«ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ» ГАЗЕТІ тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында
Бұрынғы Кеңес Одағының ыдырауын тездеткен түйткілдің бірі – 1985 жылғы сәуір пленумының шешімі еді. Ондағы бар болғаны екі сөз алып империяның іргесін шайқалтуға дейін әкелді. Демократия және жариялылық әсіресе бұқаралық ақпарат құралдарындағы сөз және баспасөз бостандығына жол ашты. Қазақстанда бұқаралық ақпарат құралдарының демократияландырылуы КСРО ыдырағаннан да бұрын басталды. Соның нәтижесінде тарихтағы көптеген ақтаңдақтардың беті ашыла бастады, ұлт тағдыры, ұлттық сананың қалыптасуы, мемлекеттіктің қалыптасуы сияқты өзекті мәселелерге баспасөз бетінен орын беріле бастады. Публицисттер халықтың тарихта кеткен есесін қайтарып беру жолында қалам қайратын жұмсады, ел намысын оятуға, жұрт санасын сілкіндіруге бағытталған рухани серпіліс жасауға көшті.
Бұл әсіресе 90-жылдардағы қазақ баспасөзінен, онда жарық көрген публицистикалық шығармалардан айқын көрініс тапты. Қазақ рухани тазару мектебінің біріне айналған «Қазақ әдебиеті» апталығы болатын.
Танымал талант иелері, көрнекті жазушылар Төлен Әбдіков пен Оралхан Бөкей Бас редактор болған тұстағы газеттің қыруар жүкті көтергеніне көз жеткізуге болады. «Қазақ әдебиеті» – елдің тек әдеби өмірін, әдебиет саласындағы жаңалықтар мен ақын-жазушылар шығармаларын жариялайтын салалық басылым шеңберінен шығып, қазақ халқының тағдыры хақында салмақты сөз қозғайтын бүкілұлттық басылым деңгейіне көтерілді.
Дәл осы кезеңде қазақ публицистикасының дамуында да жаңа бір дәуір басталды. Ол азат ойдың, еркін сөздің дәуірі еді. Публицистика қоғамдық маңызды мәселелерді көтергенде ғана, оның әсер-ықпалы зор болатындығы белгілі. Сондықтан біз 90-жылдардағы ең өзекті мәселелерді алға тартқан публицистикалық шығармаларға назар аударуға тырыстық.
90-жылдардағы қазақ баспасөзінде көрініс тапқан негізгі тақырыптар мынандай болып келді: 1) тәуелсіздік; 2) Қазақстан территориясының тұтастығы; 3) тіл саясаты; 4) егемендік; 5) қазақтар туралы; 6) қоғамды жаңғырту жолдары; 7) қазақтардың тарихи атамекеніне оралу мәселесі.
«Қазақ әдебиеті» газетіндегі 90-жылдардағы көтерілген басты мәселе – ұлттық тәуелсіздік тақырыбы болатын. Жалпы кез келген саяси өзгерістер кезінде сан түрлі ой-идеяларды ұстанған қозғалыстар мен топтар пайда болатыны тарихтан белгілі.
Еліміз егемендігін алуға бет бұрған кезеңде Қазақстанда да түрлі партиялар саясат майданына араласты. Соның бірі – ұлттық мемлекеттілікке меңзеген «Азат» партиясы еді. Онымен қоса қабаттаса ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары құрған «Алаш» партиясының атын жамылған бір даурықпа топ пайда болды. Жаңа «Алаштықтардың» іс-әрекеті де, даңғазаға бой алдырған ойлары да көңіл алаңдатарлық еді. Дәл осы кезде «Қазақ әдебиетінде» «Жебеушісі – жариялылық, демеушісі – демократия» деген айдармен «Азат» партиясының сол кездегі төрағасы, саясаткер-ғалым Сәбетқазы Ақатаевтың «Азат» пен «Алаштың» айырмасы» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың басынан-аяғына дейін тәуелсіздік рухында жазылғанына көз жеткізуге болады. «Кей-кейде «Азат» пен «Алашты» шатастырып сөйлеу бар. Ол түбегейлі қате. Тіпті ғасырымыздың басындағы «Алаш» партиясы мен қазір «Алашпыз» деп жүрген жастардың арасы жер мен көктей, екі «Алаш» арасында ешбір идеялық-генетикалық байланыс жоқ. Жиырмасыншы жылдары А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Жұмабаев, М.Дулатов басқарған «Алаш» қазақ ұлтының, оның саяси-әлеуметтік ақыл-ойының жұлдызы болса, қазіргі «Алашпыз» деп жүрген жастар сол биік ақыл-ойдың жаншыла-жаншыла, езіле-езіле төмен түскендігінің бірден-бір белгісі. Оны анық ажыратқысы келгендер қазақ кемеңгерлерінің мұрасын оқып алып, қазіргі «Алаштың» митингісінен шыққан қиқумен салыстырып көрсін. Алдағы ағалардың атын жамылған жастар олардың ақылын алмағандығына жан езіледі» (ҚӘ. 1991, 4 қаңтар), – деп жаңа құрылған «Алаш» партиясының қасиетті «Алаш» сөзімен еш байланысы жоқтығын дәлелдеп береді. Автор ойлары – соншалықты батыл, соншалықты еркін. Дәл осындай ақжарма ойларды жариялылықтан бұрын айту мүмкін емес еді. Бұл – саяси ақыл-ойдың сілкінгендінің де айнасы болатын.
Әрі қарай: «Ақ тер, көк мұзда аштықты «Алаштың» жетекшілерінің өздері жарияламай, басқаларға жариялатуы да сол жетекшілердің саяси-мәдени өресін танытады» (ҚӘ. 1991, 4 қаңтар), – дей келіп, «мұсылманшылыққа көзсіз табыну» , «орыстарды қуу» , «тәуелсіздікті дереу алу» сияқты «Алаштықтар» талаптарын сынға алады, есерсоқтық әрекетке балайды.
Мақаланың түйінінде автор «Азаттың» айырмасын көрсететін негізгі тұжырымдарын келтіреді:
«Азат» қозғалысының бағыты: қазақтың ұлттық рухани және материалдық игілігіне жанашырлық танытқан республикамыздағы әр ұлт өкілі – қазақ халқының досы саналмақ. Бұл жағынан «Азат» қазақтың көне философиялық ой-тұжырымын тиянақ етеді. «Ешкімнің шынжырына да көнбе, шуда жібін де үзбе!» (ҚӘ. 1991, 4 қаңтар). Дәл сол кезде әлі толық тәуелсіздік алмаған ел басылымында мұндай саяси өткір мақалалардың жариялана бастауының өзі – автордың да, газеттің де батылдығын көрсететін дәлел деуге толық негіз бар.
Сәбетқазы Ақатайдың «Тәуелсіздік – біздің түпкі мақсатымыз» атты орыс зиялыларына ашық хатында қозғалған мәселелер де назар аударарлық. Автор көптің көкейінде жүрген ойларды айтады. Алып империядан арқан үзудің мақсатындағы қазақ халқы мүддесімен сабақтас талаптар бұл:
«…Сондықтан да мен Қазақстан Президентін бізді, қазақтар мен бейбіт қазақстандықтарды, «біздің адамдарымыздан» қорғау үшін өз құзырына тәуелді меншік республикалық әскер бөлімдерін, ішкі істер министрлігін, мемлекет қауіпсіздігі комитетін құруға шақырамын.
Орыс адамдары! Алдауға, қайыршылық пен құқықсыздыққа бірауыздан жоқ делік! Қатыгез империя керек емес! Тең ұлттардың ынтымағы жасасын! Менің бұл хатымды Отаннан зорлықпен айрылған, Отанын аса сағынған «бұратананың» жан даусы деп қабылдаңыздар» (ҚӘ. 1991, 27 қыркүйек).
1986 жылдан басталған заман ағымы тоқсаныншы жылдары өзіне лайық арналар таба бастады. Жаңаша ойлайтын зиялы қауым бас көтерді. Халық таптаурынды болған сөз-толғамдардан жалығып, әлденеден үміт күтіп, әйтеуір, бір жаңалыққа құмарлығын танытты. Шындығында жаңалыққа құмар халыққа қоғамды алға сүйрейтін өзекжарды өткір ойлар керек еді. Философ-ғалым С.Ақатайдың жан даусы – өмір ағымының өзі туғызған дауыс болатын. 1990 жылдың 25-қазанында қазақ елінің Мемлекеттік егемендігі туралы тарихи маңызы бар құжат – Декларация қабылданды. Бірақ Қазақстанның осындай мәртебеге ие болғанына, сырттан көз алартушыларды былай қойғанда, ішкі жаулар да шыға бастады.
«Казак-орыс съезін өткіздірмейміз!» деген тақырыппен жарияланған хат соның көрінісі. Оған Орал облысы, Тайпақ ауданы «Қазақ тілі» қоғамының 26 мүшесі қол қойған. Редакцияға хатта:
«Возрождение» атты орыс-казак қоғамының бастамасымен Россияның әртүрлі орталық қалалары мен облыс орталығы Орал қаласында орыс-казак съезін өткізуді жоспарлаған хабары бізді қатты алаңдатуда.
