Ағайынды қос ақын
04.08.2026
18
0

«Қай Дендер, анау Дендер, қайран Дендер,
Үстінен өтуші еді-ау, көшкен елдер», – деп шырқалатын халық әндеріне арқау болған Жайық бойындағы «ИНДЕРБОР» кентінде қарапайым Орынбасаровтар әулетінде екі немере дүниеге келген. Үлкені – Әділет, кішісі – Ақтілек. Бір ғажабы екеуі де өлең жазады. Бірі Ата баласы, екіншісі өз әкесіне жазылған. Ақын тағдырының қиын екенін ерте түсінген олар, бәрібір осы жолды таңдады. Өз жастарына лайық емес есті жыр жазатын бір үйдің қос құлынын «Қазақ әдебиеті» газетінің талғампаз оқырмандарына аналық тілек, зор үмітпен, ақ жол тілеп таныстыруды жөн санадым.
                                                                                                                                                                                                                                                                                  Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА,
                                                                                                                                                                                                                                                                                 ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

БІЗДІҢ КӨШЕ
Сағыну да…
Аңсау шығар тегі бұл,
Кеткеннен соң армандарға еріп ұл.
Үздім неше көз жасымды соны ойлап,
Біздің көше – бөлек әлем еді бір.

Өлеңімнен сағыныш күй сәл аңғар,
Өміріме өлең ойлап табам дәл.
Әр кеседе пейіл тұнған,
тұрады,
Тар көшеде көңілі кең адамдар.

Анаау жерде топырақты шашып ем,
Анааау жерде көрші апайдан қашып ем.
Түсінгенім,
Алыстағы туғаннан,
Жақындағы көршің артық расымен.

Сағыныппын.
Кеш түсінді соны ақын,
Тентек болып шыққан жер ғой мол атым.
Түске дейін тыныш жатқан бұл көше,
Түстен кейін азан-қазан болатын.

Әңгіме айтып, жинайын деп күш, талап,
Немересін тысқа қарай нұсқап ап.
Әрбір үйден бір-бір әже шығатын,
Қолдарына бір көрпеден ұстап ап.

Оралмас сәт ауыртады жанды айқын,
Әжелер-ай,
Көңілдері қардай тым.
Саясат пен сериалды айтқан сол топтан,
Өткен-кеткен адам да тыс қалмайтын.

Балалар мәз.
Тоқ заманда тоқ туып,
Тілдері де балдай әрі отты, уыт.
Бір топ қыздар жасырынбақ ойнап жүр,
Бір топ бала барады әне доп қуып.

Қазір маған осы уақыт ең ескі,
Ең ескі де…
Сағым кезең, көмескі.
Бір топ еркек – айтқандары футбол да,
Бір топ әйел – шаққандары шемішкі.

Балалығым!
Жанымды әркез қажайды,
Сол көшеде өткізгесін аз айды.
Жылдар салды көшемізге өзгеріс,
Әжелердің саны біраз азайды.

Рас болып тұр әжем айтқан дерегі,
«Бәлду-бәлду бәрі өтірік» дегені.
Доп қуатын балалардың орнына,
«Компьютербас» сәби өсіп келеді.

Біздің көше!
Бөлек әлем, расын ұқ.
Сол көшеде шаттық қалды шашылып.
Көшемізге асфальт салып тастапты,
Бал сәтімнің ізін түгел жасырып…

МЕН – МАХАМБЕТПІН!
Қарой болып қатуланып,
Дендер болып дем бердім,
Орда болып оқыранып,
Сәуегейдей сенделдім…
Ғасырлардың ғаламатын өлеңіме сыйдырып,
Махамбет боп мен келдім!

Рухпенен суарғандай әрбір ғазал әрібін,
Бұ қоғамда әділетті таба алмадым,
Арыдым…
Махамбеттің жалғасы бар,
Естимісің, ей Дүние?!
Өлмегенді өлді деуге болады ма, Тәңірім!

Ия, мен – Махамбетпін!
Салауат айтып Иеге,
Рас, жағылған маған күйе де!
«Сабыр ет» деген жұртпын мен
Лағынет айтқан жүйеге!

Баймағамбеттерді байқадым,
Қарашы, даламды жайпауын,
Құр ұран,
Құр сөз,
Айқайын!
Дейді ме елді байытамын?
Жақпайды бізге ол да аса,
Барлығы, бәрі далбаса!
Махамбет болып сілкініп,
Махамбет болып күлт ұлып,
Шабыт шалабын шайқадым,
Махамбет болып толғатып,
Махамбет болып айтамын!

Босаға шатысып төрменен,
Көк атты озып көлденең,
Заманға қарап бүгінгі
Он аунайды ма өр денең?
Жәңгірің жүр ғой жайпап жеп,
Билігің – сақау, ол – керең!
Шернияздар бар ма?
Жырласын!
Халқың қана ма шөлдеген?
Ықылас – заман әлі бар,
Махамбеттер де өлмеген!

P.S. Сол сұмдықты бұ қазақ татар ма екі?
Дендер асып Оралыма қаһар жетіп.
Әр қазақтың бойында Махамбет бар,
Әр заманның болған ғой Махамбеті!

                                                                                    Әділет ОРЫНБАСАРОВ

 

ЖАҢА ЖЕЙДЕ
Қабылдағам ең аңғал бала күйде,
Үлкендерде қалыпты сана кейде.
Неге екенін білмеймін…
Мен мәз болдым,
Менің көкем алғанда жаңа жейде.

Жейдесіне қызығып, тағы өсуге,
Қатты құштар болған ем сенесің бе?!
Сол жейденің түсі де, матасы да,
Ілгегі бар қалтасы әлі есімде.

Жүрегіме қонақтап арман сонда,
Ұзақ қарап отырдым жанған шамға.
Шаттандым жаңалыққа…
Менің көкем,
Ескіліктің адамы болған соң ба?!

Ажарлы тағдыр болса, сүйесің көп,
Сүйесің көп,
Басыңды иесің дөп.
Әжем де жас баладай тамсанды ұзақ,
«Достарың шақырғанда киесің» деп.

Көкемді енді көбі танымас-ты,
Бұл киіммен сияқты бәрі жақсы.
Қырдағы мал артында жүрген жанның,
Бір-ақ жейде өзгеше өңін ашты.
Кенеттен сыр бергендей «дерті» міне,
Баяғы мінезіне келді түге!
Киіп көріп, тастады бүктеп-бүктеп,
Сала салды сандықтың ең түбіне.

Қазақстан мен көкеме таныс машық,
Үміт беріп, кетеді алыс қашып.
Жейдені киіп жүрсе, бір сұлумен,
Шіркін, жүрер ме еді ол қол ұстасып.

Жаңа затқа талпындым құштар ұлдай,
Одан басқа қажыдым іс табылмай.
Менің көкем жаңадан қашып жүрген,
Дәлме-дәл менің Қазақстанымдай!

Өзгермеді көкемнің өмірі өңі,
Мендегі сол балалық сенім еді.
Жейдесін сандығынан шығарғанда,
Қазақстан өзгерердей көрінеді…
Мүмкін!

АЛДА МЕНІ…
Мына өмір түрмеде нем бар еді,
Бәрі де уақытша ғой жалған, өлі.
Сүйретіліп жүргенде сүйеу болып,
«Бәрі жақсы болар» деп алда мені.

Алда мені ардағым, баладай көр,
Менің сәби жырыма анадай бол.
Бір жығылсаң кететін таптап өтіп,
Бұрылып та артына қарамайды ел.

Жасып барам,
Жатсынып бұл ғаламды,
Қолдан жасап бұралаң, шырғалаңды.
Алда мені…
Бір жарық сыйла сосын,
Менің күнім жарқыным тым қараңғы.

Мәз болайын соныңа «балдан» татып,
Сезінсем де бұла таң қалғанда атып.
Ып-ыстық құшағыңа басып тұрып,
Жіберсең қандай ғажап алдарқатып.

Алда мені,
«Жүрегің тірі екен» деп,
Сол жүрекке жатсынбай кіре төрлет.
Әрі қашқан жүзімді жылы етер боп,
Күлі шыққан жанымды гүл етер боп…

Кетсем де содан кейін енді ілгері,
Еңсемді баса алмайды-ау жол дүрмегі.
Селкеу түскен сенімді аршып алып,
Бір жарық дүниеге сендір мені.

Алда мені,
Соған жан өзі бейім,
Әйтпесе «шындықтардан» мезі күйім.
Жұлдыздарды көрсетші терезеден,
Жарқырауға ұмтылып көз ілейін.

Бір сәтке ақыныңның ая жайын,
Келтірсең де сезімнің қай орайын.
Ертегі айтып ұйықтатшы әжем сынды,
Түк болмағандай оянайын…
Алда мені.

ЖАЙЫҚҚА АЙТТЫМ…
Жайыққа айттым апа…
Айт дегенді,
Оған айқын біздегі жайттар енді.
Бар мұңынды, сырыңды айтқандаймын,
Жолын таппай, адасып қайтқан елді…

Айттым бәрін,
Ақ апа-ау,
Сол Жайыққа,
Тәнді қайтем, бұлқынған жан қайықта.
Тебініп те айтайын қажет болса,
Айтайыншы болмаса қол жайып та.

Алтынға балайды екен ғұмырды кім,
Сол Жайыққа төгілді жуынды мың.
Әдебінен жаңылған ұлыңды айттым,
Айттым сосын тағдырын бұрымдының.

Айттым апа,
Қоғамның ағынын да,
Жүрек түкпіріндегі жарығын да.
Ал Жайық бәрін тыңдап алады да,
Өзіңді, Фаризаны сағынуда…

Жайыққа бардым бір күн іңір түсіп,
Сырды жақын ұға алмай мұңымды сырт.
Өз-өзінен жиіркеніп, аттай тулап,
Жасап жатты сол сәтте ғұмыр түсік.

Айттым апа,
Бір жүрек шалғайда жүр,
Жазып-жазып жүр ол да маңдайға жыр.
Сәлеміңді жеткіздім жақыныңа,
Ұсына алам өзіңе қандай мәзір?!

Бояулары өмірдің жүз баттасқан,
Нендей жауап береді күзге от басқан.
Айттым апа барлығын,
Сол Жайығың,
Тыңдап жатты барлығын міз бақпастан.

Жұтып жатыр өзіне қанша ойды көп,
Ойлардан ол да білем шаршайды көп.
Бір дауысты,
Бір үнді күтті бәлкім,
Бір өлеңді сендегі аңсайды тек…

Айт дегенді айтармын,
Жеткізермін,
Жайық барып өзім де көп түзелдім.
Тіл қатқандай аққанын естіп тұрмын,
Оны да жүрегімнен өткізермін.

Қармағын жүр біреулер былай қармай,
Күнінен шаттық кеміп, шырай қалмай.
Сол Жайығың жан апа азып кетті,
Кеттім бүгін көрдім де, түк айта алмай…

Аядым…

САҒЫНЫШЫМ БАР
Күн сайын күткен көктемін,
Балаша әлі сенімі,
Өткенге өкпем жоқ менің,
Сағынышым бар ең ұлы!

Сағынышым бар,
Сарғайған,
Еске алсам нұрға шомылам.
Шерткен соң өмір маңдайдан,
Бағынам тағы бағынам.

Сол ескі үй,
Әжем және мен,
Кешқұрым қолға ап көрпесін.
Сөздерін бастап көнеден,
Еркелететін еркесін.

Пешке нан салып,
От жағып,
Жүретін іштен күбірлей.
Бүгінде ойласам жоқ бақыт,
Сол кездің бір-ақ күніндей.

Уақыт!
Ақын еді ол,
Тап маза!
Рас, ақын еді ісім де.
Жүретін жаным тап-таза,
Төрт жолдың ғана ішінде.

Өткенім сондай бағалы,
Бүгінім мұңға батырды.
Қайтарыңдаршы баланы,
Қайтарыңдаршы ақынды.

Бар ісім ойлау,
Алдану,
Айтатын енді түгім жоқ,
Күнкөріс сосын жан бағу,
Әжемдей жүрмін күбірлеп.
                                                                                   Ақтілек ӘЛІБЕКҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір