Жұмабек жұртшылық жадында

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шаңырақ көтергеніне 90 жыл толу мерейтойы аясында, 23 қарашада қоғам қайраткері, журналист, публицист, ғалым Жұмабек Кенжалиннің туғанына 70 жыл толу мерейтойына арналған «Қазақстан қоғамындағы ақпараттық үрдістер: БАҚ менеджменті мен маркетингі және PR» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Конференцияны белгілі журналист, ғалым, университеттің журналистика факультетінің деканы Қуат Әуесбайұлы жүргізді. Жиын барысында қоғам қайраткерлері, белгілі журналист қаламгерлер, ғалымдар Сауытбек Абдрахманов, Жанболат Аупбаев, Өмірхан Әбдіманов, Қайнар Олжай, Талғат Айтбайұлы, Серік Әбікенұлы, Жұмабектің жары Әлима Кенжалина, баласы Дастан Жұмабекұлы Жұмабектің қазақ журналистикасына, ұлт руханияты мен ғылымына қосқан, сіңірген еңбегі туралы, азаматтық болмысы қақында кеңінен сөз қозғады. Сол отырыста Ж.Кенжалиннің «Атамұра» баспа корпорациясынан жарық көрген «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» атты жинағының тұсауы кесілді. Корпорация президенті Рақымғали Құл-Мұхаммед кітаптың маңыз, мазмұнын, оқырмандар үшін несімен құнды екенін дәйектей келіп, оны алтындатылған қаріпті қаптамамен шығаруға шешім қабылдағанын тіліне тиек етті. «Өнегелі өмір» сериясымен шыққан «Жұмабек Кенжалин» кітабының таныстырылымы да конференция аясында өтті.
Содан соң Алматы қаласының Панфилов көшесінде Жұмабек Кенжалин тұрған үйге қойылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсімі болды. Өмірхан Әбдіманұлы жүргізген жиында С.Абдрахманов, Қ.Олжай, Жұмабектің туысқандары Бақдәулет Құмаров, Кенжалы Мырзабай сөз сөйлеп, тақтаны ашты. Соңында «Отырар» қонақүйінің мейрамханасында марқұмның рухына бағышталып Құран оқылып, ас берілді.
Бегарыс БОЛАТ,
Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТ
университетінің 1-курс студенті