…Қазақстан территориясының тұтастығын бұзуды көздейтін айлалы әрекетке қарсы шығып отырмыз» (ҚӘ. 1991, 17 мамыр), – дейді хат авторлары.
Кең-байтақ қазақ жеріне көз алартушылар көбейді. Қазақстанның Солтүстік облыстарын бөліп әкетуге негізделген айлалы әрекеттер іштен де, сырттан да жүргізіле бастады.
Бұрын жазуға болмайтын, цензура сүзгісінен өтпейтін көптеген тақырыптарда шындық шымылдығын ашудың сәті түсті. «Қазақ әдебиеті» газетіндегі «Қазақстан Россияға өз еркімен қосылды ма?» айдары бойынша берілген «Ел мұңсыз ба, жер құнсыз ба?» деген мақала соның бір ғана дәлелі. Қаламгер Сапабек Әсіпов: «Бізді жерден айырған қаралы күн – 1891 жылғы 25 наурызды ұмытпайық. «Далалық Ереже» – «Степное положение» бойынша 45 млн десятина жер қайтарылмады» (ҚӘ. 1991, 17 мамыр), – деп толғанады. 100 жыл бұрынғы патша үкіметінің сол «Ережесінің» жергілікті ұлтқа тигізген залал-зардабы туралы ашына жазады. Қазақ қауымын жер қадірін білуге үндейді.
Қазақ тарихындағы қасіретті кезеңнің бірі – 30-жылдардағы репрессия болды. «…Жазалау толқыны Қазақстанды да жайпап өтті… Ж.Аймауытов, Ә.Ермеков, Ж.Досмұхамбетов, Ә.Бөкейханов және «Алаш» партиясының басқа да көптеген көрнекті қайраткерлері мен мүшелері жазаға ұшырады… 1937-1938 жылдарда жаппай террор сипат алды» . Сөйтіп, қазақ халқының көшбасшылары, бас көтерер зиялылары түгелге жуық Сталиндік репрессияның құрбаны болды.
Бірақ кеңестік режим кезінде ақтаңдақтар ақиқатын жазбақ түгілі, жазаланған ұлттық көсемдердің есімін атаудың өзі қылмыс саналды. 90-жылдар баспасөзіндегі көптеген публицистикалық шығармалар сол олқылықтардың да орнын толтыруға бағытталды. Бұл екі түрлі бағытта жүзеге асырылды: 1) 30-жылдары жазықсыз жапа шеккен ұлт зиялыларының ғасыр басындағы ой, идеяларын халық жадында қайта жаңғырту үшін, әрі тәуелсіздікке жету жолында өткеннің сабағынан үйрену мақсатында Алаш ардақтыларының мақалалары мен шығармаларын қайта жариялау; 2) Ел еркіндігін, ұлт азаттығын көксеген азамат, қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығы туралы ақтау бағытында жазылған публицистикалық мақалалар мен тарихи-танымдық шығармалар шоғырын басу.
Мәселен, Міржақып Дулатовтың 1925 жылы «Еңбекші қазақта» жарияланған «Ендігі бір арманымыз – тіл тағдыры» деген мақаласын қайта көшіріп басу арқылы, мемлекеттік тіл мәселесі қозғалады. Сондай-ақ АҚШ-тағы Мэдиссон қаласынан жазған Мәриям Қырымлының «Дұғай сәлем» айдарымен жарияланған «Міржақыпты түсіну» хаты, жезқазғандық қаламгер Апбаз Қаражігітовтің «Сәкен Сейфуллин қалай қаза тапты?» , Ғалым Ахмедовтің «Тағдыр» айдарымен берілген «Ұзақбай Құлымбетов» туралы тарихи-танымдық мақалалары, Жүсіпбек Қорғасбектің «Ахметті ардақтап, Міржақыпты үлгі етсек» сұхбаты, Дүкенбай Досжановтың Қазақ КСР Мемлекеттік Қауіпсіздігі Комитетіндегі құпия құжаттар негізінде жазылған «Байтұрсынов қалай айыпты болды?» мақаласы, Әнуар Әлімжановтың «Саяси сипаттама» айдарымен жарық көрген «Мұстафа Шоқай!.. Ол кім?» атты тарихи-танымдық очеркі, т.б. жарияланымдар оқырман жадына керуен тартты. Сол арқылы 1937-1938 жылғы саяси қуғын-сүргін зобалаңы егемен ел публицистерінің көзқарасы тұрғысынан қайта сараланып, ақиқи деректерге көз жеткізілді.
Газет бетінде «Тағдыр» , «Тарихымызды таразыласақ» деген айдардар аясында еліміздің танымал тарихшылары да сөз алды. Қазақ тарихының беймәлім қатпарларын ашқан, мәселеге тәуелсіздік тұғырынан қараған академик Манаш Қозыбаевтың «Ел – ебелек емес, ер – кебенек емес» , профессор Талас Омарбековтің «Қазақтардың Қытай асуы: дақпырт пен шындық» мақалалары ұлттық сананы қалыптастыруға қызмет етті.
30-жылдары қазақ байларын кәмпескелеу, жер аудару, жазалау науқаны зорлық-зомбылықпен жүргізілген еді. Қазақ байларына «кулак» деген ат тағылды. Ол туралы тарихшылар: «Кулактарды жою дейтіннің мейлінше ауыр зардаптары болды… Кәмпескеленген кулактар саны барлық жерде дерлік ең жоғары шегіне дейін «жеткізілетін» еді» , – деп жазды. Дәл осы мәселе төңірегінде «Айтылмаған ақтаңдақ» тақырыбы бойынша журналистер Б.Жүнісбековтің, Ә.Меңдекенің мақалалары жарияланып, қызу пікірталас туғызды. Болат Жүнісбековтің «Қазақ байы кім болған?» атты мақаласында Басбай Шолақұлы Бапин деген кезінде бай болып айыпталған адамның тағдыры сөз болады. Бапиннің мейірімді, қайырымды, елге сыйлы азамат болғандығы нақты деректер негізінде ашылады. Ұлы Отан соғысы жылдарында Басбай Шолақұлы үйір-үйір жылқы беріп, самолет сатып алып майданға жөнелткені баяндалады. Автор шығарма түйінінде:
«Олар (байлар – Б.Ж.) өздері өмір сүрген адамзат дамуындағы есею дәуірінің өкілдері болатын… Қазақ байларына деген біржақты көзқарастан арылғанымыз оңды шығар» (ҚӘ. 1991, 1 ақпан) – деген тұжырымға келеді.
Бұрын мүлдем ауызға алынбай келген, қазақтың арғы тарихы да публицистика объектісіне айнала бастады. Қазақ басылымдарының беттерінде қазақ мемлекеттілігінің тарихына қатысты полемикалық мақалалар, қазақ хандары, билері, батырлары хақындағы ақиқатты қалпына келтіру бағытындағы ғылыми дәйектерге жүгінген шығармалар бірінен соң бірі жарияланды. Мұның өзі уақыт талабынан туған қажеттілік болатын. Республиканың көрнекті ғалымдарының қатысуымен жазылған «Қазақстан тарихының» 5-томдығында мынадай деректер назар аудартады: «Қазақ хандығының пайда болуы (1466 ж.) ХІV-ХV ғасырларда Қазақстан аумағында болып өткен этникалық-саяси және әлеуметтік-мәдени процестердің заңды қорытындысы болды. Қазақ мемлекеттігі – ежелгі заманда жатқан ұзақ тарихи дамудың жемісі, ол қазақ халқының топтасуына, оның этникалық нығаюына, қазақ халқының рухани және материалдық мәдениетінің дамуына себеп болды… Хандықтың негізін салушылар Ақ Орда билеушісі Ұрұс ханның ұрпақтары Керей мен Жәнібек еді… Оның негізгі тұрғындарының ұлттық атауына орай тұңғыш мемлекет, Қазақ хандығының құрылу уақыты туралы мәселе ғылыми әдебиетте, ал қазіргі уақытта публицистикада (астын сызған біз – Б.Ж.) айтыс тудырып, үнемі ерекше көңіл бөлуді қажет етіп келеді» (Қазақстан тарихы (көне замандардан бүгінге дейін). Бес томдық. ІІ том. – Алматы: Атамұра, 1998. – 640 б.).
«Қазақ әдебиетінің» 1991 жылғы бір нөмірінің алғашқы бетінде Абылай хан суреті басылып, оған жапсарласа редакциялық бас мақала берілді. «Абылай ханның туғанына 280 жыл» деген айдар аясында Қазақ Хандығының іргесін көтерген Әз Жәнібек пен Керей хан екендігі, онан кейін қазақтың тұңғыш конституциялық құжатын жасаған «Қасым ханның қасқа жолы» , мемлекеттілік ыдырай бастаған кезде қайта қалпына келтіріп, хандықты дамытқан «Ақназар хан, Тәуекел, Еңсегей бойлы Ер Есім» – Есім хан, Жәңгір хан, «Жеті Жарғыны» жасаған Әз Тәуке хан есімдері мен атқарған ұшан-теңіз істері халық жадында қайта жаңғырады. Қазақ елдігін сақтап қалуға, қазақ мемлекеттігін дамытуға Абылай ханның сіңірген еңбегі де өлшеусіз екендігіне дәйекті баға беріледі. Егер осы деректер құрғақ баяндалып қана кетсе – бұл тарих болар еді. Ал мақала түйінінде оның публицистикалық шығарма екендігін айғақтайтын тұжырым бар. Мақалада орыс ұлықтарына тұтас қала, аудан, ауыл аттары берілгенде, қазақ елдігін сақтап қалған хандарымызға құрмет көрсетпеуіміз сыналады. «Оннан аса Александровка, төрт Екатериновка, Елизаветка, Павел есімдері берілгенде, Абылай ханға бір де көшенің атын қимағанымыз қалай?» (ҚӘ. 1991, 12 көкек) – міне, егемен елдің публицистикасында осындай өткір проблемалар еркін көтеріле бастады.
Дәл осы үрдіс әрі қарай жалғасып, газет бетінде қазақ билері, батырлары туралы тұщымды мақала, тарихи-танымдық очерктер жарияланып тұрды. Мәселен, басылымда Сыпатай батырдың туғанына 210 жыл толуына орай, Сыпатай Әлібекұлының суреті басылып, батырға арналған астан Қайырбек Асановтың «Бірлік пен береке бейнесі» атты репортажы жарияланды. Сондай-ақ Қаракерей Қабанбай батырдың туғанына 300 жыл толуына орай, баба суреті басылып, Қайым Мұхамедхановтің «Қаракерей Қабанбай батыр», Болатжан Абылқасымовтың «Хан батыры Қабанбай» атты көлемді тарихи-танымдық очерктері жарық көрді. Тағы бірде Бөгенбай батырға арналған мақала жарияланып, Ақмолада өткен конференциядан редакциялық есеп басылды. Осының бәрі – егемендік жылдарындағы қазақ публицистикасының «өшкенімізді жандырып, өлгенімізді тірілтіп», жаңа тарихымызды жасауға қызмет еткендігінің көрінісі.
«Қазақ әдебиеті» газетінің «Егемендік: аты мен заты» айдары бойынша да айтар ойы құнды ұсыныстарға толы мақалалар жиі жарияланды. Соның бірі – А.Қайырбаевтың «Өсер халықтың арманы көп» атты шығарма. Автор бейтаныс болғанмен, материал мазмұны оқырманды жақсы ойға жетелейді, көпшілікті бірлік, татулық, ынтымаққа шақырады. Ел Гимнінде «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деген қанатты жолдардың қалуына пікір қосады. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасында Мәскеуден таңылған «Қазақ ұлтшылдығы» деген тіркесті қаулыдан алып тастауды ұсынады. Жалпы Желтоқсан оқиғасы ол кезде әлі өзінің тарихи бағасын алмаған болатын. Одақ тағайындаған басшы Г.Колбиннің тікелей ұйымдастыруымен 1987 жылы екі бірдей конференция өткізілді. Онда желтоқсан оқиғасы қазақтардың өз аузымен қараланды, оған қатысушы жастар басбұзарлар, ұлтшыл-экстремистер ретінде жалған айыпталды.
«Қазақтар» атты кітап жазып, ұлтымыздың аты мен ісін ұлықтаған М.Б.Олкотт ханым мәселеге оң баға берген болатын. Кейіннен, 1996 жылы Ұлттық Ғылым Академиясында желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына арналған ғылыми конференция өткізіліп, мемлекет қайраткері Ә.Кекілбаевтың баяндамасында – Алматыда 1986 жылы өткен оқиғаларға «Желтоқсан көтерілісі» деген тарихи ат тағылды.
Желтоқсан оқиғасының 5 жылдығына орай «Қазақ әдебиеті» газетінде Мұхтар Шахановтың «Ақиқат үшін айтқан едім» деген қысқа да тұжырымды толғанысының да маңызы зор. Онда: «Қазақ халқы өзінің ұлттық намысын, бостандығын қорғау жолында аса елеулі үш оқиғаны басынан өткізді. Оның біріншісі: ХІІІ ғасырдағы Шыңғыс хан түмендеріне тойтарыс берген Отырар қаһармандығы. Рас, бұл шайқаста Шыңғыс хан әскерлері жеңді. Отырарды қорғаған жанкешті батырлар өздері түгел опат болғанымен, ұлтымыздың қайсар рухын күллі әлемге әйгілеп кетті.
Екіншісі: ХVІІІ ғасырдың орта шеніндегі жоңғар шапқыншылығына қарсы ұлы жойқын күресіміз.
Үшіншісі: Бүгінгі дәуірдегі биік белесіміз, өршіл, қайсар мінезімен өзіне жалпақ әлемнің назарын бұрған 1986 жылғы Алматыдағы желтоқсан оқиғасы. Халқымыздың асқақ рухы бұл жолы жас қауымның бұлқынысы, тәуелсіздікті аңсаған талабы арқылы көрініс тапты. Қайта құру кезеңі тұсында бұрқ еткен бұл ашу-ыза жарылысы бүкіл Кеңестер Одағындағы демократиялық қозғалыстың көшбасшысы болды» /ҚӘ. 1991, 13 желтоқсан/, – деп көрсетілді. Сөйтіп, тарихи шындық публицистикалық стильде қалпына келтірілді.
Желтоқсан оқиғасы – 90-шы жылдар басылымдарындағы басты тақырыптың бірі болды. Мәселен, журналист Коммунар Табей «Желтоқсан жаңғырықтары» атты тұтас кітап жазып шығарды. Ол кітаптың нақты дерек, сот шешімі, қаулылар, құқық органдары қызметкерлерінің пікірлері, оқиғаға қатысушы жастар туралы құжаттар, арнайы комиссияның материалдары пайдаланылған алғашқы үзінділері «Қазақ әдебиеті» газеті бетінде жарияланды.
«Ойтүрткі» айдарымен басылған жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қызыл кітапқа кіретін халық» атты мақаласында ұлттық тіл, мәдениет, ұлттық сана-сезімдерді сақтап қалу керектігіне қоғам назары аударылды. Әсіресе «Ассимиляция дейтін апат бар» атты тақырып бойынша қамтылған мәселелердің бүгінгі таңда да маңызы зор екендігін айтуымыз керек.
Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің «Қазақтың тайпалық құрамы мен саны және орналасуы» атты мақаласы ұлттық демографиялық саясаттың публицистикадағы көрінісі деуге негіз бар. Автор өзінің баспасөз бетіндегі мақалалар шоғырында Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болуы үшін онда тұратын ұлттар мен ұлыстар арасындағы сандық көрсеткіштің де үлкен рөлі бар екендігін, қазақ санын көбейтудің, оның республика тұрғындары арасындағы үлес салмағының басым болуы керектігін, демографиялық дағдарыстан шығудың жолдарын нақты деректерді қолдана отырып көрсетеді.
Дәл осы проблеманың шешімін табудың бір бағытын публицист Ақселеу Сейдімбек «Миграция жөнінде немесе ұлы көш туралы тезистер» атты мақаласында айқындай алған. «Біртұтас қазақ халқының жерінің бөлшектеніп, туған жерімен бірге елінің де бөліне бастағанына биыл аттай 110 жыл» (ҚӘ. 1991, 15 қараша), – деген тұжырым айтады. Шын мәнінде тарихи зерттеулер солай сөйлейді: «…на оснований С.–Петербургского договора 1881 г. остались в большой своей части (отдел абак и ачамайлы) в пределах Западного Китая» . Әрі қарай автор қазақ халқының бүгінгі бөлінісінің түпкі себептерін былайша көрсетіп береді: «Осы бөлістен кейін күні кешегі жетпісінші жылдарға дейін қазақ жері халық келісімінсіз көрші елдерге үлестірілуде болды. Нәтижесінде, бүгінгі таңда біртұтас қазақ ұлтынан өмір салттары бөлек, саяси-әлеуметтік бағдары әр түрлі, тілдік айырмашылықтары бар, жазулары әр басқа алты ұлттық құрам пайда болып отыр. Олар: 1. Қазақстан қазақтары; 2. Өзбекстан қазақтары; 3. РСФСР қазақтары; 4. Қытай қазақтары; 5. Монғолия қазақтары; 6. Түркия қазақтары» . Бұл проблема ма – проблема. Енді оны шешудің жолы публицист ойынша былай түйінделеді: «Қазақ халқының болашағына қатысты бірінші кезекте» мән беретін міндет – ұлттың басын біріктіру (ҚӘ. 1991, 15 қараша). Бұл жалаң ұлтшылдық ұран емес, ел көкейіндегі, жұрт көңіліндегі тәуелсіздік талабынан туындап отырған өмірлік қажеттілік. Мемлекеттің біртұтас демографиялық саясатына қосылатын үлес. «Қазақ әдебиеті» газетінде күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелер қозғалғандығының да бір дәлелі – бұл.
Қазақ публицистикасының ғарыш тақырыбын қамтитын күні де туды. Соның айғағы «Қазақ әдебиетіндегі» «Туған тұғырдан ғарышқа» ұшар деп үміттенген қос қазақтың бірі – Совет Одағының Батыры Тоқтар Әубәкіров» (ҚӘ. 1991, 25 қаңтар) – деген Жүсіпбек Қорғасбектің суреттемесі. Суреттемеде Тоқтар қазақ жұртына тұңғыш рет таныстырылды. Оның өмірбаяны, ұшқыштық жолы кең ашылады. Публицистің қалам сілтесінде қалың қазақ қауымының қуанышы да көрініс табады. «…Ол Тоқтар Әубәкіровтің туған жер төсінен, Байқоңырдан космосқа сапар шегуге мүмкіндік алуы болып отыр… Өйткені біз үшін қазақ азаматының ғарышқа ұшуы – қазақ жерінің осыған дейін космосты игеруге қосқан орасан зор үлесінің символы іспетті көрінері хақ…» – деп тебіренеді. Сең бұзылды деген – осы. Қазақ азаматы да көк төсіне самғайтын болды. Бұл ел өміріндегі елеулі жаңалық екені анық. Араға бір апта салып, журналист Несіп Жүнісбаевтың «Туған тұғырдан ғарышқа» ұшар деп үміттенген қос қазақтың тағы бірі – Талғат Мұсабаев» /ҚӘ. 1991, 1 ақпан/ деген суреттемесі және шықты. Бұл жоғарыдағы тақырыптың жалғасы. Екінші қазақ кім болды екен? – деп елең еткен ел көкейіндегі сауалға жауап іспеттес. Суреттемеде Талғаттың ғарышқа бастар баспалдақтары өрнектеле келіп: «Талғат бір халықтың атын космос әлеміне жазуға даярланып жатқан жігіттің бірі» , – деп таныстырды. Сол қос суреттеме қазақ қауымына алғашқы таныстырған қос қыран көк жүзіне туған дала төсінен самғағанына да куә болдық. Олардың ашық аспан, алыс ғарыш әлеміне Абай әнін, қазақ даусын, қазақ тілін, қазақ туын жеткізген күндерді де көрдік. Бірақ олар ұшпай тұрғанда, егемендіктің алғашқы жылында жазылып жарияланған қос публицистикалық шығарманың тарихымыздағы алатын орны ерекше екендігін ұшқан күндер керуені көрсетіп отыр. Осыған қарап, қазақ публицистикасында өткенді, бүгінді ғана айшықтаумен бірге, болашақты да болжау, келешектің алдын алу тәсіл-тәжірибесі де қолданылғандығын аңғара аламыз.
Талай-талай ғарыш кемелері Байқоңырдан көтерілді деп мақтан тұтып келдік. Ал сол Байқоңырдың бізге пайдасынан басқа зияны бар ма? «Мезгіл мінбесінен» айдарымен жарық көрген журналист Шәкизада Құттаяқовтың «Байқоңыр бағымыз ба, сорымыз ба?» атты проблемалық мақаласында сол сұраққа жауап ізделеді. Осындай тақырыпқа бұрынғы Кеңестік режим кезінде қалам тербеу тіптен мүмкін емес еді. «Космодромның төңірегіндегі қазақтар әлі де май шаммен отыр» (ҚӘ. 1991, 17 мамыр), деген тақырыпша қойып, аспан кемелері бірінен соң бірі самғап жатқан заманда ғарыш айлағының дәл түбінде май шам жағып отырған жергілікті жұрт бар екенін соншалықты контрасты түрде көрсете алған. Проблеманы ашу үшін қолданылатын публицистикалық салыстыру дегеніміз – осы. Байқоңырдың қоршаған ортаға келтіретін экологиялық, әлеуметтік залалдарын нақты деректермен дәлелдейді. «Космосты игеру неге тұтас елдің көз жасы арқылы жүзеге асуы керек? – ащы да болса ашына сөйлеп, заман сауал тастайды.
Баспасөзде егемендігімізді әлемге әйгілейтін негізгі мемлекеттік рәміздер – әнұран, Елтаңба, Ту туралы таласты мақалалар жиі жариялана бастады. Дәл осы кезде Нариман Мұхаметханов атты автор: «Шындығын айту керек, ел көңілінде «егемендік» сөзі әлдеқашан-ақ жатталып қалды. Оны кім қалай түсінеді, міне, мәселе осында жатса керек. Республиканың жеке-дара ел екендігін мемлекеттік Герб, Ту және Гимн ғана көрсетпейді. Дәл осылармен пара-пар болуға жарайтын Күнтізбе мен жыл санағы атты үлкен мәселе де бар» (ҚӘ. 1991, 4 қаңтар), деп егемендік туғызған тың проблемаларды күн тәртібіне қояды.
1991 жылдың 16 желтоқсанында Жоғарғы Кеңес Қазақ халқының ғасырлар бойғы арман-мүддесі көрініс тапқан «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңын қабылдады. Бұл тарихи оқиға – республика бұқаралық ақпарат құралдарында басты әңгіме өзегіне айналды. Дәл осы кезде «Қазақ әдебиетінің» редакциялық мақаласында: «Ақ түйенің қарны жарылған күн!» деген серкесөз басылды. Серкесөз деп отырғанымыз бұрынғы кеңестік кезең публицистикасындағы бас мақаланың жаңа бір жаңғырған түрі. Онда:
«260 жылдан кейінгі азаттық. Басымызға ноқта киіп, аяғымызға арқан байланғалы 260 жыл болған екен. Бодандықтың бұйдасын о баста өзіміз тілеп алғанымызбен, «өз еркімен қосылған елдің» еңірегенде етегін жасқа толтырып, «тілеп алған аурудың емі жоқ» дегендей, елімізден де, жерімізден де айырылып қала жаздадық.
Халқымыз ақыры тәуелсіздігін алды. Тарихымыздың беттеріне қой жылы – 1991 жыл алтын әріптермен жазылары хақ. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі» туралы Заңның Қазақстанның Жоғарғы Кеңесінің сессиясында көпшілік дауыспен бекітілуі әлемнен сүйінші сұрар жеңіс екені рас» (ҚӘ. 1991, 20 желтоқсан), – деп жар салды. Мұнда біз сағынып, аңсап жеткен жеңістің қуанышы бар, ата-баба көксеп өткен арман бар, аспанға бөркін лақтырған қазақ жан дүниесінің жарқылы бар. Бұл – басты қуаныш. Ал сол жеңісімізді, мемлекеттігімізді өзге елдер мойындай бастаса – ол тіпті ұлан-асыр той. Жаңағы серкесөздің төменгі тұсында: «Редакциядан: Қазірдің өзінде Қазақстанның Тәуелсіздігін Түркия, Румыния мемлекеттері таныды», деп жазылыпты. Бұл – жаңа тарих, жаңа дәуір басталды деген сөз.
Сонау 20-шы жылдары Алаштың ардақтысы Міржақып Дулатов: «Мерзімді баспасөз бізде қашан туғаны белгілі. Әр жұрттың, әр мемлекеттік майданында ілгері-кейінгінің қатасыз бір өлшеуіші – баспасөз болды. Қай жұрттың баспасөзі күшті болса, сол жұрттың өзі де күшті, өзі де өнерлі екендігі көрінеді, яки қай жұрт өнерлі болса, оның шексіз баспасөзі күшті болатындығы айдан анық…» – деп жазғаны еске түседі. Бұрынғыдай отаршыл империя жарлықтарына, бертінгідей партия нұсқауларына көңіл бөліп, өзгенің сойылын соғатын заман өтті. Енді өз елдігіміздің іргесін бүтіндеп, өз шыңдарымыздың биігінен сөз ұшыратын кез келді. Баспасөз де, публицистика да сойыл да емес, шоқпар да емес, қалқан міндетін, дүрбі міндетін атқаратын күнге жетті. Әбден қордаланып қалған ұлттық проблемаларымызды біртіндеп, әрі тез шешетін сәттер туды. Осы міндеттерді атқару ең алдымен қазақ тіліндегі мемлекеттік басылымдарға, қазақ тілді публицистер иығына жүк болып артылды. Өткен күндердегідей мына мәселені жазуға болмайды, мына тақырыпқа тиісуге болмайды дейтін алып цензураның аузы бекітілді. Ұлт намысын қорғайтын, ұлт жігерін жанитын публицистикаға қажеттілік туды. «Қазақ әдебиеті» – сол тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде-ақ осындай ойлы мақалалармен ұлттық сананы қалыптастыруға зор қозғау салған болатын. Биыл сол батыл басылымның 90 жылдық мерейлі тойы. Той торқалы болсын, қаламдастар!
Бауыржан ЖАҚЫП,
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқарма Төрағасының орынбасары