КӨЛЕҢКЕСІ ЖОҚ АҚЫН
24.12.2023
4205
6

Шығыс діндері мен дәстүрлерінде «Адамның өмірге қайта келуі» туралы сенім бар. Бұл реинкарнациялық ұғымды әр халықтың мәдениетінен, миф-тамырларынан іздесек, жауыннан кейінгі ашылған қауашақтай қылаң беретіні мұнда. Өмірден тысқары тылсым күштің барына сену – ол да бақыр басты пенденің бір қызығы болса керек.

Біз бүгін өткен өмірінде дәулеті тасып, шалқып өмір сүрген байдың, яки алтын балық үш тілегін орындаған белгісіз бақыт иесінің немесе әлемді дүр сілкіндірген алпауыт империяны басқарған падишаның он жетінші тоқалы болып дәурендеген, орда құлдарымен сайран салған жезөкшенің XX ғасырдың тоқсаныншы жылдары қайтадан жарық дүниеге келуі туралы жазбақпыз. Ол бейбақ кім дейсіз ғой?!
Өткенінде барлық жақсылықтан кенде болмаған пақыр бұ дүниеге АҚЫН болып оралыпты-мыс.

Қаңғыған өлеңдер

Жеті қат көктің үсті, мың батпан жердің асты. Тәңір тағала осы ғажайып екі аралыққа бүткіл тіршілік иелерін өмір сүруді жазыпты. Сол ғажап әлемнің бел ортасында, табиғаттың сұлулығында, топырақтың өңінде, судың бетінде, шөптің нілінде бір-бір тағдыр ғұмыр кешуде. Аңдасақ, өрмекшінің торындай қиюы келіскен жарық әлемнің қайбір бұрышында кезбе ақындар жүреді, қайбір көшелерінде шашылған өлеңдер жатады.
Әлмисақтағы болмысын аңсап, аңқасы кеуіп, ақ таңдай болған бір әлетте бізге белгісіз жас ақын балалығынан адасып, тарихи бедері бөлек Пекин шәрінде есеңгіреп жүр екен. Ғадауат күндерден безіп, жел айдаған тағдырының әкеліп соққан жері осы. Қай құдайының айдап келгені де беймәлім.
Жиырма миллион халық, күн көзі көрінбес лас ауа, жүздеген шақырымнан тұратын метролар, қайшыласқан жолдар… Қайнап жатқан өмірдің ортасына топ ете түскен жас ақынды ештеңе қызықтырған жоқ. Оның жүрегін қаланың белгісіз бір саябағындағы арху тартқан (Қытай халқының ішекті аспабы) қаусаған шал шымырлатты. Тағатсыз көңіліне шал тартқан күй алданыш, демеу болды. Миллиондаған тұрғыны бар алып қаладан дос таппай, жай таптырмаған арзу арманын 25 жасында ерте кеткен Қытайдың жойқын ақыны Хайзыға арнады:
Ей, біздің өлең қасиетті, қасіретім болып сіркіре,
Аңқасы кепкен ақынмын ажалдың жұпар иісіне.
Атымды мен де жемдеймін, жарамын отын, терлеймін,
Адамды бөлді Құдайлар, Құдайымыз бір Хайзы дос,
Мен Құдайларды бөлмеймін…
Бозбалалық шақтың жалынына қақталған, ой асығын жиырманың арғы-бергісінде иіріп, шиырып жүрген маңдайы тайқы жасамыс жігіт. Өлеңі мірдің оғындай, жойқын, қуатты, тегеурінді. Болмысында паңдық бар. «Құдайменен тең тұрады сөйлемім» дейді. Тағдырдың қайсыбір сынағына болса да дайын бозбала Жаратушымен салғыласады.

Құдайға
Жүрегімді қызыл жоса қан қылмай,
Көз жасымды боратқанша жаңбырдай,
Бауырымды балшықша езіп қор қылмай,
Ал мені!

Бастамасы мен екенмін бар сұмның,
Барлығымды тәрік қылдым, таусылдым.
Өз мінезім өзіме де жау сынды
Ал мені!

Екі көзім аспан жаққа сұқ қадап,
Жауғым келді бар қайғымды бұлтқа орап.
Өлер болдым, өлер болдым, ал, Құдай
Өз жүрегім өзіме де сырт қарап.

Пенде екенмін бар бақыттан жаны алас,
Мен шығармын көз жасына ғана мас.
Кеше ғана жай түсті де шарт етті,
Есігімнің алдындағы қара ағаш.

Сол секілді, сол секілді аяма,
Көктен келсін ажалым!
«Ал, мені Құдай» дейді. Япырай! Қандай жүрек жұтқан пенде. Осылай айтуға болама, тәйірі?! Бірақ Құдайға қарсылық ежелден келе жатқан даулы мәселелердің бірі емес пе? Өнер өнер болғалы туған шығармалардан мұндай мысалдарды том-томдап табуға болады. Жақындаған сайын суық, алыстаған сайын ыстық тартатын Тәңірі. Жүрек – оны Құдайға, Құдайды оған жалғайтын жалғыз көпір. Ал өлең не дейді? Өзі таңдап алған тағдыр, өзі қалаған бұлыңғыр тірлік. Соған сай шерменде көңіл, азапты күйді айнақатесіз бедерлейді.
«Жігітке кедейшілік намыс емес» деген Шал ақынның сөзін дәйектейтін болсақ, оған біздің ақын да үн қосқан болар еді.
Ей, Арақкеш!
Ей, Дюана!
Ей, Кезбе!
Неге жылап аласың сен кей кезде?
Шылым шегіп отырасың далада,
Арақ ішіп отырасың бөлмеңде.
***
Табаныңа таптап жалған бес күнді ,
Сенде бары – Өлең, Қиял, Дос-құрбы…
Жүрегіңді ешкімге де бермедің,
Өліп-өшіп сүйе алмадың ешкімді …
Тағы сол мимырт тыныштық. Тағы сол күңгірт бояу. Оның өлеңінен көңіл шабақтар іңкәрлі күйді сезіну беймүмкін. Сүрлеуі тұңғиықтың қырауы шалған шыңырауға, тереңге шым батыратын меланхолиялық реңі басым азалы үн іспетті. Әйтеуір өз жанын жегідей жеген тіршілік иесі. Ешкімді сүймейтін, ештеңе қызықтырмайтын, жалғанға заманақыр орнаса да қапталынан келмейтін ақын. Тек өз қасіретіне өзі ғашық Қуанышбек Өмірбек.
Тағдырға кейісі көгінен кірпігіне ілініп, көзіне жұғатын. Ал одан сорғалаған мөлдір құстар әуеде қанатын қағып, ауада қаңғиды, әуен боп мүлгиді. Сол мүлгіген әуендер, қаңғыған өлеңдер талай соқпақты артқа қалдырып, шекара асып, Алматыға келгенін өзі де аңдамай қалған. Аңдамай қалған дейміз-ау! Мына шумақтарға зер салсақ, бағыт-бағдары айқын ба қалай?!
Батырдай болып жеңген наласын,
Хәлімді досым көрген боласың.
Қалтаңда соқыр тиының да жоқ,
Қазаққа сонда неңмен барасың?!

Осылай шошыр барлығы менен,
Алуан түрлі екен азғыру деген.
Қытайда жаным қырық пышақ қой,
Қазаққа барып, қаңғырып өлем.
Өлеңде ақынның елге деген патриоттық сезімі бізге таныс рухты жігер немесе көңілдің нәзік толқыныстары емес, басқа қырынан көрінеді. Ел қатарлы алып ұшқан көңіл, ессіз сенім жоқ. Онда да не күтіп тұрғанын шамалайтын сынды. Тағдыры мен қатар өлеңінің де есеюі, сергуі, түлегені байқалады.
Ол кинизм жаршысы Диоген секілді «Қауымсыз, Үйсіз, Отансыз» өмір сүруді таңдаған. Немесе Сократтан дәріс алған, сол ағымның басында тұратын белді өкілдердің бірі Антисфен секілді қоғамға жат құбылыс – жалғыздық, жоқшылық, қаңғыру сынды ерекше өмір бейнесін жадына сіңіріп, философия арқылы негіздейді. Өлеңдерінен байқағандай материалдық игіліктерден бас тартып, өз қиялында жасап алған жалғыз аралында тыныш өмір сүрді. Біздің пайымдауымызша ол заттардың алдында бас ию, қасаң қағидаларды, нормаларды шартты түрде қабылдау адамды нағыз болмысынан айырады деп есептеген. Мұндай сана ағынына толы ойларды қалыптастырған бөлек пайым, биік парасат иесін әрине киниктерге жатқызуға болады. Өмірді өткінші санаған Қуанышбек Өмірбек сол киниктердің қатарында.
Жалғыздық – көбінесе елдердің ұғымындағы жапандағы жалғыз үйдің ішіндегі күңгірт тыныштыққа мүлгіген жалғыздық. Ал Қуанышбек Өмірбектің жалғыздығы – екі жарым миллион тұрғыны бар Алматы қаласының ортасындағы, шым-шытырық, шырма-шату өмірмен бітеқайнасқан ұлы жалғыздық. Ол – көптің ішіндегі жалғыз, жалғыздың ішіндегі тура өзі. Ол – Құдайдың досы. Көшедегі бір тал темекі сұраған қайыршының сырласы. Тіпті асыра айтсақ, қайғының анықтамасы. Ал одан туатын өлең тек қана ғажап болмақ.
Сүйгеніме әдемі гүл алмағаным секілді,
Өзімді-өзім өтірік жиі алдағаным секілді.,
Алматы қатты ұнағанымен тұра алмағаным секілді –
Өмір екен бұл!
Күйінішінен сүйініші басым өмірде пендеден емес, тағдырынан қағажу көрген қайран көңіл. Ендігі жарығында тіршілік арбасы қай бағытқа бұрса да тас түйін дайын ақын. Маңдайына жазған осы болмысы үшін адамға да, Құдайға да, ешкімге кінә артпайды. Тек Құдекеңмен сырласады, мұңын шағады, еркелейді, бас иеді, бақталасады. Өзінің иен аралдағы шетсіз де шексіз тұңғиығына көкейтесті арманын онан ары батыра түседі.
Жүрегімде қалғаны сор мен кектің,
Арасында адасып жер мен көктің.
Ешкімді аңсамадым, содан кейін –
Ешқайда апармайтын жолмен кеттім…

Күз. Ақмешіт. Қараша. Қабарған ай,
Қабырғамды сөкпеші
O, жалған-ай!
Сапарға жалғыз шыққан жолаушы едім,
Мен енді оралмаймын
солай …
солай…
солай …
Ол – ешқайда апармайтын жолдың сүрлеуіндегі сапарға жалғыз шыққан жолаушы. Оның оқшаулануы, оңаша өмір сүруі жасанды тірліктен, топас ойдан, тоғышар ортадан алыстауы үшін қабылданған шешім. Бұл – тұйықталу емес, нағыз биік үйлесім, рух тазалығы. Өзін- өзі танудың шарты, жетілдірудің жолы. Нағыз шығармашылық адамның саф таза болмысы осындай болмақ керек.
Атажұртқа келгелі алты жылдың жүзі болса да, ел қызығып қарайтындай ірге теуіп, бай бақуатты тұрмыс кешіріп жатқан адам Өмірбектің ұлы емес. Сонау Қытайдағы ғұмыры да айтарлықтай керемет дей алмаймыз. Өлімнен қашып, Сыр бойында ажалмен айқасқан Қорқыт сынды Қызылорданы төңіректеп, алыс кетер жайы жоқ. Өзіне-өзі жұтылған, өзіне-өзі бағынған, өз-өзіне құл, өз-өзіне Құдай. Адам баласынан жырақ өзіне ғана мәлім бөлек әлемінде барақатты өмір сүріп жүрген диуана. Бар білері өлең жазып, ащы судан шөл қандыру, мекірене шылым тұтату. Өлең дейміз ау, сол жазған өлеңін де жариялайтыны өте сирек, жоққа тән. Газет-журнал тұрмақ сайтқа шығаруға құлқы жоқ. Жоғарыда айтқанымыздай, өз қасіретіне өзі ғашық бір ғарып. Нақтырақ айтсақ, Қуанышбек өлеңді емес, өлең Қуанышбекті таңдаған сынды.
«Қайғыда да әдеп бар» дейді Таласбек Әсемқұлов. Адамның өзінің ішкі әлеміне үңілуінің тәсілі, өзін іздеуі, табуы, тануы біраз уақытты еңсеретін жәйт. Қайғы-қасіретте әдеп барын, бекзадалық барын ол жақсы біледі. Бұл бағытта Қуанышбек Өмірбектің таңдаған жолы, жүрген желісі оңынан болған дер едік. Ендігіде өзіңе беймағлұм бір топырақтан, өзіңе бейтаныс бір әлемнің бұрышынан жапыраққа жазылған өлең жолдарын кездестірсеңіз, өлім халіне дайындалған құр сүлдер, мүрде іспетті қаңғыған өлеңдерінен, қараңдап көрінген сұлбасынан оның кім екенін ажырата беріңіз.

«Құдіретті комедиядағы» Қуанышбек Өмірбек

Бетімді сипаласам, иегім жоқ,
Етімді сипаласам, сүйегім жоқ.
Жасын ішіп күнелтем біреулердің,
Күнелтем, біреулердің жүрегін жеп…

Бұл өмірден мендейлер көп табылар,
Өзін-өзі боққа да
Отқа да ұрар…
Жүрегім жоқ,
Бетім жоқ,
Беделім жоқ…
Адам солай өзінде жоққа құмар…

Тәңірінен ар тілеп,
Ұят тілеп,
Көзімнен жас
Көңілден күй ақты көп.
Менде неге ақыл жоқ
Күн кешірем –
Анамнан жаңа туған сияқты боп…
Көз алдыңызға XX ғасырдың ұлы суреткері Пикассоның ұрланып табылған «Әйелдің басы» картинасы келеді. Айна алдындағы қырық қабат бөлінген бейне, бір жерінен көзі, тағы бір жерінен төртбұрыш басы шығып тұратын ми айналдырар болмыстан шаршаған адамның келбеті. Бөлшектелген айна, ыдыраған мүсін және оларды басқа жолмен дәйекті, қабаттасқан жазықтықта қайта құру үшін жасалынған шешім. Қуанышбек суреткер болғанда кенебінде осындай кескін пайда болар еді. Ал Пикассо ақын болса, «Әйелдің басын» жоғарыдағы өлеңдей жазарма еді деген күдікті үміт пайда болады…
Ащы ішектей ұзыннан ұзаққа созылып жатқан өмірден мән іздеу исі адам баласының ортақ мұраты емес пе?! Ондайда ақын болмысы, ақын жүрегі қайдан аласұрмасын?!
Ақын деген ұғымға қай заманда болсын анықтама беру беймүмкін. Ел қатарлы он екі мүшесі сау адам деп қарастырғанымызбен көзі үшем, бір құлағы артық біткен тұлға ғой олар. Қоғамдағы елеулі мәселелерге өзіндік үн қосып, халықтың шымбайына батқан ауыртпалық олардың да ортақ жарасы екені белгілі. Осы тұрғыда Қуанышбек Өмірбекұлы ешқандай басылымдарда атойлап алға шығып, жеке пікірін бөліспегенімен арғымаққа біткен артық бітімдей өлеңдерінен қарсылық лебі есіп тұрады. Айталық «Бұл өлеңімді ешкімге арнаймын» өлеңінде «Бәрі менің еңсемді басады» дейді. Иә, барлығы біздің еңсемізді басады. Ескі ереже, ескі жол, ескі қағидалар… Өлеңнің бас аяғы өңі кетіп, тозығы жеткен «Жаңа қазақстандық» қоғамды айнақатесіз суреттейді.
Бәрі менің еңсемді басады,
Партиялар, діндер, үнсіз қырылыстар…
Аспанда қалықтаған «ұры құстар»…
Үйсіз, күйсіз бомждар, қайыршылар…
Бітпей қалған құрылыстар…

Иеленіп болдыңдар әлемімді әр,
Куә – жүрек, куә – көз жас, дәлелім – зар!
Бәрі менің еңсемді басады –
Патшалар, уәзірлер және құлдар!

Бәрі менің еңсемді басады
Жаңалықтар, хабарлар, ақпараттар,
Банктер, кредиттер, сот, қамақтар…
Ескі үйлер, ескі жолдар, ескі ереже…
Столдар, орындықтар, ақ парақтар…

Бәрі менің еңсемді басады,
Көз жасына боялған омыраулар…
Басы екеулер.. шекпені, шені барлар.
Адамдар, қатынастар, сатқындықтар,
Сигналдар, сағаттар, қоңыраулар!!!

Бәрі менің еңсемді басады,
Қоғам, өмір және де күйік, арман,
Еңсем-ай, илей-илей иі қанған!
Кешіріңдер, адаммын мен осындай,
Жер шарыны басына киіп алған…!
Әлемнің, төрткіл дүниенің қайғы-қасіретін бір басына меншіктеп алған ақынның өлеңін шып-шырғасын шығармай толық беруге мәжбүрміз. Шығармадан қоғам, қауым, алуан түрлі тағдырлар, оқиғалар, ақ пен қараның шарпысы – бәрі-бәрі анық көрінеді. «Содан кейін Тәңір жаратқан аспан астында қаламгер жалғыз. Жалғыздықтан қашқан адам кітап оқиды. Жалғыздықты жеңген адам оны жазады» деген Дидар Амантайдың жазбасына анық дәлел осы. Ол жазды. Жазады. Жаза береді.
Шын суреткер – заманындағы мәселелерді өзгеріссіз жеткізетін турашыл, әділетшіл, ақиқат жаршысы. Сонымен қатар көріпкелдік қасиетке ие. Айталық, Фридрих Ницше өлерінің алдында «Мені еуропалық соғыстан кейін түсінеді» деп бірінші дүниежүзілік соғысты меңзеген дейді. Түрік халқының ұлы ақыны Назым Хикмет «Маған сірә бұйырмайды туған жер» деп Мәскеуде жерленгенінен үш ай бұрын аза жырын жазып кеткен екен. Осы тақылеттес өз тағдырын болжап кеткен ақын-жазушыларды, суретшілерді жіпке тізгендей жалғастыра беруге болады. Дегенмен бұл тақырыпта Қуанышбек Өмірбектің «Қаңтар қырғынынан» жыл бұрын жазған «Бейшара отаным» өлеңі дүйім халықты елең еткізгені бар.
Сен мені сабама, қамама, басқа ұрма!
Сен маған қарама тоқпын ба, ашпын ба?!
Жыртылған көк көйлек, көк-көңбек көз жасым
Мөлтеңдеп ағады көк тудың Астында…
Немесе «Көк тудың астында көк мылтық кезеулі», «Шеруге шықпаңдар, шекеңнен атады…» сынды өткір тармақтарымен бүкіл халықтың арылмас азабына айналған жараның аузын тағы бір мәрте тырнайды. Иә, бұл тұжырымға сенбесеңіз сәйкестік деп қабылдауыңызға әбден рұқсат. Алайда жүрегін кеулеген еркін сананың ашынышы. Өзегін өртеген тұтқын ойдың күйініші өлең-өмір боп жымдасып жатқан жоқ па?! Ендігіде бітім-болмысы, үтір-нүктесіне дейін айнымай келген сәуегей ойға қалай сенбеске?!
Бұралқы өмірдің бір сыдырғы ағысы, қайғы-қасіретінде алдына келгенін жәукемдеп, бұзып жарған сеңі, қуанышында теріскейден ескен самал желдей лебі – бәрі-бәрі біздің құзыретті ақынымыздың төл туындысы. Күз жауған соқпақтың шашыраған жапырақтары мен әуеден сорғалаған әрбір жаңбыр тамшылары оның сезім түйсігінен қағыс қалуы кемде-кем.
Бір ыңғайда ақынды мүсінші, өлеңін мүсін деп алар болсақ, мүсіншінің қиялынан туған көркем келбеттен бұрын бір жерден көрген, танысыңды шырамытқандай күй кешесің. Ескіде тілдескен, бітімі санада сақталып қалған кәрі тұлға қылаңдап, барандап көрінеді. Рас, Қуанышбек Өмірбектің буырыл жырларынан Мұзбалақ ақын Мұқағалидың сырлы әуездерін түйсіну саналы оқырманға таңсық болмас еді. Бірақ ел қатарлы сезімнің құлы болып, көзсіз еліктеу емес, ондай нәрсіз дүниеден аражігі алыс, ұлылықты баса ұғынған өзіне ғана тән таңғажайып сымбат бар. Қуанышынан қамырығы көп, сүйінішінен күйініші басым, көкірегін таусылмас өкініш, арылмас тәтті мұң билеген өлеңнің ұзын ырғасы мынадай:

Мен бүгін мейханада дем аламын

Байқа бала, нетесің байқа бала,
Азба сенде ит бауыр, сайқал аға···
Құрақ ұшып көңілің оған бұған,
Ұзақ ішіп кеттің ғой мәйханада!

Неге сонша ісінген көз қабағың,
Ертең көрші-қолаңға сөз боламын.
Мәйхананың төрінде кемсең-кемсең…
Жылағаны жараспас боз баланың.
Оны-мұны отырсың сөзбен қыртып,
Сөз дарағы секілді кеудең бір түп.
Әпекеңнің үйіне жиі барсаң,
Кетеді екен Құдай-ау жездеңде ұрсып.

Жақсы онанда өз мұңым, өз арағым,
Боз арман, боз тірлігім, боз алаңым…
Жездем түгіл бармаймын жеті әкеме-
Мен бүгін мәйханада дем аламын!
Оятпаңдар!
Мұқағали сынды тұрпат. Мұқаң сынды ғұрып, Мұқаң сынды мұң сіңді қоңыр өлең. Оның өзі емес, өмірі аяусыз, тағдыры қатыгез. Соған сай өлеңі де мейірімсіз. Осы сарындас өлеңдерінен пессимистік көзқарасын парықтау да қиынға соқпайды. Дегенмен бөлек пайым, бір тоға мінез ақынның өз табиғатына, болмысына жарасып ақ тұр.
Дәрежан Өмірбаевтың «Ақын» фильміндегі жас ақын Дидармен біздің ақынымызды салыстырар болсақ, бір қатар ойдың ұшығы шығады. Дидар – өз-өзімен ғана болған, тұңғиық, күңгірт ақын. Үлкен сахнада, алқалаған көрерменнің алдында тұрып өлең оқығанды ұнататынын фильмдегі түсінен аңғаруға болады. Алайда бәрібір өз-өзіне тұншыққан ақынның шынайы келбеті, мақсаты толық ашыла қоймайды. Ал Қуанышбектің жырларынан қоңырсыған жалғыздықтың иісін сезінгенімізбен әуелден бағдаршамы айқын, бағыты анық соқпақты шамалау қиын емес.
Адамдарда, әсіресе елге сөзі өтімді, танымал өнер адамдарында болатын іс пен сөздің ажырамауы өте ашынышты хәл. Қуанышбек Өмірбек қалай жазды, солай өмір сүрді. Елдер сияқты жылаңқы өлең жазып, баяшат ғұмыр кешкен жоқ. Күлкісін қайғысына алмастырып, қасіретін қуанышынан биік қойды. Әлбетте, жеріне жеткізіп айта алмаспыз, жекен суын түгел ардақтай алмаспыз. Әйткенмен бір білеріміз ақынның жүрегін сөккен өз күйігіне сондай іңкәрлігі, құштарлығы. Мүмкін өмірдің мәні бақытта емес, нені бақыт санауымызда шығар…
Енді әуел бастағы тақырыбымызға оралсақ, адамдарды жерасты әлеміне апаратын Грек мифологиясындағы оқиғалардай көкірегіне шер байлаған біздің ақынымыздың өлеңдерінен «Өлілер елінде» жүргендей хәлді сезінеміз. Тозақ қабаттарын аралап, күнәһарлардың күнәсімен бөліскен Данте сияқты осы өмірдің ең ауыр қылмысын өткізіп, ең ауыр жазасын өткеріп жүрген адамның кебі. Күнәнің күбірі сіңген, содан тазарған және Құдайлыққа ұмтылған Қуанышбек Өмірбек – бүгінгі күннің «Құдіретті комедиясының» бас кейіпкері іспетті.
Данте Алигьери «Құдіретті комедияда» тозақ азабы, күнәһарлар және тазару сынды үштағанды негізге ала отырып сипаттайды. Оны сол замандағы кейбір аңқау замандастары «О дүниеге барып келген» деп те ойлаған және сенген. Дантенің «Құдіретті комедиясы» қайта өрлеу дәуіріндегі ұлы шығармаларға жол ашумен қатар өлімге, тозаққа деген көзқарасы көптеген ақын-жазушыларды, суретшілерді шабыттандырды. Ал біздің ақынымыздың өлеңі кімге дәру?! Оның жалғыздықтың туын көтерген ажал биі сияқты ширатылған шумақтарын қаңқу сөз, арзан әңгімелер тұншықтырған бүгінгі қоғамдағы өз-өзін іздеген әрбір азамат тұшынып қабылдайды дер едік. Тармақтарынан тамұқтың иісі мүңкіген катарсистік ойларынан біз де теріскейден күнгейге, қараңғыдан жарыққа, күнәға батудан тазаруға, арылуға жол түзейміз.
Өзі ешкімнің көлеңкесінде емес, ешкімге көлеңкесін түсірмейтін қу медиен далада қараңдаған бір сұлба көрінсе, сол – біздің ақын. Сол – біздің көлеңкесі жоқ Қуанышбек Өмірбек.

 

 

Тілеубек Батыс

ПІКІРЛЕР6
Аноним 25.12.2023 | 16:38

Керемет

Аноним 25.12.2023 | 22:47

Әп, бәрекелді, өстіп жазыңдар!

Аноним 27.12.2023 | 12:02

Ойландырады. Жаңашыл ақын екен!

Аноним 28.12.2023 | 15:49

Әдеби сынның барлығы осылай жазылса ғой! Бір деммен оқып шықтым. Енді ақынның өлеңдерін оқуға құмартып отырмын.

Аноним 06.02.2024 | 16:29

Керемет дарынға осындай өткір пікір лайық!

Аноним 09.02.2024 | 12:17

Керемет! бұл сөз-екеуіңеде «Көлеңкесі жоқ ақынға да», ақынды көлеңкесіз «сызған» авторға да тән!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір