ШӘКІР АҚЫН
Шәкiр Әбенұлы 1901 жылы 1 наурызда Семей (қазіргі Абай) облысы, Шыңғыстау (қазіргі Абай) ауданы, Құндызды ауылында туған. Кеңестiк кезеңде өмiр сүрiп, «халық жауы» атанып, тағдыр талқысына түскенiне қарамастан, қазақ әдебиетiне мол мұра қалдырған ерекше ақын. Өзінің өлеңдеріне ән де шығарып, шаршы топта домбыраға қосып шырқап айтатын, шақпа тілді, бөгелмей төгілетін айтыс өнерінің жүйрігі, ауыз әдебиетінің айтулы білгірі, терең шежіреші, батагөй баба атанған тұлға.
Шәкiр тiкелей тәрбиесiнде болған әкесі Әбеннiң ықпалымен ауыл молдасынан мұсылманша хат таныған соң Семейдегi «приходская школада» үш жыл оқыған. Мұсылманша және орысша сауатын ашқан, жасынан зерек, зейiндi Шәкiрдің өнер-бiлiмге деген құштарлығы ерте оянады. 1915 жылы Семейдегi ер балалар гимназиясына оқуға түседi. 1916 жылғы көтерiлiске байланысты оқуын жалғастыра алмай, ауылына қайтқаны туралы, ақынның қызы Сана қынжыла еске алады. Әкесі Әбен Бітімбайұлы Меккеге барып қажы атанған, сауатты, өз заманының белгiлi болысы болған. Абаймен тұстас, үзеңгілес жүріп, ел басқару ісіне араласқан.

1914 жылы әкесі 13 жастағы Шәкiрдi «он үште отау иесі» деп, белгілі бай Көсембай Айдосовтың қызы Шәрәпиге үйлендiрген. Шәрәпиден Матай темiр жол станциясында қызы Орынтай Шәкіровадан тараған жиендері тұрады.
Соғыстан оралғаннан кейін Серікбүбіге үйленіп, 1945 жылы Дауа, 1956 жылы Сана дүниеге келген. Арасында өмірден ерте өткен Дару, Дана, Ару, Лаула, Айна, Жайна атты ұл-қыздары да болған екен. 1981 жылы әйелі Серікбүбі қайтыс болып, артында қалған тұяғы Сананың қолында ғасырға жуық жасап, 94 жасында өмірден өткен.
Белгілі ғалым Серік Қирабаев: «Ахмет пен Міржақып идеясы елді оятты. Алдымен, ойы бар, ақылы бар жас таланттар оянды. Олар ұстаздарының ісін жалғастырып алып кетті. С.Торайғыров, М.Жұмабаев, С.Дөнентаев, М.Сералин, С.Көбеев, Ж.Аймауытов, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Әуезов сияқты бірін-бірі толықтыра шыққан жастар тобы әдебиеттің жанрлық, тақырыптық ізденістерін байытып, қазақ халқы өмірінің шындығын кең көлемде бейнелеуге жетті. Елдің артта қалушылығын сынап шеней отыра, отаршылдық езгіге қарсы үн көтерді, тәуелсіздіктің туын биік ұстауға тырысты» дейді (С.Қирабаев. Ұлт тәуелсіздігі және әдебиет. Алматы. Ғылым. 2001.32-б.).
Осы идеяны жалғастырып, үн қосқан ақынның бірі де бірегейі Шәкір Әбенов даналықтың дәні көктеген Шыңғыстау топырағында ұлылардың ұлағатын көріп өсті. Сусынданғаны – дала философтары көнекөз қарттардың, дуалы ауыз шешендердің әңгімелері, ұлы Абай, Шәкәрімдердің шығармалары.
Шәкiрдiң ақындық өнерi Қазан төңкерiсiнiң жеңiсiмен бiрге келсе де, оның жалауын ұстап, туын көтеруден бойын аулақ салған. Ақын шығармаларының халықшылдығы – Шәкір творчествосының айырықша белгісі. Өмiр шындығын суреттеуде өзi тұстас ақындардың алды, озығы екенiн уақыт дәлелдеді.
Жасынан алғыр, қырағы, озық ойлы Шәкiр патша билiгiнiң құлауына орай қазақ зиялыларының жеке автономия құру жөнiндегi идеясын қолдап, үн қосты. Отаршылдық езгiден құтылып, дербес ел болу қазақ халқының жүздеген жылдар бойғы арман-тiлегi еді. Көзi ашық, сауатты жас ақын Шәкiрдің қазақ өмiрiндегi саяси-қоғамдық өзгерістерге деген көзқарасын шығармаларынан айқын көреміз. Мысалы, «Ғылымы жоқ, өнерi жоқ, сорлы қазақ» өлеңі. Істі болған кезіндегі сұрақ-жауап протоколынан алынған осы өлеңге қатысты ақын: «1919–1920 жылдардағы «Ғылымы жоқ, өнерi жоқ сорлы қазақ» деген өлеңімде қазақ халқы бұрыннан қараңғы артта қалған халық едің, енді өкімет басына большевиктер (орыс) келеді, бұрынғы күндеріңе де зар боласың, большевиктер малыңды, жеріңді алып, өздеріңді күйзеушілік халге ұшыратады деген өлеңім», – деп түсінік береді (бұл өлең алғаш рет менің құрастыруыммен шыққан кітапта жарық көрді – авт. Шәкір Әбенов шығармалары. Екі томдық. Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020.-20-б.).
Ғылымы жоқ, өнерi жоқ сорлы қазақ,
Патшалы шет елдерге болдық мазақ.
Ойыншық бұл көргеннiң бәрi-дағы,
Алдыңда әлде болса, ауыр азап.
Ал ендi қазақ саған түсті салмақ,
Қадалды оң бүйірiңнен темiр қармақ.
Жаман кiсi қызметке жарамайды,
Балаңды солдаттыққа алар таңдап.
Жерiңдi, малыңды алып, басқа ұрады,
Аузыңды аштырмайды, бастырады
Бұрынғы көрген қорлық дәнеңе емес.
Екi үйге бiр қазан астырады.
Ақын Кеңес өкiметi келсе де ел мен жер билiгiнiң қазақтардың өз қолына тимегенiне налып, олардың көздеген мақсатын айқын түсіндi, халыққа түсіндiруге ұмтылды. Ақынның алғашқы шығармаларының идеясы, мақсаты отаршылдыққа қарсы, халықты азаттыққа, тәуелсiздiкке шақыру болды.
1921 жылы кеңестік болыстық сайлауда орысша-қазақша сауатты Шәкiрдi бұрынғы Қызыладыр болыстық басқармасына көмекшi етiп сайлайды. Мұнда 1922 жылға дейiн, яғни бар-жоғы бiр жыл жұмыс iстеген. Ол кезде Қызыладыр болыстық басқармасының тiзгiнi өз уақытының белгiлi байы Меңдебай Арыстанбаевтың қолында болатын. Бұл жұмыстан кету себебi болыстың қолшоқпары болудан бойын аулақ ұстағысы келген. 1922 жылдан өзiнiң шағын шаруашылығына қарайлап, қолына домбырасын алып, ел аралап ән айтып, ақындық өнерді серік етті. Осы кезеңде Ағашаяқ, Көкбай, Шәкәрiм, Уәйiс, Әрiп, Тайыр сынды Абай мектебi шәкiрттерiнiң өлеңдерiн, толғауларын, дастандарын тыңдап, шығармашылықпен айналысуға бет бұрған.
Голошекиндiк кiшi Октябрь және ауылды колхоздастыру шаралары – Қазақстан тарихындағы ең бiр қиын кезең. Кезiнде патша үкiметiнiң отарлау саясатына қарсы шыққан, ендi жаңа орнаған Кеңес үкiметiнiң сұрқия саясатын түсіне бастаған халықтың адал ұлдарын ұлтшылдар, байшылдар деп қудалау басталған кез. Бай-болыстарды, дербес елдік үшін күреске шыққандарды атып, туысы, бала-шағасын түрмеге жауып, жер аударып, қудалауға ұшыратты.
1927 жылдары Шыңғыстау елiнiң бай, би, болыстары, олардың балалары тұтқынға алынып, конфескеленiп, жер аударылды, қалғандары 1931 жылы атып өлтiрiлді. Кешегi бай, болыс, қажының баласы, өтiрiк көлгiрсудi бiлмейтiн, шындықты жасырып тұра алмайтын, арамдық пен арсыздыққа жаны қас орақтiлдi ақын Шәкiрдi де кеңестік белсендiлер қудалай бастаған. Ақынның «Құдай-ау, күн көремiн қайда барып», «Осы адам кейiн болды құстан неден», «Кiм қалды, мыңнан бiрi қалды», «Аман бол, ата қоныс, ақ биiгiм», «Батырақтарға», «Колхоз құрлысына», «32 жыл келіп», «Колхозды кім жейді», «Колхоздың жылдық табысы», «Айырылды», «Оқығандар» атты өлеңдерi сол бiр қалың елдi торғайдай тоздырған зұлмат жылдарда дүниеге келген.
Құдай-ау, күн көремiн қайда барып,
Көзiң жұм, көрме дейдi мүлде жарық.
Жер басып, дүниеде жүрме дейдi,
Барар жер, басар тау жоқ болдым ғарып.
Байдан тудым жазығым – тапқаны сол,
Өкпе қысып, қолқама салды ғой қол.
Халық шат, шәлекейi бүлдiрдi ғой,
Адастырып, өтiрiк деп тура жол.
Өтiрiк жетiлдiрем деп кедейдi алдап,
Халыққа салды әкелiп ауыр салмақ.
Бүйте берсе бай түгiл, кедей қалмас,
Тауысар-ақ қырып-жойып жердi,
малды-ақ .
«Құдай-ау, қайда барып күн көрем» атты бұл өлеңi Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен алынды. Сұрақ протоколында: «1927–1928 жылдарда «Құдай ау, қайда барып күн көрем» деген шығарма өлеңімде мен байларды конфискациялауға наразы жат пікірімді өкіметке қарсы өлең етіп жаздым» деген (өлең алғаш рет менің құрастыруыммен шыққан кітапта жарық көрді – авт. Шәкір Әбенов шығармалары. Екі томдық . Нұр-Сұлтан: Фолиант, 2020.-18-б.).
Байқасаңыз, осы шумақтан-ақ өмірден өгейлік көрген эпик ақынның өз тағдыры менмұндалап тұр. Адамның жеке басының сезім күйлері тек қана бір адамның тіршілігін күйттемей, жалпы адамға тән сипаттарды кеңінен бейнелей алғанда ғана қоғамдық мәнге ие болатынын ескерсек, ақын өз басынан кешкен күйініш-сүйінішін көрсете отырып, туған халқының өміріне терең бойлағанын айқын сезінеміз.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің архивінен алынған тағы бір өлеңі «Осы адам кейiн болды құстан неден» деп басталады. Үш шумақты, он төрт жолдан тұратын бұл өлеңінен де елінен, жерінен, мал-мүлкінен айырылып қудаланған, барар жер, басар тау қалмай сергелдеңге түскен Шәкір ақынның қасіретті тағдырын көреміз. Бұл да – ақынның жеке басына жасалған залал ғана емес, Ресей империясының ХХ ғасыр басында қазақ халқына жасаған зұлматының шынайы көрінісі.
Осы адам кейiн болды құстан неден,
Тiлегiм қанат байлап ұшсам деген
Төбесiнен кетсем де бiрақ төнiп,
Егесiп ерегескен дұшпан менен.
Қарға болсам болмай ма тамағым тоқ,
Мергендерде менсiнiп шығармас оқ.
Құрысында боқ шоқып күн көргенiм,
Ешкiмге қадыры жоқ, қасиетi жоқ.
Қанатты болып аспанда өмiр сүрмей,
Аяқты болып әуреде жерде жүрмей.
Көкке ұшып, көлге қонсақ қаршыға бар,
Жерге қонсақ қоймайды иттер үрмей.
Көкпенен жерден басқа тұрағы жоқ,
Құтылуға шарам жоқ көрге кiрмей, –
деген жолдардан жаңа билік өксіткен ақынның аузын ашқан аждахадай жүйеге жұтылып бара жатқан ұлт тағдырына араша болар дәрмен жоқ, шарасыз халін, жан күйзелісін көреміз.
Большевиктердiң «жаңа қоғам» орнатуы барысында бай, ауқатты адамдарға қарсы күрестiң күшеюi, елдiң бас сауғалап шетке қашуы, мал-мүліктің ортаға алынуы, яғни қолдан жасалған жұт қазақ ауылдарының тоз-тозын шығарып, халықтың тең жартысының аштан қырылуына әкелді. Осы нәубет жылдары Мақаншы ауданы арқылы шығыс өңірінің талай адамы Қытай асқаны белгілі. Оның ішінде мыңғырған мал ұстаған, жер иеленген, атқамінер, бай болған Шәкірдің ет жақын туыстары, бір әкеден туған ағалары да бар. Олар Кеңес үкіметінің алғашқы күндерінен-ақ кәмпескеге түскен. Ата-бабаң бай болған, жер иеленген, жалшы ұстаған, туғандарың Қытайға қашып кетті деп түртпектей бастаған соң Шәкір де бас сауғалап,1928 жылы Мақаншы жаққа барады. Ондағы ойы қысым күшейіп жатса, туыстарының артынан Қытайға өтіп кету болса керек. Мақаншыда суырыпсалма ақындығымен, сал-серiлiгiмен аты шыққан Таймас Есенұлының үйін паналайды. Таймас Есенұлы 1882 жылы Мақаншыда туып, 1937 жылы «халық жауы» атанып, атылған. Зираты Мақаншыда. Артында қалған ұрпақтары бар.
Сол жылы Мақаншы аудандық терi-терсек мекемесiнде қабылдаушы болып жұмыс iстеген ол 1930 жылы жабылуына байланысты Үржар аудандық терi-терсек мекемесiне қоймашы болып орналасып, 1932 жылға дейiн жұмыс iстейді. «1931 жылы аштықтан босыған жұрттың қасiретi басталды. Алматыдан жер-жерге арнайы өкiлдер шықты. Абай ауданына Сәрсен Аманжолов, Мақаншыға Бейiмбет, Үржарға Сәкен бөлiндi. Мен Сәкен Сейфуллиннiң қасына iлесiп, атқосшы болдым. Қайда барса да тастамайды. Елдi сергiту үшін ән айтып, көңiлiн көтеремiн. Сәкен қайтарында Алматыға шақырды. Бiрiншi рет Алматыға жолым 1933 жылы түсті. Онда Сәкен Карл Маркс көшесi, 31-үйде тұрды. Анда-санда сол үйге барамын, маған қаражат жағынан көмектестi» дейтін еді әкем. Сол сапардан оралысымен 1933 жылы Үржарда «халық жауы», «сәдуақасовшылар» қара тiзiмiне iлiнiп қуғындалып, тергеуде болыпты»,– деп еске алады Сана Шәкірқызы.
1937–1940 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының әдебиет секторында ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы болып, ел аузынан қиса-дастандар жазып алып, Сабырбай, Дулат, Жанақ, Түбек және тағы басқа ақындардың мұраларын жинастырып қолжазба қорына өткізіп, еңбек ақы алып тұрған. Жамбыл Жабаевтың жанында болған уақыты да сол кезең. Әлдебіреулердің көрсетуімен бе, тағы да тексерістер басталғанда Семейге келіп, Абай музейінде бір жылдай экскурсовод болып істейді. Қайда барса да ізіне түскен тыңшылардан мезі болған ақын, өзі сұранып 1942 жылдың маусым айында соғысқа аттанған. Сталинград түбіндегі кызыл қырғында ауыр жараланып, алты ай госпитальда жатып, 1943 жылдың шілде айында соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарған.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті архивінен алынған әлеуметтік мәселені көтерген өлеңінің бірі – «Туысқан, бір-біріңнен кетісерсің». Бұл өлеңінде халқымыз бастан кешкен зұлматты жылдардағы колхоздастыру кезеңінің ақиқатынан көрініс береді. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі даму жолымен келе жатқан қазақ елінің тіршілік көзі болған жері мен малынан айрылуына байланысты ақын «бас еркіңді қолыңнан байлап беріп, кедейлер колхоз болып жетісерсің» дейді. Өлеңнің соңғы екі шумағында сол жүйенің болмысын ашып,зардабын көрсетіп берген:
Колхоз деп бар малыңды ортаға алса,
Кіру жарнасы деп салық салса.
Күндіз-түні салпылдап жұмыс істеп,
Киім тозып, есінен мүлде танса.
Өзің жаза тартасың өздеріңнен,
Көрерсің мен айтпай-ақ көздеріңмен.
Құтыла алмай жүрерсің кіріп алып,
Қан ағып жас орнына көздеріңнен.
Сол кезеңдегі қоғамдық жүйені терең түсініп, ашық айту ақынның ерекше пайым қуатын байқатады. Ол кеңес өкіметінің мән-мақсатын, ел басына қара түнек әкелетінін Алаш арыстары сияқты терең түсініп, көре білген, шығармалары арқылы наразылығын білдірген. Сол үшінқудаланған.
Иә, ақын алғашқы өлеңдерiнде-ақ партия саясатының солақайлығы, халық басына әкелген бақытсыздығының болмысын дөп басып, сол кездегі ел билеу жүйесінде орын алған белсенділік гәптің халыққа тигізген зәбір-залалын поэзия тілінде ашып көрсете білді. Бұл «Колхозшы үлесем деп жылдық табыс», «Колхозды кімдер жейді», «Осы елді табанға сап жүн ғып түтті», «Кейбiреу өкiметтiң атын сатып», «Жамандаймыз», тағы басқа осы сипатты өлеңдерінде көрініс тапқан.
1949–1955 жылдары үкiметке қарсы үгiт жүргiздi деген үкіммен темiр торға қамалып, азап шеккен Шәкiр түрмедегі осы азапты кезеңде де жазудан бас тартпайды. Оқырман қауымын елең еткiзер «Қызым Дауаға хат», «Елiме хат», «Осы елдi табанға сап жүн ғып жедi», «Оқырғандар» нағыз азаматтық лирикаға жататын өлеңдер.
Ал, Дауам, алдым қалам саған арнап,
Көзде жоқ, көңiлде бар мен тiрi аруақ
Айырылу бар, айырылған соң қосылу бар,
Сен атам, мен ботам деп жүрмiз
зарлап ,–
деп қызына деген сағынышты дара сезiмiн, мұңын бiлдiруден басталатын «Қызым Дауаға хат» өлеңі арқылы сүйген жар, дос, туыс, таныстарына да сарғайған сағынышын әсерлi жеткiзедi. Түрмедегi көрген қорлығы, оның қатал заңы, кiр, лас камералар, аштықтан, суықтан шеккен азабы:
Мейлiнше сыбағысты денем кiрге,
Адам түгiл басынды бит пен бүрге.
Етсiз денең жабысып сүйегiңе,
Қасысаң қан шығады, болды сiрне, –
деп абақтының азабын қаз-қалпында қарапайым тебiренiспен бейнелей келiп, көпшiлiктiң назарын заманның солақай саясатына аударады.
Халықты нанша илеп, сазша таптап,
Заманның таза жолын жүр ластап.
Жуындыға семiрген бұралқы иттер,
Мен түгiл арыстанды болды қаппақ.
Бұл өлеңiн бiр ғана қызына арнамаған, үкiмет басшыларының солақай саясатын жеткiзiп, көңiл аударту мақсатында халқына хат арқылы қиыннан қиыстырып, шұбарламай, ұғымға ауырлатпай жеңiл түсінiкпен жеткiзе бiлген. Ақын қандай қиын-қыстау жағдайда да, тіпті өмірі сынға түскен қатерлі шақта да ақиқатты айтқан, сынын да, мадақ сөзін де шындыққа бағындырған, әділеттің ақ жолынан таймай, өмір құбылыстарының қандайын да шынайы толғаған. Шәкір шығармашылығы мен ақындық атақ-абыройының халық арасына кең таралуының басты сыры осында.
«Елiме хат»атты өлеңiнде туып-өскен жерге деген ыстық сағынышын жеткiзумен қатар, сол елде кешегi алғыр, шешен Құнанбайды да Омбыда алты ай бойы тергеуге жатқызған, ғұлама Шәкәрiмге мола түгiл көрдi де бұйыртпаған пасықтардың әлi барлығы айтылады:
Жазаңды өтеп, қайтсаң елге ақталып,
Қасың түгiл, досыңнан да сақтанып.
Екi елi ерiн, бiр тiлiңе ие бол,
Аздап сөйле, елiрме де мақтанып.
Заманының сол кездегі саясатынан тайсалмай, Құнанбай, Шәкәрiм туралы ашық пiкiр бiлдiру Шәкiрдiң адамдық, ақындық табиғатын танытса керек.
«Оқығандар», «Айырылды» өлеңдерiнде заманның талай тауқыметiн көзiмен көрiп, басынан кешiрген ақынның жырлағаны – елдiң мұңы, тарих пен тағдыр шындығы. Соғыстан кейiн ел еңсесiн жаңа көтере бастаған 50-жылдардағы қайта айналып келген зұлмат:
Ақсақ, тоқсақ, кемтарға сан жетпейдi,
Бала жетiм, әйелдi жесiрлейдi.
Ат қойып саясатқа айдай бердi,
Алды да өтiрiк пенен көшiрменi.
Сол жылдардағы Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайловтар сияқты қазақтың сүт бетiндегi қаймақтары да қамалып жатқан болмысы шынайы суреттелген: «Айырылды есер түгiл естi есiнен, Шебер тiлi жаңылды кестесiнен». Сонымен қоса осы өлеңінде Кеңес үкiметiнiң сойылын соғып, тiлiн, дiнiн ұмытқан пысық, шала сауатты белсендiлердi түйресе, көптiң көзi көрiп, жүрегi ауырған, бiрақ қолға қалам алып жаза алмаған тақырыптардың бiрi – ұлттық тiлiмiз, салт-дәстүр, мәдениетiмiздiң орнына бөгде тіл мен мәдениет, дәстүрдің үстемдiк алуына наразылығын ашық айтады.
Өзіне тағылған үкімнен алпысыншы жылдардың басында толық ақталғаннан кейiн, ақынның әр жылдары жазылған поэмалары жеке-жеке кiтап болып басылып, өлеңдерi мерзiмдi баспасөз бетінде жарық көріп тұрды. Алпысыншы жылдардан бастап өмiрiнiң аяғына дейiнгi өлеңдерiнде өзі туралы, өмiр туралы жырлайды, өмiрдiң әртүрлi құбылыстарын, келеңсiз көріністерін сынап, өзiндiк ой түйеді, оқу, бiлiм, өнерге шақырады, адамдық, адамгершiлiк, әділдікті биік қояды.
Шәкір – өз өмірін өлеңмен өрген, өлеңмен егіз ақын десек, қателеспейміз. Өлеңмен өрілген өмірі аз емес, өзі айтпақшы: «Көп естіп, көпті көрген, бір ғасырдың куәсі экспонатпын» дейді. Бойында талант қуаты бар, қолында қаламы бар ақынның өмірімен егіз өлеңдері «Тіршілік – лай ағын, мезгіл – арна», «Өнбесті ойлап тұншықпа өкінішке», «Дүние жаралған жоқ бір кісі үшін», «Менде жоқ үстемдерге жағар қылық», «Сабылып сағым қудым, мініп желге», «Серігім – өлең», «О, тіршілік, тіршілік», «Кәрілік мені мүлде жазалады», «Жатқам жоқ айға қарап, жұлдыз санап», «Жарғанат емеспін мен жарға бұққан», «Наданның сөзі ойнақы, ойы соқыр», «Тіршілік – сейіл-серуен, әуре-сараң», «Өнеге іс», «Сырым», «Өлсең де өнер сөнбес, өмір сөнер», «Әркімнің көксегені – бір бас пайда», «Қайрат-күшті кәрілік алды тонап», «Тоқсанның торындағы тотысымын», «Үрейім ұшты өзімнің көлеңкемнен» атты өлеңдерінен адами өмірбаяны қаншалық тағдырлы болса, әдеби әлемінің де сондай күрделі екенін көруге болады.
Ол төңкерістен бұрынғы балаң кезінде қазақ тірлігінің исін сезді, ақ-қызыл болып атысып, шабысқанды көзі көрді, осы төңкерісті пайдаланып ел болуға ұмтылған Алаш арыстарының ілімін көкейге тоқыды,қытымыр-қиғаш кеңес дәуірінің небір қилы кезеңдерін көріп, отыз жетінің зұлматынан аман қалды, қырық бірде соғысқа аттанып, жаралы оралды. Он жылдай саяси тұтқындықты да басынан кешірді. Ақталды, үкімет қамқорлығында болды. Туған елінің егемендік алған кезеңін де көрді. Осындай мың құбылған өмірі Шәкірдің аталған өлеңдерінде ақындықпен егіз өріліп отырады.
Абайдың даналығын терең түсінген ақын «Абайдың ақындығы», «Абай сөзі құлпырмақ күнде гүлдеп», «Қазақ халқы – Абайдың мұрагері», «Сөзін ұғу оңай ма ғұламаның» атты жырларын арнап, хакімнің ақындық қуатын өзінше бағалайды. Ақынның 125 жылдық мерейтойына арнаған «Абайдың ақындығы»атты өлеңі республикалық мүшәйрада бас жұлдеге ие болды.
Поэмалар Шәкiр Әбенов творчествосында келелi орын алады. Ақын «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Кейпiн батыр», «Таңшебер-Жапал», «Тоқтамыс батыр», «Қорқыт» тәрiздi поэмаларымен әдебиетiмiзге салмақты үлес қосты.
Бесігінен Абай әнiнiң әлдиiне қанып өскен Шәкiр – поэма жанрына қалам тартуында iргелi мектептен тәлiм алған талантты шәкiрт. Абайдан соң бүкiл қазақ әдебиетi соны сапаға көштi десе, «Ескендiр» мен «Масғұт» поэмалары да осы жанрдың көшбасы десе болғандай. Абай поэма жанрын өзiнiң төл шәкiрттерi арқылы, оларға тапсырма берiп, қадағалап, сынап, бағалау арқылы одан әрi дамытты. Шәкәрiм «Жолсыз жаза», «Қалқаман-Мамыр», «Нартайлақ пен Айсұлу», Ақылбай «Дағыстан», «Зұлыс»,Мағауия «Медғат-Қасым», Көкбай «Сабалақ», Әсет «Салиха-Сәмен» поэмаларын жазды. Қазақ әдебиетiнде Абайдың осы дәстүрі кең ауқым алып, өрiсiн кеңейттi. Ұлы ақын өмiр сүрген дәуiрден бастап бергi кезең жайлы сөз еткенде, Абай салған айқын iзiне iлеспеген ақын-жазушы кемде-кем. Поэма жанрын өз творчествосының негiзгi дiңгегi еткен Шәкiр Әбенов – осы ұлы көштi жалғастырушы. Белгiлi ғалым, марқұм Мұхтар Мағауин Абайдың«Ескендiр» поэмасының идеясы туралы «Аңызға құрылғанымен, тарихи материал негiзiнде, тарихи кейiпкерлер турасында жазылған «Ескендiр» де замана талабына орай туған шығарма, ұлы ақынның отаршылдық экспансия күшейген ХIХ ғасыр турасындағы ой-толғамдарының нақты көрiнiсi болып табылады» дейді. Осы тұрғыда Шәкiрдiң 1938 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарық көрген «Кейпiн батыр» поэмасына тереңдей үңiлер болсақ, өз заманының көкейкестi мәселесiне жауап берерлiк, Абай сарынын салған жерден аңғаруға болады. «Ескендiр» поэмасындағы Абай ойы, идеясы Шәкiр поэмасында жалғасын тауып қана қоймай, тереңдеген десе болғандай. Ақынның ойынша, елдiк жолы отарлаушы Ресейдің айтқанына көну, айдағанына жүру емес, ол осы туындысында елдiктi аңсаған, ерлiгiн сақтаған, теңсiздiкке төзбеген, күреске көтерiлген кейпiндердiң бейнесi арқылы оқырманды шуақты ойларға шақырады. Шәкiр Әбеновтың қай шығармасы болмасын заман шындығын көрсететiн осындай келелi ой, терең идеялар молынан кездеседi.
Шәкiр Әбенов қазақтың көне дәуiр шындығын елестететiн бағалы мұрасы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырын өзiнше жаңарта, жаңғырта жырлаған, мазмұнын тереңдетіп, көркемдігін жетілдірген. Көне жырдан классикалық үлгідегі поэма тудырды. Шәкірдің көпке ақын болып танылу кезеңі поэманың 1937 жылы «Әдебиет және искусство» журналында жарияланып, әдебиет алыптарын елең еткізіп, назар аудартқан осы уақыттан басталды десек болады.
Көп нұсқалы ескi жырды Шәкiрдiң отызыншы жылдардан бастап жаңғыртуының себебi, ерте кездегi адам еркiндiгi, бас бостандығының жоқтығы мына заманда жаңаша сипат алуы, кеңестік кезеңде қазақтың әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тiл мен дiн сынды асыл қазынасының шектеліп, шеттеліп бара жатқанын байқағандықтан жасалған шара.
Шәкiр Әбенов шығармашылығы «Ортақ арал», «Ана махаббаты», «Патша мен байғыз», «Қорқыт қобызы» тәрiздi шығыс аңыздары негiзiнде жазылған поэмаларымен толыға түседi. Бұл поэмаларында да шытырман оқиғалар, қым-қуыт тағдырлар, қилы заман қасiретi кеңiнен сөз болады. Шәкiр поэмаларындағы бейнелер бiрiн-бiрi қайталамайды. Ақын әр шығармасында соныдан жол салуға, жаңа портреттер жасауға ұмтылады. Оқиға қуып, қарабайыр баяндауға салынбайды. Поэманың кез келген тұсын оқыңыз, суреткерлiк таланттың таңбасын жазбай танисыз. Жоғарыдағы аталған поэмаларынан халық өмiрiн терең бiлетiн, сан ғасырлық халық поэзиясының, сөз өнерiнiң бай дәстүрлерiн, бейнелеу тәсiлдерiн еркiн игергенiн айқын аңғарсақ, «Патша мен Байғыз», «Қорқыт қобызы» атты шағын поэмаларынан күрделi философиялық ойларды әсерлi жеткiзудегi ақындық шеберлiгiн, жаңашылдығын сезiнiп, тәнтi боламыз.
Шәкір Әбенов – поэзиямен қатар проза жанрына да қалам тартқан тұлға. Шығармаларында адам бойында кездесетін жақсы-жаман қасиеттерді суреттей отырып, гуманистік, адамгершілік мәселелерге басымдық береді. Прозалық шығармаларына адами қасиеттерді дәріптейтін шығыс аңыздары арқау болған. Олардың қатарында «Жолаушының әңгімесі» атты айдармен берілген, аңызға құрылған «Кіріспе», «Молда сопы», «Кезбе шал», «Патша мен шал» атты өлеңмен жазылған туындылары, «Маскүнем шебер», «Мусаннифтің зайыбы» деп аталатын көлемді әңгімелері оқырманға жақсы таныс.
Шәкiр Әбенов шығармалары – оқырманды рухани ләззатқа бөлейтiн, тәрбиелiк, танымдық әсері мол өнер туындылары.
Айбар ҚАДЫРОВ,
қауымдастырылған профессор