Есенқұл ақын ел жадында
Көк шыққанға бір қуанып,
Шөп шыққанға бір қуанып,
Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып.
Сарғалдаққа бір қуанып,
Қызғалдаққа бір қуанып,
Өмір өтті-ау зырғып ағып, зырғып ағып, –
деп жырлап қазақ поэзиясында өз болмысымен ерекшеленген, лирик ақын Есенқұл Жақыпбековтің туғанына 70 жыл толуына орай, ҚР Тұңғыш Президенті «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында «Біздің елдің жігіттері» атты еске алу кеші өтті.
Ақынның жары Меңсұлу Сұлтанқызы Есенқұл Жақыпбектің киген шапаны мен айтыста ұстаған домбырасын, көзі тірісінде шыққан оншақты кітабы мен соңғы он жылда жарық көрген кітаптарынан көрме ұйымдастырды. Қарасай батыр орта мектебінің оқушылары ақынның өлеңдерін оқыса, Шамалған ауылдық мәдениет үйінің әншілері ақынның елге танымал әндерін әуелетті.