Ақын мерейі
03.09.2024
180
0

Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Құлкенов қазақтың көрнекті ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Отан», «Құрмет» ордендерінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Батыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы Ақұштап Бақтыгерееваны қабылдап, мерейлі мерейтойымен құттықтады. Ақынға Жазушылар одағында атқарылып жатқан іс-шаралар жайлы баяндап, әдебиетті қолдауға бағытталған жобалармен таныстырды.
«Сіз, үлкендіктің абыройлы биігі саналатын сексен жасқа еліңізге сіңірген ұшан-теңіз еңбегіңізбен, парасатты поэзияңызбен, әдемі қалпыңызда көптің құрметіне бөленіп, жарасты келіп отырсыз. Сіздің өмір жолыңыз – кейінгі ақын қыздарға да, оқырмандарға да ерекше өнеге. Өзіңіздің ойлы жырларыңызбен талай ұрпақты тәрбиелеп, қолыңызбен бесік тербетіп отырып-ақ қоғамдағы өзекті мәселелерді жазып, қайраткерлігіңізбен үн қосып келесіз. «Жұлдыз» журналында, «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жазушы» баспасында, Қазақфильмде, Батыс Қазақстан облысы Жазушылар бөлімшесінде абыройлы қызмет атқардыңыз.
Қасиетті қаламыңыздан туған «Өрімтал», «Наз», «Қуанышым, іңкәрім», «Сені ойлаймын», «Аққанат», «Бақыт әні», «Жайық қызы», «Ақжелең», «Сүмбіле», «Бозжусан дала», тағы басқа да көптеген кітаптарыңыз жарық көріп, ұлттық әдебиетіміздің қазынасын толықтырды. Нәзік те, сыршыл өлеңдердің, тыңдарманға кеңінен тараған ән мәтіндерінің авторы ретінде, қазақтың аяулы ақын қызы ретінде өміріңіздегі елеу­лі тойы­ңыз – 80 жасыңызбен құттықтай отырып, Өзіңізге зор денсаулық, жаңа шығармашылық табыстар, отбасыңызға амандық, бақыт тілеймін!» – деп атап өткен Қазақстан Жазушылар одағының Басқарма төрағасы Мереке Әбдешұлы қаламгерлер қауымы атынан сексеннің сеңгіріне шыққан ақынға құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жауып, ата жолымен сый-құрмет көрсетті.
Келесі кезекте сөз алған Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов мерейлі жасқа толып отырған ақын поэзиясын бала кезден оқып өскенін айтып, қалам иесіне зор денсаулық, шалқар шабыт тілесе, Бауыржан Жақып Ақұштап ақынның поэзиясы жайлы жан-жақты толғап, жылы естеліктерімен бөлісті. «Простор» журналы Бас редакторының орынбасары Любовь Шашкова қаламгерге ақ тілегін айтып, тұлғалық болмысын айшықтап берді. «Қазақ әдебиеті» газетінің аға қызметкері Еркін Жаппасұлы: «Ақұштап – қаламгерлер қауымының ғана емес, бүгінде қазақ ұлтының ұстазына айналған айшықты тұлға. Айтарын қаймықпай айту – қалам ұстаған жанның бәріне бұйыра бермейтін мінез. Ақұштап – жаны күйіп жазатын ақын, ұлттың намысын қайрайтын ақын», – дей келе, шығармашылық иесінің асыл парызы хақында сөз қозғады. Ал Ғалым Қалибекұлы ақын поэзиясы қазақ қоғамында ерекше бағаланатынын, халықпен бірге жасай беретін өміршең жырлар екенін атап өтіп, қаламгерге бар жақсылықты тілесе, Бейбіт Сарыбай Ақұштап Бақтыгерееваның қайраткерлік танытып, ер-азаматтармен қатарласа мемлекет ісіне де араласып жүргенін, ұлт тәрбиесіне үлес қосқан санаулы тұлғаларымыздың бірі екенін бағамдады. Сонымен қатар Қазақ радиосының ардагері, белгілі журналист Раушан Айтжанова Ақұштап сіңілісі жайлы толғана сөйлеп, жылы лебізін жеткізді.
«Ақжайықтың ақшағаласы» атанған ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өзі де сөз алып, Жазушылар одағы басшылығына алғысын айтты. Бүгінгі қазақ әдебиеті мен қоғамдағы өзекті мәселелерге тоқталды. Қалам ұстаған нәзік жандылардың тағдыр-тәлейі мен жастар тәрбиесі, ұлттық рух жайлы толымды ойын жеткізді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір