарихын білмей, қадымы хатқа түскен халықтардың тарихындағы беймәлім тұстарды түсіндіріп бере алмаймыз. Түптің түбінде нақты жазған шынайы тарихтың дүниеге келетініне көзім анық жетеді. Халықты оятатын қозғалыс жүріп жатыр. Қорланып өмір сүргендердің қуануға хақысы жоқ. Тізерлей беруді қойып, еңсені көтерер кез жетті. Ақындар халықтың ар-намысын оятатын күш-қуат беруге міндетті. Сәтін салса, соны біз жазатын шығармыз. Біздің толқын іріктеліп келеді», – деп еліңізді әлемге танытуға серт берген едіңіз.
Сертіңіздің үдесінен қалай шықтыңыз екен, тарата шолып шығайықшы. Алдымен ақындық қуатыңызбен әлем халқын аузыңызға қараттыңыз. «Ей, дүние! Қараңдаршы, қазақ ұлы қандай екен!», – дегізіп, халқыңызды бір мақтандырдыңыз. Қазақ халқы түркі жұртының түп атасы, қазақ тілі түркі тілінің түп анасы екенін, әлемдік тарих толқынында алыс-беріс, барыс-келіс арқылы тілдердің ықпалдасуы нәтижесінде қазақ тілінің әлем тілдерінің дамуына қосқан үлесін зерттеп, ғылыми негіздеген бірнеше кітап жазып, әлем тілдеріне аударттыңыз. Халқыңызбен иықтаса жүріп жеткен, ядролық қаруға қарсы «Невада-Семей» қозғалысының жеңістері арқылы төрткүл дүниені жайлаған адамзат қауымын бейбіт жолмен бейбітшілік мақсатына жұмылдыруға болатын тарихтың жаңа үлгісін жасадыңыз. Нәтижесінде – алып материкті жеке жайлаған алып мемлекет Американың демонстранттары: «Қазақстан сынақты тоқтатты. Енді біздің кезегіміз», – деген плакаттар көтеріп шығуы арқылы қазағыңызды алып Америка ғана емес, бүкіл әлем үлгі алар парасатты ел етіп әуелете көтеріп, айды аспанға бір-ақ шығардыңыз. Семей сынақ алаңын жабу туралы Жарлыққа тәуелсіз еліміздің Тұңғыш патшасы Н.Ә.Назарбаев қол қойған 1991 жылдың 29 тамызы БҰҰ-ның шешімімен ядролық қаруды сынауға қарсы күрес Күні болып жарияланып, халықаралық күнтізбеге қазақстандық тұңғыш ресми дата болып енді. Меніңше, сертіңізді биік абыроймен ақтадыңыз!
Ағыңыздан жарылып айтыңызшы, жүрегіңізде шүкір, қолымнан келгенді аянбадым, берген сертімді орындадым, арманыма жеттім деген қанағат сезімі басым ба, әлде, өзіңіздің «Быть и казаться» деген еңбегіңіздегі «Әркім өзін көштің соңғы түйесімін деп есептеп, алдыңғы түйе көтере алмаған не ескерусіз қалған жүктің бәрін өзі көтере жүруге міндетті сезінуі керек» дегеніңіздей, әлі де мен көтерер жүк, мен атқарар іс көп деген мақсатты сезім басым ба?
– Тоқмейілсу – тоқыраудың белгісі. Адамзатты ізгілікке үндеуші қуатты сөз иесі жазушы қауымының негізгі міндеті – өлең жазуға қашан шабыт келеді деп күтіп отыру немесе қоғамның тұралап жатқан тұстарына байланысты ойын іске асыруды өзгенің мойнына артып қойып, былай істесе дұрыс болар еді деп қиялданып отыру емес, өзі көтеріп кете беру. Махамбетше алдыңғы сапта жүріп, тарих тегершігін ізгілікке қарай бұрып, өзі өмір сүрген тұстағы қоғамның шынайы тарихын жазуға үлес қосу деп білемін. Олай болса, ғаламға қауіп төндірген тажалдың апанын талқандағанмен, шашып кеткен ұрықтары қауызын жарып келеді, жаңадан пайда болған аждаһаның тамыр жайып кетуіне жол бермеу – ядролық қаруға қарсы әлемдік күш деп танылған «Невада-Семей» қозғалысының басты мақсаты. Демек, менің де басты мақсатым. Оның үстіне, көп уақытым қоғамдық-саяси істермен, әуе кемесінің қанатында өтіп, бітіре алмай жүрген 1001 сөз этимологиялық сөздігімді жарыққа шығару туралы уәдемді де орындау керек. Айта берсе іс көп, мақсат айқын. Алла қаласа, халқыма қызмет ете беремін.
– Иншалла! Жаратушым дегеніңізге жетуге жазсын!
«Менің өз халқыммен мақтанғым келді. Сондықтан бүркемеленген тарих парақтарын ақтара жүріп, түйірлеп жинағаным – уысым толар алтын болып шықты. Өмір бойы сол алтынымды еліммен бөлісуге тырысып, әлемге жар сала көрсетіп, міне, біз қандаймыз деп мақтанумен келемін» деген едіңіз. Халқыңызбен мақтанып, көз қарықтыра көрсетер, өзіміздің ғана емес, әлем халқының ойын оятып, жүрегіне нұр құяр асыл қазынаңыз таусылмасын! Ақыл-парасатыңызбен адамзатқа үлгі болған өзіңіздің де, жұмыр жерді жайлаған барша адамзатқа қауіп төндірген тажалдың көмейіне құм құйған «Невада-Семей» қозғалысының да мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын! Деніңізге саулық, ісіңізге сәт тілейміз! Жазар көбейсін! Жасай беріңіз!
Әңгімелескен Зәмза ҚОҢЫРОВА,
ақын, публицист,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.